• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2011

Бап пен бақ

358 рет
көрсетілді

Әлем чемпионатының ширек финалы да келіп жетті. Оған Қазақстан құрамасынан іріктеу жекпе-жектерінен сүрінбей өткен 9 боксшы жолдама алды. Өкінішке қарай, 4 боксшымыздың келесі айналымға шығуға шамасы жетпеді. Осы сында жаңағы жеңілген төрт баламыз жаман өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Олжас Қа­лау­бек (46 кг.), Әлібек Басапа (48 кг.) Рауан Затулла (52 кг.), Ерболат Ермеков (57 кг.) ширек финалға шығуға барын салды. Тіпті соңғысы бірінші кездесуде қарсыласын ұтып, біраз уақыт үмітін арқалап жүрді. Бірақ, бокстың аты бокс. Спортта жеңіс пен жеңіліс, сүйініш пен күйініш қатар жүретіні белгілі. Бұл бәсекеде ең болмаса төртеуінің екеуінің жарысты жалғас­тыруға жөні бар еді. Мысалы, 16 жас­тағы Олжас Қалаубек спорт шеберлігіне үмі­ткер, осы кезге дейін 28 кездесу өткізіп, соның екеуінде ғана жеңіл­ген. Қалған жекпе-жектерінде қар­сы­ластарын оңдырмай сабаған боксшы. Әлібек Басапа да сол сияқты. 29 рет рингке шығып, соның алтауында ға­на жеңіліс тапқан. Осыны ойлап тө­ре­­шілер тарапынан бір қысастық, құрбандық ету сияқ­ты нәрселердің болуы әбден мүмкін деген ой­лар да келетіні жасырын емес. Дегенмен қарсы­ла­старымыздың жо­лы болса, соңынан сөз ерітіп, төре­шілерге сын айтатын біз емес. Біздің жеңілген ба­лаларға енді осыдан сабақ алып, тә­жі­рибе жинақ­тай беру ғана қалады. Ал ширек финалға шыққан боксшы­лары­мыздың бәрі қазір жарап тұр. Сейсенбі күні олар келесі айна­лымға жолдама алу үшін қолдан кел­геннің бәрін жасады. Бекжан Кібіт­қалиев (54 кг.) пен Аян Қалибеков (60 кг.) әзербайжан мен неміс боксшы­ларының екі аяғын бір етікке тықты десе болады. Ал ауыр салмақтағы Дидар Төлегеннің жеңіске деген жігерлігі бірден көзге ұрады екен. Кешегі айқаста қарсыласын жең­ген ол «Мен әлем чемпионы боламын» деп бірден кесіп айтты. Аузын ашса, ар жағынан жүрегі көрі­не­тін бұл бала­ның осы сөзіне қалай риза болмай­сың. Ол өзі 18 рет рингке шығып, со­ның екеуінде ғана жеңілген екен. Осы жолдан таймаса, оның 2016 жыл­ғы олимпиа­даға ба­руы әб­ден мүм­кін. Тіл-көзден сақ болса, Дидардың алар асуы әлі алда. Қа­зір бізде ауыр салмақтағы бокс­шы­лар аз, олар­дың арасында бәсе­ке­лес­тік жоқ деп жиі айтатын әдетіміз бар ғой. Соны ескеріп, бапкерлеріміз осын­дай балаларды  ауыл ауылдан жағалап жүріп алып, тәр­биелеп, боксшы етіп өсірсе дейміз. Бұл  мә­селе бүгінгі қазақ спортының бас ауыртып тұр­ған басты мәселесі. Ал оны шешу ынта мен жігерге бай­ла­нысты. Егер бәріміз болашағы­мыз­ды ой­лап, балаларға жол көрсетіп отыр­сақ, ертең олар­дың ел намысын қор­ғап, мерейімізді өсіре­тіні сөзсіз. Осы ретте біздің жасөс­пірімдер құра­ма­­сы­ның басым бөлігін тәрбиелеп, өсір­ген білікті бапкер Заңғар Қас­қаев пен құраманың аға бапкері Сұлтан Костоевтың алдын­да үлкен міндет тұрғанын атап өткен жөн. Қа­зір осы бапкер­лері­міздің бір ең­бегі, ол елімізде тұңғыш рет өтіп жат­қан әлем чемпионатына 13 баламен барып, соның 9-ын ширек финалға шығар­ғаны деуге болады. Солардың қата­рында сейсенбі күні әдемі өнер көр­сеткен Заңғар Темірхан, Дәуітбек Қайыргелді, Ақылбек Әділғалиев, Дәулет Байғабатов, Асқар Дүйсәлі мен Тілек Қозбақов­тың алдағы ай­қас­тарда бапкер­лер­дің үмітін ақтап, жүлделі орындарға күресетініне сенім мол. Дастан КЕНЖАЛИН.