Премьер Министр Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды
Үкімет басшысының жыл сайынғы еліміз аймақтарын аралап, жағдаймен тікелей танысуы алдымен Астанамен іргелес өндірісті өңірден басталуына қарағандылықтар үлкен мән береді. Отандық индустрияның қара шаңырағы саналатын, дамудың жаңа кезеңінде көшбасшылық орнын жоғарылатқан өлкеге үміт пен жауапкершілік жүгі аса салмақты екені белгілі. Ол абыройлы ақталып келеді. Мәлім себептерге қарамастан былтырғы белгіленген міндеттер тыңғылықты орындалды. Алда одан да ауқымды істер тұр.
Жұмыс сапарында Бұқар жырау ауданына арнайы атбасын бұрған К.Мәсімов Ботақара кентінде “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында шаңырақ көтерген жаңа емдеу орталығына соқты. Екі жыл ішінде салынып, пайдалануға берілген нысанның ашылу салтанатына қатысты. Бір ауысымда 200 сырқатты қабылдайтын емханасы және 100 төсектік ауруханасы бар аталған орталық сапалы медициналық қызмет көрсетуге негізделгеніне ішін аралап көру кезінде көз жеткіздік.
Аймақта соңғы уақытта жоғары технологиялық кәсіпорындар қатарын ұлғайту бағытында ірі индустриялық-инновациялық жобалар іске асырылуда. Жылына 130 мың жылыту радиаторын шығаратын “Кaztherm” ЖШС солардың бірі саналады. Серіктестік жетекшілері Кәрім Қажымқанұлын оның жұмысымен жан-жақты таныстырып, құрылыс ұйымдарының үлкен сұранысына ие осынау өтімді өнімді өндіру көлемі ұлғая түсетіндігін атады.
Премьер-Министр бұдан кейін Қарағанды қаласының “Гүлдер” шағын ауданында жақында есік ашқан “Балақай” балабақшасының тәрбиешілері және тәрбиеленушілерімен кездесті. Мұнда еліміздің мектепке дейінгі мекемелерінде алғаш рет ұйымдастырылған оқытудың инновациялық формалары кабинеті жұмыс істейді. Оның балдырғандардың есте сақтау, есептеу, оқу, жазу дағдыларын ойын арқылы үйретуге, беріктіруге мүмкіндік беретіндігі назар аудартты. Сонымен бірге тағы бір ерекшелік, әрбір бүлдіршіннің дамуы мен үлгерімі жайында электронды деректер банкі жасалған. Мұның өзі ата-аналар балаларының білімі мен бейіндік қабілеттерін интернет арқылы біліп, бақылай алып отыруларына өте ыңғайлы жағдай туғызады.
Былтыр облыста “Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылған істер ел іші тынысына тың серпін берді. Солардың елеулі бір көрінісі ретінде К.Станиславский атындағы орыс драма театры ғимаратының қайтадан құлпырып, жаңарып, өнерсүйер қауыммен танығысыз қалыпта қауышуын атауға болады. Бұдан елу жыл бұрын отау тіккен мұнда бұрнағы жылға дейін С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры да қоңсылас болып келген еді. Ғажайып жаңа ғимаратқа орын тебісімен мұнда өнер ордасын әдемі кескін-келбетке келтіру қолға алынып, ол қала көркіне айналды.
Үкімет басшысы Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшісі Михаил Бочарниковпен бірге театр алдында жиналғандардың қуанышына ортақтасып, атақты режиссерге орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Көрші елдің мәдениет саласы өкілдері атынан Театрлар қайраткерлері одағы төрағасының бірінші орынбасары, Ресей халық әртісі Евгений Стеблов сөз сөйлеп, орыс өнеріне, оның тұлғалы саңылағына деген қазақстандықтардың зор құрметіне алғыс сезімін жеткізді.
Қарағандыда жасалып, шығарылуы жолға қойылған “Арглабин” дәрісі бүгінде алысқа аян. Елбасының тікелей қолдауымен құрылған, “Фитохимия” халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық кешені отандық бірегей фитопрепараттарды кешенді түрде биологиялық белсенді заттарды іздестіруден бастап, дәрілік шикізатты өсіру, оларды өңдеп, жаңа фитопрепараттардың дайын дәрілік түрлерінің тәжірибелік-өнеркәсіптік мөлшерін шығаруға дейін жеткізу жұмыстарын жүргізуде. Премьер-Министр осында болғанда бұл істерге ерекше зейін қойды. Препараттарды өндірудің толық циклы, соның ішінде дайын өнімнің сапасын бақылау, биологиялық белсенді заттардың және дәрі-дәрмектің стандартты үлгілерінің республикалық банкі көрсетілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірінші және екінші кезектері мерзімінде пайдалануға берілген фармацевтикалық кешеннің енді үшінші кезегін іске қосу күн тәртібінде тұр. Ол фитопрепараттардың субстанциялары негізінде таблеткалы және түйіршікті дәрілік түрлерді дайындауға, сондай-ақ, экспортқа бағытталған отандық препараттар шығару көлемін арттыруға ықпал етпек. Сондықтан Үкімет басшысына аталған холдинг пен кешен жетекшілері мәлім еткендей, осы құрылыстың межелі уақытта аяқталуы үшін қаржының жеткілікті бөлінуі қажет. Бұл ұсыныстың қолдау табатындығы айтылды. Бұған қоса дәрілерді кепілдемелік негізде сатып алуға “Самұрық-Қазына” қоры тарапынан ұзақ мерзімге келісім-шарт жасауға ықпал етілетіндігі де атап көрсетілді.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.