Бүгін Қазақстан Бокс федерациясының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты басталады.
Оған әлемнің 42 елінің 385 бозбала боксшысы қатысып, 30 шілде күнге дейін 13 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістіреді.
Біздің елімізде осы кезге дейін көптеген бокс турнирлері мен жарыстары өтсе де, спорттың осы түрінен кадеттер арасында әлем чемпионаты әлі өткізіліп көрген емес. Елімізде осындай байрақты бәсекені өткізу туралы шешім былтыр Қытайдың Сяминь қаласында өткен Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы атқарушы комитетінің кеңейтілген отырысында қабылданғаны белгілі. Сол кезде жасөспірімдер арасында әлемдік доданы өткізуге 5 ел өзінің өтінішін берген болатын. Алайда дауыс берудің нәтижесінде Астана және Бангкок қаласының арасында болған соңғы тартыста АІВА мүшелері еліміздің астанасын әлем чемпионатына лайық деп шешті. Жалпы, Халықаралық бокс қауымдастығының аясындағы көптеген жарыстардың ішінде кадеттер арасындағы әлем чемпионаты реттік саны бойынша үшінші чемпионат болып саналады. Осыған дейін 15-16 жастағы боксшылар арасындағы әлемдік бәсеке алғаш рет 2008 жылы 25 қазан мен 1 қараша аралығында Мексиканың Гвадалахара қаласында өткенін білеміз. Осы сында қазір ересектер қатарында айқасып жүрген екі боксшымыз – Данияр Елеусінов (60 кг.) пен Иван Дычко (91 кг.) күміс жүлде алған болатын. Сол кезде командалық бірінші орынды 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен Куба боксшылары жеңіп алды. Екінші орынды алаң иелері 2 алтын медальмен алса, үшінші орынды 1 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлдемен Ресей құрамасы иеленді. Одан кейін чемпионат былтыр 25 сәуір мен 3 мамыр аралығында Әзербайжанның Баку қаласында өтті. Бұл бәсекеде де біздің бозбала боксшыларымыз лайықты өнер көрсете алмады. Осы айқаста біз ширек финалдан аса алмай, жүлдесіз елге қайтқан едік. Ал Баку бәсекесінде бірінші орынды тағы да Куба құрамасы жеңіп алған болатын. Олар 3 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде командалық есепте бірінші орынға шықты. Екінші орын әдеттегідей алаң иелеріне бұйырды. Әзербайжан командасы бұл сында 2 алтын, 1 қола медаль иеленді. Ал үшінші орынды 1 алтын, 1 күміс жүлдемен Үндістан құрамасы жеңіп алды.
Енді осы жолғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы өз алаңында құралақан қалып қоймайтынына сенгіміз келеді. Бізге бұл сында бірнеше медаль алуға мүмкіндік беріліп отыр. Өйткені биылғы додаға екі дүркін әлем чемпионы атанған Куба құрамасы қатыспайды. Кеше Бокс федерациясының мамандарынан осы мәселенің анық-қанығын сұрастырғанымызда Бостандық елі боксшыларының әлем чемпионатына өз қалтасынан қаржы шығармай, ұйымдастырушы жақ жарысқа қатысу үшін жолақысын, жатын орынын төлесе ғана барамыз деген әңгіме айтқанын білдік. Қалай болса да бізге керегі де осы болды. Бұл жерде біз боксшыларымыздың кубалықтардан сескенеді, оларға өздері жеңіліп, алтынды санап береді дегіміз келмейді. Айтайын дегеніміз, Куба келмесе, біздің бас жүлдеге деген үмітіміз одан сайын артады. Дегенмен бізбен бірге кешегі Кеңес Одағы құрамында болған Ресей, Украина, Өзбекстан мен Әзербайжан командаларының да жүлдеге дәмелі екенін айту керек. Сонымен бірге, Үндістан, Моңғолия сияқты әр жарыстан жүлдесіз қайтпайтын елдерді де ұмытпағанымыз жөн. Мәселен, Үндістанның өзі соңғы әлем чемпионатында ешкімнің көмегінсіз, төрешілердің қолдауынсыз қола жүлдені иеленген команда. Қазір бұл елдің боксшылары әр жарыстан жүлделі орынды иеленуге барын салып келеді. Десек те, шын мықтыны шаршы алаңның өзі көрсетеді. Тағы айтатын бір нәрсе, әлем чемпионатына бізден басқа көптеген елдер екі құраммен келіп отыр. Ең көп боксшысы бар ел – Ресей мен Украина. Олардың қатарында 26 боксшы бар. Соның ішінде көбісі кавказдықтар мен түркі тілдес халықтардың өкілдері. Ресейде бокс, күрес, ауыр атлетика сияқты спорт түрлерінде кавказдық немесе түркі тектес халықтардың өкілдері басым екенін білеміз. Осылай кете берсе, болашақта солтүстіктегі көршіміздің атынан мұсылман халықтары жарыста ел намысын қорғайтынына сенім мол. Биылғы чемпионатта Өзбекстан да біраз боксшысын әкеліп отыр. Олардың құрамында 19 бала бар. Біздің құрамада 13 боксшы қолғап түйістіреді. Олардың бәрі өз салмақ дәрежесінде айқасатын өзіміздің қара көздер. Ал ең аз боксшысы бар ел – Сербия құрамасы. Оның сапында шаршы алаңға 70 кг. салмақта Денис Меметович шығады. Ауғанстан, Бангладеш, Босния және Герцеговина, Грузия, Латвия, Черногория, Словакия елдері чемпионатқа екі боксшыдан әкелді.
Біздің құрамада мына боксшылар әлем чемпионатына қатысады. Олжас Қалаубек (46 кг.), Заңғар Темірхан (48 кг.), Әлібек Басапа (50 кг.), Рауан Затула (52 кг.), Бекжан Қибатқалиев (54 кг.), Еркебұлан Ермеков (57 кг.), Аян Қалыбеков (60 кг.), Қайыргелді Дәуітбек (63 кг.), Ақылбек Әділғалиев (66 кг.), Дәулет Байғабатов (70 кг.), Асқар Дүйсәлі (75 кг.), Тілек Қозбақов (80 кг.), Төлеген Дидар (80 килодан жоғары).
Дастан КЕНЖАЛИН.