• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2011

Айтылған ойды қолдаймыз!

504 рет
көрсетілді

Көңілде жүрген мәселе

Үстіміздегі жылдың 12 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газеті Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төр­аға­сы, бас мүфти, шейх Әбсат­тар қажы Дербісәлінің кәсіпкерлер мен ел халқына жолдаған «Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық» атты үн­деуін жариялаған болатын. Біз бүгін сол үндеуге байланысты редак­цияға келген бір топ оқырман хатын жұрт назарына ұсынып отырмыз. Әбсаттар қажы Дербісәлі айтқандай ораза кезінде көтерілетін баға­ны, керісінше 10 пайызға дейін төмендету ісі – ислам мен оразаға деген құрметтің ішіндегі ең абзалы. Оны сауда төңірегінде жүрген азамат­тардың садақасы, қайырымдылығы деп түсінген дұрыс. Мысалы, араб мемлекеттерінде мейрамхана мен дәмхана иелері Рамазан айын­да­ғы ауызашар кезінде көшедегі адамдарды ауызашарға шақырады. Ал күн­діз асханалары жұмыс істемейді. Өйткені, ораза кезінде күндіз та­мақ­та­нуға болмайтыны ескерілген. Ал бізде рамазан айында күндіз ас беріліп жатады. Рас, өмір бар жерде өлімнің де бары ақиқат. Қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы оразамен тұспа-тұс келуі әбден мүмкін. Ондай жағдайлар белең алған күннің өзінде ас тек кешкілік уақытта берілгені ойға қоным­ды. Ал Рамазан айында елді жинап, тамақ беру – үлкен күнә. Бұл айда тіпті кешкі уақыттарда өтетін туған күн, сырға салу, қыз ұзату, үйлену сияқты той-томалақтың бәріне шектеу қойылуы қажет деп білеміз. Алатау аудандық ардагерлер кеңесі. Алматы қаласы.

Халықтың жайын ойлау деген осы

Әбсаттар қажы Дербісәлінің еліміздің бас газеті «Егемен Қазақ­станда»  жарық көрген  «Жарылқаушы айда жұртқа  жеңілдік жасайық», – деп аталатын үндеуін мен де аса  қызығушылықпен оқып шықтым. Бас мүфтидің ондағы  барлық ой-тұжырымдары маған да үлкен ой салды. Сондықтан  республикамыздың  беделді басылымына  өз пікірімді жолдағанды жөн көрдім. Ең алдымен  айтарым,  Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл үндеуінде  мұсылман бауырларымыздың қамын ойлап, солардың мүддесін көздеп отыр десем, өзімді бас мүфтидің Рамазан айында  дүкендер мен базарларда азық-түліктердің, сондай-ақ қонақүйлер мен  қоғамдық қызметтердің бағасын 10 пайызға жеңілдету  жөніндегі пікірі  өте тәнті етті. Енді соны  сол салаларда  қызмет атқаратын кісілер қызу қолдаса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай -ақ  Әбсаттар қажы Дербісәлі  аталған үндеуде  ораза  кезінде  мейрамханалар мен жиын-тойларда  ішімдіктің ешбір түрі  ішілмеуі, оның дүкендерде сатылмауы жөнінде де  мәселе көтереді. Меніңше,   бұл ойлар  да  барша    жүрегінде иманы бар азаматтарды  бей-жай қалдырмайды. Мен осы үндеуді толығымен қолдаймын. Жүрген жерлерімде  жұртшылыққа оның маңызы мен  ерекшелігін айтудан жалықпаймын. Кәмшат   ДӨНЕНБАЕВА, Социалистік Еңбек Ері. Қостанай облысы.

Саламатты өмір сүрейік

Таяуда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дінбасымыз Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің қасиетті Рамазан айы қарсаңындағы министрлер мен ведомоства жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіп­кер­лерге және жалпы халыққа арнаған үндеуін оқып, көпті көрген ардагер ретінде үн қосуды жөн көрдім. Жалпы, Бас мүфти халқымызды иман­ды­лыққа бастап, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырып, төл дініміз – Исламды насихаттауда қыруар жұмыс атқаруда. Осын­дай жемісті еңбектің нәтижесінде қазір дін жолына түсіп, имандылыққа бет бұрған қандастарымыз да күн санап көбейіп келеді. Әсіресе, егемен еліміздің ертеңі болар жас ұрпақтың дінге деген көзқарасының жақсар­ғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мүфтидің жыл сайын халыққа жолдайтын үндеуін оқып, саналарына тоқыған көптеген азаматтар қазірде қуаныш-тойларын арақ-шарап­сыз өткізуде. Оған күнделікті өмірде өзіміз де куә болып жүрміз. Енді, міне, ел тәуелсіздігіне 20 жыл толған елеулі мерейтойда тағы бір үндеуін жариялады. Онда халықтың әлеуметтік жағдайына да ерекше мән беріліпті. Атап айтсақ, дінбасымыз, кәсіпкерлерден қа­сиет­ті айда азық-түлік, қызмет түрінің бағасын қымбаттатпай, керісінше, Алла­ның разылығы үшін 10 пайызға арзан­датуды сұрайды. Расында, жыл сайын ора­за басталысымен базардағы азық-тү­лік бағасы тым шарықтап кететіні белгілі. Сонымен қатар, барлық жамандықтың бастауы саналатын арақ-шараптан мүлде аулақ болуға шақырады. «Жұртымыз қасиетті айда арақ-шараптан, Аллатағала тыйым салған басқа да харам әрекет­терден аулақ болса деймін. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса...»-дейді мүфти өз үндеуінде. Пайғам­бары­мыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өз хадисінде «Аллатағала ішімдік ішкенді, ішкізгенді, сатқанды, сатып алғанды, оны жасап шығарғанды лағынеттеген» – депті. Сондықтан, құрметті отандастар, дін­басымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазі­реттің осынау игі бастамасын қолдай оты­рып, тек Рамазан айында ғана емес, харам әрекеттен, арақ-шараптан мүлде аулақ болып, саламатты өмір сүруге ша­қы­рамын. Алда келе жатқан қасиетті айды ақ ниетпен, жақсы тілекпен қарсы алып, Аллатағаланың разылығына бөле­нейік дегім келеді. Сейітжан ТӘБӘРІКОВ, еңбек ардагері. Семей қаласы.

Жеңілдік жасауды жөн көрдік

Үндеудің мақсаты – Рамазан айының қадір-қасиетін арттырып, мұсылмандарға ораза айы кіргендігін шынайы сездіру. Шын­дығында, қасиетті Рамазан айын өз дәреже­сінде атап өту және құрмет көрсету исі мұсылман баласының бір міндеті іспетті. Сол себепті астаналық бір топ кәсіпкерлер дінбасы Ә.Дербісәлі хазіреттің үндеуіне үн қоса оты­рып, Рамазан айы қарсаңында өз сауда орта­лықтарымызда жұртшылыққа 10 пайыздық жеңілдік жасауды жөн көрдік. Сондай-ақ, еліміздегі барша кәсіпкерлерді бас мүфтидің үндеуіне қолдау білдіруге ша­қы­рамыз. Аллатағала қасиетті Рамазан айын­да барша жұртшылыққа рақымы мен мейірімін төгіп, ризығымызды мол етсін деп тілейміз. Ведат Далкиран, «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының бас директоры, Сердюк Богдан,  «Рамстор» сауда орталығы­ның Астана және Қарағанды аймақтық ди­ректоры; Нұрлан Алжанқұлов, «Алит» компа­ниясының директоры; Сәуле Данияр­қызы, «Кәусар» халал  кешенінің басшысы; Қуаныш Нұрқиянов, «Бакара» ет комбина­тының директоры; Талғат Жылқы­баев,  «Төрт түлік» халал ет дүкенінің директоры.