Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Бельгия, Ұлыбритания және Германияға үш күндік жұмыс сапарын 18 шілдеде Бельгия астанасы Брюссельде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы брифинг өткізуден бастады.
Онда Ержан Қазыханов еліміздің жеткен жетістіктерін айта келіп, халықаралық аренадағы бірқатар жағдайлар барысына да тоқталды. Әсіресе, Кеден одағына қатысты министр оның Қазақстанға ғана емес, сондай-ақ осы өңірлерде жұмыс істегісі келетін еуропалық компаниялар үшін де тиімді болатынын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Франция, Италия және Испаниямен стратегиялық әріптестік келісімін жасады. Сондай-ақ Германиямен бірлескен экономикалық ынтымақтастыққа қол жеткізді. Биылғы жылдың маусымынан бастап ынтымақтастық пен әріптестікті тереңдету туралы келісім бойынша келіссөздер үдерісі басталды. Мұндай ынтымақтастық өзара қатынастарды жаңа деңгейге көтеруі тиіс.
Түстен кейін Ержан Қазыханов Бельгия Премьер-министрі Ив Летернмен кездесіп, екі ел арасындағы қатынастарды әрі қарай дамыту жөнінде әңгімелесті. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бельгия Министрлер кабинетінің басшысына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Король Альберт ІІ атына 21 шілдеде болатын Корольдіктің басты ұлттық мерекесі – Бельгия күніне орай жолдаған құттықтау хатын табыс етті. Жолдауда Елбасы Астананың екіжақты қарым-қатынастың дамуына қатысты ұстанымдарын да айтып өткен.
Кездесу барысында Бельгия Премьер-министрі Қазақстан-Бельгия қатынастарын өте қарқынды деп бағалады және оның дәлелі ретінде Президент Н.Назарбаевтың өткен жылғы Бельгияға сапары мен И.Летерннің Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысуын айтуға болады. Осы орайда бельгиялық премьер «...өзімнің Астанаға сапарым барысында көрген Қазақстандағы даму мен жетілуге деген тұрақты ұмтылыс пен серпінділікке таң қалдым», деп таңданысын жасырмады.
Әңгімелесуші тараптар Астана мен Бельгияның Льеж қалалары Бүкіләлемдік «EXPO-2017» көрмесін өткізуге өз кандидатураларын ұсыну мәселесін талқылап, Қазақстан мен Бельгия арасындағы таза бәсеке екі елді жақындата түсетінін атап өтті және бір-біріне сәттілік тіледі. Сауда-экономикалық саласындағы ынтымақтастықты қозғай отырып, тараптар қазіргі уақытта Қазақстан мен Бельгия арасындағы бұл бағытта үлкен әлеует бар екенін бірауыздан мақұлдап, сол әлеует әлі күнге дейін толық іске қосылмағанын атап өтті. Бельгиялық премьердің пікірінше, оның елінің шағын және орта бизнес өкілдері қазақстандық рынокқа қызығушылық танытып, біздің елмен ынтымақтасу әлеуетін зейін салып зерттеуде екен. Осыған орай, екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әрі қарай дамуы үшін маңызды болып табылатын Қазақстанда қолайлы іскерлік ахуалды дамыту мен қолдау мәселесі қарастырылды.
Тараптар, сондай-ақ энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселесін де талқылады. Қазақстан министрінің айтуынша, біздің еліміз Еуропаға энергия көздерінің сенімді жеткізушісі болып табылады және алдағы уақытта да сол жолынан таймайды. Атом энергетикасы саласындағы өзара ықпалдастық жөнінде айта отырып, Е.Қазыханов әңгімелесуші тарапты ядролық заттарды таратпау саласындағы, оның ішінде МАГАТЭ қамқорлығымен Қазақстан аумағында төмен байытылған ядролық отын банкін құру туралы бастамаларымен таныстырды.
Сонымен қатар, тараптар алдағы уақытта Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 20 жыл толуына байланысты осы мәселені де талқылады. Осы орайда
бельгиялық Ипр қаласында жақында ашылған ядролық сынақтардың құрбандарына арналған қазақстандық естелік осы саладағы қатынасты дамытуға өз үлесін қосатындығы айтылды.
Азаматтардың өзара келіп-кету мәселелерін талқыға сала келіп, Е.Қазыханов Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 34 мүше мемлекеттің азаматтарына визалық талаптарды жоюды көздеп отырғандығын және қазіргі кезде біздің еліміздің Үкіметі бұл бағытта тиісті жұмыстарды атқарып жатқандығын жеткізді.
Бұдан кейін біздің еліміздің Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) төрағалығы кездесудің бөлек және мазмұнды тақырыбына айналды. Атап айтқанда, Е.Қазыханов ИЫҰ төрағалығы шеңберінде Астана діни азшылық құқықтарын қорғаумен айналысатынын атай отырып, Қазақстан ислам әлемі мен батыс арасындағы өзіндік көпір рөлін атқаруға мүдделі және бұл үшін біздің еліміздің әмбебап әлеуеті бар екендігін атап өтті. Сонымен бірге, кездесу барысында Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы, оның ішінде ҚР ИЫҰ-дағы төрағалығындағы міндеттерге де аса назар аударылды. Қазақстандық министр атап өткендей, біздің елімізде бұл бағыт бойынша не істеу керектігі жөнінде нақты түсіністік бар, атап айтқанда, бұл елдердің экономикалық дамуына қолғабыс жасау қажет.
Сол күні, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Литва Сыртқы істер министрі Аудрониюс Ажубалиспен және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньермен де кездесті. Кездесулер барысында Астана декларациясында көрсетілген міндеттердің орындалу барысы сөз болды. Биылғы жылдың желтоқсанында Вильнюсте жоспарланып отырған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына дайындық барысы да талқыланды. Екі кездесуде де Астана Саммиті Ұйымға жаңа тыныс беріп, оның жұмысын жандандыра түскендігі атап өтілді. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасымен кездесуі барысында ЕҚЫҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы арасындағы өзара ықпалдастық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы бастаған қазақстандық делегация жыл сайын Брюссельде өткізіліп тұратын ЕҚЫҰ «үштігі» мен Еуропа Одағы арасындағы отырысқа да қатысты. Онда осы жылы Вильнюсте өтетін ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне дайындық барысы пысықталып, Приднестровье бойынша «5+2» келіссөздерді жалғастыру, Жерорта теңізінің оңтүстігіндегі демократиялық үдерістер, тағы басқа да мәселелер талқыланды.
Бұдан соң Ержан Қазыханов ЕО-ның Шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, баронесса Катрин Эштонмен жүздесті. Кездесуде, әсіресе, Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті тереңдету туралы келісім бойынша келіссөздер үдерісін әрі қарай жылжыту жайына ерекше назар аударылды. Өйткені, аталған құжаттың толық әрі жан-жақты болуын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне өткір қойылуда. Қазірге Қазақстан өңір елдері ішінде мұндай жетістікке жеткен жалғыз ел. Бұл Еуропа Одағының Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге ынталы екендігін тағы бір айқындап берді.
Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Ұлыбритания астанасы – Лондонда да бірқатар екі жақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрмен, ал түстен кейін британдық әріптесі У.Хейгпен кездесті. Кездесуде тараптар екі елге ортақ бірқатар мәселелерді талқылады. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов бүгін Берлин қаласында бірқатар кездесулер өткізеді деп күтілуде.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ – Брюссельден.