Он жыл бұрын ел мен елді жалғаған «Теңіз – Новороссийск» құбырын кеңейту жобасы басталды
Ел тәуелсіздігінің экономиканы өркендетуге тікелей жемісі көп. Соның бірі тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала, яғни 1992 жылы негізі қаланған жобалардың бірі–Қара теңіз жағалауына төтелей тартылған жаңа мұнай құбыры. Жылыой ауданындағы “Теңіз” кенішінен Новороссийск айлағына дейін созылған 1500 шақырымнан асатын құбыр құрылысын жүргізу үшін Каспий құбыр консорциумы құрылды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы және Оман сұлтандығы арасында келісім жасалды. Мұны мұнайшылар Елбасының төл жобасы деп атайды. Бұл — шындық. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен, табандылығымен іске асырылған нақ осы жоба арқылы “Теңіз” кенішінің “қара алтынын” әлемдік рынокқа төтелей шығаруға дәліз ашылды. Дегенмен, бел-белесті қуалап, ел мен елді бір-біріне жалғаған төте құбырдың дені Ресей жерімен өтетіндіктен, көрші ел басшыларын келіссөзге көндірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына сапарының бірінде бұл жоба туралы былай деп еді:
– Атырау — қарқынды өркендеп, өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Әлі де қарқынды даму үдерісі жалғаса береді. Облыс экономикасын көтеру, мұнай кеніштерін игеру үшін “Шеврон” компаниясын елге инвестиция салуға әкелдік. Себебі, жеріміздегі мол мұнайды игеруге өзіміздің технологиямыз болмады. Осы инвесторды әкелмесек, жердің астындағы мол байлық жата беруі мүмкін еді. Сондықтан шетел инвестициясын көптеп тарттық. Мұнайды өндіргеннен кейін оны шетел рыногына сату жолдарын іздеу керек болды. Сол себептен, Қара теңізге тікелей мұнай құбырын тарту жобасын қолға алдық. Әрине, бұл оңай жоба болмады. Алты жыл бойы Ресей басшыларымен келіссөздер жүргіздік.
Расында да солай. Ресейдің сол кездегі Президенті Борис Ельцинмен алты жыл бойы аянбай келіссөз жүргізген Елбасының табандылығы өз жемісін берді. Бастапқыда төрт кезеңге бөлініп жүргізілетіні бағдарланған жобаның 4 миллиард АҚШ долларына бағаланған жалпы құнынан Ресейдің Астрахань облысы мен Қалмақ Республикасы, Ставрополь, Краснодар аймақтары бюджеттеріне түсетін салық мөлшері көңілге қонымды болатынын әуелгіде бағдарлай алмаған көрші ел басшылары, енді, бұл жобаның өздеріне тиімді болғанына көз жеткізіп отыр. Құбырдың қазақстандық бөлігінде 45 миллион доллардың жаңғырту жұмыстары жасалды. Бірнеше жерде құбыр бойымен сырғыған мұнайдың қысымын анықтайтын қондырғылар орнатылды. Қазір “Теңіз” кенішінен бастау алып, Ресейдің жоғарыда айтылған бірнеше өңірлері аумағымен Қара теңіз жағалауына маңдай тіреген құбыр бойымен мұнай тасымалданғалы 10 жылдан асты. Тиімді тұстары жоқ емес. Ең бастысы, қазақ мұнайының шетел рыногына жету жолының ұзақтығы едәуір қысқарды. Мұны шетел рыногына бағыт алған «қара алтын» жолына кесе-көлденең тартылатын, сапасына кері әсер ететін кедергілердің азаюы тұрғысынан айтып отырмыз.
Жоба бойынша бұл құбырмен 40 жыл бойына үздіксіз өнім тасымалдауға мол мүмкіндік болатынына болжам жасалған. Өйткені, Қазақстанда таяу жылдары өндірілетін мұнай көлемі күрт көбеймек. Әсіресе, “Теңізшевройлдың” екінші буыны аталатын жоба іске қосылғаннан кейін “Теңіздің” берер өнімі еселеніп шыға келді. Бұған қоса осы құбырмен Қарашығанақ газ конденсаты кенішінің шикі мұнайы да үздіксіз тасымалдана бастады. Оның үстіне, Атырау облысының Астраханьмен шекарадағы “Құрманғазы”, “Хвалынское” “Имашев” кеніштерінен өнім алынғанда оны тасымалдаудағы басты бағыт ретінде осы құбыр алдымен таңдалатыны дау тудырмайды. Себебі, осы кеніштерге ең жақын аралықпен өтетін бірден-бір құбыр бұл. Демек, аталған кеніштерді игеретін кәсіпорындарға экономикалық тиімділік жағынан оңтайлысы Қара теңіз бағытындағы құбыр болмақ. Сонымен қатар, келешекте Каспийдің қазақстандық секторынан алынатын «қара алтынды» да осы бағытпен тасымалдау нұсқасы таңдалып отыр.
Каспий құбырлы өткізгішімен «ҚазМұнайГаз», «Теңізшевройл» секілді ірі компаниялармен бірге, өзге кәсіпорындар мұнай тасымалдаудың тиімділігіне көз жеткізді. Консорциумның бас директоры Николай Платоновтың пікірінше, осы құбырмен 2001 жылдан бергі 10 жылдық кезеңде 260 миллион тонна мұнай тасымалданыпты. Соның ішінде Қазақстанның үлесі жыл сайын қомақтылана түскені даусыз. Мәселен, былтыр Қазақстаннан 34 миллион 923 мың тонна «қара алтын» аталған құбырмен шетел рыногына жол тартты. Консорциум басшылары құбырдың механикалық қуаты 2012 жылдан бастап тасымалданатын мұнай көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндігі барын айтады. Осы мақсатта консорциумға тиесілі құбырдың өнім өткізгіштік қуатын ұлғайту жобасы қолға алынып отыр. Бұл туралы консорциумның акционерлері былтырғы 15 желтоқсанда ортақ келісім жасады. Акционерлердің осы келісімі аясында кеңейту жобасының құрылысын 3 кезеңмен жүргізу жөнінде ұйғарым болған.
Құбырды кеңейту жобасының алғашқы кезеңі өткен аптада Атырау мұнай айдау стансасында бастау алды. Соған орайластырыла өткізілген шарада Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев аталған құбырдың Қазақстанда өндірілген мұнайды шетел рыногына төтелей шығаратын бірден-бір бағыт болғанына назар аударды. Министрдің пікірінше, бұл – тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында іске асырылған алғашқы халықаралық маңызды жобалардың бірі. Мұның ойдағыдай жүзеге асуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ерен еңбек сіңірді. Осылайша, Қазақстан-Ресей елдерінің интеграциялық байланысы тереңдей түсуіне оң ықпалын тигізді. Осы жобаның Қазақстандағы бөлігін іске асыру барысында Атырау облысының экономикасына 1 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаражат инвестиция ретінде құйылады. Құбыр құрылысына 2000-нан аса адам жұмысқа тартылса, жоба аяқталғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ресейдің Энергетика министрі Сергей Шматко да бұл жоба екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, сенімді әріптестіктің жемісі болды деп есептейді.
Консорциумның бас директоры Николай Платоновтың мәлім еткеніндей, 5,4 миллиард АҚШ долларына бағаланған кеңейту жобасының бірінші кезеңінде 5 мұнай айдау стансасы жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 88 километр құбыр үлкен диаметрлік түрімен ауыстырылады. Қара теңіз жағалауындағы айлақта мұнай сақтайтын 100 мың текшеметрлік үш қазан орнатылмақ екен. Бұл құбырмен тасымалданатын мұнайдың механикалық қуатын жылына 35 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді деп толық сеніммен айтады бас директор. Ал екінші кезең барысында жаңадан 5 мұнай айдау стансасын тұрғызу арқылы 2013 жылы құбырмен 48 миллион тоннаға дейін «қара алтынды» тасымалдау мүмкіндігі болатынына шек келтірмейді. Үшінші кезеңге жоспарланған тағы да 5 мұнай айдау стансасы, оған қоса өнімді сақтауға арналған 100 мың текшеметрлік үш қазанды іске қосу жобасы 2015 жылы толық аяқталмақ. Сол кезде Каспий құбыр консорциумы жылына 67 миллион тонна «қара алтынды» Қара теңіз жағалауына сенімді тасымалдай алады. Айтқандай, құбыр бойында іске қосылатын 10 мұнай айдау стансасының екеуі Қазақстан аумағында, яғни Атырау облысында салынбақ.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновтің мәлім етуінше, мұнайлы өңірдің кең қанат жая өркендеуіне серпін берген жобалардың қатарындағы Каспий құбыр консорциумында да қазақстандық үлесті арттыруға баса көңіл бөлінуде. Бұл –жергілікті мамандардың қосымша мамандықты меңгеруі, жұмысқа орналасуы. Жергілікті қазынаға түсер салық молайып, экономиканың өркендей беруіне ықпалы тиеді. «Тәуелсіз еліміздің мемлекеттілігін нығайту үшін бұл жобаның маңызы айрықша» деген Болат Дәукеновтің пікірінше, сонымен бірге өңірде Елбасының тікелей ұйытқы болуымен отын-энергетика саласындағы стратегиялық маңызы басым Каспий қайраңын игеру, ТШО-ның үшінші буын зауыты, газ-химия кешені секілді ірі жобалар іске асырылуда. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарушы директоры Нұртас Шманов консорциум құбырын кеңейту жобасы туралы былай деді:
– Қара теңіз бағытындағы төте құбырды кеңейту жобасы Қазақстан-Ресей арасындағы мемлекетаралық қатынастардың одан әрі табысты дамуы үшін, сондай-ақ, бүкіл әлемдегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайту тұрғысында басым бағытқа ие. Сол себептен біздің отандық «ҚазМұнайГаз» компаниясы құбыр желісін кеңейтуге байланысты келіссөздерге белсене атсалысты.
Жалпы, бұл құбырдың ел мен елдің арасындағы экономикалық, іскерлік байланыстардың буынын бекіте түсуге, интеграциялық ынтымақтастықты жандандыра беруге ықпалы өте зор. Оны концсорциумның акционерлері де жоққа шығармайды. Мәселен, «Шеврон» компаниясының вице-президенті Иен МакДональдтың айтуынша, аталған жоба Қазақстанның әлемдегі экономикалық қуатты елдер қатарындағы беделін көтере түседі. Өйткені, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен қолға алынған бұл жобаны іске асырушы Каспий құбыр консорциумы өз қызметінде өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікке баса назар аударады. Соңғы 10 жылдың ішінде Қара теңіз айлағында су бетіне бір де бір мұнай төгілу оқиғасына жол берілмеген. Құбыр бойында бір де бір апат болмаған. Сол себептен консорциум жұмысы халықаралық ICO:14001 және OHSAS:18001 стандарттары бойынша сертификатталғаны жобаның маңыздылығын айшықтай түседі. «Кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілгенде өндірістік жарақаттануды азайтудың «Incidents and injuries Free» әлемдік жетекші тәжірибесі қолданылады. Мұндай тәсіл Каспий құбыр консорциумына ірі құрылыс жүргізу барысында жарақаттану көрсеткішін нөлге жеткізу мүмкіндігін береді», дейді бас директор Николай Платонов.
Бас директордың пікіріне сүйенсек, кеңейту жобасы аяқталғанда консорциумның құбырымен тасымалданатын мұнай көлемі Босфор және Дарданелл бұғаздарының есепті өткізу мүмкіндігіне сай болмақ. Сондықтан бұл жоба Бурго-Александруполис жобасына немесе көмірсутектерін Қара теңіз бассейнінен жеткізудің өзгеше баламалы идеяларына сәйкестендірілмейді. Тасымалдау жүйесінің толықтай жүктелуінің басты кепілі –Қазақстандағы кен орындарынан өндірілетін мұнай көлемінің артуы. Консорциум басшылығы осыған үміт артатынын жоққа шығармайды. Өйткені, Қазақстанда таяудағы жылдарда мұнай өндіру көлемі бірнеше еселене түспек. Мәселен, «Теңізшевройл» –консорциумның ең ірі мұнай жөнелтушісінің бірі. Бұл шетелдік инвестормен бірлескен кәсіпорын былтыр 2009 жылмен салыстырғанда мұнай өндіруді 15 пайызға көбейтіп, тәулігіне 550 мың баррельге дейін жеткізген. Кәсіпорынның келешекте бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайту жоспары да бар. Сонымен бірге, консорциум Каспий теңізінің қазақстандық қайраңынан мұнай өндіру басталысымен қосымша тасымалданатын өнім ұлғая-тынына назар аударып отыр.
Кеңейту жобасына байланысты құрылыс жұмыстарын Қазақстан аумағында отандық компаниялар іске асырмақ. Ресейде де солай. Осыған орай бас менеджер Мейрам Ахметжановтың айтуынша, қазақстандық және ресейлік кәсіпорындарға, тауар өндірушілерге бірдей басымдық беріледі. Әрине, шетелдік компания ұсынған жабдықтама сапасы жоғары болғанда немесе қажет жабдықтар Қазақстанда, не Ресейде өндірілмейтін болса, мысалы, теңізге шығарылатын айлақ қондырғысына қатысты тапсырыс шарты шетелдік компаниямен жасалды. Осы саясат құрылыс жұмыстарына да қатысты қолданылады. Консорциум құбырдың бастапқы құрылысы кезінде Қазақстан мен Ресейде тәжірибелі компаниялар болмауына байланысты шетелдік орындаушыларды тартуға мәжбүр болған. Қазір отандық кәсіпорындардың әлеуеті артты. Қазақстанда да, Ресейде де мұндай маңызды нысандардың құрылысын сапалы жүргізетін компаниялар жеткілікті.
Міне, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы табысымыздың бірінен саналатын “Теңіз-Новороссийск” мұнай құбырының маңызы осылайша арта түсуде.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.