Кеше Астанада «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында партияның Әскери-спорт клубтары федерациясы мен Қазақстанның жауынгерлік өнер республикалық одағы бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Терроризм: қарсы тұру мәселелері» тақырыбы бойынша халықаралық тәжірибелік конференция өткізді.
Күрделі мәселені өзек еткен конференция жұмысына 300-ден астам адам қатысты. Олардың арасында Ресей, Украина, Израиль, Ауғанстан елдерінің ғалымдары мен дипломатиялық корпус өкілдері, жетекші халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және діни ұйымдардың, бизнес қауымдастықтың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары бар. Шараның басы-қасында жүрген азаматтардың айтуынша, бүгінгідей жаһандану кезеңінде ең алдымен, терроризмге қарсы тұрудың идеологиялық жүйесін құру қажет. Ал ол үшін мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының жұмысын үйлестіру, кез келген елдің географиялық орналасу жағдайына қарамастан, ұлттық қауіпсіздігін сақтау айрықша маңызға ие.
Келелі жиын барысында алғашқы болып сөз алған «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы осы ойды сабақтай келе, осындай конференциялардың қоғамдағы көлеңкелі құбылыстың алдын алу мен қарсы тұрудағы рөліне, шиеленісті жағдайларды шешудегі маңыздылығына тоқталып өтті. «Бұл конференция терроризмге қарсы тұрудың тиімді тетіктерін жасау мен осы саладағы халықаралық байланысты күшейтуге мүдделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы және басқа да мемлекетаралық органдардың шешімдерін іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады. Осы орайда, ауғандық, ресейлік, израильдік және қырғыз сарапшыларына, сондай-ақ жиын жұмысына қатысып отырған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді Қ.Сатыбалды. «Соңғы жылдары ислам және батыс қоғамы арасында түсініспеушілік пен шиеленіс одан әрі күшейіп келеді. 10 жылдың бедерінде терроризмнің кейпі түбегейлі өзгерді, яғни, ол жаһандық өзгеріске ұшырады, террористік қауіп-қатерлердің деңгейі анағұрлым өсті. Сол арқылы ол халықаралық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін басты факторға айналды».
Қайрат Сатыбалдыұлының айтуынша, терроризмнің қауіп-қатерімен бүгінде кез келген ел бетпе-бет келіп отырған жайы бар. Ең сорақысы, бұл келеңсіз құбылыстың идеологиясы тұрғындардың діни сауатсыздығына ұласуда. Ақпараттық жүйенің өзі де радикалды ағымдардың күшеюіне ықпал ететін құрал ретінде пайдаланылуда. Бұлардың барлығы азаматтардың, әсіресе, жастардың дүниетанушылық көзқарасына кері әсерін тигізуде. Сондықтан терроризмге қарсы тұрудың құқықтық аспектілері жан-жақты жетілдірілуі қажет. Ол үшін терең ғылыми зерттеулер жүргізілуі тиіс.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстанның Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов терроризм мен экстремизмнен туындайтын қауіп-қатерлер уақыт өткен сайын күрделеніп келе жатқанын, әлемнің кез келген елі осы бір жаһандық құбылыспен тікелей бетпе-бет келіп отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол экстремистік іс-қимылдарды насихаттаушы және оларды жүзеге асырушы азаматтар жайында арнайы ақпараттық мәліметтерді шоғырландыратын халықаралық жүйе құру қажет деген ұсынысын жеткізді. «Мұндай жүйе экстремистік идеологияның таралуының алдын алу үшін маңызды болмақ», деді.
Конференцияда белгілі ресейлік ғалым, исламтанушы, қасиетті Құран-Кәрімді аударудағы еңбегі жоғары бағаланған Валерия Порохованың айтқан ой-пайымдары айрықша мазмұнды шықты. «Біз терроризм туралы сөз қозғаған кезде, ең алдымен оның түпкілікті мақсаты жөнінде ойлануымыз керек. Бұл ретте терроризмнің түпкі мақсатын айқындап алып, содан кейін сол мақсатты жасап шығарған, оны тәжірибе жүзінде қолданып жүрген адамдарды анықтауымыз қажет. Яғни, біз бұл кімге тиімді әрі пайдалы екенін білуіміз керек. Біздің негізгі мақсатымыз осы. Ал одан кейін құқықтық, қарулы күштер өзінің жұмысын атқаратын болады», деді В. Порохова. Ғалымның айтуынша, терроршының басты көздегені – өзінің аудиториясын, яғни тыңдаушыларын жинау. Сондықтан қоғам сол аудиторияның болмауы жолында күресуі қажет. «Ал ол үшін не қажет? Ол үшін ағартушылық жұмыстарын жүйелі жүргізгеніміз жөн», деді ғалым.
Ауқымды конференция кезінде, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі В. Киселев, Ресей Федерациясының дипломатиялық қызметкері В. Чамов, Израиль мемлекетінің резервтік қызметінің генералы Е. Сасон, т. б. баяндама жасады. Олар халықаралық сарапшылармен экстремизм мен терроризмге қарсы күресті насихаттау жөнінде стратегия қабылдау, антитеррорлық дайындыққа қатысты арнайы оқу орталықтарын ашу жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.
Конференция жұмысының қорытындысында арнайы қарар қабылданды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.