Екі жылдан бері елордадан шығып келе жатқан “Алтын тамыр” әдеби журналының кезекті саны жарық көрді.
Басылымның бұл жолғы нөмірі түгелге дерлік қазақтың аса көрнекті жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның халықаралық “Түрік дүниесіне қызмет” сыйлығының иегері Мұхтар Мағауиннің шығармашылық әлеміне арналып отыр. Оның да жөні бар. Биылғы жылдың ақпанында атақты жазушының мерейтойы – жетпістің асқарына көтерілмек.
Осынау айтулы белеске орай жарияланған материалдардың алтын арқауы да Мұхтар Мағауиннің көркемдік әлемі, өзіндік дара қолтаңбасы, жазу мәнер-машығы хақында өріледі.
Белгілі ғалым, түркітанушы Мырзатай Жолдасбеков Мұхтар бауырына жазған хатында жан сырын, жүрек сөзін ақтара отырып, жастық шақтарын еске түсіреді. “Екеуміз Бейсембай Кенжебаев дейтін әдебиеттегі қасиетті қара шалдың баласымыз. Сол кісінің жетекшілігімен ғылымға бардық. Қазақ елі тарихының елеулі кезеңін зерттеп, дәуірді тірілттік. Оның үстіне сен біздің қазақ ойының, санасының, қазақ әдебиетінің бағына туған қайраткерсің”, деп салиқалы пікір түйеді. Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай “Қос қайырым” атты зерттеу мақаласында жазушының өскен, өнген ортасы жайында, қазақтың қасиетті де шежіреге толы, әсіресе Абай ғұмырнамасына тікелей қатысты Шыңғыстау өңіріне байланыстыра тарихи-танымдық, қызықты деректерді оқырман назарына ұсынады. Мағауин шығармаларына тән сипаттарды ғылыми көзқарас аясында жарқыратып ашып көрсетіп, әр жылдары жарық көрген туындылары төңірегінде көсіле толғайды, тосын ойларын ортаға салады.
Қарағандылық журналист Мағауия Сембайдың “Алаштың алдаспаны” жолжазба-очеркі де назар аудартады. Автор соңғы жылдары Прагада тұрып жатқан Мұхтар Мағауинді іздеп барып, арнайы сұхбаттасады. Емін-еркін екеуара әңгімеде әдебиеттің әр тарапынан жан-жақты ойлар өріліп, халықтық, елдік, азаматтық мәселелердің неше алуан өрістерінен сөз қозғап, жаһандық проблемалар тілге тиек етіледі. Жазушының шығармашылық ой-жоспарларынан мағлұмат береді.
Белгілі жазушы-журналист Жанат Елшібек өзінің “Сұңғыла” эссе-хикаятында әр сөзі өсиет, әр ісі өнеге, әр әдеті тәрбие ұшқынындай көрінетін Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік құпия қырларына үңіледі. Тосын штрихтарға, оқыс оқиғалар мен елең еткізер детальдарға құрылған хикаяттың жазылу үлгісі ешкімді де бейжай қалдырмасы анық.
Ақындар Несіпбек Айтұлы, Ұларбек Дәлей мерейтой иесінің келбетін шымыр да, жарқылдаған жыр жолдарымен қашаған. Журнал мұқабасы бүгінгі биік талғамға сай безендірілген.
Сондай-ақ, оқырмандар М.Мағауиннің кейінгі кездері жазған бір топ туындысымен таныса алады.
Серікхан САБЫРБЕКОВ.
АТЫМТАЙ ЖОМАРТТАР ТАҒЫ ДА ЖАРЫЛҚАДЫ
Қостанайдағы меценаттар клубының мүшелері мәдениет саласында табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге, әдебиет пен өнердегі таланттарға жыл сайын қаржылай қолдау білдіріп отырады. Міне, Жаңа жыл алдында Атымтай жомарт кәсіпкерлер рухани байлығымызға үлес қосып жүрген азаматтарды тағы да бір жарылқап тастады. Меценаттар клубының “Қазына” сыйлығын жазушылар мен ақындар, сазгерлер мен әншілер, суретшілер, өнер ұжымдары, мәдениет саласында бұқаралық-көпшілік шараларын ұйымдастыруға, жалпы осы саланың дамуына еңбегін сіңіріп жүргендер алды. Ал осындай еңбегі бар жастар үшін “Шабыт” сыйлығы берілді. Соңғы жылдары ғалымдар да Атымтай жомарттар назарынан тыс қалған жоқ. Меценаттар клубының биылғы “Қазына” сыйлығын “Қазақ тұлпары” асыл тұқымды жылқы зауытының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нәбидолла Кикебаев пен оның әріптесі Сейілхан Рахманов иеленді. Бұл ғалымдардың қазақтың қазанатын халқына қайтару үшін инемен құдық қазғандай ғылыми жұмыс жүргізіп жатқаны елге мәлім.
Меценаттар клубының сыйлығы жыл сайын талаптың тұлпарын мінген, өнерге таласы бар жастардың да есімін жұртшылыққа әуезелеп жеткізеді. Мысалы, вокал аталымы бойынша “Қазына” сыйлығына ие болған облыстық филармонияның әншісі Жанатбек Қадыровтың есімін Қостанай өңірі ғана емес, республика жұртшылығы мойындап қалған. Ал әдебиет аталымы бойынша “Шабыт” сыйлығын алған жас ақын Марғұлан Оспанов қостанайлық оқырмандар мен айтыс көрермендерінің үкілі үміті. Сондай-ақ қазақ оюының қайталанбас түрлерін қайшымен ойып жүрген Торғай өңіріне белгілі оюшы Шөптібай Байділдиннің көп жылғы еңбегі де “Мәдени мұра” аталымы бойынша “Қазына” сыйлығына лайық деп табылды. Жыл сайын меценаттар қолдауына журналист ағайындар да тыс қалмайды. Арнайы сыйлықты белгілі журналист Жақсылық Жүнісов те алды. Меценаттар клубының сыйлықтарын иеленгендердің арасында Сейіт Кенжеахметов, Ақылбек Шаяхмет, Әсия Беркенова, Жолбарыс Баязит сияқты ақын-жазушылар да болды. Әдебиет демекші, Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығына орай осы ұйымның облыстағы тоғыз мүшесіне облыс әкімі Сергей Кулагин өз атынан сыйлық тапсырды. Сонымен қатар, мәдениет пен өнерде, әдебиетте табысқа жеткен бір топ еңбек торылары осы мерекелік жиында кеудесіне “Мәдениет қайраткері” белгісін тақты.
Жалпы меценаттар клубының сыйлықтары он аталым бойынша жиырмадан астам адамға берілді. Қуанышқа бөленгендерді құттықтаған сөзінде Сергей Кулагин осымен оныншы рет тапсырылып отырған “Қазына” мен “Шабыт” сыйлықтары үшін меценаттар клубы мүшелерінің 79 миллион теңге жұмсағанын тілге тиек етті. Осыдан-ақ лайықты иесін тапқан әр сыйлықтың қомақты екенін біле берерсіз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ РУДНЫЙДА АШЫЛДЫ
Жыл табалдырыққа аяқ салған кезде жаңа қазақ орта мектебінің ашылуы Рудный қаласының жұртшылығын қуанышқа бөледі. Осыдан жиырма жыл бұрын іргетасы қаланған мектеп ғимаратының қаңқасы ғана тұратын. Әрине, ол әу баста орыс мектебіне арналған еді. Міне, заман өзгерді, енді кеншілер қаласында орысша емес, мемлекеттік тілде білім алуға деген сұраныс күшейді. Сондықтан облыс басшылығы қаңтарылған күйі қалып қойған мектептің ескі құрылысын өткен жылы қайтадан қолға алған болатын. Мамандар 900 орындық қазақ орта мектебін жобалағанда, ескі құрылысқа өзгертулер енгізді. Алдымен мектептің қабырғасын көтермей тұрып, оның жанынан 25 метрлік бассейн салудан бастаған. 2008 жылдың қазан айында қолға алынған мектептің құрылысы 2010 жылдың тамыз айында аяқталуы керек еді. Республика бюджетінен 1 миллиардтан аса теңгеге қаржыландырылған нысанды құрылысшылар мезгілінен сегіз ай бұрын пайдалануға тапсырды.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына келген ата аналар мен қала жұртшылығы мектеп құрылысының сапалы жүргізілгеніне риза болды. Үш қабатты ғимаратта бассейннен бастап, спорт зал, жарық та кең сыныптар, кітапхана, интерактивті тақталар, компьютерлік кешендер сияқты барлық жағдай бар.
– Бұл кеншілер қаласында арнайы салынған тұңғыш қазақ мектебі. Ал уақыт талабына лайық барлық жағдай жасалған мұндай еңселі мектеп жас ұрпақтың сапалы білім алуына кепілдің бірі деп деп білемін,–деді мектептің лентасын қиған облыс әкімі Сергей Кулагин.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Рудный қаласы тұрғындарының 2-3 пайызы ғана қазақтар болатын. Нарық жылдары ішкі көші-қон үдерісі күшейді де, Рудный қаласына жан-жақтағы ауылдардан көшіп келушілер көп болды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртын аңсаған алыстағы ағайындар да кеншілер қаласын жайлы қоныс деп тапты. Соңғы санақ қазақтардың Рудный қаласы тұрғындарының 13 пайыздан астамын құрағанын көрсетті.
– Қазір қаламызда екі қазақ, бір аралас мектеп бар. Балалардың көптігінен бұл күнде осы үш мектеп өте тарлық етіп отыр. Қалада қазақ мектебіне, қазақ балабақшасына сұраныс өте үлкен. 900 орындық мектеп дәл уақытында салынып, беріліп отыр. №7 қазақ орта мектебі деп аталатын жаңа білім ұясына жаңа жыл өткен соң, ақпан айында оқу басталады. Мұнда 2 және 8 сыныптарда оқитын 350 бала өз мектептерінен ауысып келеді,–дейді Рудный қалалық білім бөлімінің бастығы Ильдар Ғиззатуллин.
Қаладағы білім бөлімі мамандарының айтуынша, алдағы екі жылда жаңа мектеп толық күшінде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, мектеп жанынан қазақ балабақшасы да бой көтермек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Рудный
СӘБИЛЕРГЕ ТАРТЫЛҒАН СЫЙЛЫҚ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен, қаржы бөліп, қамқорлық көрсетумен ауылды жерлердегі елді мекендер күн санап көркейіп, жыл санап ажары ашылып келеді. Әсіресе, еліміздің келешегі, ұлтымыздың болашағы саналатын ұл-қызға ерекше назар аударылуда. Біздің ауданда биыл бірнеше балабақшалар пайдалануға беріліп, мектептер жөндеуден өтті. Айталық, Мерген және Базартөбе ауылдарындағы білім ошақтары жанынан жер жағдайына қарай сырт жайлап, шет қонып жүрген қожалықтардың, бірлі-жарым білім ұясы жоқ елді мекендердің балаларына арналған интернаттар іске қосылса, Тайпақ ауылында заман талабына сай спорт кешені жұмыс істей бастады. Сол секілді білім ұяларының жанынан 25 орталық бүлдіршіндерге тәрбие беріп жатыр. Жалпы, өткен жылы осындай игі шараларға 2 миллиардқа жуық теңге жұмсалды.
Жақында Мерген ауылындағы бұрынғы интернат үйі “Балтемен” ЖШС шеберлері уақыт өлшеміне сай қайта жөндеуден өткізіп, 40 сәбиге арналған балабақшаны іске қосты. Балабақша атын ауыл жұртшылығы “Балбөбек” деп атап отыр. Сол секілді Ілбішін ауылында да дәл осындай балабақша пайдалануға берілді. “Еркем-ай” атты осы балалар мекемесіне 75 бала қабылданып, 25 адамға жұмыс орны ашылды.
Таяу күндері Тайпақ ауылының жұртшылығы да осындай қуанышқа бөленгелі отыр. Ауданымыздағы мектепке дейінгі мекемелерде тұрғындардың 75 пайыз ұл-қызы қамтылған. Олар арнайы ашылған балабақшалар, орталықтар, мектеп ішіндегі тәрбие орындарында тәрбиеленуде. Биыл Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына сай аудан орталығында 250 адамға лайықталған емхана жұрт игілігіне беріледі. Сол секілді 15 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, сол бойынша техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып қойған, Жайықтың арғы бетіндегі 6 ауданға газ тарту жұмысы қолға алынбақ.
Мұнымен қатар, қазақтың айтулы ақыны, кешегі Кеңес заманында “Мен – қазақпын, мың өліп мың тірілген” деп ұлтының рухын асқақтатқан Жұбан Молдағалиевтің туғанына биыл 90 жыл толады. Соған орай Жұбан ауылындағы мектеп пен мәдениет үйі өткен жылы күрделі жөндеуден өтсе, биыл жыр дүлдүлінің кіндік қаны тамған Сайқұдық ауылындағы мәдениет үйі, кітапхана жаңартылатын болады. Мұндай игілікті шараның бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жол картасы” бағдарламасы аясында атқарылып жатыр. Біз осы бағдарлама бойынша биыл жүргізілетін барлық жұмыстардың жоба-жоспарын қарастырып, қажет қаржыны есептеп отырмыз. Соның бірінші кезектегісі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ұрпаққа жағдай жасау болып отыр. Мүмкіндікті қарастыра отырып, бір-екі жыл көлемінде ауданымыздағы мектепке дейінгі мекемелердің санын арттыра отырып, барлық сәбилерді балабақшамен қамту мәселесін шешуді қолға алдық, – дейді аудан әкімі Абай Иманғалиев.
Болат ЕСҚАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.