• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2011

Құпия соғысқа қатысқандар шындықты толық айта алмай жүр

2151 рет
көрсетілді

1997 жылғы 26 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде «Құпия со­ғысқа қатысқандар шындықты енді жасырмағандары жөн» деген тақырыпта мақала жариялаған едік. Арада біраз уақыт өткен соң бұл мәселеге қайта оралуымызға тура келді. Мұның себептері де аз емес.  Ол жайында кейінірек. Ал­ды­мен алғашқы мақаланы жазуға түрткі болған жайттарға тоқтала кетейік.    Бірде редакцияға Нұржан Бай­жанұлы деген адам мақала алып келген. Тақырыбы «Шетел соғыс­тарының мүгедектері» деп атала­тын. Мақаламен  қоса Ресейден шы­ғатын «Труд» газетінің 1995 жылғы 28 ақпандағы нөмірін қоса ұсынған. Онда заң ғылымының кан­дидаты Юрий Жуков деген аза­мат «Льготы инвалидам войны в свете нового закона «О ветеранах» деген тақырып­пен Ресейдің жаңа заңына түсінік­теме беріпті. Соны­мен қатар, 1994 жылдың 15 сәуі­рінде Мәскеу қала­сында осы құ­жатқа байланысты келісімге бұрын­ғы КСРО құра­мында бол­ған 12 мемлекет өкілдері қол қой­ғандығы айтылады. Келісім бо­йын­­ша Ұлы Отан соғысы және шетелдегі соғыс­тар кезінде өз­дерінің ұл-қыз­дарының бастары­на түскен ауырт­палықтарды бірігіп көтеріп, оларға тиесілі жеңілдік­терді барлық елдерде бірдей қолдануға міндеттемелер алынып­ты. Бұған Қазақстан жағы да қол қойған. Ендеше сонау 1917 жылдың қазан айынан бері КСРО қандай соғыстар жүргізсе, соның бәрінде өзіміздің отандастарымыздың да көптеп қатысқандығы анық. Ал біздің тарих оқулықтарынан білетін соғыстар – 1917 жылдан кейінгі ақ пен қызылдар қырғыны, 1939-1940 жылдары  Финляндиямен бол­ған соғыс, 1938-39 жыл­дардағы Хасан көлі мен Халкин-Голдегі қақтығыс, 1945 жылғы Жапониямен соғыс, 1969 жылы Даманскі мен Жалаңашкөлде өткен шай­қастар, Ауғанстандағы соғыс... ар­ғы жақтары беймәлімдеу. «Труд» газетіндегі ресми мә­ліметтерге көз жүгірткен адам КСРО атты мемлекеттің жер бетіндегі қақтығыстар мен шайқас­тардың ешқайсысынан қалыс қал­мағанын байқар еді. Олардың бәрін біз алғашқы мақалада сол күйінде көшіріп басқанбыз. Қазір тағы бір жинақтап айтсақ, 1924 жылдан бастап 1969 жылдар аралығында тек Қытай жерінде ғана 8 рет ірілі-ұсақты қарулы қақтығыс өтіпті. Олардың бәріне КСРО қатысқан. Польша, Испания, Венгрия, Алжир, Египет, Йемен, Вьетнам, Сирия, Ангола, Эфиопия, Камбоджа, Бангладеш, Лаос, Ливан жеріндегі соғыстардың ешқайсысы КСРО-ның қатысуынсыз өтпеген. 1944-51 жылдар аралығында Украина, Беларусь, Латвия, Литва, Эстония жеріндегі қарулы көте­рілістерді басуға КСРО құ­ра­мындағы  ұлттардың көбісі қа­тысқан. Әсіресе, Азия мен Таяу Шығыстағы соғыстарға Қазақ­станнан, Орталық Азия респуб­ликаларынан әскерлер көптеп тартылған. Бұл соғыстарға қатыс­қан азаматтардан мемлекеттік құ­пияны ашпау жөнінде қолхат­тар алынған. Құжаттарында қай жерде соғысқандары туралы жазылмаған. Шындықтың шеті «Шетел соғыстарының мүге­дек­тері» жайында редакцияға ма­қала әкелген Нұржан Байжанұлы көп ұзамай дүниеден өтіп кетті. Бірақ мына бір шындықты айтып үлгерген: «Осындай соғыстардың біріне өзім де қатысқам. Кезінде КСРО-ға қалтқысыз қызмет еттік. Бұл құпияны ашпау жөнінде қолхат та бергенбіз. Енді ол мемлекет келмеске кетті. Сондықтан шындықты айтуға болатын сияқ­ты. 1950 жылдардың ортасында Германияда шоғырланған Кеңес армиясының құрамында әскери борышымды өтедім. Мұндағы Кеңес Қарулы Күштері «Группы советских оку­пационных войск в Германий» деп аталатын. Біраз уақыттан кейін бұл атау өзгер­тілді. Сол жылдары осы әскери құраманың 207-полкінде батарея командирінің орын­басары қызме­тін атқардым. Бір күні Германияның Штендель деген қаласында Кеңес үкі­метіне қарсы қарулы көтеріліс бұрқ ете қалды. Әскери дабылмен атқа қондық. Немістер жағы өліс­пей беріспейтін сыңайлы. Бірнеше күн­нен кейін көтеріліс күшпен ба­сылды. Екі жақтан да  адам шы­ғы­ны болды. Мен осы жо­рықта ба­сым­нан қатты жарақат алдым. Қа­зір соғыс мүгедегі деп есептелемін. Ал мына «Труд» газетіндегі айтыл­ғандар бойынша шетелдерде со­ғыс­қандар үшін арнайы жеңіл­діктер қарастыры­лып­ты. Біздің отан­дастарымыз одан әлі бейхабар. Сондықтан да бұл жөнінде газетке жазуды өзім­нің азаматтық, әрі заң­герлік па­рызым деп білдім...». Отставкадағы подполковник ре­­тінде, білікті заңгер ретінде бар білгенін айтып қалуға тырысқан Нұржан ақсақалмен бұдан кейін ұшыраспадық. Анголаның аспаны мен жерінде... Биылғы жылдың 7 мамыр күні «Казахстанская правда» газетінде «Гранда шеф-инженерий» деген атпен шағын мақала жарияланды. Онда генерал-майор Сармантай Нұрғожин  Ангола жерінде «ин­тер­на­ционалдық борышын» қа­лай атқарғаны жөнінде ашық айтыпты. 1975 жылы басталған Анголадағы соғыс сексенінші жыл­дардың екінші жартысына дейін толаста­мағанын екінің бірі біле бермейді. Ал қазақ генералы соның бәріне өзі куә болған.   1987 жылы ол КСРО Қарулы Күштері Бас штабының 10-басқармасында қыз­мет етіп жүр­генде Қорғаныс министрлігіндегілер Анголаға ісса­парға баруды ұсы­нады. Әскери адам бұйрықтан бас тарта алмайды. Анголаның астанасы – Луандаға келгенде жағдай өте күрделі екендігіне көзі жетті. Оппозициялық күш­тер мен үкімет әскері арасында қарулы қақтығыс өршіп тұр. Мұн­дағы кеңес жауынгерлерінің міндеті – Анголаның заңды үкіметіне кө­мек­тесу. Араларында мәскеулік ұш­қыштар, партугал тілін жақсы мең­герген аудармашылар, әскери ке­ңес­шілер, тағы басқа мамандық иелері жетіп артылады. Сармантай Нұрғожиннің негізгі мамандығы – әскери ұшақтар мен тік ұшақтар саласының инженері. Оқ тиіп құла­ған ұшақтарды қалпына келтіру үшін талай рет орман арасында, оқ пен өртің астында тер төкті. Бұл басқаратын инженерлер бригадасы жұмыс істеп жатқанда жауынгерлер оларды аспан мен жерден келетін шабуылдан қорғап тұрды. Құрал-саймандарын тастай салып, өздері де талай рет жауға қарсы ұмтылған сәттері аз емес. Ангола соғысында өткізген үш жылы ішінде қырыққа жуық ұшу техникаларын қалпына келтіріп, қаншама жергілікті ұш­қыш­тарды  жаңа мамандыққа үй­рет­ті десеңізші. Осы ерлігі үшін ол «КСРО Қарулы күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордені мен ІІІ дәрежелі «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты. Ал Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесі қар­саңында «Ресей Президентінің аты­нан» деген жазуы бар алтын сағат­пен марапатталыпты. Жаралы жігітті іздеу 1980 жыл. Дуылдап өтіп жатқан студенттік шақ та соңына тақап қалған. Сол жылы мен үйлендім. Біздің жатақханаға сүліктей сұр «Волгамен» бір жігіт жиі келетін. Естуімше, Аматыдағы бір бастық­тың жүргізушісі. ҚазМУ-де сырт­тай оқи­ды. Бөлмедегі жігіттердің бі­реуінің сыныптасы ма еді, әлде жерлесі ме еді, дәл қазір есімде жоқ. Есімдегісі – сол ақкөңіл азамат сұр «Волга­сымен» менің то­йымның бір жағын кө­теріскені. Ая­ғын сылтып басатын. Абыр-сабыр кезінде «Бұл жігіт Даманскідегі соғысқа қатысыпты» дегенді естіп қалғам. Одан кейін кездеспеппіз. Енді мен осы мақаланың бір кейіпкері болуға тиісті сол жігітті іздеуге кірістім. Курстастардың біра­зына хабарласқаннан кейін ғана оның аты-жөні анықталды – Ербол. Ұялы телефонын да таптым. Сөйлес­тік. Маған жасаған жақсылығын да, өзімді де нақты есіне түсіре алма­ды. Тек екеуміздің ортақ таныста­рымыз ғана әзірге арамызды байла­ныс­тырып тұр. Баяғы аққкөңіл қалпынан айны­мағаны дауысынан аңғарылады. Бүгін-ертең кездесейік дедім. Себебін сұрады. Түсіндірдім. Сөйтсем, ол Даманскіде емес – Дамаскіде бо­лып­ты, яғни Сирия­да­ғы соғысқа қатысқан. Естелік-дерек 1967 жылы Араб елдері мен Израиль арасындағы соғыста арабтар жеңіліп, біраз жерлерінен айыры­лып қалғаны  тарихтан белгілі. 1973 жылы Египет пен Сирия осы жерлерді қайтарып алу үшін Израильге қарсы соғыс ашты. Бұл со­ғыста Израильді әдеттегідей АҚШ қолдаса, арабтарды Кеңес үкіметі қолдады. Египет әскері Суэц ка­налын кесіп өтіп, Митла-Гидди-Мелес асуы арқылы  25-30 шақырымға дейін алға жылжуды мақсат етті. Ал Сирия Голанд биігін бағын­дырып, Иордан өзеніне иек артуды көздеді. Израильді толықтай тал­қан­дауға Америкадан қорықты. 1973 жылдың 6 қазан күні ша­буылға шыққан арабтар алғашқы сәтте Израиль әскерін кәдімгідей тық­сырып жіберді. Бірақ бұл жеңіс ұзаққа бармады. 15 қазаннан бастап Израиль әскері арабтардың екпінін басты. Сөйтті де алға жылжыды. Тіпті Сирияның астанасы – Дамас­кінің түбіне дейін келіп қалды. Израильдің әуе шабуылына қарсы тұратын қару арабтарда жоқтың қасы еді. Ал КСРО-да ондай қа­рулар жетіп артылатын. «Байтал түгілі бас қайғының» кебін киген «одақтастарына» КСРО жасырын түрде көмек бере бастады (Бұл деректер осы соғысқа қатысқан подполковник, тарих ғылымдарының кандидаты О.А.Белослудсев пен Г.Л.Плоткиннің естеліктерінен қыс­қар­тылып алынды. С.Ж.). Көңіл кілті Ербол бірден шешіле қоймады. Мемлекеттік құпияны ашпау жө­нінде қолхат бергенін алға тарта берді. Қайтадан жақынырақ таны­сып, жөн сұрастық. Құрдас екенбіз. Екеуміз де 1973-1975 жылдар ара­лығында әскер қатарында қызмет етіппіз. Мен – Қиыр Шығыста танкист, ол Одесса маңында зенитші, яғни Әуе шабуылына қарсы күштер (ПВО) құрамасында болған. Туған жері – Атырау облысы Қызылқоға ау­даны. Тоқсаныншы жылдардың басында ол ауданға да жолым түс­кен. Тағы да ортақ таныстардың аттары аталды. Қиыр Шығыста өзім қызмет еткен полктің танкистері 1969 жылы Қытай мен Кеңес әскерлерінің Даманскі аралы үшін өткен қанды қырғынға қатысқанын, санаулы уақыт ішінде дұшпанды жер қаптырғанын, сол соғыста ғана сыры ашылған, оған дейін құпия қару қатарында саналған «Т-62» атты алып танкіні жүргізгенімді  сәл мақтана жеткіздім. Әскери бө­лімшедегі саябақтың ортасында Даманскіде қаза тапқан Кеңес жауын­герлеріне арналған ескерткіш тұ­ра­тынын, мереке күндері қару­лас­тарды ресми түрде еске алып, гүл шоқтарын қоятынымызды да еске алдым. Олардың арасында қазақ жігіттері де жатпағанына кім кепіл? Кезінде «Дамаскіні»  «Даманскі» деп ұққан мен Ерболдан солар жайында бір шындық біліп қала­мын ба деп үміттенгенімді де жа­сырмадым. Ол жүзіме барлай қа­рап, сәл ойланды. Шын ниетімді енді түсінген сияқты. Кейіпке­рімнің көңіл кілтін тапқандаймын. Жерорта теңізін жарып өтіп... – 1973 жылдың көктемінде әскерге алынған біздер Украинаның Одесса қаласының түбіндегі зенитшілер полкіне келіп түстік. Қата­рымызда қазақ балалары да аз емес еді. Күзге қарай өз мамандығы­мызды толық игерген біздер сақа­дай сай сарбаз болып шыға келдік, – деп бастады ол әңгімесін. – 6 қа­зан күні полкті әскери дабылмен көтеріп, Одесса қаласына алып келді. Сол жерде бүкіл қару-жарақ­тарымызбен жолаушылар кемесіне тиелдік. Әскери киімдерімізді кә­дім­гі қара костюм-шалбар мен ақ көйлекке ауыстырды. Қолымызға бір-бір дипломат ұстатты. Төрт қа­баттан тұратын алып кеменің ас­тың­ғы екі қабатында Әуе шабуы­лына қарсы күштердің әскерилері орналасқанын былайғы жұрт әрине білмейді. Ірі портты қалаларға жа­қындағанда  біз де ептеп полубаға шығамыз. Грецияны артқа тастап, Жерорта теңізін жарып өттік. Бір аптадан соң Сирияның астанасы – Дамаскі қаласына жеттік. Қай­тадан әскери киімдерімізді кидік. Әр­қайсымыз өз қару-жарақтары­мыз­дың қасында бұйрық күтіп отыр­мыз. Кеменің соңғы жағын­дағы үлкен қақпа ашылысымен сырт­қа қарай ұмтылдық. Мен – қорабында зениттік артиллерия қон­дырғысы орналасқан  «Зил» ма­шинасының жүргізушісімін. Күн екіндіге ауған кез. Сап түзей ағыл­ған бүкіл полктің әскери техникасы біраз жүргеннен кейін қалың ор­манға кірді де, бұйрық бойынша ша­буылға дайындалды. Сәлден кейін Дамаскіні бетке ала ұшқан Израильдің әскери ұшақтары мен тікұшақтарының дауысы естілді. Әбден еркінсіп алған олар тіпті жерден қауіп келетінін ұмытқан сияқты.   Біздер бүкіл орманды күр­кі­рете аспанға қарай оқ жау­дырғанда  бірде-бір ұшақ құтыл­мады. Қара түтінге оранған олар қалбалақтап барып, жер құшып жатты... Естелік-дерек Ресейлік М.В.Разников деген азаматтың интернеттегі естелігі Ер­болдың айтқандарымен дәл келеді. Назар аударайық: «Мен 1973 жыл­дың қазанында болған араб-израиль қарулы қақтығысына қатыс­тым, бәрін өз көзіммен көрдім, – деп жаза­ды сол кездегі әскери аудар­машы қызметін атқарған ол. – КСРО Қор­ғаныс министрлігіндегілер алғаш рет шетелге іссапарға шыққандарды қара костюммен, плащ­пен, бір түсті бас киіммен киіндіретін. Сириядағы кеңестік бай­ланыс бөлімшесіне келгенімізде есік алдында тұрған өзіміздің жауынгерді көрдік. Ол бізді қатаң тексеруден өткізгеннен кейін ішке кіргізді... ...Бұл кезде Израиль әуе күштері Сирия аспанында еркін ойқастай беретін. Сирияның әскери нысан­дары мен Дамаскі маңайындағы палес­тиндердің лагерлерін кез келген уа­қытта бомбаның астына алу олар үшін түкке тұрмайтын. Себебі Сирияның Әуе шабуылына қарсы күштері әлі толық жасақталмаған.  Сирияға көмекке келген Кеңес Әскери әуе шабуылына қарсы күш­тер басқарма бастығының орын­басары, полковник Виктор Петрович Шевчук бізге өте сақ болуды, аспаннан қатер төнгенде окопта қалай жасырыну керек екендігін түсіндірді... ...Соғыстың екінші күні Израиль ұшақтары біздің әскерлердің қорғауында тұрған әуежайды астан-кестең бомбалап өтті. Әскерлер қару­ларына қарай ұмтылды. Дереу зенитканы іске қосып, бірнеше ұшақты атып түсірді. Қалғандары зуылдап өте шықты. Біз – Беловцов Кузьма Архипович, Бутков Виктор Петрович, тағы бірнеше взвод командирлері бар, оңтүстік жаққа көз тіктік. Ол жақтағы «Хальхле» әуе­жайын қорғап тұрған кеңестік зенитшілер полкінде менің курс­тасым Шергилов Миша  бар. Аман болса игі еді. Сондай-ақ  Сирия әскерінің құрамындағы  Степанов Юра, Поликанов Володя, Суворов Валера, Гордеев Боря, Чувашов Володя,  Руденко Саша деген жігіттер есіме түсті. «Меззе» әуежайындағы Крылов Сашаның, «Дмейр» әуежа­йындағы Агапов Виталийдің, Сирия Әскери теңіз флотының шта­бында қызмет етіп жүрген Тарасов Игорь, әскери кеңесшілер Евтюхин Женя, Бакаев Саша, Жданов Игорь, Бибиков Валера, тағы басқа жігіт­тердің жағдайы нешік деген ойлар мазалай берді». Белгісіз батырлар Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатымды түсінгеннен кейін Ербол: – Сексенінші жылдардың со­ңы­на таман бұл жөнінде Горбачевке дейін жазғам. Біраз жеңіл­діктерді де пайдаланғам. 1989 жы­лы Қызылқоға әскери комис­сариаты арқылы «КСРО Үкіметінің тапсырмасын мүлтіксіз орындағаны үшін» деп аталатын куәлік пен «Интернационалист жа­уынгер» деген кеуде белгісін, Гор­бачевтің қолы қойылған КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Төралқасының гра­мотасын тапсырды. Ол қағаздардың қазір қайда қалғанын да білмеймін. Қыс­қа қайырып айтар болсам, әскердегі екі жылым Сирия жерінде өтті. Үйге қайтарда сол бұрынғы жолмен, бұрынғы әдіспен Одес­садағы бөлімшемізге алып келді. Кемеден түсерде кеңестік әскери киімімізді қайта кигізді. Түк болмағандай елге қайттық. Ол соғысқа менен басқа да талай қазақ   жігіттері қа­тыс­қан. Айта берсе әңгіме көп. Енді мені қинама. Егер бұл жөнінде жазсаң, аты-жөнімді көрсетпей-ақ қоярсың, – деді. Сондықтан да мен ескі досымды шартты түрде «Ербол» деп атадым. Сөзіне де, ісіне де берік мұндай жігітті басқадай қалай атарсың. Сөз соңы Жоғарыда орыс офицерлері мен әскери аудармашы М.Раз­никовтың естеліктерінен үзінді­лер келтірудегі бірінші мақсат – Сириядағы соғыстың бүгінде ешқандай құпиясы да, мемлекеттік маңызы да жоқ екендігін дә­лелдеу еді. Екінші – біздің кейіп­керіміздің тұспалдай айтқан әңгі­мелері тарихи шындықпен дәл келетіндігі. Үшінші – «Ербол» ант­қа берік азамат па, әлде бір­деңеден жасқана ма? Бір сөзінде «Бала-шаға ер жетіп қалды. Со­ларға зияным тиіп кетуі де мүм­кін ғой» деген. Онысы рас. Әс­кери комиссариаттағы кейбір белсенділер мазасын алмаса да, «еркектік сертің қайда?» деуден тайынбайды. Намысқой жігіт үшін оның өзі үлкен соққы. Бірақ бір нәрсенің басы ашық. Кеңес үкіметі келмеске кетті. Көп адам оның құрбанына да айналды. Әйтпесе, сонау Қызылқоғада жүр­ген қа­зақтың сонау бір құр­лықта жаға­ласып  жатқан араб пен еврейдің жыртысын жырта­тындай, ешқай­сысына нағашы-жиендігі жоқ еді ғой.  Жалғыз қа­зақ қана емес, басқа халықтың боздақтары да шет жерлерде бостан-босқа қан төкті. Бұған дәлел – марқұм Н.Байжанұлы мен С.Нұрғожиннің жоғарыдағы әңгімелері. Олар өздерінің азаматтық борыштарын адал орындады. Әскери антын екі етпеді. Ендеше Ұлы Отан соғысына, Ауған­стан­да соғысқандармен қатар, олар да соғыс ардагерлері деген жоғары мәртебеге әбден лайық. Ербол неге ерлігі үшін марапатталған кеуде белгісін ел қатарлы тағып жүре алмайды? Ұрпағына өзі жасаған ерлігі жөнінде ашық айтуға неге оның хақысы жоқ? Балалары неге әкесінің қаһар­ман­дығымен мақтана алмайды? Өздеріне тиесілі жеңілдіктерді Үкімет неге оларға жасырын түр­де береді? Бұл жөнінде әңгіме қозғалғанда неге олар аты-жөн­дерін бүркемелеулері керек? Ресейлік әскерилерден олардың несі кем? Мәселен, М.Разников өзі­нің естелігінде  «Орден шестого октябряны»  маған бір жарым жыл­дан кейін, Бас штабтың 10-басқармасындағы бір бөлмеде жасырын түрде тапсырды» деп жаза келе, Ерболға берілген жоғары атақтарға ол да 1989 жылы ие болғанын мақтанышпен бар әлемге паш етеді. Ал Ербол ол жайында әлі күнге дейін ашық мәлімдей алмайды. Неге? Разников тағы былай деп жазады: «Сириядағы соғыс қы­зып тұрған кезде Кеңес одағынан «Квадрат» деп аталатын зенитшілер полкі адамдарымен, бүкіл тех­никасымен көмекке келді. Оның құрамы бірнеше ұлт өкіл­дерінен тұратын». Міне, бұл – Ербол қызмет еткен полк екендігі анық. Сирия мемлекетін Из­раильдің қанды құрсауынан құт­қарған жа­уынгерлер – дәл осы­лар. Бірақ бесенеден белгілі тарихи оқиғаны қазақстандық жа­уын­герлер ашық айта алмайды. Себебі олардың ерлік жолдары туралы көпшілік те, үкімет ба­сындағылар да әлі толық білмейді. Ал Ербол сияқтылар ара­мызда көп. Егер Қазақстан Парламенті «Соғыс ардагерлері ту­ралы» заңды қайта қарап, Ресейдегі сияқты, оққа кеудесін төсе­ген ұлдарын қандай соғысқа қаты­насқандарына қарамастан бә­ріне бірдей «Соғыс ардагерлері» деген мәртебе берсе, тарих­тың көлең­кесінде қалып бара жатқан әді­летсіздік орнына келері сөзсіз. Себебі олар капитализм мен со­циализмнің бітіспес күре­сінде социализмнің мүддесін  қор­ғады. Ауғанстан, Сирия, Ангола, тағы басқа мемлекеттер сол тұста  социалистік бағытты ұс­тан­ған­дықтан да КСРО оларға көмектесті.  Төрт жылға созыл­ған Ұлы Отан соғысында да әкелеріміз социализм үшін қан төкті. Ал социализм дегеніміз – КСРО, КСРО дегеніміз – Қазақ­стан, Қазақстан дегеніміз, әрқай­сымыздың отбасымыз еді ол кезде. Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жө­ні бөлек, әрине. 1994 жылдың 15 сәуірінде КСРО құрамындағы 12 республикамен бірге Ресейдің Ардагерлер туралы қаулысына Қазақ­стан да қол қойғандығы жоғары­да ай­тылды. Бірақ өзімізде оны одан әрі заңдастыруға келгенде ен­жарлық танытыппыз. «Батыр – бір оқтық», «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деп данышпан­сы­ғанда алдымызға жан салмаймыз.  Сөйтеміз де «Е... Ауғанстанда со­ғысқан екен, е... шетелдердегі со­ғыс­­тар­ға қаты­сып­ты ғой, олардың бізге керегі қанша еді?» деп тағы да сылқ ете қаламыз. Пайымымыз төмен бе, әлде намыс-жігерді мүл­дем жоғалтқанбыз ба?! Олай дегіміз келмесе, бұл тақырыпты қайта көтерейік, әділеттіліктің салтанат құруына атсалысайық.  Сонда ғана азаматтық бет-бейнемізді толық  сақтап қаламыз. Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ, журналист. Алматы.