• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Қазақтың аспалы шамы

512 рет
көрсетілді

Иә, қай жағынан алсақ та, ебін тауып еңбек етсек халқымыздың өркендеу жолындағы үлгі мен өнеге­сі, ойындағы ұшқырлық, бойындағы талант жетіп артылады. Соның бір көрінісіне Астана күнін­де куә болдық. Осы кезге дейін өзге жұрт­тардың алуан түрлі шамдалдарына тамсанып, соны төбемізге де, төрімізге де іліп жүретін едік. Дизайніне, яғни құбыл­ған шынысына, ілетін ілгегіне – несін айта­сыз, бәріне қарап, мынау Еуропанікі, анау Қытайдікі деп салыстырып, салмақтап бағасына келгенде қалтаны басып, желкені қасып жүретінбіз. Ал мына шаңырақ формасындағы өз шамда­лы­мыз­ды көрген­де ұлттық мәдениеттің бір әдемі жау­һары көзімізге жылыұшырап, жанымызға жылу құйған. Жаң­ғырт­са, жақсымыз бар екен-ау дегізді. Әр асы­лымызды осылайша мысқалдап жасап, қажетімізге жарата берсек, ұлттық нақыштағы дүниелеріміз бірте-бірте басқаның жылтырағы­ның орнын басып, жетіле келіп, оны ығыстырып шығарары сөзсіз. Бұл ар­қылы тірнектеп тапқан теңгемізді өз қазынамызда  қалды­ра­рымыз анық. «Өзің өндірмей өзегің жал­ғанбайды» деген қанатты сөз осындайда туса керек. Осы ұлттық нақыштағы дүниені жасаған азаматпен тілдескенімізде, ол бұл ісін қазір Қытай кәсіпорындарымен бірігіп жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Шаңырақ үлгісіндегі шамдалдар (люстра) шетелдік қонақтарды қабылдайтын салтанаты мол ғимараттардың кіре берісінен бастап, әр бөлмесіне, қабырғаларына арнап жасалып жатқанын алға тартты. Сол секілді көпшілік орындарға да атап айтқанда, балабақшаларға, мектептерге, жоғары оқу орындарына, жеке үйлерге де, төрт құбыласы түгел делінетін коттедждерге де ыңғайластырып жасап жатқанына мысалдар келтіріп, алуан формаларды көрсетті. Ол азамат – алматылық кәсіпкер Мейрам Қабдырахман еді. «Мен көптен бері Астана күніне бір тарту тартсам деп жүрген едім. Бұл жолғы дү­ние­лерімнің бәрі елорда үшін жасалды. Пайым­дауымша, Қазақ елінде қазірше мұндай ұлттық нақыштағы шамдалдар жоқ болуы керек. Мен қасиетті саналатын киіз үйдің шаңырағын негізге ала отырып, алуан түрдегі шамдалдарды жасап жатырмын. Өнім­дері­ме сұраныс аз болып тұрған жоқ. Қанаттас отырған қырғыз бауырлар: ағайынды елміз ғой, киіз үйдің шаңырағы қазақ-қырғызға ортақ, бірлесіп жұмыс жасайық деген ұсыныстарын білдіруде. Бірақ мен бұл жұмысты өз Отанымда өрістетуді мақұл көріп отырмын. Демеушілер өз елімізден де табылар деген үміттемін», дейді М.Қабдырахман. Шынында, ұлттық жәдігеріміздің негізінде жасалған шам әдемі. Формасы өзгеше. Халықтық қалып айнадағыдай айқын. Оның үстіне әр шаңы­раққа осы шамдалдан жарық нұры шашылып тұрса, ол ой санамызды сәулелендіріп,  ұлттық рухымызды жаңғыртып жатса, қане. Сүлеймен МӘМЕТ.