• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2011

ҮКІМЕТ

310 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

Стратегиялық жоспарлау және макроэкономикалық тепе-теңдік Олар болашақтың негізін бірігіп қалауға қызмет етуі тиіс Экономикалық даму және сауда министірлігіне Қайрат Келімбетов министр боп таға­йын­далған соңғы үш айдан бері бұл ведомоствада біраз толымды істер ат­қа­ры­лып, эко­но­микадағы тұрақтылықты қамта­масыз етуге негізделген жаңа шаралар жүйесі қолға алын­ды. Соның ең басты­ларының бірі стра­те­гия­лық жоспарлау мәселесіне қатысты болып отыр. Елбасы жаңа министрдің ал­ды­на нақ осы мәселені жолға қойып, оның рөлін арттыруды тап­сырған еді. Осы ретте елімізде мемлекеттік жоспарлаудың 3 түрі бар екендігін еске сала кетсек артық болмас. Олар – стратегия­лық жоспарлау, экономикалық-ин­ди­катив­тік жоспарлау және бюджеттік жоспарлау. Біз төменде стратегиялық жоспарлау мәсе­лесі туралы әңгіме қозғамақпыз. Экономикалық өсімнің ұзақ мерзімге тұ­рақ­ты жалғасуы үшін тиісті шараларды дер кезінде атқармағандықтарынан көптеген елдер сол өсімді сақтап қала алмай, оның соңы дағдарыспен жалғасқаны белгілі. Осындай қателіктерді қайталамау үшін макроэко­но­ми­калық тепе-теңдікті қамтамасыз етудің қан­ша­лықты маңызды екені барған сайын ай­қын­дала түсуде. Аталған жағдайдан біздің еліміз де тиісті қорытынды түйді. Соған сәйкес елімізде ІЖӨ кө­лемінің өсімін 2015 жылға дейін әр жыл сайын кем дегенде 7 пайыздық деңгейде сақ­тап тұрудың арнайы жоспары жасалды. Аса да­мы­ған елдердің өзі экономикалық өсуден ажырап, халықаралық рейтингтері төмендеп, дефолт қыс­пағында тұрған кезде біздің елде дамудың осы жоғарғы деңгейін ұстап отырудың қандай мүмкіндіктері бар және ол үшін не істелуі керек? Осы ретте Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, макроэкономикалық тепе-теңдікті қамта­ма­сыз ететін шараларды белгілеудің маңызы зор. Себебі, макроэкономикалық тепе-тең­дік­тің қамтамасыз етілуі бірінші кезекте біз секілді табиғи ресурстаға бай елді эконо­ми­каның шектен тыс қызып кетуінен, яғни «голланд ауруы» секілді дағдарыс тұсында білінер ауыр сырқаттардан қорғайды. Аталған экономикалық сырқаттың дағ­да­рыс­­пен қатар келуінің, яғни дағдарыс тұс­ын­да бірден бой көрсетуінің себебі – бір есептен алғанда дағдарыстың өзі осы сырқатты айқындаушы факторлардың бірі болып табы­лады. Яғни, дағдарыстың төбе көрсетуінің өзі «егер сен өз бойыңдағы сырқатты өзің ем­де­месең оны мен емдеймін» деген ұғымды білдіреді. Ал дағ­дарыстың емі мен сыны қашан­да болсын өте ауыр. Ол бірден талдырып тү­сі­реді. Нау­қастың бойында ауруға қарсы им­мунитеттің пайда болатындығы секілді осы тұста мемлекет экономиканы дағдарыс­тан алып шығу үшін аса ауыр шараларды қа­был­дауға, мәселен, халықтың ашу-ызасы мен өк­пе-ренішіне төтеп бере отырып, әлеуметтік шы­ғындарды барынша қысқар­ту­ға, басқа елдерден алақан жайып қарыз сұрауға мәжбүр болады. Бір жақсысы, Қазақстан дағдарыс тұ­сын­да басқа елдерде орын алған мұндай абы­ройсыз істердің біріне барған жоқ. Қайта нақ осы ауыр сәттерде жалақы мен зейнетақыны, жәр­дем­ақыларды бұрынғыдан да көтеріп, көптеген жаңа жұмыс орындарын ұйымдас­ты­рып, халық басына көп қиындық түсір­мес­тен қысылтаяң сәттен жақсы шығып кетті. Осындай қадамдардың өзі Қазақ­станды ха­лық­аралық қауымдастықтың ал­дында үлкен абыройға бөледі. Енді Қазақ­стан бірнеше жыл бойына 7 пайыздық өсімге қол жеткізуді жос­парлап отыр. Демек, біз үшін макроэ­ко­номикалық тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Алайда, Қазақстан секілді мұнай өнді­ретін елде макроэкономикалық тепе-теңдікті сақ­тау оңай емес. Сол үшін де жылдар бойына осы мұнай табысының экономикаға тікелей әсер етпеуін күйттейтін біраз шаралар жа­салып келеді. Бірінші шара деп 2005 жылдың өзінде мұнайдан түсетін қаржыны бюджетке бағыт­та­май, оны жеке қорға жинақтау туралы шешім қабылданғандығын айтуға болады. Қазір мұ­найдан түсетін барлық түсім тікелей Ұлт­тық қор­ға бағытталады. Ал Ұлттық қордың дағ­да­рыс кезінде аса үлкен рөл атқарғаны белгілі. Екінші шара деп, қазіргі үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық дамудың 2015 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтамыз. Бұл бағдар­лама да шикізатқа тәуелділікті азайтып, эко­номиканың әртараптандырылуына, әсіресе өңдеуші өнеркәсіптік сектордың жанданып, бел алуына үлкен қызмет етеді. Ал енді Экономикалық даму және сауда министрлігінің макроэкономикалық тұрақ­ты­лықты сақтау жөніндегі атқарып жатқан іс-шараларына тоқталсақ, бұл ретте қазіргі бас­ты мақсаттардың бірі инфляцияның өсіміне жол бермеу болып отырғандығы түсінікті. Азық-түлік тауарларына деген бағаның өсімі инфляцияға аса үлкен әсер ететінін ескере оты­рып, Үкімет ішкі рыноктағы бағаның тұ­рақтылығын сақтау үшін тиісті шаралар қа­был­дап, оларды жүзеге асыруға кірісіп те кет­ті. Бұл шараларда әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақты болуына, бы­лай­ша айтқанда, алдын-ала белгіленген дәліз ішінде ғана ауытқуын қамтамасыз етуге ба­рын­ша көңіл бөлінген. Қазір осы іске әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар тартылып отыр. Өткен маусым айында ғана әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тиісті бағасын бекіту жөнінде Үкімет қаулысы қабылданды. Тиісті мемлекеттік органдар баға ауытқуы тез әсер ететін салалар, әсіресе жанар-жағармай өнімдері рыногындағы жағдайды қадағалап, монополияға қарсы заңды бұзу әрекеттері тіркелсе, тиісті іс-шаралар қабылдап отыра­тын болып шешілді. Сонымен қатар қызмет та­рифтерінің шектен тыс өсіп кетуіне жол бер­мейтін шаралар да қабылдануда. Осы бо­йын­ша мәселен, тарифтердің инфляцияға әсері 1,58 пайыздан аспауы тиіс болса, қа­был­­данған шаралар мен атқарылған жұмыс­тар­дың нәтижесінде қазіргі күні тарифтердің инфля­ция­дағы үлесі 0,54 пайызды ғана құрап отыр. Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға ел­дің халықаралық резервтерінің өсуінің де әсер ететініндігі анық. Маусым айының со­ңын­да еліміздің халықаралық резервтері 73,1 млрд. АҚШ долларына дейін өсті. Бұл көр­сет­кіш былтырғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 37,7 пайызға артық. Фискалдық саясат шаралары да осы ба­ғытта түзіліп отыр. Ұлттық қор қаржысын құру және пайдалану да сауатты жүзеге асы­рылуда. Қазіргі күні Ұлттық қор қаржысы 38,5 млрд. АҚШ долларына теңесті. Валюта саясаты бойынша Ұлттық банк жүр­гізіп отырған іс-шаралар да ұлттық валютаның ауытқуына жол бермеуге бағыт­талған. Өйткені, валютаның ауытқуына жол берілсе, әлемдік конъюнктурада өзгерістер болған жағдайда отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін. Әлемдік тауар рыноктарындағы ахуалдың реттелуі мен қазақстандық өнімге деген сұ­ра­ныстың артуы сыртқы сауда опера­ция­лары­мыз­дың жоғары өсіміне қол жеткізуге мүм­кін­дік беретіндігі анық. Осы ретте ішкі жал­пы өнімнің белгіленген жоғарғы көрсет­кі­ші­не қол жеткізу үшін қолға алған іс-шара­лар­дың қазіргі нәтижелеріне тоқталсақ, был­тыр­ғы жылмен салыстырғанда, шикізат өндірісі мен дайын тауарлар өндірісінің көлемі өскен­ді­гіне, ішкі сұраныстың ретке түсіп, құрылыс саласына жан біткеніне, экономиканың әр салаларында жаңа өндірістердің құрылып, орта және шағын бизнес субъектілерінің өнім шығару үдерісінің нығайғандығына көз жеткізуге болады. Сонымен осы уақытқа дейін қабылданған шаралар ел экономикасының жоғары қар­қын­мен дамуына мүмкіндік беріп отыр деп айта аламыз. Осылардың ішінде Үкіметтің ішкі сұранысты арттыру, іскерлік бастамалардың жүзеге асуына ықпал ету, жалпы дағдарыстан кейінгі базаны қалыптасыруға бағытталған шаралары экономиканың ойластырылған, көз­делінген бағыттар бойынша дамуына жақсы әсер етуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырыла бас­тауы ішкі және сыртқы инвестициялық ре­­су­рс­тар­дың жандануына, экономиканың қайта өң­деу секторы мен инфрақұрылымның дамуына қолайлы әсер етті. Индустрия­лан­дыру кар­та­сы аясында жаңа индустрия­лық және инно­вациялық жобалар іске қосылды. Негізінде, осы ауқымды бағдарлама ая­сын­дағы жобаларды жүзеге асыру арқылы біз өнеркәсіптік өндіріс ауқымының өсіміне қол жеткіземіз, ал ол өз кезегінде көлік, құрылыс, сауда қызметтерінің өсіміне әсер етеді. Демек, қолға алынып отырған іс-шаралар бір-бірімен тізбектеле келе жалпы мултипликативтік тиімділік әсерін туғызатындығы сөз­сіз. Мәселен, «Өнімділік-2020» бағдарламасы еңбек өнім­ді­лігін арттыру арқылы эконо­миканың басым секторларындағы өнеркәсіп өндірісінің бәсе­ке­ге қабілеттілігін көтереді. Орта және ша­ғын бизнестің жағдайы Елба­сы­­ның жіті на­зарында екендігін ескерсек, биз­нес-кли­мат­тың жандануы үшін әкімшілік кедергілерді кемітіп, орта және шағын бизнеспен айна­лыс­қысы келетін азаматтардың мемлекеттік рұқсат беру үдерістерінен өтуін жеңілдету бойынша біраз шаралар жасалынды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарла­ма­сы аясында негізінен 4 бағыт бойынша жұ­мыстар жүргізілуде. Олар – бизнес ұсы­ныс­тарды қолдау, кәсіпкерлік секторын сауық­ты­ру, валюталық тәуекелді азайту және кәсіп­керліктің әлеуетін арттыру шаралары. Міне, мұның бәрі де жалпы кәсіпкерлік көрсет­кіш­терінің жақсаруына әсер етеді. Қазіргі жүргізіліп отырған макроэкономикалық саясат өсімнің тұрақтылығын сақтап қана қоймай, дағдарыстан кейінгі бәсеке қызып тұрған рынокқа бейімделуге және ұзақ мерзімдегі сынға төтеп беруге әсер етеді. Экономиканың орнықты дамуын қамтама­сыз ету бағытында белгіленіп отырған кешенді шаралардың өзі халықтың әлеуметтік ахуалын жүйелі түрде жақсартып отыру мақсатынан туындайтындығын айтуымыз керек. Елбасы нақ осы мақсатқа жетуге көп көңіл бөлуде. Осыған сәйкес белгілі бір кезең ішінде Қазақстанды жоғары табысы бар елдердің қатарына енгізу жөнінде тапсырма да берді. Осы мақсатқа жетудің индика­тор­лық көрсеткіштері де айқындалған. Мәселен, елімізде жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемін 2015 жылы 15 мың АҚШ долларына жеткізу белгіленген. Міне, осы үшін де ІЖӨ көлемі жылына 7 пайыздан кем дамымауы тиіс. Оның үстіне 7 пайыздық даму дегені­міз­дің өзі жәй ғана даму емес. Оған қойы­ла­тын талап­тың өзі де жоғары болып отыр. Нақ­тылай айтсақ, экономиканың жоғарыдағыдай деңгеймен дамуы осы уақытқа дейін орын алған шикізаттық сектордың есебінен емес, ендігі кезекте өнеркәсіптік сектордың есебінен қамтамасыз етілуі керек. Демек ендігі жерде елімізге қазақшалап айтсақ, білек күші емес, білім керек. Өнімдерді озық тәсілдер­мен дайындай алатын күрделі технологиялар және соларда жұмыс істей алатын мамандар қажет. Интеллектуалдық мектептер мен «Назарбаев университетінің» ашылып, «Бола­шақ» бағдарламасының жаңа мақсатқа түзі­ліп, ха­лық­ты жұмыспен қамтудың жаңа стра­те­гия­сының қабылданып отырғаны да сондықтан. Экономикалық даму және сауда министр­лігі өз тарапынан жоғарыдағыдай мақсатқа қол жеткізу үшін Елбасы тапсырмаларының орын­далу барысын қадағалау жөнінде Ақ­па­рат­тық карта әзірледі. Карта Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның 2020 жылға дейінгі страте­гия­лық даму жоспарын, еліміздің таяудағы да­муының негізгі міндеттерін және экономи­каны әртараптан­дыру­ды жеделдету, дағда­рыс­тан кейінгі даму, азық-түлік қауіпсіздігі, инвестицияның түсуін қамтамасыз ету, азаматтар үшін қызметтер, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, халық­аралық қатынастар және бірлестік сияқты бағыттар бөлігін көрнекті көрсетеді. Елбасының Экономикалық даму және сауда министрлігінің алдына қойған тапсыр­ма­сына сәйкес енді бұл құрылым, өзінің аты да айтып тұрғандай, негізінен стратегиялық жос­парлау мәселесімен шұғылданып, елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуының әдіс-амал­дарын қамтамасыз етуі, осылайша бірте-бірте еліміздің ақыл-ой орталықтарының біріне айналуы тиіс. Оның басқа мемлекеттік құры­лым­дармен салыстырғанда бір өзгешелігі де осында. Елбасының еліміздің стратегиялық да­муын аса жіті назарда ұстауының өзі бұл министр­ліктің алдына аса үлкен жауапкершілік жүктей­ді. «Стратегиялық жоспарлау дегеніміз – елдің өзіндік басымдыққа ие бола алатын мәселе­лерін күні бұрын анықтап, сол бағыттарға барынша дем бере отырып жұмыс істеу. Демек, елдегі әр ведомство өзі айналы­са­тын жұмыс­тардың басым бағыттарын анық­тап, соған сәйкес іс-әрекет жасаса, мұның біздің ортақ ісімізге тигізер пайдасы үлкен болмақ. Осыған сәйкес біздің министрлікке әр министр­лік­тің, облыс әкім­діктерінің, аймақ­тардың, ұлттық компа­ниялардың стра­тегиялық жос­пар­лауын қадағалап отыру өкілет­тігі мен жауапкершілігі жүктелді. Ал ол жоспарлардың барлығын біз тиісті құрылым­дармен бір­лесе оты­рып, Ел­басы тапсырма­сының негізінде ортақ мақ­сат­тарға жетуге бағыт­тамақпыз», дей­ді Эко­но­микалық даму жә­не сауда министрі Қайрат Келімбетов. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.