• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Елордадағы Орталық мешіт

487 рет
көрсетілді

Онда бір мезетте 5 мың мұсылман мінәжат ететін болады

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Алайда Қазақстан тұр­ғындарының басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Сон­дық­тан мемлекетіміз мұсылман ел­дері қатарынан саналады. Биылғы жылы еліміз Ислам ынтымақтастығы ұйымына төр­ағалық етуде. Бұл Қазақ­стан­ның ислам әлемінде ала­тын орнының маңыздылығын білдіреді. Осы орайда айта кетер бір жәйт, соңғы мәлі­мет­терге қарағанда Қазақстанда мұ­сыл­мандыққа бет бұрған жандар мен Алланың жердегі үйі – мешіттер саны күннен-күнге артып келеді. Ал ме­шіт­тің көбеюі халқымыздың иман­­ды­лық ишаратының бекіп келе жатқандығын көрсетеді. Жалпы, мешіт салудың сау­аптылығы жөнінде Мұхаммед Пай­ғамбар (с.ғ.с) заманынан бізге мынадай әңгіме жеткен. «Ос­ман ибн Аффаннан (р.а) риуаят еткен хадис шарифте Пайғам­барымыздың (с.ғ.с) «Кім Алла­ның дидарын қалап, оның жердегі үйін тұрғызса, Алла тағала оғ­ан жәннатта сондай үй тұр­ғы­за­ды» ­ дегенін естідім», деген екен. Мешіт салу сауабының зор екенін осыдан байқауға болады. Әрине, елордамызда мешіттер жоқ емес, бар. Алайда «Нұр-Астана», Сә­дуақас қажы Ғылмани мешіттерінде жұма намазына қатысу­шылар саны бұл мешіттердің сыйымдылығынан бірнеше есе асып түседі. Оның үстіне Астана халқының көбеюі мен иман­ды­лық парызын өтеуге бет бұрған жандар санының артқандығы та­ғы бар. Аталмыш мешіттерге жи­налған, бірақ  сыймаған жандар сыртта тұрып құлшылық жасайды. Жалпы, Қазақстан бойынша 2200-ден астам мешіт бар екен. Ал Астана қаласындағы мешіттер саны тағы бірге көбейетіні туралы бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында жиі жарияланып келеді. Атап айтсақ, 2009 жылдың 29 маусымында елордада жа­ңа Орталық мешіттің іргетасы қа­ланды. Осыдан екі жыл бұрын бес мың адамға арналып салы­на­тын жаңа мешіттің орнында бо­лып, оның алғашқы естелік құ­тысын өз қолымен орналастыр­ған Елбасы оның Қазақстанның және Астана қаласының шежіресіне енетін ерекше оқиға екендігін айтқан еді. Алуан діндер үйлесімінде тату-тәтті өмір кешіп отырған Қазақстан халқы­ның болашағы жарқын, бірлігі мығым, діні берік болсын деген ниетпен осы жаңа мешіттің ірге­тасын қалап отырмыз, деген бо­латын. Содан бері Мемлекет басшысы осы мешіт құрылысы алаңына жиі со­ғып, бақылап, назарында ұстап келеді. Жаңа мешіттің сәулеті рес­пуб­ликалық ашық сәулет кон­кур­сының қорытындысында ұсы­нылған 26 жұмыстың ішінен ең үздік деп танылған жоба. Астана қаласының бас жобасында жаңа мешіт қалалық құрылыс ан­сам­блі­нің солтүстік­-шығысында ор­наласқан. Онда  жаңа құ­ры­лыс­қа дейін Тәуелсіздік сарайы жә­не «Қазақ елі» монументі алаңы, Шығармашылық үйі, Археология және этнография музейі, Бейбітшілік және келісім сара­йы бой көтеріп, ұқыпты орна­ласқан. Мешітке тапсырыс беруші «Самұрық­-Қазына» ұлттық әл­-ауқат қоры қарамағындағы кор­поративтік қордың берген мә­лі­метіне орай, орталық мешітке бір уақытта 5 мыңнан астам адам сыя алады екен. Мешіт құрылысын «Самұр­ық­-Қазына» ұлттық әл-­ауқат қо­ры қарамағындағы корпоративтік қор тапсырысымен 2010 жыл­­дың жазынан түрік­тің «Сем­бол» компаниясы бастап кетті. «Сембол» компания­сы­ның бас­қар­ма төрағасы Айтекин Туф­фан­ның айтуынша, жоба құ­ны 10 млрд. теңгені құрайды. Ме­­шіт сәулетіне жарияланған бай­қауға жер-жерден өтінімдер келіп түс­кен. Ал оның құры­лы­сын жобалау құқығын «Санар» ком­па­ниясы жеңіп алған болатын. Мешіттің жалпы құрылы­сы­на кеңірек тоқталсақ, оның бас­ты намаз оқитын орталық залы күмбезбен көмкеріледі. Жаңа ме­шіт дәстүрлі ислам стилінде салынуда. Дегенмен ұлттық реңк те жоқ емес. Жоба класси­калық ислам стилі мен дәстүрлі қазақ орнаменті және декоративті элементтер қосындысы ретінде құрастырылған. Сәулеттік ансамбль шартты түрде екі блоктан тұрады. Онда негізгі мешіт ғимараты және оған жалғасатын стилобатқа орналасқан вестибюльді алаңдар тобы. Негізгі блок екі қабаттан тұрады, ал вестибюльді бөлігі үш қабатты. Ғимараттың жалпы ауданы 17,7 мың шаршы метр, ал жалпы құрылыс аумағы 20,6 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт кешеніне мешіттің өзі, оқу-ағарту тобы, құран оқитын зал, мейрамхана, ас бөлмесі, ерлер мен әйелдерге арналған дәрет алатын орын, Имам орын-жай­ла­ры, некелесу мен вип орын­дары кіреді. Мешіт ғимараты жоспарда симметриялы, ось кө­лемі 78.00 х 137.40 м. Қасбеттің сыртқы қабырғалары табиғи тас­пен, фибробетонмен қаптал­ған, сондай-­ақ ашық түсті декоративті плиталармен қап­та­лады. Ал темір-бетонды күм­бездер металмен өріледі. Бас күмбездің нөлдік белгіден сана­ғандағы биіктігі 51 м., ал диаметрі 28,1 м. Оны жиектеуші күм­бездер саны – 8, диаметрлері  10,45 м.  Вестибюль күмбезінің диа­метрі 15,2м. Бұл ерекше ғи­ма­раттың соңғы қорытынды ак­корд­тарын ортасынан есептегенде тең қа­шықтықта орналас­қан төрт жақ­тан төрт мұна­ра­ның орналасуы толықтыра түсе­ді. Олардың әр­қайсысының биіктігі – 77 метр. Жұмыс жобасын­да мешіт айна­ла­сын көгалдан­ды­ру мен абат­тан­дыру, гүл кө­шет­те­рін отыр­ғызу, 5 субұр­қақ­ты қосқанда шағын сәулет фор­маларын орнату, түнгі мезгілде оның қа­быр­ғаларын декоративті жарық­тан­дыру қарастырылған. Жолдар мен жаяу жүргінші жү­ретін жол­дарға гранит плиталар тө­селмек. Кешеннің жаны­нан келушілерге арналған 745 мәшине сиятындай ашық авто­тұрақ салу жоспарланыпты. Жал­пы, Алла­ның жердегі үйін салу оңай дү­ние емес, оған қоса ұлт­тық реңк бере отырып жобасын салу ас­қан нәзіктікті қажет етеді. Осы орайда Астанадағы зәу­лім жаңа мешіт ғимаратының бас дизайнері, туынды авторы Са­ғындық  Жамболатовтың ең­бе­гін айтып өткен жөн. Мешіттің салыну қаржысы қайырымдылықтан түскен. Бір айта кетерлігі, мешіт мемле­кет­тің емес, жеке азаматтардың қар­жысына салынатынын Елба­сы­ның өзі де атап өтті. Мешіт құрылысының бітуі басқа уа­қыт­қа жоспарланғанмен ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдығы қар­са­ңын­да тарту ретінде қолданысқа берілмек. Соған байланысты мешіт құрылысы қарқынды  жүріп жатыр. Астана қаласындағы ғимарат ансамбльдерінің сұлу әрі қолай­лы болып орын тебуі заңдылық. Бір себептен бас қаланың бейнесі Қазақстанмен ұғымдасып, жым­­дасып кетсе, екінші себептен әуел бастан-ақ үйлесімді, мақ­­сат­ты түрде Елбасы ойында тұр­ғызылған жаңа Астана идея­сы­ның шынайы көрінісі. Қазақстанның тәуелсіз тари­хында жаңа ерекше оқиға бо­лып табылатын бұл жаңа мешіт елі­міздің берік ұстанымы мен бола­шағының сипаты секілді. Сә­ні мен абыройы асқақ Ас­та­на­мыз­дың үлгі болар бейнесі ас­қақтай берсін деп тілейік, ағайын! Венера ТҮГЕЛБАЙ. Суреттерде: мешіт макетінен көріністер.