Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Норвегия Корольдігінің елшісі Даг Малмер Халворсенді қабылдады, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Норвегияда жақында орын алған қайғылы оқиғаға орай қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы «Қайғылы сағаттарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Король Харальд V-ке Қазақстан халқының Норвегия халқына деген сезімдері мен қайғыруын жеткізген көңіл айтуын жолдағанын» атай отырып, қаза тапқандардың отбасына, туған-туыстары мен жақындарына терең көңілі мен зардап шеккендердің барлығына қолдау сөздерін жеткізді.
Кездесу барысында Е.Қазыханов Қазақстан экстремизм мен лаңкестіктің кез келген түрін қатты сынға алатынын атай отырып, осы күндері Қазақстан халқы Норвегия халқының қасында және Қазақстан осы жылдардың барлығында экстремизм мен лаңкестікпен күрес жөніндегі халықаралық шаралардың белсенді және маңызды қатысушысы болып келгенін атап өтті.
Астананың ағымдағы сыртқы саяси бастамаларына тоқтала келе, қазақстандық министр норвегиялық дипломатты Қазақстанның Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіндегі басымдықтарымен таныстырып, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті, жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу және дамытуға өз үлесін қосу, өркениетаралық үнқатысуды ілгері жылжыту, ислам әлемі мен Батыс арасындағы үйлестірілген өзара ықпалдастықты қамтамасыз ету, исламофобияға қарсы іс-әрекет жұмыстарын нығайтуға күш шоғырланатынына назар аудартты.
Әңгімелесуші тараптар екіжақты мәселелерді де қарастырды. Қаңтар айында Қазақстан мен Норвегия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 19 жыл толатынын айта отырып, тараптар ықпалдастықтың барлық саласын қамтитын прогреске өз қанағаттанушылықтарын білдірді.
Астана Ослоны Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі ретінде қарастырады және барлық салада ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Екі елдің арасындағы саяси және сауда-экономикалық қатынастардың дамуы мен тереңдеуіне 2010 жылы Кронпринц Хокон Магнустың Астанаға ресми сапары өз септігін тигізді. Сол сапар ортақ экономикалық жобалардағы норвегиялық инвесторлардың қызметін белсендендіре түсті.
«Егемен-ақпарат».