• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Қазақ жырының хантәңірі

1025 рет
көрсетілді

Мұқағали – 80

Алаштың ақиық ақыны

Мұқағали тірі болғанда қазақ поэзиясының абыз ақсақалы болып, алшаң басып халқының ортасында жүрер еді. Иә, дүниеден өткенмен артында сөзі қалды, рухы елімен бірге жасай       береді. Ақын поэзиясы ХХІ ғасырда қайта жаңғыруда. Өлеңдері қазақ халқының сезімін тербеп, жүрегін қозғап, замана құдыретіне, са­ғы­натын, табынатын биік рухымызға айналды. Мұқағали Мақатаев қазақ сөз өнерінің, поэзиясының, қазақ емес-ау, әлем поэзия­сы­ның құдіреттерінің бірі еді. Біз кейде сыпайы­гер­шілік жасап, әдеп сақтаймыз ғой, әйтпесе, ақындық табиғат-болмысы, бітім-тұлғасы жө­ні­нен, мен өзім біліп-таныған бергі ақын­дар­дан Мұқағалиға тең келетінін көргенім жоқ. Бұл айтқаным баз біреуге оғаш та көрінер, бірақ бұл менің өз пікірім. Мінсіз поэзияның нағыз жасаушысы да сол Мұқағали болатын. Сөздері көктен түскендей, құзар шыңдарда ғасырлар қашаған жартастардай, таудан құлап жатқан сарқырамадай болып көрінеді. Таби­ғат­ты өз қолынан жасайтындай, ұлы құдырет, ға­жа­йып суреткер еді. Мұқағали өлеңдерін ылғи өзінен бөтен ешкім шыға алмайтын шыңда тұ­рып жазатындай көрінеді. Ақынның сөзінен  жасандылық таппайсың. Ақын емес, табиғат­тың, Тәңірдің өзі жасағандай – Мұқағали жы­ры – поэзияның сұлуы әрі тереңі, шексіз мұ­хи­ты, соққан желі, қара дауылы, сімірсең мейірің қанбайтын мөлдір бұлақ, тіліңді үйіретін шәр­бат, жан рахаты. Осындай кісімен замандас бол­ғаныңды бақыт санайсың. Бірақ сол құды­рет­тің өз халқының ішінде жүріп «ер-тұрм­а­нының бір бүтінделмей кеткеніне» налисың. Мұқаңды мен де бір кісідей білуші ем десем, құдай алдында күнәһар болар ем. Өкініші, мүмкіндік болып тұрғанның өзінде де бірге жүріп, бірге тұра алмадым, дәмдес те бол­ға­ным жоқ. Өлмейтіндей көруші ем, бір реті келеді ғой деумен жүрдік. Не керек, сәті түспеді. Мұқағали – денелі, арыстан кеуделі, мол пішімді, аққұбаша, шашы сусып төгіліп тұратын, денесіне қарамай жеңіл жүретін, жасына қарамай кішіні баласынбайтын, кішіпейіл, қоңыр әдемі дауысты кісі еді. Өзіне тартқан бір сары баласы болды. Он екінші мектепте оқыды. Аты жадымда жоқ. Сол бала оқу бітіріпті. Бала ата-ананы отқа да, суға да түсірмей ме, бір күні Мұқаң университетке, біздің қазақ әдебиеті кафедрасына келіпті. Мен ол кезде (1971-72 жылдар болу керек) университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып істеймін. Сол жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қабылдау емти­ха­ны­нан комиссия төрағасы едім. Соны естіпті. – Мырзаш, өзің екенсің ғой биыл пән комиссиясының төрағасы, жаман інің онды бітірді, өзің тұрғанда қайда барам, кімге барып битімді салып, қор боламын, қол ұшыңды бер. Оқуға түсудің өзі де бүгінде бәсеке болып тұр ғой, сағымды сындырмайды деп келіп тұрмын, – деді. Баланы білуші ем. Басқа біреулердей Мұ­қаң өтірік мақтаған да жоқ баласын. Біраз ойланып, аңқылдап тұрған жас баладай ақ көңілін қимадым ағаның: – Мұқа, бала ақын болар, болмас, бірақ ақын Мұқағалидың баласы емес пе, түскеннің бәрі тұлпар дейсіз бе, бір мәнісі болар, әбір­жі­меңіз, көрерміз, – дедім. Мұқаң мына сөзіме қанағаттанбады: – Ойбай-ау, мен саған құдайдай сеніп келіп тұрғаным жоқ па, көңілімді тындыршы, түсі­ре­мін деп уәдеңді берші. Жеңгеңе, дос-дұшпанға таба қылма, сенің сөзің кімге өтеді деп қалды әлгі жеңгең. Мырзашым бар, бас­қа­сына өтпесе де, сөзім Мырзашыма өтеді деп ем, – деді. Сөзі сүйегімнен өтіп кетті. Емтихан деген картаның ойыны тәрізді, алмағайып нәрсе ғой. Оның үстіне өз пәнім ғана болса ше, басқа пәндерден де демеуім керек. Аузыма құдай салды ма, әлде көңілін көте­рейін дедім бе: – Мұқа, сонша неге таусылдыңыз, «арық айтып, семіз шық» деп жатқаным ғой. Әйт­пе­се, Абайдың өзі болмаса да, көзіндей, сөзіндей боп Мақатаевтың өзі келіп тұрғанда, бізде не жан бар. Тәуекел, нар тәуекелге сыйындық, жең­гемізді қуантып барыңыз, – дедім. – Осы сөзді айтатыныңды, ағаңның сағын сындырмайтыныңды өзім де білгенмін, айна­лайын, – деп кең құшағына алды. Ешкімге уәде беріп көрмеп ем, тіршілікте кім­нің қадірі бар дейсіз. Аузыма құдай салды ма, әлде ұлы ақынның мысы басты ма, әйтеуір уәдені беріп қалдым. Сол-ақ екен, жазған ағам жанын қоярға жер таппады. Емтихан сайын университетті, аудиторияны жағалап, кейде көптің бірі болып, жанашырлардың ішінде, далада астына газет төсеп отырғанын көресің. Қысқасы, уәде орындалды, бала оқуға түсті, Мұқаң мені үйіне қонаққа шақырды. Сәті түспеді ме, өкінішке қарай, бара алмадым. Бірақ, көзім жеткені – балажан екен, көбелек болып ұшып-қонды жарықтық. Бір күні Жазушылар одағына келдім. Шона Смаханұлы ағамыз «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында істейді, сол кісіге сәлем бере келіп ем. Редакция меңгерушісі – Сағи Жиенбаев. Редакция Жазушылар одағына кіргенде оң қол жақта, түкпірде болатын. Келсем, дәл алдында арыстандай боп Мұқаң тұр. Алыстан байқадым, әркімге өлең оқығысы келеді, кіріп-шығып жүргендердің ешқайсысы тоқтамайды, тыңдағысы келмейді. – Тым болмаса, Мырзаш, сен тыңдашы, мы­наның әлі бояуы да кепкен жоқ, – деп, бет ора­­малды төрт бүктегендей, жұп-жұқа, биттің қа­бығындай кішкентай кітапшадан ағылтып өлеңдерін оқи бастады. Өлеңін ешкім тың­дамағанына, ешкім­нің елемегеніне жаным ашып, жалықпай тыңдадым. Кішкентай ғана кітапшада баз­бір ақын жүз жыл жазса да сый­ғыза алмайтын ой, жыр бар екен. Мен рахаттанып тыңда­дым. Риза болды. Соның ішінде «Көгер­шін­дер» дейтін өлеңі есімде қалыпты, жан-дүниеңді тербейтін сурет секілді. Тұнып тұр­ған сезім: қыс аяғы, көктем кезі. Қалың қар жауған. Дала салқын. Ақын үйде отыр. Тере­зенің алдында дән таппай бүр­сеңдеген көгершіндер. Ақынның үлкен жү­рег­і бүрсең қаққан көгершіндерді аяйды, аял­айды, үйіне шақырады. Сөздері дәл есімде жоқ, кейбір жолдары мынандай сияқты еді: Көгершіндер, Көгерсін жер, Үйге кірші, Әйтпесе, өлерсіңдер, Көгерсін жер, Арғысын көрерсіңдер... Не деген жүрек! Не деген мейірім! 1969 жылы «Көне түрк әдеби ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация бітіріп, авторефератты шығарып, қорғау алдында тол­қып жүрген кезім еді. Ол кезде көне әдебиет жөнінде ресми пікір айту да, түркі әдеби ескерткіштерін өзіміздің төл әдебиетімізге жа­қын­дастыру да қиын, пантюркист деп айыптай салу оңай еді. Жұбайым Мәрия екеуміз орталықтағы почта үйінің төменгі жағындағы аллеямен келе жатыр едік, Мұқаң қарсы жолықты: –          Мырзаш, батырым, жұрттың тісі батпай жүрген тақырыпқа барған екенсің, баянды болсын. Маған бермесең де, біреуден авторе­фератыңды оқыдым, керемет жұмыс бітіріпсің, баянды қылғай, сенің қорғауыңа келіп өлеңмен сөз сөйлеймін, деді. Жұрттың Мұқағалидан анадайдан айналып қашып жүретін кезі еді, тақырыптың өзі де кіршең, кінәмшіл, оның үстіне Мұқағали келіп бүлдіре ме деп: –  Мұқа, әуре болып не қыласыз, әлі қор­ғайтын күн де белгісіз, – деп қашқақтаттым. –  Қорғайтын күнің авторефератта жазыл­ған ғой. –  Өзгертетін түрі бар, сізге хабарлармын, – дей салдым. Қорғамай кетсем де есіл ағаның аңқылдап тұрған көңілін неге қайтардым деп әлі күнге өкінемін. 1976 жылдың күзінің аяғы, ҚазМУ-дің филология факультетінің декандығынан педагогика институтының ректоры болып Талды­қорғанға жүргелі жатырмын. Үйде мединс­титут­тың доценті, қалалық ауруханалардың бірінің бас хирургі Тұрар Көкеев (жиен) қо­нақта болды. Дәмді тамақ, байтақ дастарқан, жақ­сы ықылас-көңілде отырғанда ол Мұқ­а­ғалидың емханада жатқанын және халінің өте ауыр екендігін айтты. Мен жиеніме: – Қолыңнан келгеніңнің бәрін істе, ұлы жү­рекке, Мұқағалидай ұлы ақынның, бауы­ры­мыздың жанына ара­ша­шы бол, оның тіршілігі үшін күресіңдер, – деп өтіндім. Жағдайын жиі-жиі сұрап тұрдым, Тұрар да телефон соғып жатты, бірақ зәредей үміт оты тұтан­бады. Өзі білді ме, білмеді ме, қайдам, оның демі­нің бітіп, күнінің таян­ға­нын, о дүниеге біржолата бет түзегенін біліп отыр­ған біздерге ауыр болды. Тұрар: – Келсең, кіргізейін, – деп еді, Мұқағалидай өмі­­рі өлмейтін, тірілерден де тірі бола беретін ұлы ақынның өліммен ар­палысқан әл-дәрменсіз, шарасыз, үмітсіз халін көруге батылым жетпеді. Сөйтіп, бара алмадым. Тәні қалып, демі біте бастаған жырқұдырет бір­те-бірте суынып, баяу сө­ніп, әлем поэзиясына бір сәтте күн тұтылғандай кө­леңкесін түсіріп, да­ри­ға-ай, көше барды. Мұқаң бір күнде­лі­гін­де: «Ақынның адамды зерттегені – өзін зерттегені» деген екен, сон­дық­­тан болар, ақын өзі тура­лы көп жазды. Адам­дарға айтар өк­песін де, назын да, қай­ғысын да, мұңын да, жиренішін де, махаббатын да өлең­дері­не сыйғызып, жеріне жеткізе жыр­лады. Адам баласындағы бар қасиетті де, пендешілікті де өзінен іздеді. Арты­на өшпейтін өне­ге, тозбайтын, таусылмайтын асыл мұра қалды­рып кеткен ұлы ойшыл «Арыз жазып кетейін» дейтін өлеңінде былайша толғанады: Бүгін менің туған күнім. Ой, пәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.   Мына дүние неге жатыр үндемей?! Алаулатып тойдың шоғын үрлемей. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып, – Мынау – шапан, – Мынау – атың, мін! – демей?!   Мына жұртқа жақпады ма әлде нем?! Бекер өмір сүргемін бе, әлде мен? Халқым, Сенің қасиетіңді білем деп, Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!   Айтамын деп қуанышың, мұңыңды, Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?! Мен бәрібір, өзіңменен бір болам, Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.   ... Тойланбаса тойланбасын, Не етейін, Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін. Қаламымды берші маған, бәйбіше, Болашаққа арыз жазып кетейін... Тіршілігінде ер-тұрманы түгенделмей кеткен ақынның үнін бәрібір керең дүние естімеді. Сондықтан да оның жай таппаған жаны, аласұрған жүрегі от ішінде жанып жүрді. «Дұшпандарым тоқтаусыз шабуылдауда, олар мені құртып жіберуге де дайын. Егер біреу қолына мылтық беріп, ат десе қайсысы болса да қолы қалтырамастан бүкіл адамзатты сүйген, ешкімге зияны тимеген мені сол заматта-ақ атып жіберуге әзір. Бәрі маған жат, жексұрын, жиіркенішті, кімнің дос, кімнің қас екенін ұғудан мен баяғыда-ақ қалғанмын. Жоқ, менің достарым жоқ, мен тек айналамнан сегіз аяқты сұмдарды ғана көрем. Қорғана аламын ба, білмеймін. Мені бұдан тек қана бір керемет құтқара алады. Ал мен кереметке қатты сенемін» - деп жазыпты күнделігінде қайран ақын. Аянышты. Осыншама ақынның жанын жаралағандай, өмірден түңілгендей, құдырет не еді? Қыз­ғаныш еді. Ұлы ақынға айналып бара жатқа­нын сезген  айналасы оны осылай болашаққа да қимап еді. Соған қарамастан, ақын замандастарын, жалпы адам баласын жанындай сүйді. Оған ақынның мына өлеңдері куә: Адам маған ұнайды қылығымен, Толқынымен ұнайды, тұнығымен. Біреулері тоңдырса шылығымен, Біреулері жылытады жылуымен. Адам маған ұнайды қылығымен. немесе: Бар екен ғой, бар екен жақсы Адамдар! Жақсы жоқ деп, айтпаңдар, бәтшағарлар! Ренжісең қайсыбір «патшаларға», Күл шашпа кір шалмаған ақша қарға.   Күйі бөтен демеймін, үйі бөтен, Жақсы адамдар бар екен, сүйіп өтем. Жамандарды іздемен, өзі-ақ табар, Жақсыларды табуың қиын екен... Бүгін бар да ертең жоқ адам туралы, қалай десе де бәрібір қимайтын өзінің замандастары туралы ақын осылай толғайды. Оның өлеңдері ұлы бабасы Абаймен үндеседі. Мұқағалидың махаббаты қандай болды, кімді қалай сүйді, махаббаттың ләззатына мейірі қан­ды ма, рахат сезіміне бөленді ме, ол мәңгі ашыл­­май­тын құпия болуы мүмкін. Бір күн­делі­гінде: «Поэ­зия махаббатпен басталып, парасатпен аяқ­талуы керек» деген екен. Қалай дегенде де ол адамзатқа ортақ ұлы махаббатты, шынайы сезімді жырлады. Махаббаттан парасаттылық іздеді. Мұқағали өлеңдері –  ғашықтардың жүрек лүпілі, айтылмай қалған арманы, асыл сыры, табысқандардың рахат сезімі, қосыла алма­ғандардың мәңгілік арманы, өкініші. Осы сезімдерді ақынның өз басынан кешіп жырла­ғаны анық. Мұқағали өлеңдерінің мәңгі бола­ты­ны, жүректе жатталатыны, бүгін де, ертең де, ылғи да сақтала беретіні сондықтан. Мұқағали – адамды жан-тәнімен сүйген кісі. Сондықтан ол өзін де шексіз сүйді, өз бағасын білді. Өлмейтінін, халқымен бірге мәңгі жасайтынын сезді. Алланың жер бетіне жіберген құдыреттерінің бірі екенін де түсінді ғой деп ойлаймын. Оны төмендегі мына өлең жолдарынан айқын аңғарамыз: Батар күн, келер түн, атар таң, Шығар күн, Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын! Осы мен, осылай мәңгілік тұрармын, Осы мен, сірә да өлмейтін шығармын.   Жақындық сеземін Жерден де, аспаннан, Жылылық сеземін Мұздардан, тастардан, Өмірім сірә да әріден басталған, Әріден басталып, мәңгіге тасталған.   Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын, Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын. Шындығында, бұл оның замандастары айтатын сөз еді, айтпады, айтылмады, Мұқаға­ли­дың өлмейтіндердің бірі екенін көзінің тірісінде біз айтуымыз керек еді, оның өзі біліп тұрған шындықты, әттең, айта алмадық. Амал не, сөйтіп тарихқа есемізді кетіріп алдық. «Жетім өз кіндігін өзі кеседі» деп, Мұқағали өз бағасын өзі айтты, біз оны соған мәжбүр еттік. Мұқағалидың алдында қазақтың ешбір игі жақсысы ақтала алмайды. Парасатты тудырған да осы қазақ, жасытып, жабырқатқан да осы қазақ, сондықтан біз Мұқағалидың рухы алдында қарыздармыз, бұл қарыз біздің қазақ өлеңіне поэзия бекзатына деген қарызымыз. Ешқашан өтелмейтін қарызымыз. Екінші дүние жүзілік соғыс қазақтың жанына жазылмас жара салды. Соғыс өрті шарпымаған бірде-бір шаңырақ қалған жоқ. Әкесі соғыстан қайт­паған жетімдер қаншама, соғысқа кеткен жа­рын өмір бойы күтумен өткен жесірлер қан­шама? Мұқаң сол жетімнің бірі, жесір ананың бауы­рын­да өсті. Сондықтан соғыс туралы жа­зылған өлең­дерінен алапат­тың тақсіретін тарт­қан адамдарды танисыз. Жетімнің мұңын, жесірдің зарын естисіз.   Біздер – жетімдерміз, Жетімдерміз. Ақпанның, аяз қардың өтіндеміз. Мына сараң өмірден сауға сұрап, Тіршіліктің мазасын кетіргенбіз.   ... Ұрылар да емеспіз, қарылар да, Қарғыс таңба біздерден арылар ма? Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге, Қарғыс – аяз біздерді қарығанда. немесе ақын өзінің «Жесірлер үні» атты өлеңінде: Жалғанда, жалған, жалғанда, Жесірден мұңлық жан бар ма? Жалғанда жалғыз қалғанда, Әдіра қалған арманға, Араша түсер жан бар ма?.. – деп жырлайды көкірегі қарс айырылып. Мұқағали Мақатаев – Отан деген ұлы сезімге қылау түсірмеген ақын. Туған жерін, туған халқын Мұқағалидай жырлаған қазақта ақын жоқ. Ана бір жылдары жастарды отан­шылдыққа баулитын «Кіндігімді кескен жұрт» дейтін шағын жыр жинағын құрастырғанымда да осыған көзім анық жеткен еді. Туған жер туралы Мұқағалидай тебіренген ақынды сонда таба алмай қиналғаным есімде. Мұқағали туған жерін, Отанын, халқын, ана тілін жан-тәнімен сүйді, тебіреніп жыр­лады. Отанды сүйіп жырлаудың нұсқасын, озық үлгісін қалдырып кетті. «Ей, қалам ұс­таған, қаламдас бауыр, қарындастарым, халық­ты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң, оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер» – депті күнделігінде ақын. Ақынның халқын қалтқысыз жақсы көргеніне мына өлеңдері куә:   Жақсы атанды демессің сүйем десем, Табынатын тәңірім, ием де – сен. Адам болып күн кешу қиын маған, Арқа тұтып, өзіңе сүйенбесем...   ... Қазақстан! Пай, пай, пай! Ардағым-ай! Сен менің Шолпанымсың, жанған ұдай, Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт, Өлмейтін махаббатым, арманым-ай!..   Отанын сүйген, оны жырлаған ақын Мұқағалидай-ақ болсын. Ең өкініші, Мұқағали дәрежелі атақ, мемлекеттік сыйлық ала алмады. Өлген соң ғана қадіріне жететін қазақтың әдеті емес пе, Мұқағалиды ел-жұрты ақын дүниеден өткен соң таныды, шарқ ұрып іздей бастады. Мұқағалидың дәуірлеген заманы жетпісінші жылдардың басынан басталды. «Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді, ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Түсін­сеңдерші, мен туылғалы адаммын, адам қал­пым­да қалам, әзілдегенсіп, жаны ашығансып, жақын тартқансып, ақыл айтқансып, арыңа тікенектей қадалатын әріптес­терден арыла ал­май-ақ қойдым.» – деп торы­ғыпты жарықтық. Сол қаптаған «қамқоршы­лардан» Мұқағали өліп құтылды. Опасыз, ал­дамшы мына дүние­де бір-біріңді қажамай, аяқ­тан шалмай, жаға­дан тартпай, жүйкені тоздыр­май, сыйласып өткенге не жетсін! «Өлең маған аққудың қанатымен келеді» деген еді ақын. Мұқағали қолына қалам алып, толғанып, қиналып өлең жазбаған. Мұқағалиға расында өлең қонған, өлең түскен. Алладан жыр аяны, жыр баяны келген кісі. Періштелі ақын. Мұқағалидың өзі де өлең, сөзі де өлең, қаны да өлең, жаны да өлең. Мұқағали өлең­дерінің құдыретті, құздан құлағандай кесек, ірі, мұхиттың түбіндей терең, табиғаттың өзіндей таза, бұлақтай мөлдір, гауһардай жар­қырап, тасыған өзендей сарқырап, дулығалы батырдай буырқанып, тұла бойынан жыр төгіліп тұратыны сондықтан. Мұқағали шынында да киелі жырдың өзінен, пәктіктен, ардан туған құдырет, Алла­ның өлеңге берген бағы, адамзатқа жіберген сыйы, қазақ поэзиясының еркіндігі, рухтың тазалығы. Мұқағали жырларының таудан түскендей ірі, шарболаттан жаралғандай берік, гауһардан жаралғандай асыл, маржандай таза болатыны, мөлдіреп тұратыны, төгіліп тұра­тыны сондықтан. Ол расында да феномен. Мұқағали секілді ұлылар тарихқа бір-ақ рет келіп, тарихта мәңгі қалады, халқымен бірге жасайды, асыл мұрасы қалың елінің қимас сырласына, мұңдасына, ұрпақты тәрбиелеудің өнегесіне айнала береді, өзі ғасыр, заман асқан сайын тұлғалана береді, биіктей береді. Кешегі Абай мен берідегі Қасымдардың жырдағы жолын жалғаған, болмысы кесек, табиғаты бөлек Мұқағали шығармасы қазақ руханиятының тозбайтын, мұқалмайтын алтын қазынасының айбынды бөлігін құрайды. Ол бүтін бір ғасырдағы қазақ поэзиясын биіктетіп кетті. Бүгінде Мұқағали өлеңіне ән шығармайтын композитор жоқ. Шынында да ол тұла бойы тұтас өлеңнен, қазақтың қасиетті қара өлеңінен жаралған ақын. 2006 жылы Президенттік мәдениет орталы­ғында жырсүйер қауымға арнап М.Мақа­таев­тың туғанына 75 жыл толуына орай «Қазақ жырының Хантәңірі» атты жыр кешін өткізуім менің де Мұқағали мұрасына деген ынтықты­ғымның белгісі, асыл аға аруағының алдын­дағы борышым еді. Артына өшпейтін өнеге, тозбайтын, таусылмайтын асыл мұра қалды­рып кеткен ақын жырларын қайта оқып, қайта үңілгенімде Мұқағалидың құдыретіне бұрын­ғыдан да табына түскендей болдым. Халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхам­мед Меңліахметұлы Қонаев бірде: «Мұқаға­ли­дай ғажайып адамның жүргенін білмегеніме өкінемін», – деген екен ғой.  Ендеше, талант­тарды, дарындыларды кезінде танып, бағалай білген жөн. Қазақтың: «өлгенінің бәрі жақсы» дейтін әңгімесі осындайдан туған. Өзінен кейінгі ақындардың піріне айналған Мұқағалидың балдай тәтті, кәусар жырлары асқақтаған әнге айналып туған халқына үздік­сіз қызмет ете береді. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.