«Жасыл желек – жан азығы» дейді халқымыз. Бірақ, ел арасындағы тұтынушылық пиғыл осынау баға жетпес байлығымыздың қадірін түсінбей отырғанымызды көрсетеді. Насихаттық жұмыстар үздіксіз жүргізілгенімен осынау маңызды мәселеге мән берушілік әлі де жеткіліксіз дер едік. Олай айтуға жасыл желегіміздің жалынға шарпылуы тоқтамай тұрғаны, оның алдын алуға жұртшылықтың жаппай бет бұра қоймағандығы мәжбүрлейді. Мәселен, 2010 жылы облыстың орман қоры аумағында 165 өрт оқиғасы тіркелді.
Табиғатқа үлкен зиян келуі күннің аптап ыстығынан ғана емес, адамдардың немкеттілігінен орын алатындығы белгілі. Өткен жылы Ресейдегі алапат апат салдарынан елді мекендердің күйреп, адам шығынына жол берілгені жерлестерімізді де қатты ойға қалдыруы керек. Өйткені, орман болашақтың игілігі. «Атадан не там қалсын, не тал қалсын» дейтініміз сондықтан.
Біздің инспекция бұл бағытта біршама жұмыстар атқарып жатқаны баршаға мәлім. Өткен жылы өзіміздің қолда бар қуаттармен және «Орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету қазақ авиабазасы» РМҚК-нің үш тікұшақ экипажының күшімен барлық пайда болған өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, оны сөндіруге қажетті шаралар қолданылды. Биылғы маусымға дайындығымыз да ойдағыдай деуіміз керек.
АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің «2010 жылдың өрт қауіпі бар маусымының қорытындылары және 2011 жылдың өрт қауіпі бар маусымына дайындық жөніндегі міндеттер туралы» нұсқауын орындауға бағытталған кешенді шаралар мұқият тиянақталды. Ағымдағы жылдың наурыз айында инспекция тарапынан облыстағы барлық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріндегі, «Көкшетау» және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғат парктеріндегі, «Сандықтау» ОӨОШ, «Жасыл аймақ» РМК-дегі дайындық жұмыстары тексерілді. Анықталған кемшіліктер бойынша кәсіпорын басшыларына 26 ескертпе жасалып, оның орындалуы қатаң бақылауға алынды. Оның үстіне, өртке қарсы күрестің жылдық жедел жоспарлары пысықталып, Төтенша жағдайлар министрлігінің құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл шаралары келісілді, қарауылдау кестелері мен тұрғындарды алдын-ала хабардар ету тәртібі аудан әкімдерінің бұйрықтарымен бекітілді. Қысқы ағаш кесуден және санитарлық шаралар кезіндегі ағаш қалдықтары арнайы бақылаумен тасымалданып, залалсыздандырылды және нұсқаулық талаптарына сай өртелді.
Орман күзеті ісіне қатысты барлық мамандар мен жұмысшылар оқуға тартылып, арнайы сынақ қабылданды. Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Бұқпа» орман шаруашылығында аумақтық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілуі ортақ істің орайын келтіре түсетіні анық. Орманшылармен қатар, ауылшаруашылық құрылымдары басшыларының қатысуымен тәжірибелік семинарлар да кестелі мерзімінде өткізіліп келеді. Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінен, яғни өрт қауіпі бар маусым аясында күшейтілген кезекшілік ұйымдастырылды. Мамандарымыздың белсене қатысуымен медиа-жоспар қабылданып, жергілікті баспасөз құралдарындағы өзекті жарияланымдар жұртшылық назарын аударуда.
Қолданылған шараларға қарамастан бүгінгі күні 11 орман өрті тіркелді. Сондықтан, жұмысымыздың осал тұстары екшеліп, қолданыстағы барлық әрекет-қимылдарымыз бен іс-шаралар кешенді түрде қатаң бақылауда ұсталатын болады.
Бексұлтан БАЙМҰТОВ, Ақмола облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы.