• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

2006

520 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік тұғыры берік Қай жылды болсын арайлап келер ертеңі­мізге, аршындап өсер өркенімізге деген үлкен үміт, бекем сеніммен қарсы алу халқымыздың қашаннан бергі қастерлі салты. Жаңа ғасырдың алтыншы жылын да сондай үкілі үмітпен ай­қара құшақ жайып қарсы алғанбыз. Оның үсті­не бұл байсын елдің баға жетпес құнды­лы­ғы – Тәуелсіздігіміздің он бес жылдығы тойланатын жыл еді. Әдеттегідей ел-жұртын жаңа жылмен құттықтап, көңіл тоғайтар көл-көсір табыста­ры­мызға аз-кем шолу жасай келіп, Елбасымыз: «Алда бұдан да асқаралы асулар тұр. Біз әлемнің ең дамыған елу елінің қатарына кіруіміз шарт. Бұл үшін болашаққа қарай батыл қарыштап, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуіміз қажет» деп және бір жаңа межені белгілеп бергендей болды. Еліміздің бас басылымының жылашар са­нын­да сөз алған абыз ағамыз Бәйкен Әшімов­тің ой-толғамы осындай жаңа меже, соны өріске бет алған халқына ақжарма көңілден шық­қан ақ батасы іспетті еді. «Бұл дүниеде әрбір ел өзінің тәуелсіздігі мен бостандығын ең басты байлығы деп есептейді, – деп жазған-ды ел ағасы болған ақылман ақсақалымыз. – Ха­лық үшін қай заманда да отанының азаттығы­нан қымбат ештеңе бол­ма­ған. Бұл баға жетпес бақытқа, Алла жар бо­лып, біздің туған еліміз – Қазақстан да кенеліп, тәуелсіз ел ретінде әлем қоғамдастығы қатары­нан орын алды. Адамдар­дың жақсы өмір сүруінің ең басты кепілдігіне қол жеткіздік. 2006 жылдың бір ерекшелігі – тәуелсіз ел ретінде дамып келе жатқанымызға он бес жыл толуы болса, сол басымызға қонған бақыттың қадір-қасиетін біліп, оның асыл бағасы мен өміршең өлшемін әрдайым есте ұстауға тиіспіз». Иә, тәуелсіздік туралы, оның он бес жылдығы төңі­регінде толғансақ, тарихи шындыққа жүгін­бей әсте өте алмаймыз. Ақиқатын ашып айтсақ, 1991 жылдың желтоқсанына дейін әлем карта­сын­да Қазақ елі деген дербес, шекарасы дәйек­тел­ген, егемен мемлекет айшықтай жазылған емес. Кеңес Одағы аталатын алып империяның құ­рамындағы он бес республиканың қатардағы бірі болып келдік. Бар билігіміз орталыққа шыр­ма­лып, соның аузына ғана қарап отыратынбыз. Ал аталмыш жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республика­сы­ның тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң Еуразия құрлығының жүрек тұсындағы бағзы заманында Ұлы дала атанған ұлан-ғайыр өлкеде жаңа жас мемлекеттің дүниеге келгенін айдай әлем­ге паш етті. Ежелден еркіндік аңсаған қаһарман халықтың өз тәуелсіз­дігін жариялауы сол сағатта-ақ әлемнің әр­алуан елдерінен қошемет-қолдау тауып, дүниенің төрт бұрышына таралды. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздігін жариялап, көк байрағын көкке көтерген жас мемлекетімізге күле қарап, күдіктенгендердің табылғаны, тіпті, онда­й­лар­дың өз ішімізден шыққаны да анық. Тәуел­сіз­дікті топ етіп төбеден өзі түскендей көріп, жұрттың ең соңында қалып осыны жария­ға жар салып, дырдулатпаса да жарайтын еді ғой дегендер болды. Рас, Қазақстан өз тәуелсіздігін одақ құрамындағы республикалардың бәрінен кейін, ең соңында жариялады. Өз басым, осының өзі кеш жарияланса да, дес жарияланғандай көремін. Қазақ елі одақтас республикаларды бас-басына енші беріп, өз алдына отау шығарып, түп қазықта қарашаңырақ иесі бо­лып қалған кенже ұл боп іліккендей әлем наза­рына. Сөйтіп, ол түрік қағанатының ғана емес, кеңес қағанатының да қарашаңырағы болып қалғандай сезіледі маған. Несі бар, ата-баба дәстүріне ежелден адал қазақ­қа жарасатын қасиет қой бұл. Шынтуайтқа келсек, тәуелсіздікті кеш жария­лауы­мыздың түп-төркіні тереңде болатын. Аума­лы-төкпелі алмағайып кезеңде қапы қалмас үшін сол тұстағы заманның ағымына, қоғамның жағ­дайы­на, халықтың түсінік-деңгейіне, елдің жал­пы мүмкіндігіне қарай қапы қалдырмас жол табу керек болды. Атақтап заң жүзінде жарияланбады демесе, тәуелсіздікті онсыз да алып қойғанбыз. Сонда да саяси кеңістіктегі ықтимал қауіп-қатердің басқа да болжауы қиын, күрмеуі күрделі мәселелерді ой елегінен өткізіп, асығыстыққа бармай сабыр сақтауға тура келді. Елімізде өзге жұрттың көп екенін, бұрыннан да байланысымыз тығыз орыс елінің аңысын аңдау керек екенін ескеріп, Елбасымыз да опық жегізер асығыс қадам­ға барған жоқ. Онсыз да кейбіреулердің еліміздің терістік өңіріне көз алартып, қисынсыз қаңқу сөздермен ши жүгіртіп жатқанында тәуелсізді­гіміз­ді жарыса жариялап, қайқайып шыға келсек, жағдайымыз басқаша болып кетуі де ықтимал еді ғой. Сондықтан, арзан ұранға ермей, жалған сезімге ерік бермей, әліптің артын бағып, бәрін де ақылға жеңгізіп, еліміз дұрыс таңдау жасады. Игіліктің ерте-кеші жоқ екен. Тәуелсіздігін өз­ге­лер­ден кеш жарияласа да, Қазақстан тоқса­нын­шы жылдардың басындағы дағдарысты ойда­ғы­дай еңсеріп, экономикалық-әлеуметтік даму­дың негізгі көрсеткіштері мен халықтың тұрмыс деңгейі жөні­нен Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғында көш басына шықты. Халықаралық қоғам­дас­тықтың толыққанды әрі құрметті мүшесі болды. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап даму бағытындағы айқын ұстанымды қабыл­дап, оны мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіріп өсу мақсаттарымызға қол жеткізуге жұ­мыл­дырды. Бұл ретте ол әрқайсысы бес жылдан тұратын үш кезеңді бастан өткізді. Бірінші кезең­де кеңестік жүйені бұзып, мемлекеттің негіздерін құрумен шұғылданды; екіншісінде – экономика мен саяси жүйенің құрылымдық терең өзгеріс­терін іске асырды; үшіншісі – экономикалық дәуір­леу кезеңі болды. Сөйтіп, осы он бес жылда қо­ғамымызды кең ауқымда жаңарту жұмыстары жүргізілді. Экономиканы дамыту деңгейі жөні­нен Қазақстан әлемнің барынша дамып келе жатқан елдерінің алғашқы ондығына кірді. Азат, еркін еліміздің бүгінгі биігінен өткенге ой көзін жіберсек, осы күнді аңсаған батыр баба­ларымыздың асқақ арманы алдында, алмағайып заманда азаттық үшін алысқан атпал азамат­тары­мыздың өсиет-аманаты алдында, бостандық жо­лын­да жан қиып құрбан болған есіл ерлеріміздің өшпес рухы алдында бас иіп, тағзым етпеске әсте болмайды. Өйткені, өткенімізді құрметтемей, ер­теңімізді еңселі ету қиын. Тәуелсіздік тұғырының берік болуы да осыған байланысты. Әлбетте, тәуел­сіздік дегеніміз, таңдайға балдай татитын тәт­ті сөз ғана емес, мойынға ауыр жүк артатын мәртебелі мін­дет те. Оны ойдағыдай орындап, тәуел­сіздікті баян­ды ету баршамызға ортақ бо­рыш. Асты да, үсті де тұнған қазына қазақ жері­нің байлығы оның түп­кілікті тұрғындарына да, тағдыр қосып қоян-қолтық өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де кәміл жетеді. Тек соны шашпай-төкпей, ұқыпты ұстап, үнемдеп жұмсап, туған халқымыздың, туа­шақ ұрпағымыздың кәдесіне асыра білейік. Ендігі меже – елулікке ену Ұрпаққа жол ашқан кең байтақ жерім бар, Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар. Қаңтар айының жетінші жұлдызында Қазақ­стан Президенті Конституциялық Заңмен бекіткен Мемлекеттік әнұранымыздың жаңа мәтінінде осындай әсерлі жолдар бар. Әнұранның әуені майталман сазгер, марқұм Шәмші Қалдаяқовтікі де, кезінде жалынды да да­рынды ақын Жұмекен Нәжі­меденов жазған сөзін Елба­сы­мыздың өзі өңдеп ширата, шырайландыра түскен. Заңда әнұранды тыңдаудың жаңа тәртібі енгізілді. Яғни, оң қолыңды жүрек тұсына қойып, тыңдауың шарт. Осы тәртіпті 11 қаң­тарда Астананың Ақорда­сын­да өт­кен қайтадан сай­ланған Мем­лекет басшысын ұлықтау сал­танатына қатыс­қан жұртшы­лық алғаш рет әрі қалтқы­сыз орындады. Сол салта­нат­қа жет­пістен астам алыс-жақын елдердің өкілдері қатысты. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің лауазы­мына қайта­дан ресми кірісуіне орай сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев: халықтың маған сайлауда көрсеткен қол­дауын мен елімізде бүгін таңда берік орныққан саяси тұрақтылық, ұлтара­лық келісім және экономикалық қарқынды өрлеу сая­сатын қуаттау деп қабылдадым. Сондықтан Қа­зақ­стан халқына адал қызмет ету алдағы уақытта да мен үшін ең мәртебелі әрі қасиетті борыш болып қала бермек, – деді толқи тұрып. Шынында да, жалпақ жұрттың алдында тағ­дырың таразыға түсер сайлау сияқты ұлы сы­нақтың орны бөлек қой. Оның үстіне ол Елбасын белгілейтін Президент сайлауы болса жауапкершілік деген мүлдем төтен, ет жүректі толқын аттырып, лүпіл қақтырмай қоя ма! Елін он бес жыл басқарып, талай сыннан сүрінбей өткен Нұрсұлтан Әбішұлы да осындай сынды таяуда бастан кешіргені толқи сөйлегенінен-ақ көрініп тұрды. «Алайда, сүйер ұлың болса сен сүй, сү­йі­нерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқан­дай, сүйсі­нер ісі шаш-етектен келетін сүйер ұлына халқы тағы да қалтқысыз сенім артып, желтоқсанның төр­тінші жұлдызында Елбасы етіп қайта сайла­ған-ды. Бұл, елім деп еңіреп туған ерге халқының шексіз сүйіспеншілігі мен шүбәсіз сенімінің айғағы екенінде дау жоқ. «Қызметіме қайта кірісерде мен өзімді отан­шыл, абзал, парызына адал, қазақстан­дық­тардың қолдағанына және алдағы уақытта да олардың жанымнан табылатынына ерекше қуанамын, – деді Елбасы тебіренісін жасырмай. – Сондықтан ертең асқаралы биіктерге көтерілуге күш-қуаты­мыз­дың жететініне нық сенімдімін... Алған асу­ларымыз аз емес, ал алдағы мақсаттарымыз одан да биік. Ең бастысы – біз татулық пен бірлікке негізделген тәуелсіз мемлекет орнаттық. Ортақ мақсат жолында ынтымақ-бірлігі жарасқан біртұтас ұлт болып қалыптастық. Әлемдік өрке­ниеттің ең асқақ талаптарына жауап беретін жаңа қоғам құрдық. Жыл сайын ел байлығын еселеген экономикалық даму­дың қазақстандық үлгісін жасақтадық. Мұның бәрі барша қазақстан­дық­тар­дың қажырлы еңбегі мен береке-бірлігінің арқасы. Ендеше, алдағы уақытта да әрқашан бірге, әрдайым алда бо­лайық. Сонда біз ата-баба аманатын ақтап, бола­шақ ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болады». Сол салтанаттан кейін араға бір апта ғана са­лып, Елбасы Парламент палаталарының бірлес­кен отырысына қатысып, Қазақстанды таяудағы он жылдың бағдарында дүние жүзіндегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енгізудің стратегиясын және оны жүзеге асырудың алты басымдығы туралы бағдарламалық сөз сөйледі. Басты басымдық ретінде Қазақстан экономи­ка­сын жаңарту және оған серпінді сипат беру қажет екенін, олардың өзара байланысты міндеттер шешуді көздейтінін атап көрсетті. Бәсеке түбі – береке екенін өмір тәжірибе­сінен түйген дана халықтың төл перзенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың көптен көңілінде жүрген кө­кейкесті мұраты – Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабі­летті ең дамыған 50 елдің қатарына қосу екені бұрыннан белгілі. Оны жыл басталғаннан бергі сөздерінде қадап-қадап айтып жүрген. Ал ел халқына дәстүрлі Жолдауында әлемдегі барынша дамыған ең беделді елдердің тобына қосудың нақты стратегиясын белгілеп, оған жетудің жеті мүмкін­дігін ашып, жеті басымдығын айқындап берді. Мемлекет басшысының жылдағы дәстүрлі Жол­дауын жұрттың үлкен үмітпен асыға күтетіні анық. Өйткені, онда еліміздің бүгінгі жетістіктері мен тү­йін­ді мәселелері сараланып, алда тұрған басым ба­ғы­т­тары айқындалады. Бұл жолы еліміз­дің жыл ішінде ғана емес, таяу болашақ­тағы бағыт-бағдары нұс­қалып, ауқымды мәселелер күн тәртібіне қойыл­ды. Ең бастысы, Қазақ­станды дү­ние­ жүзіндегі ең дамыған 50 елдің қатарына енгізу жүктелді. Осы­нау мерейлі межеге жету жолында Елбасы­ның өзі ұсын­ған өзекті басым­дық­тарды атай кеткен де артық болмас. Бірінші басымдық: Қазақстанның әлем­дік эко­номикаға кірігуі. Бұл, елдің экономи­калық дамуының сапалық серпілісіне негіз болмақ. Екінші: Қазақстан экономикасын тұр­лаулы түрде өрге бастыру үшін оны жедел дамытып әрта­рап­тан­дыру. Басқаша айт­қанда, оның әр­түрлі сала­ларын, өзара бай­ла­ныста ұштас­ты­ра отырып, жоғары дә­­ре­жеде дамыған сан-салалы, көп қыр­лы өнді­ріске айнал­дыру. Үшіншісі: ха­лықтың не­ғұрлым әлжуаз топ­тарын қор­ғайтын, эконо­ми­каның да­муы­на қол­дау көрсететін осы заманғы әлеу­меттік саясатты жүзеге асыру. Төртін­ші: осы за­ман­ғы білім беруді өрістету, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және ел халқының мәдениетін одан әрі өркен­дету. Бесінші: демокра­тия­ны одан әрі дамыту және саяси жүйені жа­ңарту. Алтыншы: осы ке­зең­нің әртүрлі қауіп-қа­тер­лерінен алаңсыз етерліктей ұлттық қауіп­­сіздік стратегиясын іс­е асыру. Жетінші: Қазақ­стан­ның өмір­лік және өңір­лік мүдде­лерін әлемдік даму тұр­ғы­сынан қапысыз қамта­масыз етіп отыратын сыртқы саяси бағытты жүзеге асыру. Мерейлі меженің қаже­ті­нен туын­даған басты-басты жеті басымдық, міне, осылар. Жалпы, жобаның мақсаты – қазіргі әлеуметтік қарқын мен деңгей тұрғысынан мемлекеттік сая­сат­тың стратегиялық бағыт-бағдарын анық­тап, ай­шықтай түсу, қоғамды экономикалық саяси әлеу­меттік, мәдени-экологиялық жағынан өркен­де­ту, адами болмысы мен санасын қатар жаң­ғыр­ту. Жо­ба­ның түпкі міндеті – қоғам мен мемлекетті жаңа ­сатыға, тың сапаға көтеріп, ұлттық түлеуіне жағдай жасау, әр салада кәсіби, ұлттық азаматтық белсенділікті арт­тыру және оларды әлеуметтік, мәдени бағдар­лама­ларға бағындыру. Бәрінен бұрын халық­тың әл-ауқатын жақсартып, азаматтардың қабілет-қарымын, парасат-пайы­мын ұштап, әлеу­меттік ауқымы басым басты межені бәсекелестік жолымен тыңғылықты шешу шарт. Елбасының белгілеп берген елулікке ену стра­тегиясына зер салсақ, оның ой­дағыдай жү­зе­ге асуы халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақ­сарту­мен қатар жүретінін айқын көреміз. Сон­дықтан да, тәуел­сіздігіміздің он бес асуы ай­шық­тай аталып өтетін жылы «Ел межесі – елулікке ену» ұлттық ұранға айналды. Ертеңін нұрлы, болашағын жарқын етуді мұрат тұтқан жасампаз халқымыз «Қазақстан – тек қана алға!» деп еңбек көрігін қыздыра түсті.   Татулық шекара талғамайды Қазақстанның күні кешеге дейін терезесі тең дә­ре­жеде көрмек түгіл, дербес шендесе алмай­тын, атақ-даңқынан ат үркетін Америка Құрама Штат­та­ры, Ресей, Қытай сияқты алып та алпауыт мем­ле­кет­термен бүгінде стратегиялық әріптес бо­лып, ық­пал­ды ынтымақтастығын өрістетуі, сөз жоқ, сырт­қы сая­сатымыздың сүбелі жетістігі. Төрткүл дү­ние­нің ең беделді елдерімен риясыз қарым-қатынас жасап, аралас-құралас болу оңай шаруа емес. Ол және өзді­гінен қолға түсе қой­май­ды. Еліміздің экономика­лық жағынан үрдіс өрлеуі, саяси тұрақтылығы, шыбын­сыз жаздай тыныш­тығы һәм ұлтаралық келісімі осын­дай са­ли­қалы саясат жүргізуге мүмкіндік беріп отыр­­ғаны бесенеден белгілі. Оның үстіне тату көр­ші­лікті қадір­леп, туыс­тық­ты бәрінен жоғары қоя­тын қазақ жұрты­ның келім-кетімге құшағы қа­шан­да ашық қой. Қазір қазақ жерінде дүние­ жүзі­нің ең айтулы сая­саткерлерінің алқалы жиын­дарын өткізу дәстүрге айналды. Оның ішінде әлемдік және дәс­түрлі діндер өкілдерінің басқо­су­ларын өткізу елеулі оқиғалардың бірі бол­ғаны айтпай-ақ түсінікті. Осы оқиғалардың басы-қа­сында ұйымдастырушы ұйыт­қы­сы болып қа­шан­да Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың өзі жү­реді. Арнасын кемітпей, арасын суыт­пай өтіп жата­тын сондай халықаралық кездесулер мен жиындар­дың мазмұн-сипатына үңілсек, қазақ елі­не деген, оның озық ойлы көшбасшысына деген се­нім мен жас мемлекетімізге деген құрметті аңғарамыз. «Қазақстан шекарасының ұзына бойында тату көршілік пен тұрақтылық белдеуін орнықтыру жөніндегі өзіміздің халықаралық міндеттемелеріміз парықты пайымдауымызға негізделеді. Біз Ресеймен, Қытаймен, Америка Құрама Штаттары­мен стратегиялық серіктестік тұғырынан таймай­тын боламыз», – деп Президент лауазымына кірісу рәсімінде Елбасымыз тағы да шегелеп айтқан. – Еуропа Одағымен және мұсылман елдерімен ынтымақтастықты ұлғайта беру біздің сыртқы саясатымыздың басты басымдықтарының бірі. Біз Орталық Азиядағы өзіміздің ең жақын көрші­лерімізбен арамыздағы қатынастарға айрықша мән береміз. Өңірдің қауіпсіздігі біздің мемлекеттер ықпалдастығы деңгейінде сапалық тұрғыдан ілгерілеуімізді талап етеді». Әрине, халықаралық қарым-қатынастарды үй­ден аттап шықпай, шаңыраққа шырт түкіріп жа­тып қалыптастыру мүмкін емес. Осы орайда «Бар­масаң, кел­месең жат боласың, алмасаң, бер­ме­сең сарт бола­сың» деген қазақ нақылының жаны да бар сияқты. Даланың дана дипло­матия­сын сана­сы­на сіңірген сарабдал саясаткер Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы­ның ерекше жақсы қасиеті – алыс-жақын шетелдерге ресми сапарлармен жиі шығып, күн тәр­ті­біндегі көкейкесті келелі мәсе­ле­лерді кеңінен кеңесіп, қолма-қол шешіп отыра­ты­ны. Тек атал­мыш жылы ғана ол Америка Құ­ра­ма Штаттары, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Бель­гия, Малайзия, Өзбек­стан және басқа да іргелі елдерде болып, олар­­дың басшыларымен жүзбе-жүз кездесіп, ауыз­ба-ауыз сөйлесіп, күн тәртібіндегі келелі мәселе­лер­ді қолма-қол шешіп қайтты. Ондай олжалы сапарлардың бәрін бірдей ежіктемей, қыр­күйек айында Америка Құрама Штаттарына жасаған ресми сапарына аз-кем тоқталсақ та жетіп жатыр. ...Сейсенбінің сәрсенбіге қараған кешінде Қа­зақ­стан Президентінің ұшағы Американың Портсмуд қаласына келіп қонып, Елбасымыздың Құра­ма Штат­тар­дағы ресми сапары басталғанын паш етеді. Мұнда Америка президенті Джорж Буштың әке­сі, елдің бұрынғы басшысы тұратын. Өз елінің сал­тымен сапарын үлкенге сәлем беруден баста­ғалы келген Нұрсұлтан Назарбаевты кезінде Қа­зақ­стан­ның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып құт­тықтаған сексен екі жастағы қарт саясаткер өзі­нің ата қонысы, қарашаңырағы «Уокерс поинтте» құшақ жая қарсы алып, ерекше құрмет көрсетеді. Жоғары дипломатиялық деңгейде әрбір сөз­дің, әр бағаның, тіпті ишараттың да ерекше мәні бо­латынын ескерсек, осы бір жылы шырайлы ашық-жарқын жүздесу бұдан кейінгі барлық кездесулерге ерекше жағдай туғызып, сапардың маз­мұнын ба­йы­тып, маңызын арттыра түсті. АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейни, американ үкіметінің аса беделді мүшелері: Энергетика, Сауда, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлері Бодман, Гутпересс, Йоханис республика экономикасының ашықтығы мен ырық­тылығы және қарыштап қарқынды дамуы Қазақ­стан­ның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне қол­дау көр­се­ту­ге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Аса ірі тран­сұлттық компа­ния­лардың басшылары Қа­зақ­стан­дағы эконо­ми­калық реформалардың нәти­же­лерін, оның ұдайы өсуі мен әртараптан­ды­ры­луын жоғары бағалады. Әрі оған салынатын инвес­тицияларды бұдан бұрын да арттыра түсетіндігін білдірді. «Сапардың ең шырқау шыңы – Нұрсұлтан Назарбаев пен Джордж Буштың кездесуі американ қат­та­масының шектеулерінен асып түсіп, өте ыстық ықы­ласты жағдайда өтті. Кездесу бары­сында талқы­лан­ған барлық мәселелер бойын­ша берік уағдалас­тыққа қол жеткізді», – деп жазды сапар­ды қоры­тын­дылай келіп, сол тұстағы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары әрі баспасөз хатшысы болған Мұхтар Құл-Мұхам­мед. – Президент Буш Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ­стан Президенті ретінде ғана емес, сондай-ақ Еуразия өңірлік интеграция­сының лидері және Орталық Азиядағы сенімді стратегиялық әріптесі ретінде де қабылдады. Бұл жағдай екі ел прези­денттерінің бірлескен мәлім­де­месінен де айқын көрініс тапты». «Қазақстан бұдан бұрын бірде-бір елдің қо­лы­нан келмеген нәрсені жасай алды, – деп жазды «Вашингтон пост» газеті. – Ол Қытаймен, Ресеймен және АҚШ-пен бірдей деңгейдегі жылы да терезесі тең қарым-қатынасты сақтай білді. Вашингтонмен бай­ланыстар қасаң қатынастардың шеңберінен шығып кетті». Америка астанасының қақ төрінде Қазақ­стан­ның тәуелсіздік монументі бой көтеруі де осының арқасы болса керек. Сөйтіп, Қазақстан Барысы азуы алты қарыс Батыспен бәсекеге әзір екенін танытты. Сол сияқты Елбасының түбі бір түркі ел­дерінің басшыларымен жаһандық дамудың жаңа кіндігі – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы­ның мүшелерімен кездесуі де өте сәтті болды. Сайып келгенде, тату қарым-қатынас орнату үшін жердің шалғайлығы, жолдың алыстығы, тіпті, мұхиттың өзі де бөгет болмайды екен.   Өлеңмен ұғысып, өнермен туысқан елдер Елең еткізер жаңалықтардың жаршысы сынды Елбасымыздың бастамасы бойынша 2006 жыл Қазақстандағы – Пушкин, Ресейдегі Абай жылы деп жарияланған еді. Бұл бастаманы ежелден ауы­лы аралас, қойы қоралас, тарихы тамыр­лас, тағ­ды­ры сабақтас екі елдің де халықтары қызу қолдап, қуана қарсы алған-ды. Өйткені, адам­зат ақыл-ойы алыптарының қатарынан ойып тұрып орын алған осынау екі тұлға қашаннан құдайы көрші екі халықтың арасындағы риясыз татулық пен рухани байланыстың баға жетпес дәнекері іспетті болатын. «Қазақстан мен Ресей немесе Ресей мен Қа­зақ­стан – бірде арбаның, бірде делбенің омыртқа жұ­лы­нындай боп кететіні бар. Тіршіліктің тау­сыл­мас не­бір қиямет сындарында осылайша үзең­­­гілес бо­лып сапар шегіп келеді. Соның мәң­гі­лік таусылып біт­пейтін кез-келген жәйттерінің бәрі де, баршасы да, неге екенін қайдам, құді­рет­ті жұмбақ. Осынау екі есім­нің – Абай мен Пуш­кин немесе Пушкин мен Абай деген екі сөздің, екі ұғымның іші-тысына көл-кө­сір қалпы­мен сы­йып та кетеді, әрқашан жарасым тауып та тұра­ды. Оның үстіне осындай алып бол­мыс­­тары­мен көл-көсір қалпында нұр шашып тұра­тынын және бірінсіз-бірін елестете алмайты­ны­мыз­ды қай­терсің!», – деп өмірден ерте өткен дарын­ды сын­шы Сайлаубек Жұмабеков баршаның ортақ ойын білдірген еді. Айтса айтқандай, осынау екі ұлы есім қазақ үшін бір қолдың саласындай, дарияның екі жаға­сындай егіз ұғым болып кеткені қашан. Сонау он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдары­ның басында шаруалар көтерілісінің көсемі Емельян Пугачев туралы деректер жинап, Жайық жаға­сы­ның топырағына табаны тигеннен бастап А.С.Пуш­кин қыр халқының жанашыр жақын досы болып кеткен. Көшпенді елдің әдет-ғұрып, ән-жырын зерт­­тей жүріп «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» дас­таны­­ның оқиғасын тұңғыш рет қағаз бетіне түсір­ген. Ал сексенінші жылдардың аяғында ұлы Абай­дың құдіретімен орыстың сол данасы сү­йікті Татья­на­сын жетектеп, қазақ қырына келіп, сахара аспа­нын­да жыр болып төгіліп, ән болып тамылжыды. Содан бастап Пушкин қазақтың өз топыра­ғын­да туған төл перзентіндей болып алды. Оның шығар­ма­ларын ана тілімізге аудару үзілмес үр­діс­ке айнал­ды. Оған Абай бастап аударған ұлық туындысы «Евгений Онегиннің» сол ғасырдың өзінде-ақ өз тілімізде сөйлетуге онға тарта қазақ ақы­нының талап қылғаны айғақ. Кезінде Пуш­кин­нің тамаша туындыларын қазақ оқыр­ман­дарының жүрегіне жеткізуге Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қуандық Шаңғытбаев тәрізді жыр дүлдүлдері атсалысты. Сол дәстүрді атаулы жылы Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғар­сынова, Исрайыл Сапарбаев секілді саңлақ ақын­дары­мыз жалғастырды. Әйткенмен, орыстың ұлы ақынын қазақ ұғымына өз деңгейінде жеткізу үшін қа­зақы жыршылдығымыз жеткенімен, Абайдай сұң­ғыла сыршылдығымыз жетпей жатқан сияқты. Сондай-ақ, қазақ халқының ар-ожданына ай­нал­ған терең ойшыл, кемел ақын иесі Абай да орыс қауымына бар болмыс-бітімімен өз биігінен таныл­ды деп айта алмаймыз. Қанша рет ауда­рыл­са да қазақ ғұламасының ойлы-мұңлы, сазды-сыр­лы жыр­ларының орыс оқырмандарына сұл­басы жеткенімен, әрі мен нәрі, мәні толық жетті деп айту қиын. Данышпан ақынның әр сөзі өсиет, әр демі ұла­ғат ұлы шығармаларын насихаттайтын орта­лық болады деп мереке дүрмегімен Мәскеуде ұйым­дастырылған Абай институтының қамқор­лық­тың жоқтығынан қаржысыз қалып, жабылу­дың аз-ақ алдында тұрғаны да қынжылтпай қоймайды. Бір жақсысы, орыс астанасының нақ орта­сын­да қазақ кемеңгері Абайға ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына екі елдің де бас­шы­лары Н.Назарбаев пен В.Путин қатысты. Ескерткіштің ашылуында сөз алған Ресей Президенті Абайды екі халық мәдениетінің жақын­дасуы­на қызмет еткен ұлы тұлға деп бағалады. Ақиқаты да сол. Абай атамыз: орыстың ғылымы дүниенің кілті, оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады, –  деп орыс халқының өнері мен білімін үйреніп, онымен дос болып өтуге үндеп өтті емес пе. Ресей мен Қазақстан екі халықтың арасында ежелден келе жатқан қылаусыз достық, тату көршілік, қалтқысыз сыйластық дәстүрін дамыта беретініне сенім кәміл. Ұлы ақындар жылы басқа да мерейтойларға кен де болған жоқ. Жыр алыбы Жамбылдың 160 жыл­ды­ғы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің май­тал­ман­дары Әбу Сәрсенбаев пен Ахмет Жұ­банов­тың, аяу­лы ақын апамыз Мәриям Хакім­жанова­ның жүз жас­қа толған мерейлі мүшелдері арнайы атап өтілді. Түйін Асылы, қазақ деген жұмбақ жұрт. Жайшылықта жер қозғалса қозғалмайтын жайбарақат, қой аузынан шөп алмайтын момын халық намысына тиіп, қонысына қол салса, арыстандай айбаттанып қарсыласына жолбарыстай атылады. Бір ғажабы, аттың жалында, атанның қомын­да, аяқ астынан туған сол аттанысының салмағы зілді, салдары зәрлі болады. Атап айтсақ, майданның қара жұмысына жігіт жіберуге қарсылықтан басталған қазақ даласының қиыр-қиырын кеңінен қамтыған он алтыншы жылғы ұлт-азаттық қозғалысы ақпан, қазан төңкеріс­теріне ұласып, ақыры патшалық құрылыстың күйреуімен тынды. Ал мұз үстіне от жағып, кеңестік темір тәртіптің құрсауын талқандауға аттанған жастарымыздың сексен алтының желтоқсандағы шеруі барша құрлықтың алтыдан бір бөлігін шойын шеңгелінде ұстап тұрған Кеңестер Одағын ыдыратудың алғышарты, алғашқы дабылы болған сынды. Былайша алғанда, біздің қазақ кеңес өкіметінің тууына да, құруына да себепші болған секілді. Тек біріне – тоқсан, екіншісіне жиырма жыл толған осы оқиғалардың өз деңгейінде аталып өтпей жүргені өкінішті-ақ. Жалпы, қазақ халқы өз бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тынбай күресіп, патша отар­шыл­ды­ғы мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы екі жүзден астам көтеріліс жасаған ғой. Демек, біздің бү­гін­гі тәуелсіздігіміздің бастау көзінде талай ұрпақтардың қан мен тері бар. Оны қастер тұтып, тұғырын биіктете түсуге талаптанатынымыз да содан. Сарбас АҚТАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.