• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
30 Шілде, 2011

Қасиетті рамазан құтты болсын!

1804 рет
көрсетілді

Құрметті мұсылман бауырлар, қымбатты отандастар! Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жү­ректен құттықтаймын! Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынты­мақ­тас­тығы Ұйымының тізгінін қол­ға алып, қазақтың байтақ да­ла­сы­ның шежіре-тарихы исламмен біте қайнасып жатқандығын дүй­ім жұртқа паш етуде. Осы­нау мәртебелі қызметте елімізге Алла тағаладан  зор абырой нә­сіп етуін тілейік. Рамазан – он екі айдың сұл­таны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла тағала исламның бес па­ры­зының бірі болған оразаны осы айда ұстауды  парыз етті. Екінші­ден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жал­ған­ды, сауап пен күнә арасын­дағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда тү­сі­рілді. Сондықтан бұл айда оқыл­­­ған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың са­уа­бы өзге айларға қарағанда есе­леп артады. Құдси хадисте Алла ­тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауа­бын) Өзім ғана беремін. Өйт­ке­ні, пенде Мен үшін шақуат қа­ла­уы мен ішіп-жеуден бас тарт­ты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да Жаратушының пен­десіне тартуы. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнын­да­ғы бес парыздың бірі. Қасиет­ті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа же­­тулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) – деп бұй­рыл­ған. Әрине, бұрынғы өткен пай­ғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және рамазанда ораза тұту», деп ораза ұстау исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кә­міл иманмен, сауабын Алла­ та­ғаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен кү­нәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді. Демек, пенделікпен істеген кемшілік-қате­лік­терге өкініп, тәубеге келіп, сауа­бын Алла тағаладан үміт ете ораза ұстаған жағдайда барша жа­мандықтарға кешірім болары шү­бәсіз. Күнәсіз адам болмай­тын­дығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кешірілуі­не себеп болмақ, бауырлар! Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауа­бына кенелетін емес, күнәлар­дың да кешірілетін кешірім айы. Жа­рат­қан Алла ораза ұста­ған­дар­ды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақ­сы­лығымен марапаттайды. Адам пенделікпен өзге құл­шы­­лықты көрер көзге, атақ, абы­рой үшін жасауы мүмкін. Алайда ора­заны көрер көзге, рия­лық­пен тұта алмайды. Ораз­а­ны Алла­ға шын сенген мұсыл­ман ғана ұстайды. Алайда, ораза тек таңның аты­сынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру ар­қы­лы тәнді рухани тазартады. Ар­дақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы бола­ды», – деп тектен тек айтпаған. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әре­кеттерін көріп, тұрпайы сөз­дерін естісе де: «Мен ораза­мын» деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр­ға келеді. Ал, сабырлылықтың сыйы – жәннат. Рамазан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі ар­та­ды. Кімде-кім ораза ұста­ған­ға ауыз аштырса, оның күнәлары кешіріліп, ораза ұстағанның сауа­бын­дай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Бір­де сахабалар ардақты Елшіге (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла­ның Елшісі! Біздің әрбіріміздің ораза ұста­ғанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді» – дегенде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла тағала ең болмаса бір түйір құ­р­ма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын береді ...» – деген. Сондықтан кедей-ғаріптерді бір күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпірлердің жанынан табылсақ, Алла тағала­ның шексіз рақымына бөленері­міз хақ. Осы тұста, еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берілетін мол сауап үшін өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игі іс-шараларды мейлінше көбі­рек атқаруға шақырамын. Жұрты­мыз қасиетті айда Алла тағала­ның ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариға­ты­мыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатыл­маса. Сөз соңында айтарым, ораза­ның жылдан жылға он күнге кейін шегерілуіне  байланысты биыл тамыздың алғашқы күндері­нен басталып, ыстық аптапқа тұспа-тұс келмек. Бұл өз кезегінде мұ­сыл­ман жамағатының тө­зімділігі мен сабырлылығына сынақ іспетті. Шілденің аптап ысты­ғында ауыз бекітсек, Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) сүйінші­ле­ген­дей, жәннаттағы «Райян» қақпа­сының есігін ашуымызға септігін тигізер, иншаллаһ! Құрметті әлеумет! Барша­ңыз­ға тауфиқты ғұмыр тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл, мұратта­ры­ңыз асыл болсын! Жүздері­ңізге нұр, жүректеріңізге иман шуағы ұялай бергей! Жұрты­мыз ты­ныш, Отанымыз аман, тәуелсіз елі­міздің мәртебесі асқақтап, ынты­мағымыз жарасып, Алла тағала­ның құт-берекесі дари бергей! Шейх Әбсаттар қажы дербісәлі, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти.   «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді».

«Бақара» сүресі, 185-аят.

РАМАЗАН АЙЫНЫҢ ОРАЗА ҰСТАУ МЕН НАМАЗ ОҚУ КЕСТЕСІ Рамазан кестесі ЕСКЕРТУ: 1. Биылғы Рамазан айы 29 күн болып, ол 1 тамыз – 29 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. 2. Сәресі уақыты таң намазына 10-15 минут қалғанда тоқталады. Пітір садақа 150 теңге. 3. Тамыз айының 26-сынан 27-сіне жұмадан сенбіге қараған түн – қасиетті Қадыр түні. 4. 30 тамыз күні – Ораза айт намазы. Айт намазы Астана қаласында таңғы 07.00-де оқылады. 5. Оразаның ниеті: Алла разылығы үшін таңнан күн батқанға дейін рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім. 6. Ауызашар дұғасы: Иә, Алла! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Өзің берген ризықпен ауыз аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел еттім. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келер күнәларымды кешіре гөр!

Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті