Көлемді «қағаз» энциклопедияға қанша мақала сиғызуға болады? Бірнеше он мыңдай. Ал кітапханаға барып, қажетті томдарды іздеу әрине қыруар уақытты алады. Сондықтан Джимми Уэльстің қолжетімді онлайн режімінде интернет-энциклопедия құру жөніндегі идеясы әлемді тез арада жаулап алды. Осыдан он жыл бұрын идея авторы мен оның досы Лари Сэнгер ашқан «Википедия» атты сайтта алғашқы мақалалар пайда болды. 2011 жылдан Википедия 281 тілде жарық көреді. Онлайн энциклопедиядағы ағылшын тіліндегі мақалар саны 3,5 миллионға жетіп, ағылшын және француз тарауларында миллионнан астам, ал орыс тілінде 730 мақала жарияланды. Тіпті Британ энциклопедиясы сияқты кең көлемді академиялық кітап басылымының өзі ауқымдылығы мен контенттің әртүрлілігіне келгенде осындай жаһандық интернет-ресурспен теңесе алмайды. Wiki-технология кез келген интернет пайдаланушы үшін білімдерді алмасу мен алудың ең тамаша тәсілі. Іс жүзінде Википедия – шексіз көлемдегі ақпараттарды алмасудың бүкіләлемдік желісі, ал энциклопедияшылар клубына әлемдік интеллектуалдық қауымдастықтың кез келген мүшесі ене алады.
Академиялық редакциясы жоқ, сапасы мен ақиқаттығы тек олардың авторларына ғана байланысты болатын интернет-сайттарға қатысты белгілі сенімсіз көзқарастың өзі Википедияның танымалдылығын төмендете алған жоқ. Оның мазмұны жанды организм ретінде үнемі даму үстінде, қателерді өзге редакторлар жөндеп отырады, ақпараттар көзіне сілтеме жасау – міндетті ереже болып табылады. Ақпараттық дәуірдің перзенті – Википедия туындатушысы бүкіл адамзат болып табылатын теңдесі жоқ білім беру базасына, планеталық өркениеттің тұрпаты мен мазмұнын бейнелейтін матрицаға айналуда.
Қазақстан да әлемдік Википедия құрамынан лайықты орын алу үшін өз өтінішін берді. 2011 жылдың маусымынан бастап біздің республикамызда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Қазақша Википедия» жобасы мемлекеттік тілде жүзеге асырылуда. Қазақша Википедияның авторы әрі меншік иесі «Wikimedia Foundation Ink.» халықаралық қоры болып табылады, ал әкімші мәртебесіне «Wikibilim» қазақстандық қоғамдық қоры ие болды. Республиканың Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Қазконтент» АҚ жобаға ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп отыр.
Ол басталған 16 маусымнан бастап 16 желтоқсанға, яғни Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын тойлау күніне дейін жобаның бірінші сатысында қазақша онлайн-энциклопедиядағы мақалалар саны 200 мыңға жетуі тиіс! Мұндай, орындалуы қиын көрінетін міндет жобаға бастама білдірушілерді қаймықтырып отырған жоқ – өйткені белсенді пайдаланушылар қатары күн санап өсіп келеді, ал мақалалар саны қазірдің өзінде 60 мыңға жеткен. Отандық Википедияны жасауға ұлттық энциклопедия редакциясының сыртында өңірлік, салалық энциклопедиялар мен анықтамалықтар тартылған. Сол сияқты жобаға бастама жасаушылар шет тілдеріндегі көздердегі ақпараттарды қазақ тіліне жаппай аудару жөнінен де бұрын-соңды болмаған науқанды бастауға дайындалуда. Википедия рейтингінде Қазақстан қысқа мерзімде 125-інші орыннан 49-ыншы орынға көтерілді. Бірақ мәселенің мәні рейтингтік көрсеткіште емес. Wiki-технология көмегімен елдегі әрбір интернет пайдаланушы қазақ тіліндегі әмбебап мәліметтерге қол жеткізетін болады. «Қазақша Википедия» Президент Н.Назарбаевтың азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруі жөнінде қойған міндетін нәтижелі түрде алға бастыратын интеллектуалдық желілік тұғырнама болу мақсатын көздейді.
«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Тимур Құлыбаев жобаға қатысушыларға арналған үндеуінде былай деп атап көрсеткен: «Бүкіләлемдік желіде қазақ тіліндегі ауқымды контенттің болуы тілді сақтау мен дамытудың шешуші факторына айналуда. Сөз жоқ, Википедия сол сияқты халықтың сауаттылық деңгейінің өсуіне де елеулі үлес қосып, қоғамның ақпараттануында ықпалды құралға айналатын болады. Мәні жағынан осындай зор мақсатқа қол жеткізуде «Самұрық-Қазына» қоры мүмкін деген ықпалын барынша тигібек. Біз ол үшін көптеген адамдардың – интеллектуалдар мен патриоттардың күш-жігерлері қажет екенін жақсы түсінеміз және іске бейтарап қарамайтын азаматтарды, әсіресе білімді жастарды қазақша Википедияның энтузиастары болуға шақырамыз».
Экономикалық әлеуеттің, ғылым мен білімнің дамуы, елдің ұлттық идеясы мен идеологиясының қалыптасуы, патриотизмге тәрбиелеу ақпараттардың негізгі жеткізушісі – мемлекеттік тілді дамытпайынша мүмкін емес. Қазақ тілі іс жүргізуден бастап, тұрмыстық қызмет көрсетуге дейін өмірдің барлық салаларын жедел қарқынмен қамтуда. Бірақ ол қазіргі заманғы коммуникация құралына айналып, өзінің көкейкестілігі мен ақпараттық мазмұны жағынан күн сайын қажет болып, Қазақстандағы барлық өмірлік маңызды үдерістердің лингвистикалық тұғырнамасына айналған кезде ғана оның рөлі талас тудырмайтын болады. Ана тілінің дамуына неғұрлым мүдделі қазақ ұлты үшін «Қазақша Википедия» туған тілдің қолдану аясын кеңейту жөніндегі міндеттердің төңірегіне кең ауқымда бірлесудің нағыз құралы болып табылмақ.
«Қазақша Википедия» тағы бір маңызға ие – ол Қазақстанның ақпараттық егемендігін нығайтуға жағдай жасайды, қазірдің өзінде интернет-қауымдастығына кіретін барлық қазақстандықтар үшін шешуші коммуникациялық факторға айналып отырған интернет-байланысындағы оның тілдік бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жоба авторларының келесі бір ой-мақсаты – қазақша Википедияны толықтырумен айналысатын ынталылар қауымдастығын қалыптастыру. Ол онлайн-энциклопедияның сапалы өсуі үшін өте қажет, өйткені уақыт өте келе жүздеген мың мақалаларды мазмұндық және құрылымдық жаңарту қажет болады, ал оған шағын редакцияның күші жете бермейді. Мемлекеттік тілді білетін және ғылыми, сондай-ақ қоғамдық-пайдалы білімдердің кең ауқымын меңгерген әрбір интернет пайдаланушының жеке қатысуы ғана Википедияны сұранысқа ие энциклопедиялық ресурсқа, сол сияқты Қазақстанның бұқаралық әлеуметтік желісіне айналдыра алады.
Егер Сіздерді қазақша Википедияны дамытуға, демек қазақ тілін қолдауға да өз үлесіңді қосу мүмкіндігі қызықтырса, http://kk.wikipedia.org. сайтына кіріп, жаңа мақалалар жазуға қатысыңыздар немесе бұрыннан барларын редакциялаңыздар. Әрине, сол сияқты «Қазақша Википедиядан» әр кезде де сан-алуан сауалдарға өте кең көлемде жауаптар алуға болады.
Есенбай ТАҢАТАРОВ.