Үстіміздегі жылдың 12 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің кәсіпкерлер мен ел халқына жолдаған «Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық» атты үндеуін жариялаған болатын. Біз бүгін сол үндеуге байланысты редакцияға келген бір топ оқырман хатын жұрт назарына ұсынып отырмыз.
Сауапты істер жасауға шақырады
Барша Қазақстан халқын Отанымыз үшін айтулы кезең болып табылатын, мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны, қасиет нұры төгілген – Рамазан айының басталуымен құттықтаймыз.
Егемендік алған аз жылдардың ішінде еліміз небір кедергілерге қарамастан, аяғынан тік тұрып, әр қадамын анық басып, қарқынды дамудың даңғыл жолымен алға бастап барады. Халқымыздың әлеуеті өсіп, дәулеті артты, ақ-ниеті оң болып, ынтымағы орнықты, ізгіліктің жолын таңдап мерейі тасыды. Қазақ елі шартарапты қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қарай бастады. Биыл, міне, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін қолға алып, ислам әлемінің бірлігін нығайтуға қажырлы күш жұмсауға бел буып отырмыз. Барша әлемді татулық пен ізгілікке шақырған қазақтың байтақ даласы бейбітшілік пен келісімнің алтын ұясына айналды. Тәуелсіздік жылдары отандастарымыз тарихпен біте қайнасқан рухани бастауымызға ден қойып, ата дініміз – исламға етене бет бұрды.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын әлем алдында абыроймен, толағай табыстармен және береке-бірлік, ынтымақпен қарсы алып отыруымыз халқымыздың мәртебесін асқақтатып, әрбір отандасымыздың мақтаныш сезімі мен қуанышын тасытары сөзсіз.
Біз осы табыстарға халқымыздың мейірімділігі мен имандылығы, кеңпейіл де жомарт бейбітшіліксүйгіш дархандығы, әрбір Қазақстан азаматының өлшеусіз қажырлы еңбегі мен ел мұратына деген адал ниетінің арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Ежелден кемеңгер халқымыз Рамазан айында оразасын ұстап, елдің тыныштығын, ынтымағын, ырыс-берекесін тілеп, кедей мен жетімге, қаріп пен ауруға шалдыққандарға көмек көрсеткен. Бұл айда барша жұрт жат қылықтардан аулақ болып, айналасына мейірім мен шуағын төгіп, ауыз ашар дастарханын көпшілікпен бөлісуге асығады. Рамазан айы адамзатты қате жолдан сақтап, сенімін нығайтып, елдің бірлігі мен ынтымағын арттырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы барша Қазақстан халқын, әрбір отандасымызды қасиетті айда ел ырысы үшін жақсы істер, сауапты амалдар жасауға шақырады.
Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.
Дініміздің ажарын ашар қадам
Дінбасымыз Әбсаттар қажының ел халқына үндеуінің әлеуметтік терең астары, мәні мен мағынасы бар екені айдай ақиқат. Күмәні көп, бағыты бұлдыр әртүрлі діни ағымдар көбейе түскен бүгінгі кезеңде мұндай игі істер дәстүрлі дініміздің ажарын аша түседі деген ойдамыз. Сондай-ақ өз үндеуінде шейх мүмкіндігі бар отандастарымызды осынау қасиетті де берекеге толы айда ел-жұртқа шапағаты тиетін иманды істерді мейлінше көбірек жасауға шақырыпты. Ораза кезінде азық-түлік пен басқа да күнделікті тұтынатын тауар түрлері бағасының имантаразы болғаны жөн екенін жеткізіпті. Бұл тармақтың ел ырысын еселеуге үлес қосып жүрген біз секілді кәсіпкерлерге де қатысы бар деп түсінеміз.
Әрі бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің үндеуін қолдауға республикадағы барша әріптестерімізді шақырамыз.
Кәсіпкерлер: Сәбит ӨТЕБАЛИЕВ, Ришат ХАЙРУЛЛИН,
Хамзат ИСАЕВ, Біржан ҚОЖАҚОВ,
Темірғали ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, Сағат ЫДЫРЫСОВ.
Батыс Қазақстан облысы.
Рамазан айында жеңілдік жасайды
Әбсаттар қажы Дербісәлінің еліміздегі кәсіпкер азаматтар мен мекеме басшыларына Рамазан айына байланысты зор сауапқа кенелер іс-шаралар атқаруға шақырып, бүкіл мұсылман атынан жолдаған өтініш-тілегінде жаны ізгілерге жомарттық жарасатынын айтқан еді. Міне, Алматы облысының жұртшылығы үндеуде айтылған игі ұсыныстарды қуана қабыл алып, қуаттайтындықтарын білдіріп, қасиетті Рамазан айының құрметіне бір ай бойы халық тұтынатын азық-түлік, құрылыс материалдарын, жанар-жағармайды, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орындарының бағасын төмендетіп жатыр.
Былтыр да Рамазан айының құрметіне аудандағы «Рахат» сауда үйінде киім-кешек сататын кәсіпкер Бауыржан Сәрсенов, тәтті сусын өнімдерін шығаратын «Башенов» ЖШС басшысы Қасенхан Башенов өз тауарларының құнын төмендетсе, «Ауылтехника» АҚ басшысы Сейілхан Беков мұқтаж жандарға көмек қолын созып, халыққа саудалайтын көмірінің бағасын арзандатып, екі мешітті көмірмен қамтамасыз етсе, «Үштөбе аудандық электр стансасының» бастығы Ырғайбек Жапарқұлов Рамазан айында аудандық орталық мешіттің электр төлемі қуатын толықтай өз мойнына алған болатын.
Қаратал ауданының бір топ кәсіпкерлері биыл да бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің үндеуінен кейін бағаны арзандатып, тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсетіп, отын-көмірін арзан бағамен саудалап, халықты бір қуантып тастады. Нақтырақ айтсақ, «Ауылтехника» ЖШС басшысы Сейілхан Беков, «Тамас» ЖШС басшысы Асылбек Пұсырманов, «Башенов» ЖШС басшысы Қасенхан Башенов және тағы басқа иманжүзді азаматтарға жұртшылықтың алғыстан басқа айтары жоқ.
Асхат Өмірбаев, журналист.
Алматы облысы,
Қаратал ауданы.
Қуаттаймыз
Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі барша Қазақстан жұртшылығын рухани және саламаттылық тұрғыдан жақсылыққа шақырды. Өткен жұма намазында Жезқазған аймағының өкіл имамы Қондыбай қажы Серікбайұлының сол үндеуді халыққа таныстырып, Рамазан айындағы сауапты амалдар мен әрбір мұсылманның ол айға деген құрметі мен әдептері жайлы түсіндірді. Иә, шын мәнінде осы бір берекелі де қасиетті ай Рамазанда мүмкіндігі бар отандастарымыздың ораза айы мен ораза ұстаушыларды құрмет тұтып, ішкіліктің ішілмеуі, сонымен қатар, осы ай бойы мұсылман қауымы мен барша көпшілікке дүкендер мен қонақ үйлерде, шаштараздар мен түрлі қызмет көрсету орталықтарында, коммуналдық төлемақылар мен телекоммуникациялық байланыс тарифтерін төмендету шараларын ұйымдастыру – өте сауапты іс болар еді. Біз бір топ Жезқазған қаласының кәсіпкерлері Рамазан айының құрметіне өз кәсібіміз саласынан 10 пайыз жеңілдікпен қала мұсылмандарына қызмет көрсету ниетіндеміз.
Айгүл ИШАНХАНҚЫЗЫ,
Ғалымжан ҚАЛМАНБАЕВ,
Дастан ЖАҚАЕВ,
Жезқазған қаласының жеке кәсіпкерлері.
Адал іске асығайық
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Әбсаттар қажы Дербісәлінің бүкіл Қазақстан жұртшылығына Рамазан айында азық-түлік тауарларына 10 пайыз жеңілдіктер жасауға, дүкендерде ішімдіктерді сатпауға, ал мұсылман халқын харам әрекеттерден аулақ болуға шақырған үндеуін шын жүректен қолдай отырып, Алла тағаланың құдіретіне бүкіл иманымызбен бойұсынуға шақырамыз!
Оразаларыңыз қабыл, имандарыңыз кәміл болсын, ағайын!
Оразбек Сәрсенбайұлы, жазушы;
Жарылқасын Нұсқабайұлы, жазушы,
«Білім» баспасының директоры;
Әшірбек Көпіш, жазушы-публицист,
«Өнер» баспасының директоры;
Тәжігүл Серікбаева, Қазақстанға еңбегі
сіңген мәдениет қайраткері;
Жарылқасын Дәулет, сазгер-ақын,
Мәдениет қайраткері.
Шапағатты айда шарапатты істер көбейсін!
Міне, тәуелсіздікке деген сенім оты сөнбеген халықтың ақыры тамылжып таңы атты. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқына Аллатағаланың шапағаты түсті. Бүгінде Қазақстан Орталық Азияның аймаңдай еліне айналды. Біз халқымыз бұрын-соңды болмаған осынау игіліктерге тек тәуелсіздіктің арқасында ғана жете алғанын естен шығармауымыз керек.
Биыл тәуелсіздікке 20 жыл толды. Елбасы бастаған қазақстандықтар 20 жылда ғасырлардың үлесіне тән іс тындырды. Сарыарқаның төсінен сәулетті Астанасын тұрғызып, ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр даланың шекарасын бекітті. Бұл біздің тарихымызда болмаған керемет жетістік!
Біз өртеңнен өнген қарағайдай зеңгір көкке шаншыла, жан-жағымызға жасыл жапырақ жайып, тереңге тамыр тартудамыз.
Халқының 70 пайызы ислам дінін ұстанатын елімізде исламның өркендеуі де осы тәуелсіздік жылдарында. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік ата дініміздің де арқауы болды. Кеше Алланы ауызға алуға алаңдайтын қазақстандық мұсылмандар бүгінде ата дінімен қайта қауышты. Ислам құндылықтары өркен жайды.
Биыл Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін өз қолына алды. Дүниедегі бір миллиард мұсылманның басын қосатын ұйымның төріне көтерілуі еліміздің ислам әлеміндегі орнын айқындай түседі. Осындай елеулі оқиғалармен тұспа-тұс келген биылғы қасиетті Рамазан айы орайымен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет қасиетті Рамазан айына байланысты жолдаған үндеуінде мүбәрак айында бағалардың күрт қымбаттап кететініне қынжылатынын білдіре келіп, кәсіпкерлерді азық-түлік пен қонақ үйлер және қоғамдық қызметтер бағасын 10 пайызға төмендетуге шақырады. Ол сондай-ақ, қасиетті Рамазан айында мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, сатылмаса деген тілегін де білдіреді.
Біз жүрегі таза мұсылман әрі кәсіпкер ретінде бас мүфтидің үндеуін жан-тәнімізбен қолдап, өз тарапымыздан осы айда азық-түлік бағасын мүмкіндігінше төмендетіп сатуға ниеттіміз және басқа кәсіпкерлер де сауабы мол шарапатты істі қолдайды деп сенеміз.
Ысқақ НҰРАХМЕТ, Айшагүл САНДЫБАЕВА,
Текелі қаласы.
Игі Бастама
Дінбасымыздың көтеріп отырған мәселесі өте орынды және уақытында қолға алынған игі бастама екені даусыз. Мұндай тың бастама облыс, аудан басшылары, кәсіпкерлер, түрлі мекеме жетекшілері тарапынан үлкен қолдауды қажет етеді. Үндеуде айтылғандай, кәсіпкерлер мен мекеме басшылары аз да болса қарапайым жандарға көңіл бөліп, халықтың мүддесін ойласа, Алла алдында үлкен сауапқа ие болары сөзсіз.
Біздің Көксу ауданының мұсылман жамағаты хазіреттің үндеуін қолдап отырмыз. Алдағы уақытта үндеу өз қолдаушыларын тауып, жыл сайынғы дәстүрге айналады деп сенеміз.
Рамазан сауда емес, сауап айы екенін түсініп ел тұтынушылары үшін осы айда тиімді жағдайлар жасауды бастап кеткен иманды кәсіпкерлерімізге Алланың нұры жаусын!
Көксу ауданының мұсылман жамағаты атынан:
Дәулет Мұстафаев, кәсіпкер; Сайлау Урин, кәсіпкер; Манат Тастанов, мекеме басшысы; Еділбек Ерімбет, ауданның бас имамы; Малгаждар Жылқышыбай, найб имам; Мұхаметкерім Еділбаев, ақсақалдар алқасының мүшесі; Асхат Ибрагимов, ақсақалдар алқасының мүшесі; Шәріпхан Жұмаділов, ақсақалдар алқасының мүшесі.
Алматы облысы.