• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2011

Жоғары жауапкершілік жүктелді

400 рет
көрсетілді

Араша іздеген адамдардың ақырғы аялдамасы ретінде саналатын еліміздің Жоғарғы Соты соңғы кездері бірқатар жағымды жаңалықтарды жариялап қана қоймай, жүзеге асырып жатқан жайы бар. Бұл орайда тура билер төрелігін ту етіп ұстаған сот қауымдастығының басшылы­ғы алдарына мүлде жаңа міндеттер қойды. Олар шекпенді шенеуніктердің шеңгеліне шырматылған халықтың шерін түсініп, әділдіктің таразы басын басуын баса бақылайтын бағытқа бұқпантай­ламай бас бұрды. Соның арқасында аң­саған адалдықтың Астанадан ақ самалы соға бастаған соң аймақтағы қалың қауым да қуана қол соқты. Бұл елдегі қарапайым халықтың әділдіктің алауы біздің ор­тамызға да жетіп жағылса деген үмітінен көрініс тапты. Сол ниетті арқау еткен Жоғарғы Сот Төрағасы Б.Бекназаров: «Халық сенімінен шығу – басты мақ­сатым» деп еліміздің оңтүстік аймағы және Астана қалалық соттарының ағым­дағы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша жұмысын қарап, қорытын­дылады.

Жоғарғы Сот Төрағасы Оңтүстік Қа­зақстан, Жамбыл және Алматы облысы соттарының жұмысын сарапқа салды. Мемлекет тарапынан қолға алынып отырған ізгілендіру саясатының салтанат құруына ерекше назар аударды. Сотқа әділдік іздеп келген жандар судьялар мен сот мамандары тарапынан қолдау тауып, заңды мүдделері қорғалатын болса, бұл мемлекет пен халықтың артып отырған сенімінің ақталғандығы, деді ол. 2010 жылдан бастап қолданысқа енгізіліп, аудандық және оған теңестірілген сот­тардың шешімімен келіспегендерді тек Астанаға тәуелді етіп қойған үш буынды сот құрылымына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілді. Енді «Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы» конс­титуциялық Заңға енгізілмекші өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес қаралатын істер бойынша соңғы нүктені аймақтарда кассациялық сот алқасы қоятын болады. Жоғарғы Соттың қарауына түсетін істер алдымен облыстық соттың апелляциялық және кассациялық алқаларында тексеруден өтіп, тек сонан соң ғана еліміздің ең жоғарғы сот органына келуі қажет. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот, Конс­ти­туцияға сай, негізінен соттардың қызметін қадағалаумен айналысуы тиіс.

Жоғарғы Сот Төрағасының тарапынан айтылған тәртіптік-біліктілік алқаларын тарату, жоғары тұрған соттардың төменгі сатылы соттар судьяларына жеке ұйғарым шығару институтын жою, судьялардың басқа органдар ғана емес, сот басшылы­ғынан да тәуелсіздігін нығайтып, соның нәтижесінде судьяның әрбір шығарылған шешімге жеке жауапкершілігін одан әрі арттыру мәселелері жергілікті тұрғындар мен судьялардың толық қолдауына ие болды. Осыған орай Б. Бекназаров қазіргі күні судьялар мен сот басшылығының іс-әрекеттеріне Жоғарғы Сотқа келіп түсетін әрбір шағымның арнайы топпен мұқият тексеріліп, егер судьяның заңсыз іс-әрекеті расталса, онда оған қатысты қатаң шаралар қабылданатынын қадап айтты. «Егер судья заңсыз қудаланатын болса, мен оны жеке өзім қорғайтын боламын. Ал егер судья заңды белінен басып, халық мұң-мұқтажына құлақ аспайтын болса, ондай тұлғалар судьялар қауымдас­тығынан кетеді», деп мәлімдеген ол ел Президентінің жуырда жарық көрген Жарлығымен бірден 35 судьяның өз қызметінен босатылғандығына жиналған жұрт назарын аударды.

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты­жылдығында Жамбыл, Шу, Қордай аудан­дық, Тараз қалалық соттары судья­ларының үстінен шағымдар келіп түскен. Тексеріс барысында арызда көрсетілген жайттар расталған кейбір судьяларға қатысты талқылау, сөгіс және ескерту сияқты жаза түрлері қолданылған. Бұл жерде Жоғарғы Сот басшысы судьяны әрбір ұсақ-түйек кемшілігі үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін об­лыстық соттағы осы күнгі тәртіптік-біліктілік алқасының жұмысын тоқтатып, ендігі жерде осы төркіндегі барлық мәселелер Жоғарғы Сотта жұмыс жасай­тын сот жюриінің құзыретіне өтуі тиіс. Бұл судьялардың өз басшысына жал­тақтамай, заң мен әділдік қағидаларын негізге алып, әрбір іс бойынша тиісті шешім қабылдауына мүмкіндік беретінін айтты.

Еліміздің бас судьясы апелляциялық және кассациялық сот алқалары судья­ларының жоғары кәсіби деңгейлі, әрбір іс бойынша заңдылық пен негізділікке тиісті баға бере алатындығына баса назар аударып, қатаң тәртіп пен заңға енгізілмекші толықтырулар нәтижесінде облыс­тық соттың өкілеттігі, сонымен қатар, жауапкершілігі артатындығын атап өтті. «Азаматтарды жеке қабылдау барысында келушілерден кейбір судьялардың дөрекі, заңға қайшы іс-әрекетке барып, өзінің міндеттеріне салғырттықпен қарайтын­дығы туралы шағымдар естіп жатамын. Мұндай жағымсыз жағдайлар бойынша тексерулер жүргізіледі. Біз халық пен мемлекет тарапынан судьяларға жасалып отырған барлық жағдайды бағалай біліп, өзіміздің халық алдында қарыздар екендігімізді ұмыптауымыз қажет», деп қадап айтты Б.Бекназаров. Ол аудандық және оған теңестірілген соттарды аралап, халыққа жасалған жағдайға баға берді.

Жоғарғы Сот тарапынан жасақталған облыстық соттардың жұмысының тиімділігі рейтингі бойынша облыстық және оған теңестірілген соттар төменгі сатылы соттардың заңсыз әрі негізсіз сот актілерін неғұрлым жиі тауып, өзгертіп, орын алған кемшілікті толық жойса, бұл осы облыстық және оған теңестірілген соттың жұмысына оң баға беруге негіз болады. Сондықтан да апелляциялық және кас­сациялық сот алқасының судьялары жоғары жауапкершілікті түсініп, жүк­телген міндетті тиімді атқаруы тиіс, деген Б.Бекназаров, азаматтардың заңды мүд­делері облыстық деңгейдегі соттарда қорғалып отырса, бұл жалпы сот жүйесі беделінің жоғарылауына негіз болатын­дығын атап өтті.

Ал елордалық билермен кездескен Жоғарғы Сот Төрағасы Астана қаласы соттары судьялары жалпы республика бо­йынша барлық судьялардың алдыңғы қатарында болуы тиіс, деп оларға жоғары жауапкершілік жүктеді.

Александр ТАСБОЛАТОВ.