• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Шілде, 2011

Әуезов және Аягөз

637 рет
көрсетілді

Бұл мақаланы жазу туралы тұңғыш ой бұдан жиырма шақты жыл бұрын келген еді. 1987 жылы республика жұртшылығы әдеттегідей Мұхтар Әуезовтің 90 жылдығын мерекелеп жатқан кез. Аягөз қаласының байырғы тұрғындарының бірі, жасы сексеннің сеңгіріне жеткен зейнеткер Қаб­долла Митанов дейтін қария бір жүздескен кезде Әуезов 1943 жылы Аягөзде үш күн болған деген болатын. Содан кейін-ақ осы уақытқа дейін ел аузында әртүрлі қисынмен айтылып келген бұл деректі іздеп тауып, екшеп, жұртшылық назарына ұсынса деген үміт сәулесі ізденіске жетелей берді. Ізденісімізді көпшілікке бұрыннан мәлім Мұхаңның сол 1943 жылы туған елін аралап қайтқаннан кейін жазылған «Ақын елінде» атты жолсапар очеркін саралап оқудан бастадық. Ол 1943 жылы 17 қазанда республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бір бетін тұтас алып жатыр екен. Амал не, бұл деректі шығармадан: «Ая­гөзден шығып, аудан орталығы Қарауылға қарай жүргенде» – дегеннен басқа Аягөзге байла­нысты ештеңе таба алмадық. Ендігі үміт жібін жазушының сол кездегі түрлі өнер адамдарына, дос-жарандарына жазған хат­тарынан суыртпақтадық. Бұл әрекет аз да болса ізденіс қоламтасына кезіктірді. Мұхаң туған еліне жүрер алдында өзінің бұрынғы шәкірті, сол кезде майданда жаумен шайқасып жүрген Мәлік Ғаб­дуллинге 1943 жылы 11 маусымда кезекті бір ха­тын жолдаған екен. Ондағы мына жолдар еріксіз назар аудартты. «Абай ауданына жүрейін деп отырмын. Бұл барыста романның екінші кітабына керек пейзаж көріністері, табиғат ерекшеліктері сияқты бояу­ларды жия қайтармын. Бұрын роман жазбай жүр­генде, өз ауданымызды, жалпы біліп жүргеніміз жеткілікті сияқты еді. Арнап, қадағалап суреттеуге кірісем дегенде, қайта қарап сол Жидебайды, Түйеөркештерді қайтадан көріп алу сияқты мақсатым бар». Демек, жоғарыдағы бір очерк пен бір хаттың жазылу мерзімін сараптасақ, М.Әуезовтің Абай еліне сапары сол 1943 жылдың маусым-қазан айла­рының ортасындағы бір айда болғанға саятындай. Егер Мұхаңның сол жылдардағы тұрақты жұмыс орны тек Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты десек (ол кезде академия әлі құрыла қоймаған), онда жазушы сапары кезекті еңбек демалысына орайласа келуі әбден ықтимал. Бұл, әрине, институт студент­тері­нің жаппай жазғы демалысқа шығатын шілде мен тамыз айлары. Ал, бізге тіпті жазушы сапарының айы белгілі болғанның өзінде, оның ішінде Аягөзде өткізген үш күнді анықтау қажеттілігі көлденеңдей берді. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, бүгінде ұлттық кітапхана деп аталатын ғимараттың сирек қорлар бөлімінен әйтеуір керек мақаланы таптық-ау! Мақала Семей облыстық «Екпінді» газетінің 1943 жылғы 23 шілдесіндегі санында жария­ла­нып­ты. Тақырыбы «Қазақстан жазушылары Ая­гөзде» деп аталған. Мақала авторы – Ә.Тол­ғанбаев. Мақалада Қ.Митанов ақсақал айтқан жайдың барлығы дерлік көрініс тапқан. Әсіресе, біздер үшін аса құнды «Үш күн» деген дәл дәйекті деректің қаз-қалпында жазылғанын қайтерсіз. Ол мынадай сөйлеммен өрнектелген. «Осы жылдың 13-15 шілде күндері жазушы драматург Мұхтар Әуезов басқарған Қазақстан Жазушылар одағы ғылыми-экспедициясы Аягөз ауданында болды. Экс­педиция құрамында жазушы С.Бегалин, әдебиет сыншысы Е.Ысмайлов, суретші Б.Урманче, ленинградтық жазушы Полоцкий және Алматыдағы мемлекеттік филармонияның әнші-әріптестері Ж.Елебеков пен И.Матақов бар». Мақалада экспедицияның мұндай арнайы сапарға шығуы, ең алдымен, енді екі жылдан кейін туғанына 100 жыл толатын ұлы ақын Абай тойын республика көлемінде атап өту мерекесіне дайындық шараларын ақын елімен, облыс жұрт­шылығымен ақылдаса отырып белгілеу, ақын-жазушылардың  тылдағы еңбек адамдарымен етене танысу, сондай-ақ, экспедиция жетекшісі, жазушы М.Әуезовтің келешекте әлі де жазыла түспек Абай туралы көп томдық романына дерек іздеу мақсаттары жөнінде де жинақы әңгіме­ленеді. Мақала соңында бұл ақын-жазушылардың аудан орталығындағы кейбір еңбек ұйымдарын аралағаны, аудандық партия комитетінде олар үшін арнайы қабылдау өткізілгені және олардың сол үш күннен кейін Абай ауданына аттанып кеткені баяндалады. Қойшы, сонымен Алматыдан ат басындай алтын арқалағандай болып, сол мақаланың толық көшірмесін алып Аягөзге келдік. Айтпақшы, ұлы жазушының сол сапарынан суыртпақтата сыр шертетін мерзімді баспасөз беттерінде жария­ланған тағы екі мақалаға (екеуі де бір күнде жарияланған) кездесіп, тіпті, айдарланып қайттық. Мұның біріншісі, мығым Мұхаңның өз қолы­мен жазып берген, «Көрген, сезген жайлардан» деген атпен Абай аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газетінің 1943 жылдың 17 тамы­зында жарияланған мақала. Тегі туған елін бір айдан астам армансыз аралап, кері оралу сәтінде жерлестерінің өтініші бойынша жол-жөнекей қағазға түсіре салса да, әр сөзі қысқа да, нұсқа, танымы терең, мәйекті мақала. Енді екіншісі – «Облыс ақын-жазушыларының жиналысы» деп аталатын мақалада («Екпінді», 1943 жыл, 17 тамыз) Әуезов басқарған экспедиция мүшелері қатысқан бір жиынның жұмысынан жанды есеп берілген. Осы жиында қазақ әдебиетінің толағай тұлғасы Әуезов Абай туралы шалқар да салиқалы сөз сөйлесе, белгілі әдебиет сыншысы Есмағамбет Ысмайлов ұлы ақынның алдағы 100 жылдық мерекесін атап өтудің жай-жапсары туралы байсал­ды баяндама жасаған көрінеді. Енді, осы мақаланы іздестіруге себепкер болған ақсақал Қабдолла Митановпен Әуезов туралы үзілген әңгімемізді қайта жалғастырайық. Әуезовтің Аягөзге келгендігін қалай білдіңіз деген алғашқы сұраққа ақсақал былай жауап берді. – Ол кезде мен осы аудандағы мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің жауапты өкілі едім. Бір күні Аягөз аудандық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Мұқсын Әмірғалин мені, Аягөз қалалық атқару комитетінің төрайымы Калмыко­ваны және тағы екі-үш адамды шақырып алып: – Облыс басшыларының хабарлауына қарағанда, жақын күндердің бірінде осы Аягөз ауданы арқылы Қазақстан Жазушылар одағының ғылыми-экспеди­циясы Абай ауданына барады екен. Осыған орай, бізге Алматыдан осы араға дейін пойызбен келетін сол экспедицияны қарсы алып, Абай ауданынан көлік келгенше жатар орын, ішер тамақпен қам­тамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Тіпті, Абай ауданынан көлік келмей қойған жағдайда экспе­дицияны мұнда көп кідіртпей, тиісті жеріне жедел жеткізу қажеттілігін де ескертті. Дәл осы арада қалалық атқару комитетінің төрайымы Калмыковаға болашақ қонақтар үшін қаладағы қонақүйден ең кем дегенде 10 адамға орын дайындауға, ал өзінің орынбасары Төлеш Тәуірбаевқа болашақ жолау­шылар үшін ауданның колхоз-совхоз­дарынан, кәсіпорындарынан ла­йықты көлік іріктеуге тапсырма берілді. Ең соңында Әмірғалиннің маған және аудан­дық ішкі істер бөлімінің бастығына берген нұсқауы әдеттегіден тыс сипатта болды. Ол мұны былайша термеледі: – Экспедиция құрамында ақын-жа­зушы­лардан басқа әртістер, суретшілер, әншілер, күйшілер де бар көрінеді. «Ел құлағы елу» деген. Күні ертең мұны естіген ел ойын-сауық көреміз деп елеңдеуі мүмкін. Осыған орай, жұртқа экспе­диция­ның барар жері де, негізгі жұмысы, атқарар ортасы да Абай ауданы ғана екенін дұрыстап түсіндіру қажет. Әділінде, экспедиция ол жаққа мынадай сұрапыл соғыс кезінде ойын-сауық үшін бара жатқан жоқ. Керісінше, енді екі жылдан кейін республика көлемінде атап өтілетін Абай атамыздың 100 жылдық тойына дайындалу мәселелерінің ауқымды шара­ларын ақын елімен ақылдаса отырып белгілеп қайтпақ екен. Бұған қоса, экс­педиция бастығы, жазушы М.Әуезовтің Абай туралы алда жазылар кітаптарына тың деректерді ел ортасынан жинау шаруасы да бар болса керек. Тағы қай­талап айтамын, экспедицияның уақыты барынша шектеулі. Демек, бізге қойылып отыр­ған міндет те тығыз. Сол экспедицияны ширақы түрде қарсы алып, жинақы шығарып салу. Осы жерде мен ақсақалдың соңғы сөзіне орай: – Уақыты тығыз болса, олар Аягөзде неге үш күн болды? – деген сұрақ қоюыма тура келді. – Бұған алдымен көлік жайы себеп болған секілді, – деп ақсақал әңгімесін ешбір іркіліссіз жалғас­тыра берді. Абай ауданынан екінші күні кеш бата әрқайсысында күнқағары бар қос жегін атты екі жеңіл арба келді. Жегін аттары бір күн толық дем алдырылды. – Сол үш күнде қонақтар қайда жатты? – деп мен тағы да жедел сұрақ бердім. – Әрине, қонақүйде жатты. Қаламызда осы мақ­сатқа арналып соғыстан бұрын салынған сол үй әлі аман-сау тұр емес пе. Ол қазіргі орталық монша қасындағы бір қабатты еңселі ғимарат елуінші жылдардың аяғына дейін қонақүй болып келді. Міне, осында Мұхаңдар үш күн түнеді, – деп ақсақал әр сөзін нықтап айтты. – Осы үш күнде Мұхаңның тындырған ісінен хабарыңыз бар ма? Өзіңіз жазушымен тілдесе алдыңыз ба? Әйтпесе, бұл ортада Әуезовпен кімдер байланыса алды? – деген сұрағымызға Қабдолла ақ­са­қал біршама ойланып барып жауап қатты. – Алдымен Әуезовпен тілдестім деп айта алмаймын. Біз кім? Әуезов кім? Ал онымен сол үш күнде жиі жолығысқан екі жауапты қызметкер болды. Мұның бірі жоғарыдағы Тәуірбаев, екіншісі, сол кездегі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болған Жүніс Қансейітов деген жігіт. Соңғысы Мұхаңа бұрыннан таныс секілді, себебі, ол жазушыны үйіне қонақ еткені бар. Кейіннен бұл адам Абай елінде бірнеше жыл аупарткомның бірінші хатшысы қызметін де атқарды. Міне, осы екі адамның көмегімен жазушылар осы қаладағы кейбір өнеркәсіп орындарына барып, біраз еңбек адамдарымен де әңгімелесті. Аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінде қабылдау да ұйымдастырылды. Бұл шараға мен де қатысып, Әуезовтің сонда сөйлеген сөзін тыңдадым. Бұл менің ұлы жазушыны тұңғыш көруім еді. Жазушы бұл қабылдауда қағазсыз сөйледі. Маңдайы кере қарыс келген, бірақ, қос самай шашы бұйралана бұрқырап тұрған мол денелі адам алғашында біраз кібіртіктеп алып, содан кейін ағыл-тегіл сөйлеп кете барды. Осы арада залдан: – Ағай, бұл сапарыңызда да ойлаған тақы­рыптарыңыз, мақсаттарыңыз бар шығар. Не жазбақ ойдасыз? – деді бір тосын дауыс иесі. – Пәлі, мақсатсыз адам бола ма? Бірақ, қам­шының сабындай қысқа тіршілікте қай мақсатты кезінде орындап бітерсің. Абай айтқандай: «Мақсат алыс – өмір шақ». Дегенмен, өз басым әуел бастан бір ғана түпкілікті мақсатқа – Абайдың ақындық өмірін зерттеуге арналған. Түпкілікті мақсат, әрине, оңайшылықпен орын­дала қоймайды. Ол кезеңдік сатымен орында­лады. Мен қазір 46 жастамын. Осы жастың тең жартысын Абай өмірі мен ақындығын зерттеумен айналысып келемін. Бітіргенімнен бітірмегенім әлдеқайда көп. Мысалы, ағылшынның Байронын немесе немістің Гете ақындарын бүкіл дүние жүзі халықтары білгендей дәрежеге жеткізу үшін әлі мен сияқты Абайды зерттейтін ондаған, тіпті, жүздеген ғалым­дар керек. Таяу жылдардағы мақсатым – ұлы ақын туралы көлемді романдар топтамасын жазу. Бұл орайда, «Абай» деген атпен тұңғыш романым былтыр жа­рық көрді. Қазір екінші кітапты жазу үстіндемін. Жа­сыратын не бар, осы экспедицияны басқара, ақынның 100 жылдығына дайындықты сөз ете жүріп, ел арасынан Абай өмірінен әлі де тың деректер іздестіру ниетіндемін. Егер тіршілік болып, 10-15 жылдың ар жақ, бер жағында Абай туралы 3-4 кітап жазып, ұлы ақын бейнесін туған халқыма табыстап кетсем, түпкілікті мақсатым орындалар еді. Әй, кім білсін, оған тіл жете ме, өмір жете ме? Өзім де білмеймін. Әйтеуір, мызғымас мақсатқа, үзілмес үмітке маталғандай осы экспедицияны туған елге – ақын жеріне бастап апара жатырмын, – деп Мұхаң сөзін аяқтады. Мұхаң туралы мұндай толассыз ой толқыны енді бізді оның шынайы шәкірттерінің бірі, қазақ әде­биетіндегі абайтану, мұхтартану саласында ұзақ жылдар еңселі еңбектерімен көзге түскен профессор Қайым Мұхаметхановпен де (2004 жылы 89 жасында қайтыс болды) әңгімелесудің сәтін түсірді. – Мұхаң сол сапарында Аягөзде үш күн болды, –  деген газет дерегі қолыңда болса, онда әңгімемізді тура содан бастайық, – деп Қ.Мұхаметханов ойын тура соған бұрды. Алдымен айтарым: автор мақа­ласында сол экспедиция мүшесі болсам да менің аты-жөнімді атамаған. Себебі, ол кезде Семейде қызмет атқарғандықтан, экспедиция құрамына мен Абай ауданының Аягөз жерімен шектесетін «Жаңа арна» колхозында қосылдым. Одан әрі Мұхаң­дармен бірге болдым. – Жоғарыдағы экспедицияға да кіруіме Мұхаң­ның ықпалы аз болған жоқ, – деп Қайым ақсақал әңгімесін одан әрі жалғастырып әкетті. Біреулер білер, мүмкін білмес, 1940 жылдың басында республика Үкіметі мен Қазақстан компартиясының Орта­лық комитеті Абайдың туғанына 100 жыл толу мерекесіне дайындалу және оны өткізу туралы көлемді қаулыны бес жыл бұрын қабылдаған бо­латын. Осы қаулыға орай, мерекені өткізудің комиссиясы да құрылған-ды. Сол комиссияның жауапты хатшысы Мұхтар Әуезов болып бекітілген еді. Әділін айту керек, бұл тарихи қаулы ұлы ақын мұрасын насихаттауда көп-көрім шаруа тындырды. 1940 жылы Қазақ елінде тұңғыш рет ақын тойын жер-жерде салтанатпен атап өтудің рәсімі жасалды. Сол жылы Семейде алғаш рет ақынның мұражайы шаңырақ көтерді. Міне, осы мұражайға мен Мұхаңның кеңесімен аға ғылыми-қызметкер болып жұмысқа қабылдандым. Амал не, тосын басталған соғыс талай шаруаның шырайын бұзып, ел еңсесін езіп кеткен жоқ па. Әйтеуір, майдандағы шайқас біздің ел әскерлерінің пайдасына шешіле бастаған 1943 жылдың ортасында республика ұлы ақын тойына дайындықты қайта қолға алудың шалымды шараларын ойластырды. Соның бірі – ақын еліне шыққан сол ғылыми экспедиция еді. Бұл жерде Мұхаңның маған көрсеткен тағы бір сенімін айтпасқа шарам қалмай тұр. Жоғарыда баяндағанымдай, Мұхаң Абай мерекесін өткізу жөніндегі Үкімет комиссиясынан 1941 жылдың басында өз өтініші бойынша босанды да, бұл орынға мені ұсынғанын қайтерсіз. Хатшылық­тан бой тартуын сол өтінішінде баяндағандай, Абай туралы романдар циклін жазудың себебіне әкеп тіреген-ді. Шынында солай болды ғой. Басқа әдеби-ғылыми-зерттеу еңбектерін, драматургиядағы дәмді дүниелерін сөз етпегеннің өзінде, 1943-1954 жылдары Абай туралы басты еңбегі – төрт томдық «Абай жолы» эпопеясын дүниеге келтірді ғой. Мұхаң сапарының неліктен Аягөз жақтан басталғанын өзі былайша сабақтайтын. Абайдың жас кезінде болыс болып: «Жасымда албырт өстім ойдан жырақ», деп өкініште болатын Қоңыр Көкше болысы – Құндызды Шет өңірі – басы төсекте,  малы жайлауда қосылатын арқалы Аягөз елімен шектеседі. Сонау баяғы заманды әңгіме етпегеннің өзінде, мұнда Абай өмір кешкен дәуірдің алды-артында талай суырыпсалма ақындар, жаужүрек батырлар дүниеден өткен. Басқасын айтпағанда, ХІХ ғасыр­дың Құнан­байымен келіскен де, керіскен де, әрі сұлтан, әрі батыр Барақ, жырау Ақтамберді, Абайдың ақын ұстазы Дулат, жеті аталарынан ақындықтың өнері үзілмеген Түбек бастаған 17 ақын, кешегі Абай алдын көрген ақын Әріп осы өңірден ұшқан түлектер. Әуезов Аягөзде үш күн болғанда осы елдің осындай тұлғалы түлектері туралы деректерін көне сөздің көбесін сөгетін қарияларынан жинап алуға мүмкіндік тауып үлгерген. Олармен әңгі­мелескен. Мұхаңның бұл жақтан тапқан  олжа­ларының енді бірі – Сергиополь ауылында тұратын Абайдың немересі, Ақылбайдың баласы Исраил мен кезінде Абайдың досы, кейіннен қасына айналып кеткен Жиреншенің шөбересі Қақабай Жиреншиндер еді. Айтты-айтпады, бұл деректердің бірталайы Мұхаңның ұлы Абай туралы жазған кітаптарының әр жерінде келісті, қисынды көрініс тапқан. Мұхаң Аягөзден шығып, Құндызды, Шет бойында бол­ғанда Қос өзені жағасында жерленген Ақтам­берді зиратын, әкелі-бабалы, ақындар Ақтайлақ-Са­быр­бай-Қуандық мекен еткен Сарыөзектей кең қо­нысты аралап көріп, жазғандарын одан әрі тағы сара­лаған. Ұлы ақынның етіне қамшы тиетін Көшбике бұлағынан Мұхаң су ішіп, ол жердің кө­рінісін қағаз бетіне түсірді. Сөйтіп, ұлы Мұхаң Аягөз жерінде, Абай елінде дәл осындай мақ­саткерлікпен қыруар деректер түзілісін тауып, олжалы қайтты. М.Әуезовке ширек ғасыр шынайы шәкірт бол­ған Қайым ақсақалдың мұндай қанықты, қалыпты әңгімесіне де риза болдық. Тек әңгіме соңында, Қайым Мұхаметхановтан Мұхаңдардың Аягөзде болғандығы туралы мақала жазған адамды білесіз бе деп те баспалап сұраған едік. Оған жауап өте қысқа болды. – Менің болжауым бойынша, бұл автор М.Әуезовтің тамаша досы, тіпті, ағасындай болып кеткен Балтақай Толғанбаевтың туған інісі Әнуар Толғанбаев. Мұхаң еліне барған сайын алдымен осы кісінің үйіне атбасын тіреп, ел-жұртты аралауды осы үйден бастайтын. Ал Балтақайдың үлкен әкесі – Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы кейіп­керінің бірі – әйгілі Жұман қарт. Балтақай бірнеше ағайынды болған. Мақаланың Аягөз туралы болғанына қарағанда, автор аягөздік те болуы мүмкін. Қазақта аттас фамилиялар көп қой, алайда, менің пайымдауымша, автор Балтақай Толғанбаевтың туған інісі Әнуар Толғанбаев болар деймін. Егер ол Аягөзде істесе, онда сол жақтан іздеу керек шығар, – деп жауап берді. Қайымның мақала авторын Аягөз жақтан іздестірген жөн деген сілтемесі бізді тағы да Митанов ақсақалмен кездестірді. Шаруамыздың ендігі ыңғайын түсін­ген ол бірталай ойлана отырып: – Ендеше, ол қос шатырлы қатынның күйеуі болған Толғанбаев қой, – деп тың әңгіме бастап кетті. Кезінде қала сыртындағы ана Сергиополь ауылында колхоздардың тракторлары мен ком­байндарын жөндейтін МТС дейтін кәсіпорын бол­ған. Сонда МТС директорының саяси істері жө­ніндегі орынбасары болып Толғанбаев дейтін жігіт істеді. Ол сол Сергиопольдан Аягөз қаласына ре-­зин­­­калы қос дөңгелекті кішкене арбамен келіп-кетіп жүретін. Ұмытпасам, бұл жігіт сол – соғыс жылдарының бірінде Семей об­лы­сындағы Жарма аудандық әскери комиссары болып кетті ғой деймін. Енді бірде Аягөзде өткізілген үлкен бір жиында жиналғандарға, Әуезовтің соғыс жылдарында Аягөзде үш күн болғандығын, ол туралы облыстық «Екпінді» газетінде Ә.Толғанбаев дегеннің мақа­ласы басылғанын, осы автор жайлы деректер іздестіріп жүргенімізді құлаққағыс жасаған едік. Мұны естігенде Аягөз қаласында ұзақ жылдар орта мектеп директоры болған, қазірде зейнеткер Құсайын Әткешов деген кісі былай деген еді: – Ұмытпасам, 1943 жылы мен Сергиополь ауылындағы орта мектептің 8 сыныбын бітірген едім. Жазғы каникулге шыққан кезіміз болса керек. Сол кезде алақандай ауылда Алматыдан жазу­шылар, әртістер келіпті деген сөз кеулеп кетті. Мұның анық есімде қалғаны, орта мектептің оқу ісі меңгерушісі болып, бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім Сейтқазиннің менімен бірге бір сыныпта оқитын Оңғар деген баласы, маған келіп: – Жүр, өзенге барайық. Алматыдан келген қонақтарды менің әкем мен МТС-те қызмет істейтін бір бастық шомылдыруға алып кетті. Біз де өзенге түсейік, – деді. Айтқандайын, бір топ бала шулап Аягөз өзеніне бардық. Баспалап жүріп алыс­тан келген қонақтардың шомылып жатқанын біраз тамашаладық. Бірақ, олардың кім екенін бізге айтқан ешкім болмады. Жақын баруға жүрексіндік. Енді осы үш зейнеткердің айтқандарын қоры­тын­дылау мақсатымен облыстық мұрағаттың Аягөз филиалында сақталуда жатқан Сергиополь МТС-інің азын-аулақ құжаттарына үңілдік. Бақы­тымызға орай, осы кәсіпорынның 1942 жылғы жұмысшылары мен қызметкерлері жеке құрамы туралы бұйрықтардың бірінде: «Толғанбаев – МТС директорының саяси істер жөніндегі орынбасары», деп жазылыпты. Аты-жөні анық көрсетілген. Басқалай дерек табылмаса да, мақала авторының иесі осы адам екендігіне көзіміз жеткендей болды. Қайым мен Митанов ақсақалдардың айтқан жорамалдары дұрыс-ау деп бағамдадық. Сөйтіп, он жыл бойы толғандырған шаруа­мыздың соңына ақырғы нүкте қоюдың да кезегі жеткен сияқты. Бұл мақала соңында мынадай бір ұсынысты да алға тартуды жөн көрдік. Ол, кезінде ұлы жазушымыз Әуезов үш күн аялдап, жұмыс істеген сол бұрынғы қонақүйдің қабырғасына ескерткіш тақта ілсе деген тілек еді. Несі бар, бұл тілек жүзеге асса, бүгінгі ұрпақтың ұлы жазушыға деген сүйіспеншілігі мен құрметінің баянды бір белгісі болып қала берер еді. Ғабит ЗҰЛХАРОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Аягөз қаласы.