• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2010

ЖЫЛ БАСЫНДАҒЫ ОЙ

2909 рет
көрсетілді

Қазіргі теледидар мен кино табыстарына тоқмейілсіп, кітап тиражын шөмейтуге салынып, кітап оқушылар са­нын жылдан-жылға шұнтитып келе жат­қанымызды да анықтап, саралайтын кез жетті. Әр жаңа жылда оқырманның сүйікті газетінен тың ойлар күтуі – заңды құбылыс. Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылдығы қарсаңында жеткен биіктерімізге марқая отырып, жетпегеніміз бен жоғымызды түгендеп сараласақ, ол да есейген сананың өскелең талабы деп ұғынған жөн. Міне, осы межеден бағам­дасақ, қазір жер бетіндегі ең бір өркениетті елдердің жеткен асуларымен қатар жете қоймаған өрісін де дүркін-дүркін саралап отыру керектігі алға шығады. Соның ең бастысы – қазіргі теледидар мен кино табыстарына тоқмейілсіп, кітап тиражын шөмейтуге салынып, кітап оқушылар са­нын жылдан-жылға шұнтитып келе жат­қанымызды да анықтап, саралайтын кез жетті. Түрлі ғылым саласындағы білгір­лердің еңбектерін тізбей-ақ, осы орайда өзімнің байқауларымды ортаға салғым келеді. Айталық, сіздің балаңыз бүгін жеті басты дәу бейнеленген мультфильмді көрді дейік, ертеңінде сол балаға әжесі жеті басты дәу бейнеленген ертегіні оқытты. Айырма бар ма? Мен қадап айтар едім: айырма – жер мен көктей. Біріншіде – кино жасаушылар қанша ысылған шебер болса да, жеті басты дәуді белгілі бір адам­ның топшылауы бойынша ғана шектеп көрсетті. Екіншіде – ертегімен бала өзі кездесті. Ежіктесек, біріншісін қанша дәріптесек те, ол шайнап берген асқа ұқсайды да, екіншісі – әр баланың өзі шайнап жеген тамағына ұқсайды. Бастапқысы, яғни біреудің ауызға салып шайнап ұсынған асы бала үшін дәмді ме, жоқ, баланың өз тісімен шайнағаны жұғымды ма? Саралайықшы, ағайын! Баяғыда кино мен теледидар жоқ кезде бала әжесінен, не атасынан ертегі тың­да­ғанда, таудай болып жылжыған алып дәуді өзі елестетіп, соған таңданбаушы ма еді? Енді келіп: “Жоқ, сен өзіңше сараптап әуре болма! Біз қалай ұсынсақ, сонымен тынсаңшы, яғни қиялдап әуре болмай-ақ, сол берілгенді қабылдаумен шектел, өзіңше саралап, әуреленіп қайтесің? Бәрің бір менің түсінігімнің тұсауында қамалыңдар да, бір сызық бойынша ғана жүре беріңдер. Басқа әлемді іздеймін деп, бас қатыр­маң­дар!” – деуіміз бүгін өсіп келе жатқан ба­ла­лар үшін де, ал ертең жалпы ұлт, ха­лық­тар болашағы үшін де күрмеу, қиянат бо­лып шықпай ма? Ендеше, неге бұрынғы бар дәстүрді: атасы мен әжесінің ертегі айтуын және немересінің атасы мен әжесіне ер­тегі оқып беруін ұмытып бара жатырмыз? Мәселенің басы ертегі оқу болса, оның жалғасы ретінде ұлт мақтанышы М.Әуезов тәрізді алыптардың шығармаларын оқу­шы­лар­дың өзі оқып, шығарма жазулары күні кеше кеңес өкіметі кезінде қалай қанат жайып еді? “Социализмнен безгеннің жөні осы екен” – деп, социализм кезінде жет­кен рухани табыстарымыздан, игі дәстүр­лерімізден бас тарта беруіміз қалай болар екен? Мазмұндама, шығарма жазу дәстүрін мансұқтап, сол “Абай жолы” дәуірнамасын оқушылардың өзі оқып, өзі сараламай жатып, “Абайдың әйелі нешеу?” тәрізді кісі күлерлік сауалдарды тауып алып, тест дей­міз бе, басқа дейміз бе сұраулар топтама­сын ұсынып, оқушыларды ойланып, са­рап­тауға емес, тек белгілі бір деректерді жат­тауға ғана үйретсек, қай биікке жетпекпіз. Осының бәрін сараламай жатып, нағыз ғалым, жазушыларды жинап ақылдаспай жатып, әзірше “жағымды” делінген тыңда­ғыш­тарды, не айтылса бас шұлғи беретін бір топ жағымпаз білгіштерді қанша аспан­дат­қанмен, ертең сонымен қайда бараты­нымызды, не ұтып, не ұтылатынымызды дәйектемей, құр даңғаза ұрандарды әуелетумен біз қайда бара аламыз? Міне, “біздің мектептерімізде қазір не жетпейді?” деген сауал берілсе, біз: “Кешегі кеңес өкіметі кезіндегі жеткен биігіміз – шығарма жаздыртуға қайта оралуымыз керек!” – дегенді қайталап қақсағымыз келеді. Бұл – бір кемшілік болса, екінші олқылық – кешегі кеңес өкіметі тұсында сол “Абай жолы” туындысын әр жылда көп тиражбен шығарып отыру дәстүрінен де айырылып қалдық. Алысқа бармай-ақ, 1981 жылы “Қыздар, жігіттер” деген менің кітабым отыз мың данамен шығарылып, ол бір ай ішінде сатылып кетсе, қазір соны қайта қарап, жетілдіріп, баспаға ұсындым. Енді сол отыз мың түгіл, бес мың қылып шығаратын баспа табылмай отыр. Сонда не болғаны? Қазір кез келген қазақ мектебі кітапханасына барыңызшы. Онда М.Әуезовтің “Абай жолы” дәуірнамасы 50-100 мөлшерінде болса, қуанар едік қой! Ал сол қазақ мектебі кітапханасынан сол кітаптың бірде-бір данасы табылмаса ше? Сол мектепті жыл сайын кемі 20 бала бітіреді екен, ал сол жиырманың бір де бірі “Абай жолын” оқымаса, ол нені көрсетеді, ағайын? Сонда біздің кім болғанымыз? Ертеңін сараптамаған басшы да, болашағын уайымдамаған қосшы да бүгін тайтаңдап жүре бергенімен, ертеңгі өскелең ұрпаққа не айта алады? Қуандық Мәшһүр-ЖҮСІП, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.