Біздің айтайын дегеніміз, дәрігерлерді аттестациялау мәселесінде орын алып отырған кейбір түсініспеушіліктер мен кереғарлықтар.
Денсаулық сақтау министрлігінің 6.11.2009 жылғы №661 «Денсаулық сақтау саласында квалификациялық емтихан өткізудің тәртібін бекіту туралы» бұйрығының еш негізге сүйенбей қарапайым дәрігерден пәленбай (мамандығына қарай 5-10) ғылыми мақалалар жазуды талап ету, олар сол бұйрықтың талаптарына сай республикалық журналдарда және оның 3-5-ін жеке автор ретінде жариялану керек деген жолдары қатардағы қарапайым дәрігерлерге көптеген қиындықтар туғызып отыр.
«Қатардағы жай дәрігер қашан, қалай осыншама ғылыми мақала жазады? Оған барлық дәрігердің қабілеті, мүмкіншілігі бар ма? Тіпті, ғылыми зерттеу орталықтарында қызмет етіп жүрген ғалым-дәрігерлердің өзі осыншама қатаң талапты орындай ала ма? Неге жай дәрігерлердің аттестациясын соншама күрделендіріп жіберді? Мақсат не? Министрлікте отырғандар әлгі бұйрықты дайындағанда не ойлады екен? Күн демей, түн демей, жар құлағы жастыққа тимей еңбек етіп жүрген қарапайым қатардағы ауылдың немесе қаланың дәрігерлерін кезекті аттестация кезінде әлгі орындалмайтын қиял-талаптармен сүріндіріп, олардың квалификациялық категорияларын шегеруді мақсат етті ме екен? Мүмкін, онсыз да мардымсыз жалақы алатын дәрігерлердің категория үшін төленетін қаржысынан үнемдегісі келді ме? Немесе журналдардың жұмысын жандандырып, дәрежесін, редакциялардың «қалтасын» толтырмақ болды ма? Әйтпесе әлгіндей бұйрық шығару қажет пе еді? Жарайды, дәрігер әупірімдеп жүріп (біреуге пұлын беріп, жалынып жүріп) бірнеше мақала дайындады-ақ делік. Енді оны медициналық журналдардың редакциясына жеткізсе, олар әп- сәтте калькуляторда есептеп жіберіп, «мына мақалаңызға мұншама, ал мынаған соншама теңге» деп дәрігердің қалтасынан әр мақалаға 15-30 мың теңге (мақаланың көлеміне қарай) ақшасын қағып алады. Және ол таяу арада жариялана қоймайды, өйткені онда да ұзын кезек. Бүкіл республика бойынша қанша дәрігер бар екенін есептеп көріңіз, солардың барлығы ғылыми-практикалық мақала жазса, кезек болмай қайтсін. Тағы бір таңғаларлығы, бұйрықтағы тізімге кірмеген журналдарда жарияланған мақалаңыз есепке алынбайды, ол бос әурешілік. Сондықтан дәрігер мақаласын жариялайтын журнал іздеп сарсаңға түседі. Шындыққа келгенде, сондай қиындық жай, қатардағы әр дәрігерге қажет пе?
Енді әлгіндей жолмен жазылған мақалалардың сапасына қараңыз. Оның басым көпшілігі бұрынырақ жарық көрген басқа журналдардан, ғылыми топтамалардан, тіпті, базбірі интернеттен көшіріліп алынған шала дүниелер. Ондай жолмен дайындалған мақалалар ғылымға, практикаға не жаңалық әкеп қосады? Мұндай мақалалар кімге қажет? Сұрақ көп, жауап жоқ.
«Сүрінгенге жұдырық» дегендей, қазірдің өзінде мен білетін біраз дәрігерлер аталған бұйрықтың мақала жариялау жөніндегі талабын орындай алмай, бұрынғы квалификациялық категорияларын қорғай алмай, айлықтан қағылып, санатын жоғалтып, жай сертификатпен сүрініп-қабынып «өлме жаным, өлме» деп аздаған айлығын қанағат тұтып, әрі қарай еңбек етіп жүр. Енді қайтсін, не амал бар? Шағынып кімге барады? Ақылға салайықшы, дәрігердің біліктілігін журналда жариялаған мақалаларымен бағалау дұрыс па өзі?
Осындай жай тек біздің бір Жамбыл облысында емес, республикамыздың барлық өңіріндегі барша дәрігерлердің жүйкесін тоздырып отыр. Сондықтан да республика бойынша аттестациялық санаты бар дәрігерлер саны жылдан жылға төмендеп барады. Сондықтан да дәрігерлерді аттестациялау мәселесін қайта қараған жөн деп санаймыз. Оларды жергілікті денсаулық сақтау органдарының құзырына қайтарған дұрыс (ерте кезде солай болды емес пе?). Жергілікті мамандардың қабілетін, біліктілігін, мүмкіншілігін олар жақсы біледі емес пе? Неге алыстағы қарапайым дәрігер аттестациялық жұмысын арқалап, ту сонау Астанаға, Алматыға, аумақтық медициналық университеттер мен академияларға баруы керек?
Бұрынғы аттестациялау тәжірибесі білім беру саласында сақталып қалды емес пе? Мектеп мұғалімдерінің аттестациясы облыстық білім беру басқармаларында жүргізіліп, оларға еш қиындық туғызбай отырғаны бәрімізге белгілі. Ендеше, дәрігерлерге неге қолдан қиындықтар туғызып, басын ауыртып жүрміз?
Мұрат БЕРДӘЛИЕВ, Қазақстан медицина қызметкерлері қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор.