Тоталитарлық режімнен көп жапа шеккен халықтың бірі – поляктар. Тайынша ауданы тұрғындарының үштен бірін құрайтын поляк этносының ата-әжелері 1936 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Батыс Украинадан күшпен қоныс аударылған. Ұшарын жел, қонарын сай ғана білген олар әлем картасының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес одағын көктей өтіп, Қызылжар өңірін тұрақтаған. Кең қолтық, жомарт көңіл қазақтардан пана тапқан. Содан бері ағайын-туыстай біте қайнасып, Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Жуырда осы аудандағы Зеленый Гай ауылының құрылғанына 75 жыл толып, бір шаңырақ астында түтін түтетіп отырған түрлі ұлт өкілдері бірлік, татулық күнін атап өтті. Салтанатты шараға Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковски мен облыс әкімі Серік Біләлов қатысты.
Құрметті мейман ауданның тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысып, жайқала өсіп тұрған егін алқаптарын аралады. Тайынша стансасында салынып жатқан 280 орынды балабақша және 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысында болды.
Зеленый Гай тұрғындарының 70 пайызға жуығы – поляктар. Мұнда негізінен саяси қуғын-сүргін кезінде еріксіз жер аударылған жандардың бірнеше ұрпағы өсіп-өнген. Олардың бірқатарына мақтау қағаздар, алғыс хаттар тапсырылды. Осы елді мекенді бір кездері Сигизмунд Багинский деген азамат көп жылдар бойы абыроймен басқарып, үлкен құрметке бөленген екен. Бір көшеге оның есімі беріліп, мұражай үйі есігін айқара ашты.
Жұртшылық ел Тәуелсіздігі мерекесі құрметіне орай «20 игі іс» шарасы аясында атқарылып жатқан басқа да жан жадыратар шаралардың куәсі болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы.