«20 игі іс» акциясы аясында өтіп, ел азаматтарының үлкен қолдауына ие болды
Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланғаны мәлім. Оған барынша дайындықпен бару әр қазақстандық үшін мәртебелі парыз. Өйткені, қазақ ұлты мен Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған белеске жету, өзгелермен терезесі де, керегесі де тең қуатты мемлекет ретінде әлем картасынан орын алу – бәріміз үшін мәртебе. Ұлт Көшбасшысының кемел саясаты арқасында бостандық, бірлік, тұрақтылық, өркендеу секілді арқаулы құндылықтарымыз қалыптасып, бейбітшілік пен жасампаздықтың айқын жолымен жүріп келеміз. Олай болса, Президентіміз атап өткендей, қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін жөндеп, қалпына келтіріп, көгалдандырып, үйлердің іші-сыртын әктесек, елдің де көңілі көтеріле түсері анық. Мерейлі мереке жақындаған сайын оған жан-жақты әзірлік шаралары Қызылжар өңірінде қарқын ала түскен. Облыс әкімі Серік Біләлов Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында «20 игі іс» атты акцияға бастамашы болып, солтүстікқазақстандықтар тарапынан кең қолдау тапқан еді. Ел тұрғындары мен азаматтарының, кәсіпкерлер мен шаруашылық жетекшілерінің ұйымдаса еңбектенуінің арқасында елді мекендердің жолы түзеліп, ауыз су тартылып, басқа да қам-қарекеттер жасалып, өмір сүру сапасы әжептәуір көтеріліп қалды. Таяуда ғана Жамбыл ауданына қарасты 35 үйлі Қарақамыстың шетте жүрген азаматтары жарық орнатып, намазхана ашып, ескі дүкен ғимаратын жөндеп, клубқа айналдыру шараларын атқарса, Уәлиханов ауданындағы Береке имандылыққа бет бұрып, «ішімдіксіз елді мекенге» айналса, өзгеше сипаттағы жарасымды дәстүрлер шалғайдағы Орталықта да жалғасын тапты.
Орталық – өткен ғасырдың 30-шы жылдары бой көтерген қазақ ауылдарының бірі. Әкімшіл-әміршіл режімнің небір қилы кезеңін бастан өткерсе де, ұлттық салт-дәстүрін, қазақы қалпын жоғалтқан емес. Өңірдегі тұңғыш қазақ білім ордасына баланатын Орман мектебінен түлеп ұшқан мыңдаған шәкірттер еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Осындағы мұражай өткен тарихтан сыр шертетін сан алуан жәдігерлермен толыққан. Жазушы жерлесіміз Иван Шухов түкпірдегі елді мекен жайлы жолжазбасында «менің туған елімде ешбір географиялық картада көрсетілмеген ауылдар бар. Ақ қайыңдар шоғының баурайына, болмаса тұнық та мөлдір айдын көлдердің жағасына орналасқан елді мекендер аса жинақылығымен, ұқыптылығымен, жанға жайлылығымен ерекшеленеді. Онша үлкен емес, бірақ сирек ұшырасатын мұнтаздай таза ұжымшарлық қыстақ – Орталық, міне, осылай көрінеді. Маңайдағы бес ауылдың бұрынғы көшпенділері ауылшаруашылық артеліне ұйымдасып, отызыншы жылдардың басында осынау көркем де жайлы мекенде тұрақ тепті», деп сипаттайды. Содан бүгінде 53 отбасы атажұрттың түтінін түтетіп, білім мен мәдениет ордасын ыдыратпай отыр. «20 игі іс» акциясы шеңберінде 4 шақырым жол жөнделіп, 50 түп қарағай отырғызылды. Ұлы Отан соғысына қатысқан боздақтарға арналған ескерткіш жаңартылып, гүлзар орнатылды. «Богби» ЖШС-ның директоры Виктор Богданецтің, осы ауылдың тумасы, облыстық мәслихаттың депутаты Екпін Әбиевтің демеушілігімен көшелер тегістеліп, жарық тартылды. Мектеп маңайы безендіріліп, жастар үшін ойын және би алаңдары ашылды. Жан жадыратар осындай қат-қабат шаруалардың бел ортасында Ерік Нұрақаев, Өндіріс Омаров, Балтабай Рамазанов, Шәкен Әбиева, тағы басқа ауылдың бас көтерер азаматтары жүрді. Әдетте қазақы бас қосулардың ойынан тойы басым келіп, оның соңы ырду-дырдуға, арзан күлкіге, парықсыз көңіл көтеруге ұласып жатушы еді. Орталықтағы ауыл күні өткенімізге есеп беріп, болашағымызды болжаумен, атқарылатын санқырлы міндеттерді нақтылаумен есте қалды.
Айтулы шараға облыс әкімі Серік Біләлов арнайы қатысып, ел ақсақалдары мен ақ жаулықты әжейлерге, көп балалы аналар мен отбасыларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Орман орта мектебіне компьютер сыныбы мен интерактивті тақта тарту етті. Ол өз сөзінде Елбасы тапсырмаларының ойдағыдай орындалып жатқанын, Тәуелсіздіктің мерейтойын лайықты қарсы алуға барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын, мұндай шаралар алда да жалғасатынын, ауыл адамдарының тұрмысын жақсарту басым бағыт болып қала беретінін атап көрсетті.
Ауыл адамдары күрес, бәйге секілді ұлттық ойындарды, жергілікті өнерпаздардың концертін қызыға тамашалап, үйлеріне үлкен әсермен, жоғары көңілмен тарасты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы,
Жамбыл ауданы.