Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясының жұмысы шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бруней Даруссаламға ағымдағы жылғы сапарын ұйымдастыру сұрақтары осы елдің сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мохаммад Балкиахпен кездесу барысында талқыланды.
Бахрейн сыртқы істер министрі Халед Аль Халифпен кездесу барысында екі елдің сыртқы саяси ведомствосы арасындағы өзара ынтымақтастық жайында Меморандумға қол қойылды.
Аймақтық қауіпсіздік пен Қазақстанның қатысуымен Ауғанстанды экономикалық қайта оңалту мәселесі осы елдің сыртқы істер министрі Залман Расулмен болған кездесуде қарастырылды.
Индонезия сыртқы істер министрі Марти Налегавамен кездесу аясында ынтымақтастықтың аймақаралық аспектілері қозғалды.
Әзербайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяровпен кездесуде ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері қарастырылды.
Австралия сыртқы істер министрі Кевин Раддпен кездесу барысында аймақтық бірлестіктер шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелері және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту сұрақтары қарастырылды. Австралиялық министр Алматы қаласында өз елінің сауда өкілдігін ашу жөнінде жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сол күні Қазақстан сыртқы саяси ведомствоның басшысы Орталық Азия елдері жөнінде ИКҰ іс-қимыл Жоспары бойынша жоғары деңгейдегі кездесуге қатысты.