• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2011

Апта айшықтары

275 рет
көрсетілді

Қызылқоғада көгілдір отын сөнбейді Бұрын Қызылқоға ауданына көгілдір отын жеткізу қиын делінетін. Енді осы ауданды толық газдандыру аяқталуға таялды. Өткен ап­тада Мұқыр ауылдық округіндегі тұрғындар үйінде табиғи газдың алауы тұтанды. Мұнда қазір 301 отбасына газ желілері тартылды. Осы округке қарасты Жантерек, Жамансор, Кенбай елді мекендерінде де 89 отбасы көгілдір отын тұтынуға қол жеткізгеніне қуануда. Бұл күндері округтегі тұрғын үйлерге табиғи газ желілерін тарту жұ­мыстарын «Ынталы», «ТЕК», «АТТІ», «АтлантИка» және «ИП-Ом­а­ров» серіктестіктерінің мамандары жүргізуде. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. Ауыз су мәселесі шешіледі Сарыағаш ауданы, Бірлесу ауылдық округіндегі 28 гвардиялық елді мекеніндегі ұңғымада су бар. Бірақ ауыл тұрғындары электр энергиясына қарыз болғандықтан, су мұнарасына суды жеткізіп бере алмай келді. Жа­қында аудан әкімдігі осы мәселені шешті. Енді Сарыағаш қаласы, Абай мен жақын сегіз ауылда  және 12 елді мекенде ауыз су жүйесінің құры­лысына 1393,8 миллион теңге  қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін әрбір үйге су тартып беру көзделуде. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.   Алтын құрсақ аналарға марапат Өткен жылдан бері көп бала өсіріп, тәрбиелеген аналарға мемлекеттік награда беру туралы заңға өзгертулер енгізілгені белгілі. Содан бергі кезеңде Талдықорғанда 1049 ана Алтын және Күміс алқа иегерлері атанған. Ал жыл басынан бері мұндай марапат 234 көп балалы анаға беріліп, омыраулары жарқырай түсті. Жақында олардың қатары толығып, шаһардағы 54 алтын құрсақ ана «Алтын алқаның» иесі атанып, құшақтары гүл шоғына толды.Тоғыз баласы болғанымен «Алтын алқа» ала алмаған Күләш Аппасова бұл жолы батыр ана атанды. Тоғыз баласы тоғыз шаңы­рақтың иесі, өздері де ұл-қыз өсірген. «Алтын алқа» Үкіметтің құрметі, сыйы. Еңбегі бағаланған аналар шетінен егемен елдің ертеңі нұрлы, аспаны ашық болсын деп тіледі. Сонымен қатар, өмірімізге лайықты өрендер өсіруді басты борыш санай­тын­дықтарын да ортаға салды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.   Егінжайда өткен семинар-кеңес Қордай ауданында өткен «Егінжай - 2011» облыстық семинар-кеңесі шеңберінде ауыл шаруашылығы саласына арналған құны 10 млн. АҚШ доллары тұратын жаңа техникалардың тұсаукесері болды. Алдағы уа­қытта олар шаруа қожалықтарының мақсат-мүддесіне пайдаланылады. Семинар-кеңесте тамшылатып суару жүйесі мен ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған заманауи қондырғылар да жұрт назарына ұсынылды. Минералды және нөлдік технология бойынша су үнемдеу тәжірибесі де қолдау тапты. Мамандар мұны оңтүстікте алғаш рет өндіріске енгізіліп отырған шара деп бағалады. Егінжай басында өткен семинар-кеңеске жеке шаруашылық қожайын­дарымен бірге, облыс әкімі Қ. Бозымбаев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ егін шаруашылығы және өсімдік шаруашы­­­лығы ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары мен мамандары, «ҰБХ Қазагро» АҚ қаржы институттарының облыстағы өкілдіктерінің және басқа да қаржылық институттарының жетекшілері мен мамандары қатысты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.   Ауылдың 130 жылдығы аталып өтті Жаз айларында ауылда той көбейеді. Соның бірі – Меңдіғара ауданында өтті. Аудан орталығы Боровское ауылына 130 жыл толды. Той осындағы «Ана мен бала» аллеясының салтанатты ашылуынан басталды. «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ана мен балаға арналған 20 гүлзар мен аллея­лар!» деген республикалық акцияны қолдаған ауданда сәбиін құ­шақтап тұрған кимешекті әженің мүсіні тұрғызылды. Оның айналасы көгалдандырылды, балалардың ойын алаңы жасалды. Ауылдың тойында ат бәйгесі өткізілді. Михайлов ауылының тұрғыны Болат Құрменбаев баптаған Вевера деген сәйгүлік 15 шақырымнан шашасына шаң жұқтырмай келді. Мерекені «Меңдіғара достарды қарсы алады» деген ретро ән фестивалі аяқтады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.   Қос мерекеге арналған айтыс Жуырда Бесқарағай ауданында ел Тәуелсіздігінің және Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай айтыс ақындарының республикалық сайысы өткізілді. Оған есімдері жырсүйер қауымға кеңінен танымал Ринат Зайтов, Айтақын Бұлғақов, Мақсат Ақанов, Серікзат Дүйсенғазин, Фархат Маратұлы, Әсем Ережеқызы, Нұржан Өмірбаев сынды белгілі айтыскер ақындар қатысты. Кәсіби жоғары дәрежеде өткен айтысқа осы өңірдің тумасы, Алма­ты­дағы «Менау әже» қорының бас директоры Мақсұт Омарханов демеушілік жасады. Ұйымдастыру шараларынан аудандық әкімшілік те сырт қалған жоқ. Қос мерекеге арналған мазмұнды айтыстың бас жүлдесін алматылық Фархат Маратұлы иеленді. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы.   Үздік тауарлар көрмесі Н.Погодин атындағы орыс драма театрында «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік байқау-көрмесі ұйымдастырылды. Ол Тәуелсіз­дік­тің 20 жылдығына арналды. Оған шағын бизнесті дамытуға өз үлес­терін қосып жүрген 40-тан астам жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатысып, «Өн­дірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша бақ сынасты. Көрмені облыс әкімі Серік Біләлов аралап көріп, жергілікті жерлерде өндірілетін азық-түлік өнімдері мен бұйымдарының молдығына назар аударды. Арнайы құрылған комиссияның таңдауына үш аталым бойынша жеңімпаз атанған 9 кәсіпкер ілікті. Енді олар республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады. Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.