• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Мәдениет мәнді болса, өмір сәнді

527 рет
көрсетілді

Экономикалық тұрақты өрлеу осыған қызмет етпек Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында мәдениет саласының жай-күйі қаралды. Осы мәселе бойынша Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасады. Өз сөзін Мемлекет басшысының бұл салаға ұдайы қолдау көрсетіп отыратынынан бастаған министр соңғы 3 жылдың көлемінде отандық мәде­ни­ет­тің нормативтік-құқықтық базасы айтарлықтай жетілдірілгендігін айтты. Өткен жылдың басында «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заң қабылданды. Осы заңның аясында министрлік әрбірі отандық кинематография, музей және кітапхана істері саласындағы мә­се­лелерді реттейтін 13 нормативтік-құқықтық актіні әзірледі. Қазіргі таңда олардың 11-і қабылданып та үлгерді. Тұтастай алғанда, саланы дамыту үшін барлығы 70-тен астам нормативтік-құқықтық актілер дайындалып, бекітілді. Мәдениет саласы дамуының негізгі көрсет­кіш­тері қанағаттанарлықтай. Осы ретте министр ең алдымен соңғы жеті жыл аясында табыспен іске асырылған «Мәдени мұра» бірегей стратегиялық жобасына ерекше тоқталды. 2004 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған бағдар­лама тарихи-мәдени мұраның үлкен бір бөлігін жүйеге келтіруге мүмкіндік берді. Осы кезең ішінде 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Олар­дың барлығы ғылымға мыңнан артық артефакттар берді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қы­тай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне жасалған ғы­лыми-іздестіру экспедицияларының нәтижесінде елімізге қазақ халқының тарихына, этногра­фия­сы­на, өнеріне қатысты 5 мыңнан астам айрықша құнды мұрағат құжаттары қайтарылды. Тарихымыз бен мәдениетімізде аса маңызды орны бар 73 ескерткіш қайта қалпына келтірілді. Бұл нысандардың басым бөлігі ұлттық брендке айналды. Екі ескерткіш – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра­сы тізіміне енді. Өткен жылғы реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде шетелдегі 2 нысанға, республи­ка­мыз­дың 12 облысында орналасқан 19 ескерткішке, Дамаскідегі Әз-Захир Бейбарыс Сұлтан кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Қазақстан тарабы Каирдегі Бейбарыс Сұлтан мешітін қалпына келтіру жұмыстарын қар­жыландыруға қатысты өз міндеттемесін толығы­мен орындады. Дамаскідегі Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталықтың құрылысын салу жұ­мыстары 65%-ға орындалды. Елімізде 6 ескерткіш қайта қалпына келтірілді, оның ішінде Бөкей Ордасындағы Хан ставкасы сияқты аса маңызды тарихи ескерткіш те бар. Елбасы мен Үкімет басшысының тапсырма­ла­рын орындау мақсатында 2011 жылдың көкте­мін­де Ташкент қаласындағы Абай Құнан­бай­ұлының ескерткіші құрылысының жұмыстары аяқталды. Ор­ын­бор қаласында Ахмет Байтұр­сынов тұрған үйге, бірінші және екінші жал­пы­қазақ съезі өткен ғи­ма­рат­қа салтанатты түрде естелік тақталар орнатылды. Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұра нысандары ту­ра­лы сөз қозғай отырып, тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғында министрліктің алғаш рет еліміздегі ескерткіштерді толыққанды түгендеуге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізгенін атап өткен жөн. Нәтижесінде тарих және мәдениет ескерткіш­терінің мемлекеттік тізімі бекітілді, оған 218 республикалық, 11 277 жергілікті маңыздағы ескерткіштер енді. Ескерткіштер туралы толық ақпаратты әр аймақта жарық көретін тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағынан алуға болады. Қазірге дейін 8 аймақ бойынша тарих және мәдениет ескерткіштері жинағы жарық көрді. Мәдени мұраларымыздың инфрақұрылымы кеңеюде. Соңғы үш жыл ішінде екі мемлекеттік мұражай – Алматы облысындағы «Есік» және Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» қо­рықтары құрылды. Бағдарламаны іске асыру жылдары кітапханалар қорын толықтырған Қазақстанның тари­хы­на, археологиясы мен мәдениетіне қатысты бір миллионнан астам тиражбен 442 аталымды кітаптар жарық көрді. Ұлттық мәдениет үшін маңызы өте үлкен және қоғамда кең пікір тудырған бірегей ауқымды жобалар – «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» мен «Қазақтың дәстүрлі мың әні» болды. Келешекте осы форматта батырлар мен ұлт қаһармандары туралы сага шығару ойда бар. Министрліктің мәдениет саласындағы жұ­мы­сының келесі аса бір маңызды бөлігі – ұлттық киноөндірісті одан әрі дамыту. Соңғы жылдары кино саласының өркендеуі байқа­ла­ды. Прокаттағы қазақстандық картиналар үлесі мен ұлттық фильмдерге деген көрермендер ықыласы артып келеді. «Мен қазақ киносының дәл бұлай өркендеуі тәуелсіздік жылдарында ғана емес, тіпті «Қазақфильмнің» құрылғалы бергі уақыттарда да болмағанын нық сеніммен айта аламын» – деді осыған орай Мұхтар Құл-Мұ­хаммед. Тек 2011 жылы ғана 10 толық­мет­раж­ды кинофильм экранға шыққалы тұр. Олар­дың 4-уінің – «Балалық шағымның аспаны», «Супер Баха», «Ликвидатор» және «Жерұйық» фильм­­­дерінің тұсаукесері болып өтті. Жылдың соңына дейін 4 толықметражды және 8 қысқаметражды фильм экранға шығады. Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштеріне арналған 20 деректі фильмнің, Мемлекет бас­шысы мен еліміздің танымал қайраткерлерінің қызметі мен өмірі туралы 20 деректі фильмнің түсірілімі аяқта­лып, қараша айында «Қазақ елі» атты 20 се­риялы анимациялық фильмнің тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар, студияда «Қазақфильмде» өндірілген барлық фильм­­дердің сандық кітап­ханасы жасалуда. Кино­қор­дағы «Қыз Жібек» фильмі сандық негізге кө­шірілді, енді өндіріске «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі тапсырылды, келесі кезекте «Менің атым – Қожа» фильмі тұр. Кино саласында жас талантты режиссерлер, сценаристер, қоюшылар және тағы да басқа кәсіби мамандар, яғни саңлақтар тобы өсіп жетілді. Жас кино қайраткерлері үшін Нью-Йорк киноакадемиясында жыл сайын тәжірибеден өту ұйымдастырылған. Соңғы 3 жыл ішінде 20-дан астам фильм прокатқа шықты. Алғаш рет «Қа­зақфильм» еліміздің 60 кинотеатрымен келісім-шартқа отырды. Қазақстандық киноның қайта өрлеуі шет елдерде де ескерусіз қалған жоқ. Соңғы екі жыл ішінде қазақстандық 40 картина әлемнің 22 елін­дегі 27 кинофестивальге қатысты. Бұл қа­зақ­стандық киноға өте тамаша промоушн жа­сауға мүмкіндік береді. Министрлік жұмысының тағы бір үлкен бөлігі театр өнерін дамытумен байланысты. Жыл сайын еліміздің театр алаңдарында әртүрлі жанрлар мен бағыттардағы мыңнан астам спектакльдер қойылады. Театр өнерінің қарқынды дамуына инфрақұрылымның да дамуы маңызды серпін беретіні аян. Тәуелсіздік жылдарында 17 театр ашылды. Бұдан бөлек, 4 театрда толықтай қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада ірге көтерген 1250 орындық Классика­лық опера және балет театрының құрылысы қар­қынды жүргізілуде. Оның ашылуы 2012 жыл­дың 6 шілдесіне жоспарланып отыр. Соны­мен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қостанай және Өскемен қалаларында қазақ драма театрларының ғимараттары тұрғызылуда. «Өткен жылы сахналарға 39 жаңа қойылым шығарылды. Олардың ішінде отандық және шетелдік хореографтар, балетмейстерлер, режиссерлер қойған классикалық шығармалар және еліміздегі тың жанр – А.Серкебаевтың «Астана!» мюзиклі де бар. «Жаңа жанр біз үшін нағыз сенсация болды. Бұл қойылымның бірегейлігі композитор Алмас Серкебаев музыкадағы әр­түр­лі стиль мен бағыттарды – джаз, танымал би және әуенді жанрларды өте керемет қиюластыра білгенінде болып отыр» деді министр. Соңғы үш жылдағы ауқымды классикалық жобалар ішінен көптеген балет және опера қойылымдары бой көрсетті. «Осыдан екі апта бұрын «Манон Леско» (Пуччини) операсының премьерасы болды. Оған әлемдік операның үздік шеберлері Тицина Карузо, Франческо Ани­ле, Роберто ди Кандиа, Карло ди Крис­то­феролар қатысса, ал «Жизель» балетінің премь­е­­расына Париждің «GRAND OPERA» театрының этуальдары Мелани Юрель мен Карл Паркеттің қатысқанын ерекше атап өткім келеді. Этуаль – балет әлеміндегі ең жоғары атақ-дә­реже. Мен әлемдік деңгейдегі осындай жұлдыз­д­ардың біздің театрларымызбен зор ықыласпен қызмет­тес болуларын және олардың біздің орындау­шы­ларымызға жоғары баға берулерін мақтан тұтамын» деді министр. Әрине, біздің әртістеріміздің сахналық ше­бер­ліктерінің өсулеріне олардың әлемнің үздік театр шеберханаларында оқу-тәжірибеден өт­кен­діктерінің оң әсер ететіні сөзсіз. Соңғы үш жылда опера мен балеттің 20 үздік солисі мемлекеттің қолдауымен Ла Скала театры академиясында, Вена операсында, Мариинск театрында, Перголезе Спонитини қорында, Болоньедегі Италия операсында тәжірибеден өтті. Министрліктің назарынан мемлекеттік және басқа тілдерді дамыту да тысқары қалған емес. Министрлік осы ауқымды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сарапшылармен, азаматтық қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жасай оты­рып, бұдан аз уақыт бұрын Мемлекет басшысы бекіткен Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масын әзірледі. Министрлік қызметінің тағы бір үлкен бөлігі – азаматтық сектормен өзара іс-қимыл. Соңғы үш жарым жыл ішінде министрлік қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларына қатысты 750-ден астам әлеуметтік маңызды жобаны қаржылан­дырып, 400-ден астам ҮЕҰ-мен жұмыс жасады. Министрлік сонымен қатар серіктестік желісі арқылы 4 мыңға жуық ұйыммен қызметтес болып келеді. Жиырма жыл ішінде алғаш рет республикалық шығармашылық одақтарға қар­жылық қолдау көрсетілді. Бұл олардың жұмыс белсенділігін арттырды. Суретшілер одағының пленумы, Жазушылар одағының съезі, композиторлар форумы өткізілді. Сонымен қатар, жыл сайын Дүниежүзі қа­зақтарының ассоциациясына қолдау көрсетіліп келеді. Бұл ұйым – шетелде тұрып жатқан отан­дас­та­рымызбен байланысты қамтамасыз ететін елі­міз­дегі жалғыз үкіметтік емес ұйым. Мамыр ай­ында министрліктің тікелей қатысуымен 35 елден 700-ден астам қатысушы қатысқан Дү­ниежүзі қа­зақ­тарының IV құрылтайы табыспен өткен болатын. М. Құл-Мұхаммед тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы аясында өткізілетін іс-шараларға ерекше тоқталып, оның нақты жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Бір-екі апта ішінде «Менің Қазақстаным!» мерейтойлық пойызының туры бастау алатын­дығын, осы ауқымды әлеуметтік акция аясында үздік шығармашылық ұжымдар мен Қазақстан эстрадасының жұлдыздары еліміздің аймақ­тарында өнер көрсететіндігін мәлімдеді. Аталған мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кез келген қоғамның мәдениеттен тыс өмір сүре алмайтындығын, мәдениет саласы қашанда болсын қоғамның рухани әлеуетін дамытудың аса маңызды құрамдас бөлігі екендігін атап көрсетіп, тиісті мемлекеттік органдарға бюджеттік комиссия оты­рыс­тарында мәдениет мәселесін қаржыландыру ісіне дұрыс назар аударуды тапсырды. Мұнан кейін еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуының үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындысы қаралды. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов үстіміздегі жылғы сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы таяу кезеңге бірқатар міндеттерді қойғандығын айтып өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасын оры­н­д­ау үшін Үкімет 2011-2015 жылдары экономи­ка­ның 7%-ға өсуін қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі ба­ғыттарын қабылдады. Қабылданған шаралар 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақ­станның ішкі жалпы өнімінің 7%-ға өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Экономиканың өсуі өнеркәсіп өндірісін өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 5,8%-ға, құрылыс жұмыстарын 1,7%-ға, сауданы 14,3%-ға, көлік қызметтерін 6,5%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібі өндірісі тау-кен өндірісі секторымен салыстырғанда екі есе жылдам қарқынмен өсуде. Бұл негізінен химия өнеркә­сі­бін 17,5%-ға, резеңке және пластмасса бұйым­да­ры өнеркәсібін 13,3,%-ға, металлургия өнер­кәсібінде – 11,5%-ға , машина жасауда  26,4%-ға ұлғайту есебінен мүмкін болды. Өнеркәсіптік өндірістің өсуі барлық өңір­лер­де байқалады. Ең үлкен өсу Астана (44,9%-ға) және Алматы (21,4%-ға) қалаларында, Ақмола (38,9%-ға), Жамбыл (28,3%-ға), Ақтөбе (11,4%-ға), Алматы (10,7%-ға) облыстарында тіркелген. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айлары­ның қорытындысы бойынша сыртқы тауар ай­налымы өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тыр­ғанда 44,3%-ға ұлғайды және 34,9 млрд. АҚШ долларын құрады. Баяндамада міне, осындай жетістікке жетуге Индустрияландыру картасы жобаларын іске асырудың үлкен әсер еткендігі атап көрсетілді. Индустрияландыру картасы құрылыс кезеңінде 167 мыңнан астам жұмыс орнын және пайдалану кезеңінде 140 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның аясында жиыны 8,3 трлн. теңгенің 469 жобасы жүзеге асуда. Тек 2010 жылы ғана Индустрияландыру картасы бой­ынша 23 мың тұрақты жұмыс орны құ­рыл­ды. 803,4 млрд. теңгенің 152 жобасы іске қосылды. 2011 жылы шамамен 700 млрд. теңгенің 200 жобасын жүзеге асыру жоспарланса, соның ішінде бірінші жартыжылдықта жалпы құны 114,9 млрд. теңгеден астам 75 жоба іске қо­сылып, қосымша 4 мыңнан астам уақытша және 6 мың тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етті. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында шамамен 600 млрд. теңгенің 129 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаларды іске асыру эко­номикадағы инвестициялық белсенділікті қам­та­масыз етеді. Негізгі капиталға инвестициялар бірінші жыртыжылдықта өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға өсті және 1,4 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте, инвести­ци­я­лар­дың жалпы көлемі – 46,9%-ы кәсіпорындардың жеке қаражаттары есебінен жүзеге асырылды. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің халықаралық резерві тұтастай, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда 23,4%-ға өсіп (38,5 млрд. АҚШ доллары) 73,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Кеден одағы шеңберінде өңірлік интеграция­ны тереңдету бойынша жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жылдың бес айында Кеден одағының жұмыс қорытындылары біздің өніміміздің Ресейге экспорты 59,6%-ға, Белоруссияға 2,3 есеге өскенін көрсетті. Ресейден импорт 2,6 есеге, Белоруссиядан – 6 %-ға өсті. Кеден одағы елдерімен тауар айналымы 9,4 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни 2,1 есеге өсті және Қазақстанның жалпы тауар айналымының 19,6%-ын құрады. Инфляцияның деңгейі ағымдағы жылдың басынан бастап 5,1%-ды құрады. Бұл ретте азық-түлік тауарлары бағасы 2011 жылғы мау­сымда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстыр­ғанда 8,0%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 2,5%-ға, ақылы қызметтер – 4,1%-ға ұлғайды. Мемлекеттік органдар инфляцияға қарсы сая­сат шеңберінде бағаның өсуіне ықпал ететін факторлардың әсерін төмендету бойынша шаралар қабылдауда. Қайрат Келімбетов бірінші жартыжылдық қорытындысы аясында Елбасының тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан басқа да маңызды шаралардың орындалу барысына тоқталып өтті. Олардың бірсыпырасын Үкімет бетінде әңгі­мелейтін боламыз Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Елбасының Үкіметке берген ең басты тапсырмасының бірі экономикалық дамуды 7 пайыздық деңгейден кемітпей ұстап отыру екендігін атап өтіп, осыған қол жеткізудің кешенді шаралары белгіленіп отырғандығын тағы бір еске салды және Экономикалық даму және сауда министрлігіне олардың орындалуын үнемі қада­ғалап отыруды, 7 пайыздық дамуды қалт жібермеуді тапсырды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.