Сұғанақтық журналистерге де жараспайды
168 жыл бойы шығып келе жатқан ағылшынның таралымы үш миллиондай «News of the World» газетінің жабылуының өзі назар аударарлық оқиға. Ал оған бұл газет қызметкерлерінің сұғанақтығы, біреулердің телефонмен сөйлескенін тыңдап, электрондық пошталарын ашқаны себеп болуы тек ағылшындарды ғана емес, ақпарат құралдарына қатысы бар әлемдік жұртшылықты дүрліктірді. Дүрліктіргенде, бұған ағылшын билік орындарының, ел полициясының, біршама белгілі қайраткерлердің қатысы болып отыр. Талайына таяқ тиді. Мәселе Ұлыбритания парламентінде талқыланды. Африкаға бес күндік іссапармен кеткен ағылшын премьер-министрі Дэвид Кэмерон біраз елге жоспарланған сапарын қысқартып, жедел еліне оралды. Лондон полициясының басшысы Пол Стивенсонның, оның орынбасары Джон Йейтстің орнынан түсуіне соқтырды. Жалпы кеткендер көп, әлі де кетулері мүмкін. Ал алдымен жабылған «News of the World» газеті, оның қожайыны туралы айтқан жөн болар. Әкелі-балалы Руперт және Джеймс Мердоктардың бірнеше құрлыққа тамыр жайған медиаконцернін әдетте «Мердок империясы» деп атайды. Олар бүкіл ағылшын билігіне, оның құрылымдарына ықпал етеді. Сол үшін олардың тарапынан да қолдау көреді. Аталған газет қаншама үлкен болғанымен, Мердоктардың оны құрбандыққа шала салғанынан мұрттары қисая қоймайды. Олар үшін ең ауыр жаза – олардың құдіретті империясы басқалардың сөзін тыңдады, электрондық пошталарын ашты деген айып. Бұл мәселенің парламентте қаралуын Руперт Мердок өз өміріндегі ең қорлық күн деп мәлімдеді. Сөйтсе де, бұл қылмыстан олар өздерінің ақтығын, бұл олардың сенген адамдарының ісі болғанын айтудан жалықпайды. Мердоктардың медиаимпериясы адам құқын аяқ-асты етіп, түрлі әрекеттерге барып жатса, оған билік орындары жағдай жасаған. Өз кезегінде олардың қызметін де, қоғамға ықпал ету пәрмендерін де пайдаланған. Олардың адамдары мидай араласып, сол арқылы өзара бір-бірінің жұмыстарына ықпал етіп отырған. Содан да олардың бірінің қылмысы екіншісіне ортақ саналады. Айталық, бүгін жабылып отырған даулы газеттің бас редакторы Энди Коулсон қазіргі премьер-министрдің көмекшісі болған. Ал сол Коулсон басқалардың сөзін тыңда деп нұсқау берген репортер Шон Хоардың кенеттен қайтыс болуы үлкен шу тудырды. Мұны жұрт куәгердің көзін жою деп қабылдады. Қоғамда «сарыжағал баспасөз» деген ұғым бар. Ондайларға әдепті аяқ-асты ететін, біреулерге сатылатын, біреулерді сатып алатын, «қажетті» ақпарат алу үшін ұрлыққа да баратын, ұят-аяттан жұрдай сұғанақ басылымдарды, олардың қызметкерлерін жатқызады. Ондай ақпарат құралдарына жақын болу – үлкен айып. Мердок медиаимпериясына сондай айып тағылып, ал ағылшын үкіметінің олармен байланысы барлығы үлкен шу туғызғаны да содан. Британия ақпарат кеңістігінде туған дау-дамай ақпарат құралдарына, жалпы журналист қауымдарына жауапкершілікті, олардың билік құрылымымен байланысында әдептілік талаптарын күшейтетін болар. Іздеудегі соңғы әскери қылмыскер ұсталды Бұрынғы Югославияның күйреуі кезіндегі соғыста жасаған әскери қылмысына байланысты халықаралық соттан қашып жүрген басшылардың соңғысы – бұрынғы Сербская Краина республикасының прездиенті болған Горан Хаджич қолға түсті. Сірә осымен бірге көптен бері сөз болып келе жатқан және әлемдік ауқымда әртүрлі бағаланып жүрген жағдайға нүкте қойылатын шығар. Бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибунал (БЮХТ) шешімімен 1990 жылдардың басында Югославия одағына кірген біраз республикалардың тәуелсіздік алуына қарсылық көрсетіп, олардың жерлерінің біразын өз қарамағында алып қалуға тырысқан Сербияның ұлтшыл басшылары жазаланатын болған. Олардың біразы бірден ұсталып, біразы бас сауғалап қашып жүрген. Соңғы бір жыл әлетінде қашқындардың бәрі қолға түсті. Алдымен Босния және Герцеговинада құрылған Серб республикасы дейтінге президент болған Радован Караджич, содан кейін оның армиясына қолбасшылық еткен генерал Ратко Младич ұсталса, енді Хорватия жерінде Сербская Краина дегенді құрған Горан Хаджич те құрықталды. Осыдан жиырма жылдай бұрынғы оқиғаға халықаралық қауымдастықтың мұншалықты мән беруінің басты себебі – оның тарихи тағылымы. Бір халықтың өз мүддесін екінші халықтың мүддесінен жоғары қоюына, осыған орай оларды қырып-жойып, жерінен аластауына жол берілмеуі тиіс. Сондай сорақы қылмысқа барған, басқа этносты қырып-жою сияқты фашистік идеяны тікелей жүзеге асырған Сербия басшылығын жазалау барынша әділетті шешім еді. Соған орай Сербияның бұрынғы президенті Слободан Милошевич тұтқындалып, халықаралық трибуналға жөнелтілді. Ол үкім шығарылып үлгерілмей, сол сот түрмесінде қайтыс болды. Ал бұл елдегі фашистік идеяның ұраншысы болған Сербия радикалдық партиясының көсемі Шешель сот түрмесінде үкімін күтіп жатыр. Енді басты қылмыскерлер түгелденгеннен кейін оған да үкім шығарылатын болар. Осы жерде халықаралық қауымдастықтың, оның ұйғарымымен құрылған бұрынғы Югославия жөніндегі халықаралық трибуналдың сербиялық әскери қылмыскерлерді жазалау жөніндегі қадамдарын құптағандар да, ұнатпағандар да болды. Құптайтыны жөніне жоғарыда тоқталдық, ал ұнатпайтындардың мақсат-мүддесін түсіндіру қиын. Ұнатпайтындар дегенде, олар ең алдымен Мәскеу. Сонау Югославияның күйреуінің басында-ақ ол Сербияның өктем саясатын барынша қолдап бақ-ты. Сербтердің мұсылмандарға қарсы соғысы кезінде оған орыс еріктілерінің қатысқаны, оны ресми Мәскеудің қолдағаны да белгілі. Не үшін? Православиелік сербтерге қаны бұрғаны ма? Жоқ, серб фашистерін Батыстың айыптағанына қарсылық па? Дөп басып айту қиын. Бірақ БЮХТ-ның жұмысын айыптау, оған қалай да кінә тағу ресейлік ақпарат құралдарының парыз ісіндей көрінеді. Тіпті Батыстың айтқанына көніп, өзіңнің қайраткерлеріңді ұстап бересіңдер деп, Сербияның бүгінгі басшыларына кінә да артады. Қанға тарту айып емес қой. Сөйтсе де одан жоғарырақ тұратын, әділдік, парасаттылық деген ұғым бар. Мамадияр ЖАҚЫП.
•
29 Шілде, 2011
Дүбірге толы дүние
563 рет
көрсетілді