• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2011

Академиялық ұтқырлық білім берудің биік белесі

1100 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаев үсті­міз­дегі жылдың сәуір айында өт­кізілген Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында – Қазақстанды әлем­дік деңгейдегі білім орталығына ай­налдыру қажеттілігіне баса назар аударған еді. Әлемдік озық тәжі­рибелерді талдап, таразылай оты­рып жасалған Қазақстан Рес­пуб­ликасында білім беруді дамыту­дың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасында – жо­ға­ры оқу орындарының қызме­тін жоғары білім берудің әлемдік үлгісіне сәйкестендіріп, акаде­мия­лық ұтқырлықты қалыптас­тыру – жүзеге асырылуға тиісті мін­деттердің бірі ретінде көрсетілген. Жоғары білім берудің Еуро­палық кеңістігін құраушы дамы­ған алдыңғы қатарлы елдердің басты ұстанымы – Болон дек­ла­рация­сының қағидаларын басшы­лық­қа алу болып табылады. Бұл қағи­даларға азаматтардың өмір бойы білім алуына оңтайлы жағдай жасау, жоғары білім бе­рудің әлеу­меттік бағыттылығын жүзеге асы­ру, жоғары білім беруде бәсекеге қабілеттілікті арт­тыру, бакалавриат-магистратура-докторантура сатыларынан тұра­тын өзара сабақ­тас академиялық білім беру жү­йесін қалыптастыру, оқыту үдерісін кредиттік техноло­гияның негізінде ұйымдастыру, оқу бағдарламала­рының мазмұ­нын жетілдіре оты­рып, білім алушылардың акаде­миялық ұт­қыр­лығын қалыптас­тыруға қол жеткізу, т.б. жатады. Бұл қағи­далардың барлығы бір-бірімен өзара байланыста жүзеге асыры­луы тиіс. Білім алушылардың академия­лық ұтқырлығына қол жеткізу үшін – Еуропалық жоғары оқу орын­дары қауымдастығының негізгі талаптары болып табылатын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет. Ал академиялық ұтқырлық деген не? Бұл – еліміздегі кез келген жоғары оқу орнында оқып жатқан білім алушының оқу орнын, оқу бағдарламасын, про­фес­сор-оқытушыны еркін таңда­уына мүмкіндік беру, оқу кезе­ңінің аралығында білім алушы­ның белгілі бір оқу бағдар­ламасын еліміздегі немесе шет елдегі жоғары оқу орнында игеруге жағдай жасау. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі еліміздегі жоғары оқу орында­рында білім алушылардың акаде­миялық ұтқырлығын жүзеге асы­руға ерекше ден қойып отыр. Мұны бірнеше мысалдармен дә­йек­теуімізге бола­ды. Біріншіден, жоғарыда атап өтілген мемлекеттік бағдарламада жоғары білім беру жүйесіне 2000 жылдары енгізілген америкалық үлгідегі кредиттік технологиядан кредиттерді трансферттеудің еуро­палық үлгі­сіне (ECTS) 2020 жылға дейін ЖОО барлығының толы­ғымен 100 пайыз ауысуы көздел­ген. Осыған байланысты бүгінгі күні министрлік жоғары оқу орын­дарына 2012-2013 оқу жылынан бастап ECTS-ке көшуге талап қойып отыр. Бұл бізге не береді? Болон декларациясына қол қойған мемлекеттер арасындағы жоғары білім беру бағдарламаларының өза­ра үйлесімділігі, кредиттерді есеп­теудің бір жүйеде болуы білім алушылардың академиялық ұтқырлығына жол ашады. Демек, ТМД-дағы алғашқы мемлекет­тердің бірі ретінде Болон декла­рациясына қосылған Қазақ­стан­ның жоғары білім беру жүйесінде академиялық ұтқырлықты қалып­тастыру мүмкіндігінің ауқымы бұ­дан әрі кеңейе түседі. Осы тұста айта кетуіміз керек, көпдеңгейлі академиялық білім беру бағдар­ламасына көшкен алғашқы жыл­дары жоғары оқу орнын бітірушілерге біз әрі кәсіби білім бердік, әрі академиялық дәреже бердік. Әрине, төрт жылдың ішінде кәсіби біліммен қатар, академиялық білім беру оңтайлы болғанымен, бұл жоғары білімді сапалы мамандар даярлап шығаруға толық мүмкіндік бермеді. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде жоғары білімнің бакалавриат бағ­дар­ламасы бойынша бітірушілерге «бакалавр» академиялық дәрежесін беріп келеміз. Бітірушілерге қосымша кә­сі­би біліктілік бе­ру ал­дағы ше­ші­луі тиіс мін­деттердің бірі. Сон­дық­тан да бізге жо­ғары ака­де­миялық білім беру мен жоғары кәсіби білім беру мазмұ­нының ара-жігін ажы­ратып алуымыз қажет сияқты. Екіншіден, министрлік тарапы­нан білім алушыларға қарапайым тұрмыстық деңгейдегі шетел тілін меңгертуден кәсіби деңгейдегі шетел тілін меңгертуге баса назар аударылуда. Бакалавриат маман­дық­тарының 2011 жылғы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында базалық пәндер топтамасына 3 кредит көлемінде «Кәсіби-бағытталған шетел тілі» пәні қосылып отыр. Бұл білім алушының өз мамандығы бойынша негізгі пәндерді шетел тілінде меңгеруіне негізделген. Мұны да білім алушының академиялық ұт­қырлығын жүзеге асыруға бағыт­талған қадам деп санаймыз. Өйт­кені, өз мамандығы бойынша кә­сіби ағылшын тілін еркін меңгерген білім алушыға белгілі бір акаде­миялық кезеңде шетелде білімін жалғастыру барысында қиындық туындамайтын болады. Үшіншіден, оқу бағдарлама­ла­ры­ның мазмұнын анықтауда жо­ғары оқу орындарының академия­лық еркіндігі кеңейтілді. Яғни, жоғары оқу орындарының білім алушыға ұсынатын таңдау пән­дерінің көлемі жалпы оқу бағ­дарламасы көлемінің бакалавриатта 70 пайызын, магистратурада 80 па­йызын, докторантурада 95 пайызын құрайтын болады. Демек, жоғары оқу орындары білім алушы­ла­рының академиялық білім алмасуы кезінде оқу бағдарламаларын таң­дауына мол мүмкіндік беріледі. Академиялық ұтқырлықты қам­та­ма­сыз етуде шешімін күтіп тұр­ған мәселелер де баршылық. Мы­салы, еліміздегі университеттер арасында немесе шетелдік жоғары оқу орнының қатысуымен жүзеге асырылатын академиялық ұтқыр­лықты қаржыландыру механизмін әлі де нақтылау қажеттілігі бай­қалады. Тағы бір мәселе, білім алу­шыға ұсынылатын мобилді бағдар­ламалар базасының жоқтығы, сон­дай-ақ әр елдерде білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық база­сының әркелкі болуы. Десек те, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 19 қаңтардағы кеңейтілген алқа мәжілісінде талқыланып, мақұл­данған «Қазақстан Республи­касы жоғары оқу орындарында білім алушылардың академиялық ұтқырлығы «тұжырымдамасы бір­қатар мәселенің шешілу бағыт­та­рын айқындап берді. Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де шетелдік жоғары оқу орын­дарымен бірлесе отырып, қос дип­ломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейту, шетелдік жоғары оқу орындарының білікті мамандарын шақырту ар­қылы академиялық ұтқырлықты жүзеге асыру шараларын түр­лендіру бағытында бірқатар жұ­мыстарды атқарып келеді. Бүгінгі күні озық тәжірибелермен алмасу, студенттер алмасу, халықаралық стандартқа сәйкес оқу бағдарла­маларын жаңарту және көптеген білім саласындағы басқа да мақ­саттар бойынша университетте 60-қа жуық келісім-шарттар мен меморандумдар жасалып, іске асырылуда. Осы бағытта соңғы жылдардың өзінде В.П.Горячкин атындағы Мәскеу мемлекеттік агроинженерлік университетімен, Мәскеу мемлекеттік педагоги­ка­лық университетімен, Новосібір мем­лекеттік университетімен, Санкт-Петербург мемлекеттік тех­­нологиялық институтымен, Ухта мемлекеттік техникалық университетімен, Омск мемлекеттік аграрлық университетімен, Түр­кияның Ататүрік, Сельджук, Эрзинджан университеттерімен, Корея Республикасының Кангвон ұлттық университетімен екі­жақ­ты келісім-шарттар жасалды. Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бастамасымен 2011 жылдың мамыр айында еліміздегі математика пәні мұғалім­дерінің І съезі өткені белгілі. Орта мектеп немесе жоғары оқу орны болсын, басқа да пәндермен қатар іргелі ғылыми пәндердің, оның ішінде математика пәнінің мамандарын даярлауға баса назар аудару бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Университетте даярлап шығаратын болашақ математика пәні мұғалімдерінің кәсіби білімін жетілдіру мақса­тында математика мамандығы бойынша бакалавриатты үздік бітіруші 5 түлек Новосібір мемлекеттік университетінің магис­трату­расына оқуға жіберілді. Со­нымен қатар, екіжақты келісім-шарттар негізінде мұнай-газ са­ласы бойынша бакалавриатты бітіруші 4 түлек Ухта мемлекеттік техникалық университетінің ма­гис­тратурасында Ресей Федера­ция­сының бюджеті есебінен білім алып жатса, алдағы оқу жылы техникалық мамандықтар бойын­ша бакалавриатты үздік бітіруші 15 түлектің аталған универси­теттің магистратурасына Ресей Федерациясының бюджеті есебінен білім алуларына қол жеткізіліп, оларға жолдама берілді. Сол сияқты 2 бітірушіміз Омск мемлекеттік аграрлық уни­верси­те­тінің магистратурасына ауылша­руа­шылық мамандықтары бойын­ша оқуға жолдама алды. Университет халықаралық жобалар мен бағдарламаларға да жемісті қатысып келеді. Мәселен, «Оқу бағдарламаларын иннова­ция­лық жолмен дамыту және бизнес-пәндердi оқытуды қайта құру» атты Темпус Бiрлескен Еу­ропалық жобасына 2006-2009 жылдар аралығында республи­ка­дағы 4 жоғары оқу орындарының бірі ретінде қатыстық. Соның нәтижесінде 20 оқытушы ғылы­ми-педагогикалық қызметін да­мы­ту мақсатында арнайы курс бітіріп, 4 оқытушы халықаралық биз­нес мамандығы бойынша дә­ріс алды және 2 оқытушы Ph.D докторлық бағдарламасы бойын­ша Ұлыбританияның Роберт Гордон университетінде білім алды. 2010 жылы университет Еуропа Комиссиясының «Геоинформатика: Энергияны, ресурстарды, қоршаған ортаны басқару» атты халықаралық жобасын конкурс арқылы ұтып, жұмыс жасауда. Бұл халықаралық жобаға Австрия, Нидерланды, Венгрия және Ор­талық Азияның Қазақ­стан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан республикала­рының 10 университеті қатысады. Адами капитал­дың сапасын арт­тыру мақсатын­дағы бұл жұмыстар алдағы уақыт­та да жалғасын табатын болады. Аз ғана уақыттың ішінде Қа­зақ­станның жоғары мектебі әлемнің жетекші білім беру орталық­тары­ның озық тәжірибе­лерін жинақтап, оны өз қызмет­терінде іс жүзінде пайдалануды жолға қойды. Бұл мемлеке­тіміз­дің білім саласындағы алдыңғы қатарлы дамыған елдермен иық тірестіре, бәсекелес ретінде ілгері жылжуға қауқарлы екенін көрсетеді. Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Қызылорда.