• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Ақпараттар астарындағы ақиқат

597 рет
көрсетілді

Оған көз жеткізу мүмкіндігі қандай? Бүгінде не көп ақпарат көп. Техниканың мейілінше дамығандығының арқасында жер шары­ның түк­пір-түкпірінде болған оқиғалар сол сәтін­де-ақ діт­теген жерлеріне жетіп жатады. Әлемде болып жат­қан оқиғалардан хабардар болуға қан­ша тырыс­қа­ның­мен, ақпараттар ағынының мол­дығы сондай, кей­де олардың бәрімен бірдей танысып шығуға да уақытың жетпей қалады. Оның сыр­тын­да осындай үстін-үстіне келіп жатқан хабар-ошарлардың ара­сын­да түсінуге, дәлірек айтқанда, қабылдауға қиын­дау ақпараттар да жетіп артыла­ды. Бұл жерде біз кей-кейде тіпті қай ақпараттың шындыққа сәйке­се­тінін, қай ақпараттың ақиқаттан мүлде алыс жатқа­нын айырып алудың өте қиын екен айтқалы отыр­мыз. Қазақтың жалпақ тіліне салсақ, «жерден жеті қоян тапқандай», жағалай дүрліктіре жүретін ондай жа­ңалықсымақтар әдет­те интернетте жиі жария­ланады. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өмірімізге енді ғана дендеп ене бастаған электронды ақпа­рат құралдары ақпараттар рыногынан өз орнын алу үшін, былайша айтқанда, өз оқырман­дары­ның көңілдерінен шығу үшін небір қитұрқы әре­кеттерге баруды ар көрмейтін болды. Оның өзін кейде демократиямен және сөз бостандығымен байланыс­ты­ратындар да баршылық. Осы орайда олар «арам ішсең – тойғанша іш» деген қағидат­ты да берік ұстанатынға ұқсайды. Әйтеуір талап-талғам, ар-ұят деген мінез-құлықтың қайтсек те оқырмандардың қызығушылығын арттыруымыз керек деген жалғыз ғана мақсат ұстанған ондайлар үшін жат екендігі айдан анық. Қалың жұрт­шылықтың назарын қайткенде де өздеріне аудару үшін олардың кез келген әрекеттен тайынар түр­лері жоқ. Қасақана немесе абайсызда орын ал­ған кейбір әрекеттердің кейде белгілі бір ұлттардың, болмаса дін жолын ұстанған адамдардың намыс­тары­на тиіп кететін кездері де аз емес. Оның өзі түптеп келгенде ұлт араздығының, діни экстре­мизм­нің бас көтеруіне себепкер болып жатады. Оңай «олжа» табуды көздегендердің мұн­дай ұс­та­нымдарына қазіргі қоғамдағы адамдардың ой-пиғылдары да толық сәйкесіп, «іздегенге – сұра­ған» болған сыңайлы. Біздің бұл сөзімізге күн­де­лікті интернетті «қопарып», онда берілетін ала­шұ­бар мәлі­­меттерге көз салып жүрген әр адам­ның қар­сылық білдірместен қосылатынына еш күмән жоқ. «Ақырзаман болатын жаңа күн жария етілді», деп жазады құранды өртеген діндар туралы сү­йінші сұраған сол баяғы интернет. «Оны адам­зат­тың өз өмір сүруін 2011 жылдың 21 мамы­рында тоқтата­ты­нына сенімді америкалық уағызшы Гарольд Кэм­пинг есептеп шығарған». Ал керек бол­са! Абырой болғанда, ауыздарына келгенді айту­ды, ойларына келгенді істеуді әдетке айнал­дыр­ған тағы бір аме­рикалық «көріпкелдің» сан­ды­рағы теріске шықты – 21 мамыр әлдеқашан өтіп кетті, Аллаға шүкір, әзірге адамзат аман-есен өмір сүріп жатыр. Бәрінен бұрын, осындай күпірлік сөзді өзге емес, халыққа тек жақсы сөздер ғана айтуға тиіс уағызшының ауы­зы барып қалай айтатынына таң қаласың. Тіпті сондай бір алапаттың орын алатыны белгілі болған күннің өзінде де дені дұрыс адам халықты сабырға шақырып, басу айтуға тиіс емес пе?! Онымен де қой­май, жаңағы уағызшы «2011 жылдың 21 қаза­нында біздің планетамыз толықтай жойылады» деп қуа­на хабарлайды. Мұндайға біздің қазақ «Іріген ауыз­дан шіріген сөз шығады» деп баға береді де, «Жағыңа жылан жұмыртқаласын!» деп бір-ақ қайырады. Соңғы жылдары адамзатқа табиғаттан төнетін қауіп-қатерлер туралы өте жиі айтылуда. Ғалым­дар оны климаттың жаһандық жылынуымен бай­ланыстырса, енді біреулер оған дәлел ретінде Мая мәдениетінің күнтізбесі мен ежелгі Египет­тің көне жазбаларын көлденең тартады. Олар бойынша адам­зат шежіресінің күнтізбесі 2012 жылдың 21 желтоқсанымен аяқталады-мыс. Осын­дай жәйт­тер­дің соңы халықтар арасында соғыстар туындатады деушілер де бар. «Климаттың жаһандық өзгеруі әлемнің саяси картасын қайтадан өзгеріске салатын соғыстар туғызуға қабілетті, таяу болашақта адам­затты тұщы су, энергия ресурстары, құнарлы жерлер мен қолайлы ахуалы бар аумақтар үшін жер үстін тып-типыл ететін соғыстар күтіп тұруы мүм­кін» деп жазады интернет. Мұндай қорытын­дыны АҚШ қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойын­ша «Ауа райы мәліметі: 2012-2020» атты баяндама әзірлеген футуролог-ғалымдар жасаған көрінеді. Осындай үрейлі қорытынды жасаушы­лар соңғы 15 жылда барлық құрлықтарда бол­ған жер сілкініс­тері­нің 150 жылда орын алған зілзалалар санымен бірдей болғанын бұлтартпас дәйек ретінде келтіреді. Әрине, келтірілген кейбір деректердің шындық екендігіне ешқандай талас жоқ. Мысалға, осыдан екі жыл бұрын Гаитиде 300 мыңға тарта адамның опат болғаны, өткен жылы Германия топан су ас­тын­да қалып, төтен­ше жағдай жариялауға мәж­бүр болғаны, күні кеше ғана Жапонияда орын алған сұм­дық апат әлі де адамдар жадынан шыға қойған жоқ. Ғалым­дар­дың пайымдауынша, алдағы уақыт­тарда жағ­дай бұдан да гөрі әлдеқайда күрделене түспек. Соған орай алдын-ала жасалған болжамдар да бар. Олар қандай болжамдар? Мәселен, Еуропада ал­дағы қыстың өзінде-ақ катаклизмдер бастал­мақ. 2012 жылы сұмдық аяздың салдарынан Скан­динавияның көптеген тұрғындары Еуропа­ның ішкі жағы мен Ресейге қоныс аударатын бола­ды. Ал 2015 жылы осы Еуропада суды, азық-түлікті, энер­гия ресурстарын бөлу мәселесінде дау-жанжалдар тууы мүмкін. Сонымен бірге осындай зә­реңді ұшы­ра­тын ақпараттар арасынан «2018 жылы Ресей Еуро­одаққа өту арқылы еуропалықтарды энергия ре­сурстарымен жабдықтауды жасқарта түседі» деген жылы хабар да кездесіп қалады. Бірақ бар жақ­сылық осымен тәмам­далып, одан әрі баянда­латын жағдайлар тағы да төбе құй­қаңды шымырлатар сарында өрбиді. 2020 жылы Скандинавиядан, Голландиядан, Германиядан оң­түс­тікке таман орна­лас­ан Италия, Испания, Грекия елдеріне қарай жаппай көшу басталмақ. 2022 жылы Рейн өзеніне қатысты Франция мен Германия арасында жанжал туында­мақ. Еуропа туралы бол­жамдар 2025-2027 жыл­да­ры Еуроодақтың ыды­­рау қаупі күшейіп, Оңтүстік Жерорта теңізіне (Солтүс­тік Африка, Израиль, Түр­кия) бет алған көші-қон арта түседі деген сөздермен аяқталады. Ал Азия құрлығына қатысты болжамдар қан­дай дегенге келсек, мұндағы жағдайдың да шал­қып тұрғаны шамалы. 2012 жылы Жапония өмір сүру үшін күресте құрлықтан аумақтар алып қалу мақсатында көршілеріне қарсы агрессияға баруы мүмкін. 2020 жылы Үндістанның, ҚХР-дың, Вьет­намның, Лаостың, Мьянманың және өз­ге де елдер­дің қатысуымен Оңтүсік-Шығыс Азияда әскери операциялар басталмақ. Ал 2030 жылы Жапония мен ҚХР арасындағы қарым-қатынастар шиеленісе түспек. Оған Ресейдің энергия ресурс­та­ры­на қол­жетімділік үшін тартыс түрткі болмақшы. Азия мен Еуропадағы жағдай осылай болған­да, мұхиттың арғы жағындағы Америка құр­лы­ғында нендей өзгерістер болмақ? Енді соған назар аударып көрейік. 2012 жылы Кариб теңізінен АҚШ-қа, Мексикаға және Американың басқа да елдеріне босқындардың ағылуы күшейе түсетін болады. 2016 жылы мұхиттан балық аулау кәсіп­ші­лігіне қатысты АҚШ пен Еуроодақ арасында дау туындауы мүмкін. Ғалымдардың айтуларынша, осы аталған зо­ба­лаңдардың бәріне теңіздердегі ірі ағыс­тар­дың, атап айтқанда, Гольфстримнің өзгеруі себепкер болмақ. Солтүстіктегі мұздардың еруінен Арктикада жинақталып қалған үлкен көлемдегі тұщы сулар оның ағысын өзгертіп жіберетін көрінеді. Соның салдарынан Солтүстік Еуропаның кли­ма­ты қазіргі Якутияның климатындай болып шық­пақ. Осыдан кейін нәзік жаратылысты норвегтер, шведтер, финдер, даттар, тіпті немістерге дейін Жерорта теңізі жағалауына қарай үдере көшпек. Ал Оңтүстік жартышарда керісінше, күн бұ­рын­ғыдан бетер ыси түспек. Ол су тапшы­лығын туын­датып, шөл даланың көбейіп кетуіне, ауыл­шаруашылық үшін жарамды жерлердің күрт кемуіне апарып соқтырады. Жоғарыда аталған баяндама авторларының пікірлерінше, негізінен астық өндірумен айналыс­а­тын әлемдегі бес-алты ауданның халқы неғұрлым қолайлы жағдайларын сақтап қалмақ. Олардың қа­тарында АҚШ, Аргентина, Ресей сияқты ірі мемле­кеттер де бар. Әлемнің саяси картасының өз­геруіне келсек, 2018 жылға қарай Канада, АҚШ және Мексика Солтүстікамерика құрлығын өзіміз айтып кеткен қауіп-қатерлерден қорғау үшін өзара бірігіп, бір мемлекетке айналатын болады. Ақыр соңында Корея біртұтас мемлекет атанып, оның өзі Сеулдің ядролық қаруға ие болуына, ал Пхеньянның жаңа технологияларды дамытуына жағдай жасайды. Болашақта әлем халықтарын не күтіп тұр деген сауалға АҚШ қорғаныс министрлігі ғана емес, сонымен бірге, БҰҰ-ның тапсырысы бо­йын­ша 2007 жылы өзге де бір топ ғалым зерттеулер жүргізген екен. Олардың жасаған болжам­дары да жоғарыда өзіміз айтып кеткен жәйттер­ден онша алыс жатқан жоқ. Иә, бүгінде ақпараттар ағынына толас жоқ. Олар­дың қайсысына сеніп, қайсысына сенбеу керек екенін кейде өзің де түсінбей қаласың. Бұл орайда белгілі бір қаржылы топтардың тапсы­ры­сы бойын­ша немесе сенсация қуа отырып жұмыс істейтін батыстық журналистиканың да елеулі рөл ойнап отырғаны шындық. Олай дейтініміз, дү­ние жүзінде бо­лып жатқан оқиғалар мен құбы­лыстар туралы бас­ты хабар таратушылар да солар. Соңғы жыл­да­ры ресейлік әріп­тестеріміз де батыс­тан көп нәрсені үйреніп үлгерді. Содан да болар кей­де «осы көрші­лері­мізде нендей жаңалықтар бо­лып жатыр екен» деп интернетті аша қойсаң, қарама-қайшы көзқа­рас­­тар мен ұстаным­дарға толы, кейде тіпті мағына­сыздау ақпараттарды көріп, қай­сы­сын қалай қа­был­дарыңды білмей дал бола­сың. Бір қызығы, сол­түстіктегі көршілеріміз де «құры­ды, бітті» деген сияқты дүрліктіргіш сөздер мен «анау үйтіп қойды, мынау бүйтіп қойды» деген алыпқашпа сы­быс­тарға өте әуес. (Бұл жерде, мақса­ты­мыз өз­ге болған­дық­тан, порнофильмдер көрсе­те­тін сайт­тар туралы тіпті әңгіме де қозғап отырған жоқ­пыз). Сірә, ондайлар осындай жолмен өз оқыр­ман­дарымызды көбей­те­міз дейтін болу­лары керек. Рас, өсек-аяң, асыра­сілтеу ақпарат­тар­дың белгілі бір адамдарды қызық­тыруы да мүм­кін. Бірақ олар қандай адамдар? Олар­дың дең­гей­лері, қоғамда алатын орындары қандай? Дегенмен бұл мәселе де дәл қазір ешкімді алаңдатып жатпаған сыңайлы. Сөз жоқ, әртүрлі болжамдар айту әр замандарда да болған. Бірақ олар дәл қазіргілер дабы­ралап жүр­ген­дей, «ақырзаманды» төндіріп қой­майтын. Мәсе­лен, Нострадамус ХХІ ғасыр­дың басы кең ауқымды катаклизмдермен – жанар­тау­лардың атқы­лауымен, зіл­залалармен және топан сулармен ерекшеленеді де­ген­ді айтқан. Сол сияқты 2023 жылы жердің орналасу кіндігінің өзгеруі ғарыштық апат туындатып, жыл мезгілдері қатты өзгеріске ұшы­рай­ды деген сөз­ді де осы адам айтты делініп жүр. Сонымен бірге ол 2000 жыл­дан адамзат дамуында осыған дейін болып көр­ме­ген жаңа саты басталып, жаңа матриархат пайда бо­лады, 2003-2032 жылдар ұлы әйелдер билейтін ке­зеңге айналады дегенді айтады. Демек, Нострадамус кем дегенде 2032 жыл­ға дейін адамзат­тың өмір сү­руін тоқтатпай­ты­нын жоққа шығарып отырған жоқ. Әрине, адамдардың ғасырлар бойы табиғатқа келтіріп жатқан залалының түбінде өзіне қатты соққы болып тиетіні анық. Ол жөнінде ғалымдар да талай-талай ескертулер жасап келеді. Бірақ бүкіл тірліктің бәрі қайткенде де табыс табуға ғана бай­ла­нып тұрған мына заманда әлемдегі бірде-бір мемлекет табиғатқа қамқор болайық деген ниет білдіріп отыр­ған жоқ. Керісінше, дамы­ған алпауыт елдер қор­шаған ортаны ластауға жыл өткен сайын өз үлестерін қоса түсуде. Ресей ғылым академия­сы­ның академигі Н.Моисеев егер техникалық про­грес­т­ің қа­зіргі қарқыны сақталып, 2000 жылдан бас­тап қор­шаған ортаны қорғау жөнінен бүкіл да­мы­ған елдерде өте қатаң шаралар қабылданбаса, ХХІ ғасыр­дың адамзат­тың өмір сүруінің соңғы ға­сыры болуы әбден мүмкін деп жазады өзінің «Қа­зіргі заманғы рационализм» деп аталатын кітабында. Алдын-ала жасалған болжамдарға қатысты ақпараттар осындай болса, бүгінгі күніміз бен өт­кен өміріміз туралы айтылып жатқан сөздер қан­дай? Олардың қайсыларын дұрыс деп қабылдап, қайсыларын назардан тыс қалдыруымыз керек. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, іс жүзіне келгенде оп-оңай шаруа емес. Осы жылдың, яғни 2011-дің мамыр айының соңында Никита Михалков бастаған Ресейдің бір топ белгілі өнер қайраткерлері БАҚ-тарға бақылау жасайтын кеңес құру керек деген идея көтерген болатын. Олар өз ойларын «тарихи қалыптасқан өнегелілік нормаларын» сақтау үшін сондай қадам­ға бару қажет деп түсіндірді. Ал интернет болса, Кремль БАҚ-тарға бақылау жасауды конституцияға қарсы әрекет болып табылады деп атап отыр деген хабар таратты. Айта кету керек, құрамына мәдениет қайраткерлері, білім беру және медицина мекеме­лерінің қызмет­керлері мен дін өкілдері кіруі тиіс деп есептелген кеңес құру жөніндегі хатқа Михалковтан өзге Владимир Хотиненко, Василий Ливанов, Евгений Стеблов, Аристрах Ливанов, Николай Бурляев, Кіші театрдың көркемдік жетекшісі Юрий Соломин, Жазушылар одағының төрағасы Валерий Ганичев сияқты Ресейдің белгілі де құрметті аза­мат­тары қол қойған екен. Осындай ел үшін зор ең­бек сіңірген кісілердің орынды пікірлерімен Кремль санаспай отыр дегенге өз басым сене қоймағаным рас. Оның үстіне олар елді бүлдіру емес, керісінше, өнегелілік, мәдениетті­лік тұрғы­сын­­да елді дамыту, өркендету мақсатын көздеп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпақтың қамын, мем­лекеттің болашағын ойлап отыр. Менің түсі­нуім­ше, бұқаралық ақпарат құрал­дарын тұншық­тырып тастайық деген ниет оларда жоқ. Сөйте тұра, осындай ізгі ниетті қадамды, неге екені белгісіз, ресейлік әріптестеріміз ла­йық­ты түсіністікпен қабыл­дай қойған жоқ. Осы орайда тағы да жоғарыда өзіміз жүгінген РҒА академигі Н.Моисеевтің мына бір сөзі еске оралады. «90-ыншы жылдардан бастап-ақ әрбір бес жүзінші бала нормадан айтарлықтай ауытқу­шы­лықпен тууда және олардың бәрі де тірі қалып өмір сүруде. Өздері ұрпақ әкелетін жасқа жеткенде олар жете дамымаған балалар санын кем дегенде екі есе арттырады, сөйтіп бұл сан ұлғайған үстіне ұлғая бермек» деп жазады ғалым сол баяғы «Қазіргі заманғы рационализм» атты еңбе­гін­де. Жоғарыда өзіміз айтып өткендей, тұрақсыз позиция ұстанып, жалған ақпараттар таратуды жетістік көрушілердің арасында Моисеев айтқан ұрпақ өкілдерінің жоқ екеніне кім сенімді? Жақында интернет Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Муамар Каддафиге іздеу жария­лады деген ақпарат жариялады. Сөйтсе ол жазық­сыз адамдарды қырғынға ұшыратыпты (осын­дай­да баяғыда Хиросима мен Нагасакиде, сәл кейінірек Вьетнамда, күні кеше ғана Югославияда, Ауғанстан мен Иракта бейбіт тұрғындарды қырғынға ұшыратқандарды ешкім іздемей ме деген де ойға қалады екенсің). Сенейін десең, біріншіден, бұл батыстан тараған хабар – міндетті түрде «қоспасы» болады, екіншіден, біздің қолы­мыз­да сол Ливияда тұрып, жұмыс істеп жатқан адамдардың, яғни көздерімен көргендердің өз қолдарымен жазған хаты бар. Ол ашық хатты Ливияда жұмыс істеп жатқан ресейлік, украиналық және белоруссиялық дәрігерлер Ресей президентінің және осы елдің Үкімет басшысының аттарына жолдаған. «Бүгінде, қазір АҚШ пен НАТО-ның егемен ел – Ливияға қарсы ашық сыртқы агрессиясы жүріп жатыр... Қазіргі уақытта АҚШ пен НАТО коа­ли­ция­сы жабайылықпен жүзеге асырып жатқан Ли­вия­ны бомбалау біздің ашу-ызамызды ту­дыруда. Триполи мен аумақтағы өзге де қала­лар­ды бом­ба­лау­дың Ливияның әуе қорғанысы мен әскери-әуе күш­тері нысандарын, тіпті жаяу әскерлерді де бомабалаудан гөрі өзге мақсаттары бар. Бүгін 2011 жылдың 24 наурызында НАТО мен АҚШ авиа­ция­сы Триполидің ядролық зерттеулер орталығы орна­ласқан шет аймақтарын бом­балады. Әуе қорғанысы мен әскери-әуе күш­тері нысандары шабуылдың алғашқы екі күнін­де-ақ жойылған, қалада жұмыс істеп тұрған әсе­ри нысандар қалған жоқ, бірақ бүгін ма­ңа­йын­да халық тығыз қоныстанған тұрғын квар­тал­дары, қасында ірі кардиологиялық орта­лық бар Ливия армиясының казармалары бомбалау ны­са­­н­а­сына айналды. Бейбіт тұрғындар мен дәрі­гер­лер тұр­ғы­лықты қарапайым казармалар құрту ны­санына айналады деп күткен жоқ, сондықтан аудан тұр­ғындары мен ауруханадағы науқастар еш­қай­да көшірілмеген күйі қалды... Зымырандар мен бом­ба­л­ардың тұрғын үйлерге тиюі сал­дары­нан он­да­ған адам қаза тауып, дене жарақаттарын алды». Осы­лай дей келіп хат жазушы азаматтар Ливия­дағы соғысқа өз бағаларын береді. «Біз мұны бұған дейін Югославияда, Ауғанстан мен Иракта болғандай, Ли­вия халқына қарсы АҚШ пен оның одақтас­тары­ның жүргізіп жатқан геноциді деп толық жауапкершілікпен мәлімдейміз. Коалиция әскерлері жүзеге асырып жатқан адамзатқа қарсы қылмыстар қазіргі батыстық лидерлердің әкелері мен аталары және сыбайластары Жапонияның Хи­росима мен Нагасаки, Германияның Дрезден қаласында халықтың қар­сыласуға деген ерік-жігерін езіп тастау үшін бей­біт тұрғындарды қыр­ған қылмыстарымен бірдей» деп атап көрсетеді олар. Одан әрі олар бізге диктатор ретінде бейнеленіп келген Муамар Каддафи билейтін Ливия­дағы жағдайдың жақсы екендігін, халық­тың өте қолайлы жағдайда өмір сүріп жатқанын, елде білім алудың тегін екенін, жастар­дың мемлекет есебінен шет елдерде оқуға мүмкін­дік­тері бар екенін, неке қиған кезде жас ливия­лық­тардың 50 АҚШ доллары көлемінде материалдық көмек алатындығын, мемлекеттік несиелердің па­йыз­сыз және қайтару мерзімі белгіленбестен берілетінін, бензин мен нанның су тегін тұратынын, автомашина алу үшін мемлекеттің дотация беретінін, ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің са­лық­тардан босатылғандығын және елде басқа да артық­шы­лық­тардың бар екендігін егжей-тегжейлі баян­дай­ды. Міне, Ливияда жұмыс істей жүріп болып жатқан оқиғаларды көздерімен көрген адамдардың айтулары осындай. Бір ескерте кететін жәйт, бұлардың бірде-бірі жергілікті ливиялық тұрғындар емес, демек, Каддафидің сөзін сөйлеп отыр деп олар­дың айтқандарын теріске шығарудың еш қисы­ны жоқ. Ал енді батыс­тық бұқаралық ақпарат құ­рал­дарына, мәселен, «Еуроньюс» агенттігінің ха­бар­ларына құлақ түр­сең «Каддафи бейбіт тұр­ғын­дарды қырып жа­тыр», «Ливиядағы жағдай ауыр», «Коалициялық күштер елде демократия орнату үшін күш салуда» деген сияқты сөздерді естисің. Сонда осы ақпараттардың қайсысына сеніп, қайсысына сенбеуіміз керек. Бәлкім осындай себептен болар, көзі ашық, көкірегі ояу деген көптеген азаматтар бүгінде БАҚ-тардың айтқандарына сене беруге болмайды дегенді ашықтан-ашық мәлімдеп жүр. Мұндай сөздерді есту біздердің – журналисте­р­дің көңілдерін жұбата қоймайды. Бірақ бұл да бар болғаны кешегі кеңестік дағ­дылардан арыла алмай жүрген біздерге ғана тән көзқарас. Ал Батыста журналист онша құр­мет­ті мамандық болып санала қоймайды. Өйткені олар кейде ұйықтап жатқан ерлі-зайыптылардың «көр­пе­сін» ашып қарауға дейін барады. Осыдан аз ғана жылдар бұрын Американың бұрынғы президенті Б.Клинтон мен М.Левинскиге қатысты шу көтеріл­генде дәл солай болды. Мұндай біздер үшін әбестеу көрінетін әрекеттерге батыстық жур­налистер ақша үшін барады. Ал жақсы жал­ақы алу үшін қожа­йын­дарына жағынулары керек. Қо­жайындарына жа­ғыну үшін елді елең еткізетін сен­сация қажет. Сенсация іздеген адамға «ұят-абы­рой» дегендерің жолдас бола алмайды. Адал жол­мен ақша табу деген тек сөз жүзінде ғана болмаса, іс жүзінде жүзеге аспайтын міндет. Сондықтан да ол елдерде журналистерге көр­ген-білгендерін көпке таратып қоятын, ауыз­дарына сөз тұрмайтын өсекші ретінде қа­рай­ды. Осындай себептерге байланысты Батыста жур­налистерге деген көзқарас та биік дәрежеде емес. Бәлкім Батыста жұрттың біздегі сияқты газет-журналдарды үйлеріне жаздырып алмайтынды­ғы­ның, керек адамдардың (саясатпен айналы­са­тындардың) дүңгіршектерден сатып алатынды­ғы­ның бір себебі де осында, яғни адамдардың бәрі­нің бірдей БАҚ-тардың жазғандарына сене бермейтіндігінде жатса керек. Ол аз десеңіз, «сұрқай пресса», «бульварлық пресса» деген сөздер де дәл осы ба­тыстық баспасөзге қатысты өмірге келген ұғымдар. Сөзіміз жалаң шықпауы үшін бір мысал келтіре кеткен де орынды. Жақында «Ислам шведтердің жүрек­терін жаулап алуда» деген хабар оқыдым. Сонда швед Уленің (қазіргі аты Умар Абдулла) АҚШ-та орын алған 11 қыр­күйек­тегі қайғылы оқи­ға­дан кейін исламға деген қызы­ғушылығының ту­ғаны баян­да­лады. «Өзім әуелде атеист бола­тын­мын, деп түсін­ді­ре­ді ол өз басы­нан өткен жа­ғ­дай­ды, 11 қыркүйектегі террорлық акті­ні естіген кезде мұндай қатыгездік маған қат­ты әсер етті. БАҚ-тар болса алма-кезек бұл Құран­нан күш-қуат алған мұ­сылман­дардың қолы­мен жасалған іс деп қайталап жатты. Осынша озбыр­лыққа үндейтін ол не қылған кітап деген мәселе менің қызығушылығымды ту­дыр­ды. Мен кітап­ха­наға бардым да Құранды ал­дым, ол мен үшін тыйым салынған кітаппен тең­дес болды. Бірінші аяттан бастап-ақ БАҚ-тар­дың мені алдағанын түсіндім. Озбырлыққа үндеудің ор­нына мен махаббат, бейбітшілік пен мейірімділік жолдау­ларын кездестірдім. Құрандағы «Қайы­рым­ды да Ме­йірімді Алланың атымен бастай­мыз» деген ал­ғаш­қы жолдардың өзі-ақ бәрін айтып тұрған бола­тын. Қайырымды да Мейірімді Жаратушы құқы жоқ адамға кісі өлтіруге бұй­рық бере ала ма? Мен ақиқатты ашқаныма қуан­сам, сонымен бірге мені осынша жыл алдап келгеніне ашуландым». Сая­сат­тың қитұрқы іс-әрекет­тері­нен алыс тұрған қара­па­йым швед аза­маты осы­лай дейді. Осы айтыл­ған­дар­дан-ақ бір­қатар батыс­тық бұқаралық ақпарат құрал­дары­­ның қандай жол ұстанатынын айқын аңғаруға болады. Батыстық әріптестеріміз бізге кезінде Амери­каның Гуантанамо түрмесіндегі жағдай туралы да шындықты айтқысы келген жоқ. Оған апарып қойша тоғытылып қамалғандар шетінен террор­шы­лар деген бір ғана тұжырым жасалды. Сөйтсек, жағдай дәл олар айтқандай емес көрінеді. АҚШ-тың Куба аралындағы әскери база­сын­дағы Гуантанамо түрмесінің «ислам террор­шы­лары жағында әскери іс-қимылдарға қатысты» деген айыппен Ауғанстаннан алғашқы 20 адам жеткізілген 2002 жылы пайда болғаны белгілі. 2002 жыл мен 2006 жылдың арасында амери­ка­лық әскерлер Ауғанстан мен Ирак аумағында жүргізген соғыс операциялары барысында қолға түскен 750 шетелдік осы түрмеде болып шыққан екен. Бір қызығы, 2006 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша, түр­меде 490 тұтқын болса, солардың тек онына ғана ресми түрде айып та­ғыл­ған. Сонда айып та­ғыл­маған адамды түрмеде ұстауға болмайды деген қағида қайда қалады? Мұнда негізінен Арабия, Ауғанстан және Йемен елдерінің азаматтары отыр. Сонымен бірге Гуантанамо ұйғыр сепаратистерінің де жазаларын өтейтін орны болып табылатын көрі­не­ді. Осын­дай жәйттерді ескере келгенде Гуан­тан­а­моны «мұ­сылмандар түрмесі» деп атауға да толық негіз бар тәрізді. 2009 жылы АҚШ президенті лауа­зы­мына кіріскен бетте Барак Обама Гуантанамо түрмесін тарату туралы бұйрыққа қол қойған бола­тын. Осылайша лагерь жыл ішінде жабылуға тиіс еді. Бірақ президент шешімі жүзеге асқан жоқ, түр­ме әлі күнге дейін өзінің абыройсыз міндетін атқа­рып келеді. Ал 2010 жылдың 8 жел­тоқ­санында Кон­грестің өкілдер палатасы түрмені жабуға қарсы шықты. Сөйтіп демократияны жақ­тайтын елдің зия­лы қауымы адамдарды бас бос­тан­дықтарынан айы­рып, құқықтарын бұрмалай отырып, бір арал­дағы түрмеде ұстап тұруды өте орынды, яғни демократиямен үйлесетін іс деп таныды. Осы түрмедегі адамдарды азаптау түр­лері туралы кезінде әлемдік ақпарат құрал­дары­ның жарыса хабарлағаны белгілі. Осыдан кейін мықты болсаң «демократия», «адам құқықтары» деген сөздердің түпкі мағы­на­сын түсініп көр. Иә, ақпарат көп, бірақ олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін бір Алла ғана біледі. Кешегі кеңестік заманда Вьетнамдағы соғыс туралы көп ай­тылды, көп жазылды. Бірақ ол уақыттарда да Кеңес Одағы мен АҚШ арасында­ғы «қырғи-қабақ соғыс­тың» салдарынан көп жәйт­терді саясатқа сілтеп, мә­се­ленің анық-қаны­ғына жету қиын болды. Өйт­кені ол кезде АҚШ-тың айтқандарын Кеңес одағы, ал Кеңес одағы­ның айтқандарын АҚШ теріске шыға­рып отыра­тын. Осыдан келіп қарапайым жұрт қай жақтың сөзіне иланарын білмей әбден дал болушы еді. Бүгінде АҚШ, қалды, бүкіл Батысқа қарсы тұратын Кеңес Одағы жоқ. Сондықтан да болар, өткен Вьетнам соғысына қатысты нағыз шын­дық­тар да енді-енді ғана айтыла бастады (бұл да болса «енді бізге кім не істей алады» деген өркөкі­ректіктің нә­ти­жесі болса керек). Осыдан бірер жыл­дай бұрын телеарна арқылы көрсетілген Вьетнам­дағы соғыс туралы деректі фильмді қарай отырып, вьетнамдық бір қарт кісінің қасында аяқ-қолынан айырылып мүсәпір болып жатқан қыз баланы нұс­қап тұрып, «мұхиттың арғы жағынан келіп бізді осын­шалық қырғынға ұшырататындай біз амери­ка­лықтарға не жамандық істедік» деп жылап отырып сөй­ле­генін естігенім бар. Сөйтсек, Ханойдың баға­лауы бойын­ша, 21 жылға созылған әскери іс-қи­мыл­дар бары­сын­да 4 миллион вьетнамдық бейбіт тұрғын қаза болған екен. Ал 1968 жылы Май-Лэй де­ревня­сында қанды қасап ұйымдастырған амери­ка­лық­тардың 300-ден астам вьетнамдық шаруа­ларды қырғынға ұшыратқаны да кейін белгілі болып отыр. Бұл сияқты шындықтар да кезінде  бұр­маланып келді. Сол сияқты қазіргі кезде әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар туралы нағыз шын­дық та уақыт өте келе ашылып, халық­қа хабар­ла­натын болса керек. Осындай ала-құла ақпараттар күні кеше ғана өзіміз бір Одақтың құрамында болған, кейін келе ТМД, ЕурАзЭҚ және басқа да халықаралық және мемлекетаралық бірлестіктерге бірдей мүше болып келе жатқан елдер туралы да жиі-жиі беріледі. Со­лар­дың дені әдетте Беларусь Республика­сы мен Гру­зияға қатысты болып келеді. Кейде Қазақ­стан­ның да сын тезіне ілініп қалатын кездері жоқ емес. Осындай алыпқашпа хабар таратушы­лар жақсы­лық­тардан гөрі, жаманат хабарларды жеткізуге құ­мар. Мұны да оқырмандар «жүрегін жаулап алуға» бағытталған арзан тәсіл деп баға­лаған жөн сияқты. Айталық, өзім Беларусь елінде жұ­мыс бабымен бірнеше мәрте болдым. Батыс­тық БАҚ-тар шулатып жатқан сорақылық­ты, әлдебі­реу­лердің құқықтарын аяққа басушылықты көр­ген де, естіген де емеспін. Тып-тыныш қана ең­бек етіп жатқан халық. Ал енді Грузияға келсек, бұл елде болудың сәті түсе қойған жоқ. Бірақ сол елде жұмыс жағдайымен, қазіргі заманның тілімен айтқанда, бизнесіне байланысты болып тұра­тын адамдардың айтуларынша, жағдай БАҚ-тар жағалай жазып жатқандағыға қарағанда мүлде керісінше көрінеді. Елде темірдей тәртіп орнаған, жемқорлар мен өзге де қылмыскерлер қа­таң жазаланған, қандай да болмасын мәселені, яғни барған шаруаңды шешу дегенің бұл елде өте жеңіл. Осы орайда өзіміз байқап, аңғарып жүрген мы­на­дай бір шындық бар. Әлемнің қандай да бол­ма­сын бір елінде тәртіп орнай бастаса, неге екені белгісіз, ол «адам құқықтарын қорғаушы­лар» та­ра­пы­нан демократияны тұншықтыр­ған­дық бо­лып та­ны­лады. Осы ретте осыдан біраз жыл бұрын Ресейдің бір телеарнасынан ащы шындықты айта отырып жүр­гізіл­ген бір хабарды тыңдағаным еске түседі. Сон­да тележурналист Ресейді Ельцин басқарған жыл­­дар­да, экономика мейлінше құлдырап, жаға­лай жұмыссыздық жайлап, еңбекақылар мен зей­нет­­ақы­лардың берілмеуі салдарынан әрі тәртіптің беті­мен жіберілуінен қылмыстар өршіп, ұйым­дас­қан топтар қарақшылық шабуылдар ұйымдас­ты­рып, елдің берекесін кетіріп тұрған шақта батыс­тағылар «Ресей жақсы жолды таңдады, демократия дамып келеді» деп артымызға көпшік қоюшы еді, қазір билікке Путин келіп, экономика аздап болса да өрге басып, ең бастысы, елде тәртіп орнай бас­таған кезде сол батыстағылар «Ресей демократияға деген адал­дық принциптерінен айнып кетіп отыр» деп кінәлауға көшті. Осыдан-ақ демократияны көк­сеу­шілердің көкейлерінде не жатқанын айқын аң­ғаруға болады деген еді. Осы әріптесіміздің сөзі қазіргі таңда қалыптасқан шынайы ахуалды жете түсіне білген адамға көп жәйттен хабар береді. Несін айтасың, ақпараттар өте көп. Бірақ олар­дың астарында қандай сырдың бұғып жат­қан­ды­ғын, қайсысының шындық, қайсысының жал­ған екеніне көз жеткізу өте қиынға түсіп тұр. Ең өкі­ніштісі, әлдекімдердің мүддесі үшін ойдан шы­ға­ры­л­ған ақпараттар қарапайым халыққа теріс бағыт-бағдар беріп, оларды дұрыс жолдан адастыру мақсатын көздейді. Ал ол мақсат әзірге белгілі бір дәрежеде орындалып та жатыр. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.