Күн тәртібіне сәйкес депутаттардың талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда ұсынылады. Бұл жобаның екінші оқылымға дайындалуы туралы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Петр Дмитриенко баяндама жасайды деп күтілуде.
Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Аманғос Өтегенов пен Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бауыржан Смаилов тиісінше тұрғын үй қатынастары және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелерін қарастыратын заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер жөнінде баяндап береді.
Палата депутаттары «2001 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқыға салады. Аталған құжаттың мақсаты туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Нұржан Мырзалиев баяндама жасайтыны көзделген. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қоңырбаев қосымша түсінік береді.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне басқа да мәселелер енгізілген.