• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2011

Түлеген, түрленген Тарбағатай

494 рет
көрсетілді

Бой түзеген қос ауыл Өткен жылдың көктеміндегі Тар­ба­ғатай ауданының бірнеше елді мекеніндегі тасқын су апатынан бес жүзге тарта тұрғын үй, әлеуметтік ғима­рат­тар­дың қирағанынан жұртшылық хабардар. Сын сәтте Елбасы қолғабыс жасап, қыруар қаржы бөлгізді. Айналасы төрт-бес айда ауданның Көкжыра және Жәнтекей ауылдарында жаңадан төрт жүзден астам тұрғын үй, отбасылық емхана, мектептер салынды. Ақсуатқа жақындаған кезде алдыңыздан Көк­жы­ра ауылы көрінеді. Қатар-қатар сап тү­зеген, төбесі көк шатырмен көмкеріл­ген тұрғын үйлер көрер көзге әдемі-ақ. Ал «Шығыс жолы» сақинасына жақы­ны­рақ Жәнтекей ауылындағы екі жүз­ден астам тұрғын үй қызыл шатырға малынып тұр. Осы екі бояуда бір ұқ­састық бар көрінді бізге. Көк бояу бай­рағымыздың, ал қызыл жеңістің сим­волы сияқты. Тарбағатай ауданының әкімі Ерлан Текешов осы өңірдің тумасы. Бұған дейін облыстық құрылыс басқармасын, Шемонаиха ауданы әкімінің орынба­са­ры, басқа да жауапты қызметтерде ысылған іскер азамат бізді бірден Екпін ауылындағы мал сою цехына бастады. Осы ауылдың азаматтары құрылысты аяқтаған, енді жақын арада ауданның барлық малы осы жерде сойылып, сауда орындарына жөнелтіледі екен. Жәнтекей мен Көкжыра ауылда­рын­дағы жаңа тұрғын үйлер Алтайдың ақ­шұнақ аязында сыр берген жоқ, тұр­ғындар үйіміз суық деген ренішті білдірмеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылысқа қатысқан мекеме бас­шы­ларына қатаң ескерту жасап, егер үйлер суық болса, кемшілікті өздері түзейтіні жайлы нұсқау берген. Өңір басшысы екі ауылға жіті назар аударып, құрылыс ба­ры­сын қатаң бақылауға алды. Облыс әкі­мінің орынбасары Серік Тәукебаев­қа және басқа да азаматтарға тарба­ға­тай­лық­тардың ықыласы ерекше, алғы­сы шек­сіз, – деді аудан әкімі Ерлан Текешов.   Ақсуатта жаңалық көп Аудан орталығы Ақсуатқа келдік. Еліміздің шығысындағы бір түкпірде жатқан Ақсуатқа рең кіріпті. Орталық көшелерге асфальт төселген. Тіпті тұй­ық көшелерге тас төселіп, үстінен грейдер жүріп, тегістеле бастаған. Жаңа әкімнің жолдарды жөндеуге деген ынтасы жергілікті тұрғындар тарапы­нан ризашылық туғызған секілді. Ол ол ма, үстіміздегі жылдың «Жол картасы» аймақтық жобасы аясында ауданда біршама істер тындырылған. Жетіарал ауылына кіреберіс жердегі он шақы­рым жол ағымдағы жөндеуден өтіп, оған 19 адам жұмысқа тартылған. «Қа­ра­ғанды – Аягөз – Боғас – Кіндікті» жергілікті маңызы бар автомобиль жо­лын­дағы Боғас өзені арқылы өтетін көпірді су тасқыны салдарынан кейін қалпына келтіру жұмысы да аяқта­лып­ты. Сонымен бірге, Құйған ауылдық округіне қарасты Жалаңаш ауылының су құбыры желілері мен сумен қам­та­масыз ету жүйелері, Жаңаталап ауы­лын­дағы су ұңғымасын бұрғылау, су асты қорының есептеу және бекіту жұмыстары да тәмам­да­лыпты. «Тарба­ғатай жолдары» комму­нал­дық шаруа­шылық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары кәсіп­орны үнемделген қаржы есебінен Ақ­суат және Ақжар ауылдарындағы кө­ше­лерге қиыршық тас төсеп, тегістеген.   Шерімбай су қоймасы – Биыл Тарбағатайда жауын-шашын сирек, қуаңшылық болып тұр. Аудан­ның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы екенін ескерсек, мал өсірумен бірге егіншілікпен де шұғылданудамыз. Қан­дысу су қоймасының байлығын бірнеше шаруа қожалықтары мен құры­лым­дар пайдаланып отыр. Су тапшылығы проблемасын шешу үшін Шерімбай су қоймасының құрылысын бастаған едік. Оның құны 76 миллион теңге, қой­ма­дағы су қоры жарты миллион текше метрден асады. Қазірдің өзінде Шерім­байдың суын бірнеше қожалықтар пай­даланып, картоп, көкөніс, егін өсіріп жатыр. Демек, Шерімбай гидростанса­сының қуатын келешекте арттыра беру­дің тиімді жақтары көп, – деп аудан әкімі су қоймасының жанында біраз жайлардан хабардар етті.   «Мадиярдың»  қарбызы тіл үйіреді Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев­тың бос жатқан жерлерді пайдалану жөніндегі тапсырмасы да назардан тыс қалмапты. Аудан әкімі биыл бірнеше шаруа қожалықтарына көкөніс салуға жер бөліпті. Соның бірі – Түсіп Жетібаев басқаратын «Мадияр» шаруа қо­жа­лығы. Алпыстан асса да қуатты Тү­секең ұлы Жандәулет, күйеу баласы Бақытбек Кәмелжанов, қызы Бағдат­пен, құда баласы Жасұлан Советұлы және немересі Медетпен бірге биыл Тайжүзгеннің бойынан бес гектар жерге қауын-қарбыз, қырыққабат, қияр, қы­занақ, сарымсақ егіпті. Он тоғы­зыншы шілде күні қарбыз піскен. Жазы кешігіп жететін өңір үшін бұл жаңалық. – Қауын-қарбыз, көкөніс өсіру қиын шаруа. Он бесінші наурыздан бастап көкөністі жылыжайда өсіре бастадық. Содан кейін алқапқа егіп, түнге қарай ауа райы суыта бастаған кезде бетін арнайы целлофан қағазбен жабу керек, әйтпесе үсітіп аласыз. Піскен өнімдерді саудалау қиын емес, қазірдің өзінде осы өңірдің, көрші Зайсанның сауда орындарының өкілдері келіп, көкөністі ала бастады. Тіпті облыс орталығынан да тапсырыс беріп жатқандар бар,– деп Түсіп Жетібаев ағынан жарылды. Қазіргі күні ауданда 2807 шаруашы­лық құрылымы, бір өндірістік кооператив, 1876 шаруа қожалығы, 867 жеке кә­сіпкер, 55 заңды тұлға, үш асыл тұ­қымды қой шаруашылығы, төрт ауыл­дық кооперативі бар. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімі тұрақты дамып келеді. Өткен жылы 3 миллиард 621,7 миллион теңгенің өнімі шыға­ры­лып­ты, бұл тиісті кезеңмен салыс­тыр­ғанда 21,3 пайыз артық. Ауданда бұл күндері 444 мың қой-ешкі, 123 мың ірі қара, 22 мың жылқы, 26 бас түйе бар. Мемлекетке ет, сүт тапсыру жоспары да орындалған.   Халық ойындарында топ жарды Күрделі құрылыс – басты назарда. Ақсуат, Ақжар ауылдарында балабақ­ша, екі ауылда 30 коммуналдық тұрғын үй салынбақ. Кіндікті ауылындағы Мұ­ратбаев атындағы 130 орындық, Бай­то­ғас ауылындағы 80 орындық, Тана мыр­за ауылындағы 80 орындық мектеп құрылыстарының құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Басқа да құры­лыс алаңдары ауданның ажарын аша түспек. Енді Ақсуаттағы орталық ста­ди­онның құрылысын көрейік, – деп аудан әкімі Ерлан Текешов бізді құ­ры­лысы жүріп жатқан алаңға ертіп келді. Ақсуаттағы стадион жұртшылық көп жиналатын жер болмақ. Әкімшілік ғи­ма­раты бой көтеріп келеді. Футбол ала­ңы көз тартады. Бұдан кейін Ақ­жар­дағы Б.Сайханов атындағы спорт кешеніне келдік. Бұл жерде спорттың тоғыз түрі бойынша үйірмелер бар екен. Ағайынды Сайхановтар кезінде Одақ­ты дүркі­рет­кен. Амал бар ма, мамыр айында экстра класты төреші, Шым­кент­тегі балалар мен спорт мектебінің директоры, жүз­деген спорт шеберін әзір­леген Түсіпхан Сайханов көлік апа­тынан көз жұмды. Ауданның құрметті азаматын есте сақ­тау ойда бар, дейді ақжарлықтар. Сөз реті келгенде айта кету керек, Тарба­ға­тай ауданы биыл да ауыл-село спорт­шыларының халық ой­ын­дарында топ жарды. Мұнда, әсіресе, ұлттық спорт түрлері ерекше дамыған. Атақты бапкер, «Тұлпар» коммуналдық шаруашы­лық кәсіпорнының жетекшісі Сержан Омар­бековтің жүйрік аттарды баптай­тын кешеніне келгенімізде, ауыздық­та­рымен алы­сып тұрған сәйгүліктерді көрдік. – «Маралторы» – Наурыздағы жа­рыста бірінші орынды алды. Ал мына тұрған «Еркежирен» облыстық халық ойындарында он шақырымда алдына ешкімді түсірмеді. «Самархан», «Ақ­қай­ың» тұлпарлары да асыл тұқымды. Алдағы уақытта да жүйрік аттарды баптай береміз,– дейді С.Омарбеков. Аудан әкімі Ерлан Текешов жүйрік аттарды көргенде шыдай алмай, жор­ға­ға қарғып мініп, шаба жөнелді. Сөйт­сек, Ерлан ініміз жүйрік аттарды ұстап, баптайды екен. Әкімі спортқа әуес бол­ған жерде, табыстың да болатыны сондықтан болар, деп ой түйдік. Қ.Біләлов атындағы гимназияның директоры Мұратхан Сағатбеков биыл білім ұясының түлектері 108,3 балл жи­нағанын тілге тиек етті. Бұл аудан­дағы үздік көрсеткіш. Оның ішінде 6 оқушы «Алтын белгіге» ие болыпты. Ал екі оқушы үздік аттестатқа қол жеткізген. Аталған оқушылардың барлығы жоғары оқу орнынан шақырту алыпты. Жансая Жәнібекова, Айбек Молдажанов, Әсет Жұмағазы, Ақерке Кеңес­бе­кова былтыр «Алтын белгіге» ие бо­лып, жоғары оқу орнына түсіп кетсе, биыл Ботагөз Елебекова, Жібек Жәні­бекова, Еркежан Серғазина және тағы басқалар студент атанбақ. Ақжар ауылдық округінің әкімі Асқар Боғырбаев тұрғындардың еңсесі көтеріліп, шағын және орта кәсіп­керліктің дамып келе жатқанын хабардар етті. Бір Ақжарда елуден астам сауда нүктесі бар екен. Бюджетке олар қыруар қаржы түсіріп отыр.   Индустрия игілігі Тұғыл кенті – балықшылар ауылы. Кент әкімі Тұр­сынбек Закариянов күрделі жө­ндеу жүргізіліп жатқан ба­ла­бақ­ша мен балық­шы­лардың мә­де­ниет үйіне жол бастады. «Жол кар­тасы» бойынша екі ғи­­маратта жи­ыр­ма­дан астам адам еңбек етуде. Қос ғимарат та­мыз­да іске қосыл­мақ. Ба­лық­шы­лар де­­мекші, «Санжар» және «Қа­ли­бек» атты екі кәсіпорын басшыла­ры­мен жүз­дескен кезде олар сүбе цехтары құрылысына қаржы бөліп, алдағы уа­қытта еуроталапқа сай өнім шығарып, ақша табатындарын айтты. Елбасы­ның ауылда да индустрия игілігін жарату жөніндегі тапсырмасы орында­луда. «Сан­жардың» жетекшісі Б.Ах­метәлиев стандарт алу үшін бірқатар талаптарды жүзеге асыру қажеттігіне тоқталып, қазір өздерінде 45 адамның еңбек ететінін тілге тиек етті. Қуатты мұздат­қыш­та елу тоннадай көксерке, шортан, ш­а­бақ сақтаулы тұр. Сүбе це­хы іске қо­сылысымен оларды өң­дейміз, дейді осында еңбек ететін жұмыс­шылар. Ал «Қалибек» қожалы­ғының өкілі Жәні­бек Шөтекбаев жылына 100 тоннаға дейін балық аулап, бюджетке қомақты қаржы түсі­ре­тіндерін айта келіп, аудан басшы­ларына көмектері үшін алғысын білдірді. Қазірдің өзінде Литва, Латвия, Германия сияқты Еуропа елдерінен балық өнімдеріне тап­сырыс түсе бас­тапты. Міне, мұның өзі мұхит, теңіз ба­лығына қарағанда суы таза өзен-көл­дердегі балықтың сапалы болат­ы­нын аңғартса керек. Осы орайда айта кету керек, балықшылар мына бір проб­­ле­маға тоқтала кетті. Зайсан кө­лінде шаян қаптап кеткен. Олар көл балығын құртып жатыр. Алдағы уа­қыт­та мемлекет балық өсіруге қол­ға­быс жасаса дегенді айтады.   Бір ауылды тұрғызған азамат Сәті түсіп аудандық мәслихаттың депутаты, су тасқыны кезінде жүздеген тұрғын үйлерді сапалы етіп салып берген, елге сыйлы Қайрат Нәбиев деген азаматты жолықтырдық. Қайрат қазір де жерлестерінің ықыласына бөленіп, Кіндікті ауылында құны 297 миллион теңгенің кәріз жүйесін салып жатыр екен. Және бір ауылда 94 миллион теңгенің құрылысын жүргізуде. – «Туған ел – алтын бесігім!» дегендей, жиырма жылға жуық осы өңірде еңбек етіп келемін. Қазір ел еңсесі кө­теріліп қалды. Тарбағатайда да көпте­ген оңды істер болып жатыр. Көшелер жөн­деліп, үйлер салынуда. Жұмыс ор­ындары ашылуда. Түлеген, түрленген Тарбағатай өңірінің жұрт­шы­лығы ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына толайым тартулармен келмек, – дейді Қайрат Нәбиев. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. Суреттерде:  «Ма­дияр» қожалығының қарбыз­да­ры тіл үйіреді.