• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2011

Сахна өнерінің ғажайып мерекесі

402 рет
көрсетілді

Көк Есілге аққудайын қонып, қос қанатын құлаштай жайған ару Астана Елбасының ұлы арманының, жасампаз еңбегінің жемісі. Ол күн­нен күнге құлпырып, ХХІ ғасырдың әсем қалаларының біріне айналуда десек, Прези­денттің арнайы Жарлығымен 2000 жылы осы қалада дүниеге келген Күләш Байсейітова атын­дағы Ұлттық опера және балет театры бүгінде қанаты қатайған іргелі өнер ордасына айналды. Иә, республикамыздағы ең жас музыкалық театр небәрі 10 жыл ішінде еліміздің маңдай­алды өнер ұжымының бірегейіне айналғанын үлкен мақтаныш сезіммен айтуымызға болады. Ұлттық театр өз жұмысының көркемдік-кәсі­билік дең­гейін бұл саладағы әлемнің өркениетті деген елдері театрларының терезесімен тең етті, халық­аралық бәсекелестік ортада қашанда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – феноменді құбы­лыс Мемлекет басшысының өнерге деген шынайы қамқорлығының арқасында жүзеге асуда. Міне, дені жастардан тұратын осы театр ұжымы Алматыда болып, ондағы жұртшылық назарына бес сахналық қойылымды ұсынды. Атап айтқанда, Алмас Серкебаевтың «Астана» мюзиклі, Әділ Бестібаевтің «Бәйтерек», Левенсхольдтің «Сильфида», Л.Минкустің «Баядерка» балеттері, Дж.Пуччинидің «Богема» және «Манон Леско» опералары. Бұл К.Байсейітова атындағы опера театры тарихында Алматы қаласына барған үшінші гастрольдік сапары. Бір айта кететін жайт, барлық қойылымдар толық аншлагпен өтіп, театр әншілерінің, биші­лерінің, оркестр және хор әртістерінің өнері Алма­ты көрермендерінің биік талғамынан шыққанына куә болдық. Ұлттық опера театрының барлық шығармашылық-техникалық топтары мен қызмет­кер­лері домбыраның қос шегіндей үндестікте қызмет жасап, көрерменнің зор ықыласына ие болды. Бұдан театр ұжымында шығармашылық-кәсібилік талаптардың биік деңгейде екені танылды. Құрамында 400-ден аса адамы бар опера театрының Алматыға баруына жағдай жасап, он­дағы жұртшылыққа отандық және озық клас­сикалық туындыларды көрсету – мол көлемдегі қаржыны талап ететін шаруа. Бұл тұрғыда биік өнерді дамытуға бар көмегін беріп келе жатқан Мәдениет министрлігінің нәтижелі жұмысын ерекше атағанымыз жөн. Әсіресе, осы министрліктің соңғы жылдары арнайы қаржы бөліп, музыка және драматургия салалары бойынша «Тәуелсіздік тол­ғауы» республикалық конкурсын өткізіп келе жа­туы өнерге деген шынайы қамқорлықтың белгісі. Министрліктің осындай келелі істерінің арқа­сында көптеген талантты туындылар дүниеге келді. Қуаныштысы сол, жеңімпаз атанған туындылар республиканың жетекші театрлары мен концерттік ұйымдарының сахнасында қойылды. Бұған отан­дық композиторлар Алмас Серкебаевтың «Астана» мюзиклі, Әділ Бестібаевтің «Бәйтерек» балеті айғақ. Аталған туындылар талғамы биік Алматы көрермендерінің көңілінен шыққаны осының дә­лелі деп білеміз. Бұл туындыларды әлемнің ең беделді сахналарынан ұялмай көрсетуге болады. Кілең талантты жас өнерпаздарды биік шы­ғармашылық мақсатқа жұмылдырып, бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр директоры Төлеубек Әлпиев бастаған ұйымдастырушылық-шығармашылық топтың жемісті еңбегін де айта кеткеніміз жөн. Ақордалы Астананың белді де белгілі музы­калық мәдени ошақтарының бірі К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына ар­нал­ған гастрольдік сапары Елбасының «Мә­дениеті өскен ел-өркениетке көшкен ел» деген қанатты сөзінің айқын көрінісі. Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.