Ол ТМД-ның 20 жылдығына арналды
Иә, өтіп бара жатқан уақыт. Жарты әлемді жайлаған кеңестік империя құлап, тарих сахнасына тәуелсіз мемлекеттердің жаңа қоғамдастығы – ТМД-ның шыққанына да 20 жыл болыпты. Жақында осы бір тарихи күнге байланысты Мәскеу қаласында ТМД мемлекеттерінің барлығы дерлік қатысқан мемлекетаралық көрме ұйымдастырылды. Бұл көрме Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері үшін мұндай байланыстың ауадай қажет екендігін тағы да іс жүзінде дәлелдеді. Көрмеге ТМД мемлекеттерінің барлығы өздерінің жетекші кәсіпорындарының өнімдерін қойып, әрбір ел озық жобаларын насихаттады. Осы көрме аясында Достастық елдері өздерінің ұлттық күндерін өткізді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдары ішінде жеткен жетістіктерін «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазақстан инжиниринг», «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» ұлттық компаниялары, «Қазақтелеком», «Қазфосфат» акционерлік қоғамдары және басқа да ірі компаниялар насихаттады. Халықаралық көрме аясында өткен Қазақстанның Ұлттық күні бағдарламасы «Тәуелсіздік жылдары және Ынтымақтастық: қорытындылар және болашақ» атты конференциямен ашылды. Онда Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен ынтымақтастық байланыстарының жетістіктері, болашағы және күн тәртібіндегі келелі мәселелері тілге тиек етілді. Республикамыздың Ұлттық күнін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Зауытбек Тұрысбеков ашты. Конференция жұмысына 200-ден астам адам қатысты. Пікір алмасу сәттерінде Достастық елдерінен келген өндіріс саласының мамандары, сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері, ғылыми және кәсіпкерлік топтардың мүшелері ерекше белсенділік танытты. Конференция жұмысына Башқұртстан, Татарстан, Ингушетия, Солтүстік Осетия – Алания, Якутия өлкелерінің өкілдері, сонымен бірге Ресейдің елімізбен көршілес орналасқан 28 өңірінің басшылары ерекше қызығушылық танытты. Ресейдің «Сбербанк», «Россельхозбанк», «Росбанк» сияқты банктері және «Standard & Poor’s» сияқты халықаралық рейтинг агенттіктері де белсенді жұмыс атқарды. Басқосуларда Қазақстан және Ресей мемлекеттері арасындағы экономикалық даму мәселелері, ТМД, Біртұтас экономикалық кеңістік және Кеден одағы шеңберіндегі мемлекетаралық және өңіраралық байланыстарды дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ, Достастық мемлекеттеріндегі тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында білім мен денсаулық сақтау салаларының атқаратын рөлі және оны дамытудың жолдары да жан-жақты сөз болды. Конференция Ресей және ТМД мемлекеттерінен келген көрмеге қатысушылар үшін қазақстандық әріптестерімен сауда экономикалық байланыстарды нығайту үшін мол мағлұматтар беріп, жаңа мүмкіндіктер ашты. Достастық мемлекеттерінің мамандары Біртұтас экономикалық кеңістік аясында тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің бірыңғай рыногын құру және оны дамыту мәселелері жөнінде пікірлерін ортаға салып, тәжірибе алмасты. – Ұлттық күн аясында қазақстандық тауар биржасының өкілдері ТМД мемлекетаралық көрмесіне қатысушылармен сауда-саттық жұмыстарын жасады. Біздің ресейлік және беларустік әріптестеріміз тауар биржасындағы озық ақпараттық-коммуникациялық технологиямызға ерекше қызығушылық танытты, – дейді Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев. ТМД мемлекеттері арасындағы ақпараттық-маркетингтік орталық жүйесін одан әрі дамыту шеңберінде Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда комитеті мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрлігінің маркетинг және баға конъюнктурасы жөніндегі ұлттық орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Меморандум шеңберінде екі ел kazimc.kz және export.by ақпараттық ресурстар порталдарын интеграциялау арқылы ортақ жүйе құру жөнінде келісімге қол жеткізді. Мемлекетаралық көрме аясында келушілердің ерекше назарын аударған еліміздің «Астана «ЕХРО-2017» экспозициялық жобасы болды. Бұл елдік жобаның ақпараттық жәдігерлері көрмені тамашалаушыларды бей-жай қалдырмады. 2017 жылы Астана қаласында Халықаралық мамандандырылған ЕХРО көрмесін өткізу жөніндегі Президентіміздің бұл жаһандық бастамасы ТМД мемлекетаралық көрмесіне келушілердің назарын айрықша аударды. Біздің көрме қызметкерлері әрбір көрмені тамашалаушыларға ел тарихы мен дәстүрінен сыр шертетін ескерткіштерді тапсырды. Қонақтар «ЕХРО-2017» ұсыныс-тілектер кітабына» өздерінің жүрекжарды пікірлерін қалдырып отырды. Көрме күндерінде бұл кітапқа жүзден астам адам өздерінің Қазақстанға деген ыстық ықыласы мен шынайы пікірлерін жазған екен. Ресей Федерациясы экономикалық даму және сауда министрі Эльвира Набиуллина өз қолтаңбасында «Қазақстанның жетістіктерін паш еткен көрмені аралау ерекше ұмытылмас әсер қалдырды. Мен қазақстандықтарға «ЕХРО-2017»-де жеңіс тілеймін!» десе, «Сіздерге байқауда шын жеңіс тілеймін, елдеріңіз гүлденіп, дами берсін!», деп жазады Украина мәдениет министрінің орынбасары Виктория Лесничая. «Сәлем, Астана! «ЕХРО-2017»-ге Қазақстан ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» деген тақырып бүкіл адамзат үшін өте маңызды. Ендеше сіздер бұл байқауда жеңіске жетсеңіздер біздің бәріміздің мерейіміз үстем болмақ», дейді Беларусь Республикасының экономика министрі Елена Малиновская. ТМД-ның 20 жылдығына арналған мемлекетаралық көрме шеңберінде жүзден астам кәсіби өнер шеберлері мен өнерпаздар Қазақстан мәдениеті мен өнерін барлық қырынан паш етті. Елімізге кеңінен танымал «Құлансаз» ән және би фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ақжелең», «Мұрагер» ансамбльдерінің, басқа да өнер шеберлерінің концерті қонақтарға ұмытылмас әсер қалдырды. – Кез келген адамның ТМД мемлекеттерін аралап, жетістіктерімен танысуға мүмкіндіктері бола бермейді. Осы реттен келгенде бұл Мемлекетаралық көрменің танымдық және тағылымдық пайдасы өте зор. Мені Қазақстан павильоны, оның ішінде «Астана «ЕХРО-2017» көрмесі ұмытылмас әсерге бөледі, – деп бөлісті өз пікірімін Тәжікстан Республикасындағы «Атлас» АҚ-тың бас директоры Мәлика Шадиматова. Жарас САДУАҚАСОВ.
•
29 Шілде, 2011
Мемлекетаралық көрме
402 рет
көрсетілді