Жылыой – Атыраудағы өңдірісті ауданның бірі. Басқасын былай қойғанда, қазақ мұнайының алғашқы тамшысы осы аудан аумағындағы Қарашүңгіл аталатын кеніштен алынған. Ауданның жылнамасында мұнай-газ өнеркәсібінің алар орны ерекше. Бұл ауданда бір ғасырдан астам уақыттан бері «қара алтын» тасқыны әлі толастаған жоқ. Дәлірек айтқанда, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың басым бөлігі Жылыой ауданындағы мұнай компанияларының үлесіне тиеді. Әлемде теңдесі жоқ делінетін әйгілі «Теңіз» кеніші де осында. Елімізге, өңірге инвестиция салуға ниет еткен шетел инвесторлары да осы ауданға алдымен бет бұрады. Отандық мұнайшылар мол өнім алып жатқан кеніштер де көп мұнда. Соған орай мұнай өндіруші компанияларға сервистік қызмет көрсететін, олардың өзге де тапсырыстарын орындайтын кәсіпорындар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша үлес қосуға тырысады.
Соның бірі – «Қарашүңгіл» серіктестігі. Осы аудандағы көп салалы «Бақай» корпорациясының құрамына кіретін серіктестік 2007 жылы мұнай жинақтайтын қазандар шығару зауытын ашқан болатын. Содан бері еліміздің батыс аймағындағы мұнай компанияларының тапсырыстарымен тік қазандарды үздіксіз шығарып келеді. Сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті екені тапсырыс берушілердің көбейе түсуінен байқалады. Корпорация президенті Миржан Балжігітовтің айтуынша, еліміздің батыс аймағында дәл осындай өнім шығаратын өндіріс орны болмаған. Ал Қазақстанда мұндай өнім Жамбыл облысында шығарылады. Әрине, Ресейде бұрыннан бар. Бірақ, батыс аймақтағы мұнай кеніштерін игеріп жатқан кәсіпорындарға алыстан тасымалдау қосымша шығынға батыратыны даусыз. Осы орайда «Қарашүңгіл» серіктестігі дайындайтын әр көлемдегі мұнай қазандарына сұраныс молайып тұр. Өйткені, серіктестік зауытында 100, 500, 1000, 2000 және 5000 текше метрлік қазандар шығарылады.
– Мұнай өндіруші кәсіпорындарға тік қазандар молынан қажет. Әр кеніштен өндірілген мұнай алдымен қазандарға жиналып, құрамындағы түрлі қоспалардан тазартылады. Содан соң құбырмен тасымалданады. Рас, мұнай тасымалымен айналысатын компаниялар да қазандарды қажет етеді. Сол себептен зауытта дайындалатын әр қазанның сапасына баса мән береміз. Мұнай – біздің байлығымыз. Оның әр тамшысын шашау етпей жинайтын қазанның сапасы жоғары болуы керек. Сондықтан еліміздегі мұнай компанияларына әрі сапалы, әрі Ресейдегімен бәсекелес болатындай сапалы қазандар шығаруды қолға алдық, – дейді «Бақай» корпорациясының президенті Миржан Балжігітов.
Қазір серіктестік зауытында 150-ге жуық адам жұмыс жасайды. Бәрі де ауданның тұрғындары. Зауыт жұмысына әбден машықтанған. Өз істерін жауапкершілікпен атқаруға ден қойған. Алдымен, әрине, сапаға баса назар аударады. Еңбек тәртібі де, осы бағыттағы заңдылық та қатаң қадағаланады. Техника қауіпсіздігі де солай. Мұның бәріне зауыттың қос инженері мұқият бақылау жасайды. Зауыт жұмыс жасағалы бері бірде-бір оқыс оқиға тіркелмеген. Зауыттағы қауіптілігі жоғары әр мамандықтағы 148 жұмысшы, 38 дәнекерлеуші біліктілігін ұдайы жетілдіреді. Жұмысшылар арнайы жұмыс киімдерімен де қамтылған. Соңғы үш жылда осындай шараларға кәсіпорын есебінен 3 миллион теңге жаратылыпты. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына да зауыт басшылары қамқорлық танытады. Адам болған соң сырқаттанбай тұра ма. Денсаулық түзеймін, сауықтыру орнына барамын дегендерге ұдайы қолдау көрсетіледі екен.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елді индустрияландыру бағытындағы тапсырмасының шарапаты біздің кәсіпорынға тиіп отыр, – дейді зауыт құрылтайшысы Миржан Балжігітов. – Олай дейтінім, Үкімет, облыс басшылығы тарапынан индустриялық-инновациялық жобаларымызға қолдау білдіріліп келеді. Зауыт жанынан жаңа цех ашу жөніндегі жобамыз үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде Астанада өткен көрмеде таныстырылды. Осының өзі біздің кәсіпкерлік ісімізді ілгері бастырудағы қанатымызды қатайтты, жігерімізді жаныды, жаңа қадамымызға серпін берді.
Енді зауытта жаңа жоба бойынша іске қосылған цехта 10 000 текше метрлік тік қазандар шығару қолға алынды. Өйткені, еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінде таяудағы жылдарда «қара алтын» өндіру көлемі ұлғая бермек. Демек, өндірілген мұнайды жинақтайтын осындай үлкен қазандарға сұраныс та көбейе түсетіні даусыз.
Тапсырыстың тұрақты түсеріне Миржан Балжігітов те бек сенімді. Себебі, «Зауыттың өнім шығару мүмкіндігін арттыруына мемлекет тарапынан қолдау жасалып отыр» дейді ол. Тағы бір атап айтар жәйт, бұл зауыт «Қазақстанда жасалған» құжатын иеленген. Өнім сапасына байланысты марапаттары жетерлік. Соның ішінде ұжым үшін «Алтын сапа» және «Атыраудың үздік тауары» конкурс-көрмелерінің І дәрежелі дипломдарының маңызы ерекше.
– Елімізді индустрияландыру жобасына өз үлесімізді қосуды азаматтық парыз деп түсінемін. Менің бұл ойымды өзге кәсіпкерлер де қолдайтынына сенеміз. Өйткені, тек пайда табуды ғана көздейтін болсақ, ілгері баса алмаймыз. Индустрияландырудың игілігін алдымен қарапайым халық көруі тиіс. Ол үшін жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, сапалы өнім өндірілуі қажет. Біздің зауыттың өнімі бәсекеге қабілетті, сапасы да тапсырыс берушінің көңілінен шығады. Ал жұмыс орындарын ашуға келсек, біз аудандық әкімдікке 70 адамды жаңадан жұмысқа қабылдауға өтінім беріп қойдық, – дейді «Бақай» корпорациясының президенті Миржан Балжігітов.
«Қарашүңгілдің» қазандарына тек қазақстандық мұнай компаниялары ғана тапсырыс берумен шектелмейді. Таяу шетелден де тапсырыс түсіп жатады. Таяуда әзербайжандық компания да мұнай жинайтын тік қазандар жасатуға тапсырыс беріпті. Мұның себебін Миржан Балжігітов «Біздің өніміміздің бағасы Ресейдегіден 40 пайызға арзан. Алайда, сапасы жоғары, ресейлік өнімнен кем түспейді» деп түсіндіреді. Айтқандай, бұл зауыт енді қалдықсыз өнім шығару жобасын қолға алмақ. Әр қазанды жасаудан алақандай темір қалады екен. Сол қалдық металды қайтадан балқытып, кәдімгі күрек шығарудың қамын жасап жатыр.
– Қазақстанда күрек шығарылмайды. Бір қарағанда бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда, күнделікті тұрмыста да, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ өнеркәсібі және басқа да салаларда күрекпен атқарылатын жұмыстар жетерлік. Еліміздің әр өңірінен күрекке де сұраныс табыларын жоққа шығара алмаймыз. Сол себептен қалдық металдан күрек шығаруды ойластырдық. Осыған орай өнім шығаратын технология жабдығын сатып алуға тапсырыс бердік. Бәлкім, жыл аяғына дейін жаңа өнім шығаратын өндірісті іске қосып қалатын болармыз, –дейді М.Балжігітов.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы,
Жылыой ауданы.