• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2011

Мал жайылар өріс тар

981 рет
көрсетілді

Ал жем-шөп әзірлеу одан бетер қиындап барады Жаңбырлы жаздың мінезі алабұртқан баланың қылығындай. Арқаңды қыздыр­ған ыстығын бір-екі күнге жеткізбейді, жұл­маланған бұлт жиылады да, жауып өтеді. Есесіне биыл көктің нұры тиген жер­дің шөбі де белуардан. Ескі алашадай ты­қырланып, тозып жатқан жоқ, мал жа­йы­­лымының да ажары кіріп қалған. Жина­ғанға шөп жетеді. Алайда, жаңбырлы жаз­дың да өз қиындығы бар. Шапқан шөпті күнаралатып құйып өткен жаңбыр кебуге үлгертпейді. Қарайған шөптің маңызы кетеді де, қыстыгүні оны мал сүйсініп жемейді. Дегенмен, «бардың есебі табыла­ды» деген рас. Шөп көп болғандықтан, қора­сындағы бір-екі ірі қарасы мен уақ малдың алдағы қыста шөпсіз қалмай­тын­дығына шаруаның да сенімі жоқ емес. Бірақ ауылдағы ағайын шөптің азды­ғы­нан көктемге малы көтерем болып, ти­тық­тап шыққан өткен жылды қалай ұмыт­сын. Былтыр тек Қостанай өңірі ғана емес, еліміздің бүкіл солтүстік аймағында бол­ған қуаңшылықтан ауылдағы шаруа шөпті қыл­танақтап жинағандай еді. Шөп аз болған соң оның бағасы да шарықтады, тоннасы 15 мың теңгедан асып жығылды. Қолында техни­касы, күш-қуаты барлар ораққа ілінген шөпті орып жинап алды да, көктемге қарай оны тағы да қымбаттатып сатты. Малдың амандығын тілеген жұрт тапқан табысын бала-шағаның аузынан жы­рып, малының аузына тосуға мәжбүр бол­ды. Көктемге са­лым Таран ауданын­дағы Белинский елді ме­кенінде болға­ны­мызда ауыл тұрғыны Нұр­бек Мусин малы­на шөпті қалай дайын­да­ғанын жырдай етіп айтып берген еді. – Мен бала-шағаммен жабылып жүріп, жолдың шетіне шыққан шөпке дейін қал­дырмай, уыстап ордым десем өтірік айт­паспын. Шабындық тозып кеткен, соған қарай шөптің бағасы да қымбат болды. Тоннасына 12-15 мың теңгеден алды, – дейді Нұрбек. Шөпті жинап алдым, дегенмен қыстай Нұр­бектің көңілі орнына түспеді. Өйткені, қыстың сақылдаған сары аяз күндерінің өзін­де малға шөпті сығымдап беріп, қара­өзек көктемге сақтады. Жемге салмақ са­ла­йын десе, кебектің отыз килодан ас­пай­тын қабының бағасы мың теңгеге дейін көтерілді. – Көктемде екі қойым арам өліп қалды. Ауылдың мал дәрігерін әкеп көрсетсем, мал сүзгендігін айтты. «Қыстан теңселіп, көтерем шыққан қойлар малдың мүйіз­гек­тегенін де көтере алмайды» деп түсіндірді мал дәрігер. Өзім зоотехник болмасам да, ауылда өскен шаруамын. Өткен жылғы шөптің малға ешқандай құнары болған жоқ, сондықтан көктемге құр сүлдері шық­ты, – дейді Қостанай ауданындағы Глазунов ауылының тұрғыны Серік Күнтуаров. Бұрынғы жылдары шабындықта екпе шөп­тердің түр-түрі егілетін. Әсіресе, ер­кек­шөптің жұқанақтары тозып кеткен ша­бындықтар мен жайылымдарда осы күнге дейін кездеседі. Құрғақшылық болған жыл­дары өріске айдаған сиырлар тойынбайды, кешке бақташы табынды екі бүйірін қабыс­тырып айдап келе жатады. Қай ауылға барсаңыз да айнала егін, содан артылған жер мал жайылымына бұйырады. Кеңес одағы кезінде шаруашылықтар екпе шөпті күтетін еді ғой, қазір шабын­дық та азған. Тарақ бидайық, еркекшөп орақ­қа ілінбейді. Қып-қызыл ақшаға са­тып алған шөп­тің арасында қауы көп, оны сүйсініп жемеген малдың қыстыгүні іші кетті, дейді әлгі Нұрбек Мусин. Бір Нұр­бек емес, ша­бындық пен жайылымның жайын шаруалар айта-айта шаршап келеді. Ал облыс басшы­лары не дейді дейсіз ғой? Өткен жылғы бір мәжі­лісте облыс әкімі Сергей Кулагин: «Ауыл шаруашы­лы­ғы­ның маңызды сала­сы – мал шаруа­шы­лы­ғын одан әрі интенсивті дамы­ту­ға тежеу болатын маңызды фактор өнді­рістің ұсақ тауарлылығы болып қалып отыр. Ірі қара­ның жалпы басының 83 па­йызы жеке шаруа аулаларында ұсталады» деген еді. Нақ­тылай түссек, ауылдағы аға­йын­ның қо­ра­­сындағы ірі қарасы ғана 464 мың бастан асып жығылады. Ал шаруашы­лық нысан­дарындағы мал 20,9 мың бас қана. Қазір аудандарда жаңа технологиямен жаб­дық­тал­ған мал бордақылайтын алаң­дар, сүт өн­ді­ретін фермалар салынып жа­тыр. Дегенмен, олар саусақпен санарлық. Ал мал­дың ба­сым бөлігін ұстап отырған жеке қож­а­лық­тардың ауласында шөп ша­ба­тын техника жоқ. Об­лыс­та қалыптасқан жүйе бойын­ша жеке сек­торға серіктестіктер, шаруа қожа­­лық­тары шөптен қараса­ды. Қарасқанда тегін түсіріп бермейді, әри­не. Өздері иемденген жер­дің шөбін оларға са­тады. Күтіл­меген ша­бын­дық­тан шөп те аз түседі, бірақ аз шөп­тің бағасы аз болмайды, қайта аспан­дайды. Одақтың тынысы тарыл­ған 1990 жылы Қостанай об­лы­сындағы кеңшарлар мен ұжым­шарларда 986 мың ірі қара болған екен. Ал жекенің қолындағы малдың саны 286 мың бас болған. Қоғамдық сек­тордағы мал үшін 1 631,5 мың гектар жерге мал азы­ғын­дық дақылдар себіліпті. Ол сүрлемдік жүгері, көк азық, бір жылдық, көп жыл­дық шөптер, көп жылғы ша­бу­сыз шөптер деп бөлінетін. Содан жекенің қолындағы малға да «сы­баға» тимей қалмайтын. Екпе шөп қайда кетті дерсіз? Ша­бын­дықтар Кеңес ода­­ғы жылдарынан кейін кү­тілмеген, екпе­шөп егілмеген. Қазір об­лыс­та Қарабалық және Арқалық ғылыми-тә­жірибе шаруашы­лық­тары екпешөп тұ­қы­мын өндірумен айналысады. Олар­дың қа­тарына соңғы 4-5 жылда «Қазақ тұл­пары» асыл тұқымды жылқы зауыты қосылды. – Біз екпе шөпсіз мал азығының дұ­рыс­талмайтындығын сезіндік. Сондықтан Қарабалық ғылыми-тәжірибе шаруашы­лы­ғында жатқан тұқымды қаптап тасып, шабындықты көбейтіп, енді оны сататын дәрежеге келтірдік. Әдетте, жоңышқа оң­түс­тік облыстарда ғана шығады деген түсі­нік те қалыптасқан. Міне, біздің ша­руашылық шабындығында ол жайқалып тұр. Былтыр құрғақшылық болған жыл­дың өзінде гектарына 8 центнерден шөп жинаған едік. Биыл гектар түсімі 20 центнерден асады. Ал күзде оның тұқымын сатамыз, басқа облыстардан тапсырыс тү­сіп те жатыр, – дейді жылқы зауытының ди­ректоры, ауыл шаруашылығы ғылым­дары­ның докторы Набидолла Кикебаев. Шаруашылық агрономы Берік Қорған­беков жоңышқаның құрамында протеин – 57, эспарцеттің, еркекшөптің құрамында 37 пайызға дейін жететіндігін айтты. Бе­локқа бай бұршақ тұқымдас бұл шөптер малға өте жұғымды. Қазір «Қазақ тұл­па­ры» жылқы зауыты жыл сайын екпе шөп­тің көлемін ұлғайтып келеді, олар жа­ңа­дан 1000 гектар­ға жоңышқа, еркекшөп, эспарцет екті. – Жылына 30 тоннаға жақын шөп тұ­қы­мын сатамыз. Бірақ бұл Қазақстан бо­йын­ша алғанда теңізге тамшыдай ғана ғой. Шөп тұқымын өндіретін шаруашы­лық­тар әр ауданда болуы керек, сонда ға­на мал азығы дұрысталады. Биыл мысалы, жаңбыр бар, табиғи шөптің шығымы да жаман емес. Бірақ оның түсімі екпе шөп­тен бес есе аз. Оған жанар-жағармайды, техниканың тозуын қосыңыз. Сонда оған кеткен шығын да екпе шөпке жұмсаған бейнетіңнен асып түспей ме? – дейді Набидолла Ақанұлы. Баяғыда ауылдағы ағайын бел орағын шыңлап алып, қорадағы малына шөпті өздері де орып алатын еді ғой. Бүгін неге олай істей алмайды? – Өйткені, шабындықтың иесі бар, олар­ға ешкімді жолатпайды, – дейді Қос­та­най аудандық әкімдігінің ауыл шаруа­шылығы бөлімінің бастығы Марат Сартов. – Уақытша пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Мысалы, ол біздің ауданда 18 мың гек­тарға жуық. Бірақ олардың иесі ша­бын­дыққа ешкімді өткізбейді. Қай ауылға барсаң да малдың жайы­лымы мен шабындық мәселесі алдыңнан шығады. Биыл жыл жаңбырлы болған соң жайылымның оты төтеп беріп тұр. Жеке­нің қорасынан өрген малдың тұяғы ауылға жақын жайылымды лезде таптайды. Оның есесіне серіктестіктер мен шаруа қожа­лық­тары ауылдың шетінен бастап, егін егеді. Оған түскен мал түгіл малдың иесі де оңып қалмайды. – О баста қателік кеткен ғой. Оны жөн­деу­ге неге болмасын. Айналадағы, ауылға жақын жерлердегі жайылымдық жер­лер­дің барлығын да қайтарып, ауылдық-се­ло­лық әкімдіктерге беру керек. Пайдаланбай жатқан жерлер бер. Қалталылар уақы­тын­да алып алған да, енді ол жерлерді аң аулауға ғана ұстап отырғандар да кездеседі, – дейді Набидолла Ақанұлы. – Жер қай­та­рылды делік, бірақ онымен айналы­са­тын әкімнің қолында күш-қуат, қаражат тағы жоқ. Міне, мәселе осылай тұйыққа барып тіреледі де тұрады. Сонда тұйықтан шы­ғар жол жоқ па? Бүгінде мемлекет тара­пы­нан жайылымдарды қалпына келтіру, сақтау туралы бағдарламаның бар екендігін ауылда отырған ағайын да, әкімдер де біле бермеуі мүмкін. Білсе ауылда мемлекеттен де, өзге гранттар арқылы да қаржы бөлініп жатқан осы бағдарлама неге жүз­е­ге асып, жұрттың игілігіне айналмайды? Естуімізше, Қарағанды облысының Шет ауданында тақырланып кеткен жайылым нақ осы бағдарлама шеңберінде мал тойы­натындай дәрежеге келтіріліпті. – Онда алдымен жайылымдық жерлер қоршалып, оған екпе шөптер егілді. Мал да тоқ, ауыл айналасы да жайнап кетті. Мұны басқа өңірлерде де қолға алуға болады, – дейді ауыл шаруашылығының бар «ауруын» жақсы білетін ғалым-басшы Нәбидолла Кикебаев. Нәбидолла Аханұлы да, өзге мамандар да ауыл шетіндегі жайылымдық жерді сақ­тау­дың бір жолы жеке сектордағы сауын сиыр­лар­ды ғана ауылға қалдырып, бойдақ малды елді мекеннен шалғайлау апарып, көктемнен қара күзге дейін бөлек бағу екенін айтып келеді. Бірақ мұның ауыл­дық округтерде жүзе­ге асып жатқандығын көріп отырғанымыз жоқ. Бәрі де ұйым­дас­тыруға, облыс басшы­лығы деңгейінде қолға алуға саятын секілді. Шаруа қазақ қашаннан «сиырдың сүті–тілінде» деген. Етке де осыны айтуға неге бол­масын? Базардағы еттің де, сүттің де кө­ле­мі мен сапасы малды қалай бағуыңа бай­ланысты екені айтып жатуға артық әңгіме. Әлгі айтқан 1990 жылы облыста барлығы тірідей салмақта 144 мың тонна ет өндірілген екен, соның 107 мың тон­на­сын шаруашы­лық­тар берсе, қалған 37 мың тоннасы тұр­ғын­дардың жеке қорасындағы малдан өнді­рілген. «Кремльдің дүкен­де­рін­де Торғайда өндірілген сиыр еті саты­ла­тын» деп бүгінде ардагер ақсақалдар ай­тып отыратын әңгіме­ден Қостанай өңі­рін­де өндірілген еттің сапа­сы мен дәмділігі де айтарлықтай болғанына шүбә келтір­мей­сің. Жасыратыны жоқ, қазір­гі көрініс осыған кереғар десек қателес­пей­міз. Еттің көбін бұрынғыдай шаруашылық нысан­дар­да емес, шаруаның қорасында өн­ді­рі­ле­тіні бесенеден белгілі. Тіліне шұрайлы шөп орай алмай, қыстан теңселіп шыға­тын малдың етін де мақтай алмаймыз. Оның үстіне қандай ауылдық, селолық округке барсаң да мал дәрігері, зоотехник мамандар жетіспейді. Жақында жолымыз түсіп Қарасу ауданында болғанымызда, аудан басшылары ауыл шаруашылығында осы мамандардың жетіспейтіндігін, оның проблема болып отырғандығын жасырған жоқ. Екі-үш ауыл бір мал дәрігерін күтіп отырады екен. Біз мамыр айында «Егеменде» «Ұжым­дасу – үлкен іске ұйымдасу» атты мақала жа­рия­лаған едік. Онда кейіпкеріміз Мінайдар Бо­ранбаев деген кәсіпкер азамат­тың ауыл­шаруашылық кооперативін құру мақса­тында іс бастап жатқаны туралы ай­тыл­ған еді. Мінайдар әлі сол ұста­ны­мын­да. Кооператив құр­май, бірікпей, ұжым­даспай ауыл­дағы ша­руаның бейнеті же­ңіл­демейді. Кооператив құрылса оның мү­ше­лерінің малына арзан бағамен қаже­тін­ше жем-шөп түсіріліп береді. Шабындық пен жайылымды ортақ пайда­лана­ды. Ауыл­дың әлеуметтік мәселе­лерін, шаруаның малынан өндірген тауар­лар­ды өткізудің барлығын да кооператив мойнына алады. Несі бар, ауыл­ды өркен­дету­ге, мал өнімдерін өн­діруді интенсивтендіруге бұл да жол болар еді. Ал елімізде тұтынушылар коопера­ция­сы туралы заң 1999 жылы қабыл­дан­ған болатын. Заңдық негіз бар, Елбасы бар­лығына жағдайды жасап берді. Кәсіп­кер­дің айтуынша, заң жұмыс істесе, ауыл­дағы аға­йын осынша байтақ жерде оты­рып, оған телміріп қарамай, бейнетіне қа­рай зейнетін көрер еді. Ауылда отыр­ған­дар бүгінгідей маң­дай тері көзіне құ­йы­лып жүріп бейнетін ғана жемей, малдан пайда тапқанда ғана ауылдың еңсесі көтеріледі. Оның үстіне Кеден одағына кірген елдерге ет артамыз деген де мақсат бар. Ет пен сүттің сапасы үшін ешкімді аямас бәсекеге бәсіре қосатын уақыт та келе жа­тыр емес пе? Ал осының барлы­ғы­ның кіл­ти­паны – мал азығында, шөп пен жем­де тұр. Биыл облыс бойынша бір­жа­рым жыл­дық жем-шөп қоры жасалуы тиіс, яғни 1217,7 мың тонна шөп жина­ла­ды. Облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлі­меті бо­йынша шөп жинау қарқыны жаман емес. Жоғарыда айтқандай, техникасы бар ша­руа­шылықтар керегінше шөп орып ала­ры­на дау жоқ. Ал жайқалған шабындыққа телміре қарағаннан басқаға шамасы жетпейтін шаруа да осы жазда қамшы салмаса, алдағы көктемде таяғын ұстап қалмаса да тағы да титықтайтыны өзіне де, өзгеге де белгілі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.