• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Әке туралы ой

3800 рет
көрсетілді

Әлі есімде. Алпысыншы жылдардың басында әкем қалада болатын. Біз ауылдамыз. Кейін білдім, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») жур­налында қызмет істепті. Мен болсам 6-7 жасар бала­мын. Жатаған үйдің төбесіне шығып алып, әкемнің ауылға келуін зарыға күтіп отыратынмын. Таулар­дың арғы жағында мен білмейтін ғажайып бір өлке бар, сол өлкеден әкем ауылға келетін сияқты көріне­тін... Сағына күтуіме орай әкем де ауылға жиі келіп тұрды. Ол мен үшін бір бақытты сәттер еді. Әкем Қазақ радиосында диктор болып қызмет істеді. Дауысын радиодан есту – ауылдағы біз үшін ерекше бақыт болатын. Ол ауылға келгенде жанында шағын денелі, жүзі сұсты бір мұртты кісі жиі бірге болушы еді. Кейін білдім, бұл қазақтың танымал ақыны Тоқаш Бердияров екен. Өмірінің соңғы кезіне дейін Тоқаш ағамен әкемнің байланысы үзілген жоқ. Ол кісі жас шамасының алшақ­ты­ғына қарамай, әкемнің шын досы еді. Тоқаш ақын соғысқа басынан аяғына шейін қатынас­қан, кезінде теңізші бол­­ған. Ертеңгісін әкем мен Тоқаш ақын үйдің алдында белдеріне дейін жалаңаштап тастап, тастай суық тау суына жуынып жатқан бейнелері әлі көз алдымда. Сонда Тоқаш ағаның жүрек тұсында тушпен салынған мұртты сұс­ты адамның, ал арқасында күн шығып келе жатқан сәтті бейнелейтін суреттерді байқап қалғаным бар. Мұртты адам Сталиннің бейнесі екенін кейін білдім. Тоқаш аға мені қорқыт­пақшы болды ма, әлде қал­жы­ңы ма, иықтарын қи­қаң­датып қозғалтып еді, денесіндегі әлгі адам­ның мұрты жыбыр­ла­ғандай болып кетті. Баламын ғой, оған мәз болдым. Біздің елден жаугершілік заманда батыр баба­ларымыз көп шық­қан екен. Бірақ әдебиет пен өнер саласынан топ жар­ғандар аса көп бол­маған секілді. Әкемнің көзінің тірісінде: «Мына адам менің ұс­тазым, сол мені поэ­зияға баулыды, содан үйрен­дім, соған еліктедім», дегенін өз басым естімеппін. Ке­рісінше, ол: «Не сотвори себя кумира», немесе: «Өз болмы­сыңа жат нәр­сеге еліктеме», – деп отыратын. Ой жіберіп отырсам, әкем сынды халық мойын­даған дара ақынның алғашқы қадамы да, ұлы жол­да­ғы тұңғыш сапары да сол Қарасаз­дағы қазақтың қара үйінен бастау алған екен. Мұн­да мен әкемнің поэ­зиясына арқау болған қазақы тұр­мыс-тірлікті ай­тып отырған жоқ­пын. Менің айтпа­ғым, сол жата­ған үйдің киесі ақын­ға ыстық ұя бол­ға­ны, қанаттан­дыр­ғаны. Сол үйдің ішіндегі бар бай­лық әкем жинаған кітаптар еді. Мен дүниеге келіп, ес білгенде көргенім сол кітаптар бол­ды. Арасында әде­би, көркем дү­ние­лер көп еді. Кейін сол кітаптарды парақтап отырғанда барлығының ішінен қарындашпен белгіленген әкемнің кейбір пікірлерін кездестірдім. Яғни, бұл кітаптар баяғыда, сол Қарасазда әкем сусын­даған білім кәусары екен ғой. Осы­дан шығарып айтпағым, әкемді ұлы ақын жасаған тек қана оның Алла берген тума да­рыны ғана емес, сол дарынды ұш­таған, өз бетінше оқу арқылы жетілдіре түскен ізденгіштігі, зор еңбек­қорлығы, болашақ­та өз сыбағасы барын біліп, өз тағ­ды­рын өзі болжай алғандай болып көрінеді маған. Тірі кезінде, әкемнің жазу үс­те­лінде Абай атамыздың шағын мү­сіні – бюсті тұратын (ол қазір мұра­жайда). Өлең жазуға отырған кезінде сол мүсінге қарап, күбір­леп бір жору жасайтын. «Шалдың қабағы бүгін маған ашық-жарқын, шамасы ең­бе­гім нәтижелі бола­тын шығар», – дейтін. Ал кейде: «Шалдың қабағы бүгін түсіп кетіпті ғой, әй қайдам ша­быт шіркін, шалқымайтын шы­ғар», – деп налыған кейіпте отыратын. Иә, бүкіл жұрт айтпақшы, «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, Абай жаққан бір сәуле сөн­беу үшін», – деп жазған әкем қазақ­тың қара өлеңі деген қасиетті ұғымды өзінше маздатып, жан-жақты да­мы­тып халқының рухани қазынасына айналдырған тәрізді. Әкем жеке тұлғаларды дәріп­теп, көп үздіккен жоқ. Сонда да көзі тірісінде ол дәріптейтін бір тұл­­ға бар бо­латын. Ол кісі туралы айтқанда, әкем­нің көзі бал-бұл жанып, ой теңізін кеш­кендей бола­тын. Ол – біздің Тиын әжеміз еді. Әжесіне деген немерелік махаб­ба­ты бөлекше екенін әкемнің өз аузынан жігіт болып қалған кезімде де талай естідім. Әр қазақтың ауы­лын­да ел сыйлайтын адамгершілігі мол, ерекше сыйлы адамдар болады емес пе. Біздің Тиын әжеміз де бүкіл ауылды ау­зы­на қаратқан сондай қасиетті аналардың бірі екен. Өле-өлгенше әке­міз сол әжесін шешем деп, ар­дақтап өтті. Арина Родионовна ана ретінде Пуш­кинге қандай әсер етсе, біз көрмеген әке сөзі­нен ғана білетін Тиын әжеміз де бола­шақ ақын немересін аялап өсіріп, қанатының қатаюы­на, адалдық жолында аянып қал­мау­ға баулыған екен. ...Келесі бір ойды әкем мен шешем туралы өрбітсем деймін. Мен білетін бір ғана шындық – ар­дақты жандардың бір-біріне деген адалдықтары еді. Әкем – шығармашылықтың және сезімнің ада­мы екені баршаға мәлім. Поэзиясындағы алапат күшке сай мінезі де, сыр-сипаты да сан қилы болатын. Бірде жайдары, бірде мұңлы... Бірде ашу-ыза... Кімге?.. Не үшін?... Оны өзінен басқа ешкім біліп болмайды. Сол мінездерге төтеп берген қайран менің шешем деп ойлаймын кейде. Қазақтың әйелдеріне тән көнбістік сенде де мол болды ғой, анашым! «Тағдырыма тура келген серігім, Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?! Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың, Басқалардың барлығынан жерідім. Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен, Сенен келіп қуат алдым жеңілсем. Сен жер болдың, нөсер болып төгілсем, Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем. Мен түн болсам, сен таң болдың жаңа атқан, Мені қола, сені шойын жаратқан. Мен ашу да, сен ақылсың нәрі аққан, Сен – Адамсың, мен – аждаһа зәр атқан...» Өле-өлгенше әкем бізге: «Шешелеріңді сый­лаң­дар, ренжітпеңдер», деумен кетті. Сыйлайтын қа­сиет­тері мол болғандықтан айтады да. Екеуі де көздері тірісінде бір-бірінен алшақтап, араларын суытпады. Өйткені, жас кездерінде табыстырған махабаттары шынайы болды. Балалық шақтары бол­маған, екеуі де соғыстан кейін бейнетті аз көр­меген ұрпақ өкілдері еді. Екеуі де махаббаттарына адал болды, сол адал күйі дүниеден өтті, жарық­тықтар. Қазіргі жігіт ағасы болған шақта аңғарғаным, ме­нің әкем тек адалдықты ту етіп, ойын ашық ай­тып, қиянатшылдарға қыранша түйіліп, қи­нал­­ған­дарға қолұшын беруді өзінің азаматтық, ақындық парызы санап ғұмыр кешті. Ол мына дүниеде бір Жаратушы Ұлы күштің барына ерекше сенетін... Алматы облысы Еңбек­шіқазақ ауданындағы Сөгеті ауылында тұратын саятшы Мұхамед Исабеков деген бауыры­мыз сол маңайдағы Құрсай аталатын жерден Асы жай­лауына асатын тұстан табиғаттың өзі таудың алып тас­тарынан қашап жасаған, әкемнен аумайтын таби­ғи мүсінді көріпті. Көрген сәтте әлгі табиғат сый­лаған алып тас мүсіннің ақын Мұқағали Мақа­таев­тан аумайтынын ауылдас­тарына, одан соң Алма­ты­дағы қаламгерлерге хабар­лап­ты. Құдайдың құды­ре­тін қараңызшы!? Алып тас мүсін – биікте тұр­ған Мұқағали ақыннан аумайды. Маң­дайы, шашы, бет-әлпеті, бәрі-бәрі тура өзі секілді. Жазу­шылар одағы­нан және телеарна тілшілерімен бірге мен де бардым. Тура 80 жылдық мерейтойы бас­та­латын сәттегі табиғаттың мына тосын сыйына таң­ғал­дым... Таңғалдым да АЛЛАҒА шүкіршілік айттым... «Алла – ақиқат. Аллаға сеніп өтем, Адалдық пен ақиқат серік екен...» Тірлігінде талай қиындықты бастан кешіп, небәрі 45 жасында бақи­лық болған әкеме ЖАРАТҚАН ИЕМ­НІҢ мынадай сый жасағанына қай­ран­мын! Өзі айт­пақшы, ол ірі қыз­мет­те де болмады. Байлықтың да ра­ха­­тын көрді дей алмаймын. Алайда, өз дәуірінің шын­дығын тасқа қаша­ған­дай, ерекше әсерлі, барын­ша маз­мұн­ды етіп, бүгінгі ұрпаққа отты жыр­лары­мен қал­дыр­ды... Рас, әкем өзінің сыршыл әрі шыншыл жыр­ларына елдің көрсетіп жатқан құрметін көре ал­мады. Дегенмен ол түбінде еңбегі­нің осылай баға­лана­тынын сезіп, біліп, анық болжап кеткенін артында қалған өлеңдері мен күнделік жазба­ларынан байқауға болады. Мақатаев поэзиясы дәуір мінберіне әлдеқашан көтерілді десем болар. Бүгінгі және келер ұрпаққа оның берер үлгі-өнегесі мен күш-қуаты, тигізетін әсері ерек­ше екеніне қалың қазақ­тың көзі әлде­қашан жетті деп ойлаймын. Мен төл перзенті ретінде осыған қуанамын! Қазір ақпарат құрал­дарында көптеген күр­делі мәселелер көтеріліп жа­тыр. Олардың ең өзектісі – тіл мәселесі. Менің көкейімде осы тіл мәсе­лесі төңірегінде әкем еш­теңе жаз­баған ба, ол кезде де бұл мәсе­ле қауымды мазалады ғой деген сұрақ жүретін. Құдайдың құдіреті, менің бұл сұрағыма Кең­сайдағы әкемнің зиратына жазылған өз өлеңі жауап берді: «Әрине, суық қайғы,  суық қайғы, Көңілін халқың саған суытпайды. Егер де халық өзін  ұмытпаса, Бақыл бол, халқың сені  ұмытпайды?!.». Өзінің болашақ күндерін болжаған ақынның ұрпа­ғына, еліне арнаған аманат ретіндегі өзек­жарды өлеңі бұл. Осы өлеңнің үшінші жолына назар аударыңызшы; «Егер де халық өзін ұмыт­паса...». Барлық нағыз шындық осы үшінші жолда тұр. Демек, тек діні, тілі, ділі сау халық қана өзін жоғалтпай, ақынын қастерлейтінін меңзеп тұр емес пе?!. Әкем қайтыс болардың алдында, яғни 1976 жылы мен сол кездегі Гурьев қала­сын­­­да /қазіргі Атырау/ заң са­ласының жас қызметкері едім. Шешем Лашынның шұ­ғыл ша­қыртуымен Алма­тыға келдім. Келсем, әкем үйде жоқ екен. Шешем маған оның ауруханада ауыр халде жат­қанын айтты. Төле би көшесі мен Сейфуллин көшелерінің қиылы­сы­­­ның маңында орналасқан ау­ру­хана қала­шы­ғына келдік. Сол күні дәрігерлер әкемнің қатты әлсірегенін айтып, ауруханадан шығарып берді. Ша­ма­сы, оны емдеп жазу мүмкін емес де­ген қоры­тын­дыға келген болулары керек. Сыртқа шық­қаннан кейін әкем біршама уақыт даладағы орын­дықта сырқаты жанына батқан күйі үн-түнсіз отырды. Өңінде күй­зе­ліс бар. Мен сонда әкем­нің қатты жүдеп, еті қашып кеткенін көрдім... Бұ­рынғы батыр тұлғалы, еңгезердей ірі адамнан шөкімдей ғана дене қалыпты. Біз оны таксимен Панфилов пен Шевченко көше­лері­нің қиылы­сын­дағы үйімізге алып келдік. Өмір­ден оза­ры­нан бір күн бұрын ол үйде қатты қина­лыста жатты. Сол түні жанына шипа жасар ма екен деп «жедел жәр­дем» шақырып, өзі жатқан ауру­ханаға қайтадан жеткіздік. Менімен сөй­лесуге шамасы да болмады. Сон­дық­тан мәңгілік сапарға аттанарда әкем маған мынандай сөздер айтып еді дей алмай­мын... Шешем екеуміз ауру­ха­наға қайтадан бардық. Жансақ­тау бөлмесіне бар­ған­да, екі адам жатқанын көрдім. Оң жақтағы кереуетте әкем жатыр... Сол жақта жасы отыз­дар шамасындағы орыс жігіті... Әкемнің хал-жағдайы өте ауыр... Есі кіре­сілі-шығасылы. Шешеме бір сөз­дерді күбірлеп айтқан секілді еді... Сансырап жүріп ол жағына мән бермеппін. Әкемді жансақтау бөлмесінен зембілге салып бас­қа жаққа алып кетті. Сол кезде есіл жүрек мәңгілікке тоқтағанын соңынан білдік! Біраздан соң дәрігерлер бізге әкемнің қайтқа­нын хабарлады. Бұл 1976 жылдың 27 науырызы бо­ла­тын. Шешем екеуміз үйге жылап қайт­тық. Сонда менің есіме түскені Май­гүл жол апа­ты­нан осы Алматыда қайтыс болғанда, шешем мен әкем бірін-бірі демеп, түн­де «7-линия» көше­сіндегі біз тұратын үйге аңырап жылап келген бо­латын. Ол кезде олар жап-жас еді. Сол көрініс менің есімде мәңгі жат­та­лып қалыпты. Сондай қайғылы сәтті енді шешем екеуміз басымыздан кештік. Табиғат-ананың сол күнгі көрсеткен тосын мінезі ақынымен қоштасқан қа­ра­­құрым халықтың көңіл-күйімен ұш­тас сай болып шықты. Сонда Алматыда басталған ұзақ-сонар себелеген ақ жауын әкемді соңғы сапарға аттан­дыр­ған халық көшін Кеңсай зиратына шейін шығарып салды. Құдды табиғаттың өзі қимас ұлын көз жасы сорғалап, соң­ғы сапарға шығарып салғандай көрінді. Бәрі-бәрі есімде, табыт салынған авто­көлікте әкемнің бала күнгі жолд­ас­тары – Мәжит Құрманов, Сыдық Ахметов, Әбдіке Асанов түрегеп тұрды. Әкемнің сөзімен айтқанда бұлар «Әкелері майданда өліп, жесір шешелерінің күлше­лерін дорбаларына салып, Алматыға жылы­лық іздеп келген төрт жетім» еді. Бүгінде төртеуі де марқұм. Олар өз «қолбасшысы» Мұқашын ақырғы са­парға осылай аттандырды. Қазіргі кезде сол көз алдымнан өткен сәттерді ойласам, бейіт басында әкеммен қоштасуға балалық шақтары соғыста өлген қазақ­тың мыңдаған жасөспірімдері келген сияқты көрінеді маған. Оларды әкем ешқашан ұмытқан жоқ, өз өлеңдерінде оған айырықша маңыз берді, сол жетім­дердің үнін халқына жеткізді. Әкемді жерлеп, аза көңілмен қайтып келе жатқан шақта Кеңшілік аға Мырза­беков маған: «Жұлдыз, сен көп жасыма, көзінің тірісінде мынау жалған дүниеге сыймай кеткен әкеңді анау жатқан шаршыдай ғана көр жасырады дегенге мен ешқашан сенбеймін!» – деген басу сөзін айтқан. Оны қалай ғана ұмытарсың. Әкемнің өлеңдерін оқып отырып, оның поэзия­сы­ның болмыс-бітімі, мазмұны, басқалар­дан дара­лы­ғы менмұндалап, анық аңғарылып тұрады. Жал­пы, мұқағалитану ілімі қолға алына бастады. Алайда, ол туралы, оның шығарма­шылығы жайлы бүгінгі және келешек ұрпаққа айтар әңгімелер әлі аз емес. Қазынам бар. Қисапсыз шектеледі. Қызғанады, біреулер жек көреді. Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін! Алам десең, Алдымен зертте мені... – деп айтып кеткеніндей, түбінде: «ал, Мұқа, міне мен де келдім! Ашыңыз қа­зы­наңызды, не бар екен көрейік!»,– деген отты, жас мұ­қағалитанушылардың да туарына мен кәміл сенемін. ...Сол Қарасаздағы жатаған үйдегі әкем жинаған, бір шеті кезінде Алматыға да жеткен кітаптардың көбі орысша болатын. Оған орыс поэзиясының ық­па­лы зор болды. Ал кемеліне келген Мақатаев поэ­зия­сын сол орыс халқына да кеңінен таныту, яғни ақын шығармаларын өзге тілдерге аудару арқылы насихаттау да қазір пісіп, толғағы жеткен мәселе болып отыр. Жұлдыз МАҚАТАЕВ.   Сағындым Музыкасы Жоламан Тұрсынбаевтікі Өлеңі Мұқағали Мақатаевтікі Құмған алған, Суға барған, Құлынымды сағындым. Сырғаланған, Қуған арман Сұлуымды сағындым. Тынып тіптен, Түлік біткен, Жусағанын сағындым. Жиі беттен, Сүйіп өткен, Қыр самалын сағындым. Түйнектермен, Жидек терген, Нуларымды сағындым. Үйректермен, Иректелген Суларымды сағындым.   Безінбейтін, Сезінбейтін Аңғал кезді сағындым. Өзім дейтін, Сезім дейтін Жанған көзді сағындым!