Бүгінде өркениетті елдерде тағамдану саласы мен тағамтану ғылымына аса үлкен мән беріліп отыр. Ондағы туындаған мәселелерді шешу мақсатында үлкен істер де атқарылып жатыр. Қазақ елі де сол өркениет ішінде, мәдениет көшінде келеді десек те, тағамдану мен тағамтану саласында ойласатын мәселелер баршылық сияқты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сараптауы бойынша әлемдегі өлім-жітімнің 60 пайызы дұрыс тағамданбаудан болатындығы анықталған. Дұрыс тамақтанбау дегеніміз, кедей елдердегі азық-түліктердің жеткіліксіздігі ғана емес, сонымен бірге тағамдардың сапасыздығынан, ондағы адам ағзасына өте қажетті йод, темір сияқты заттардың жетіспеушілігінен Жер шарында 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегіп отырған көрінеді.
Ғалымдардың дәлелдеуінше, адам өз ғұмырында 60 тоннаға жуық тағам өнімдерін жесе, ал дастарқан басында орта есеппен 3 жыл уақытын кетіреді екен. Бұл есеп өзін өзі құрметтей білетін адам үшін “Біз осы қалай тамақтанып жүрміз? Қандай нан жеп жүрміз?” деген сауал төңірегінде бір мезгіл ой қорытуға әбден негіз болады.
Адам еттен “шығады”, майдан “шығады”, тағы басқалардан жериді, бірақ “нанан шықтым” деген пенденің пікірін естімейсіз. Өйткені, астың атасы – нан. Тағамдардың ішінде адам денсаулығы үшін аса маңызды рөл атқаратыны да нан өнімдері. Ал нан өнімдері көбінесе ауылшаруашылық дақылдардың ішіндегі бидай ұнынан дайындалады. Осы бидай ұнынан пісірілген макарон, кондитер және нандардың құрамындағы адам ағзасына қажетті макро-микроэлементтер, йод, темір, т.б. жеткілікті мөлшерде ме? Ол адам ағзасының қажеттілігін қамтамасыз ете ала ма?
– Өкінішке қарай, – дейді бұрынғы физик, бүгінгі кәсіпкер Базар Ұзабаев, – қарапайым халық пайдаланып жүрген нан тағамдарының құрамында йод пен темір секілді, тағы басқа пайдалы элементтердің аз мөлшерде екені анықталып отыр. Өйткені, бүгінгі тамақ өнеркәсібі саласында йод пен темір жетіспеушілігінің орнын толтыру немесе тағамдарды осы микроэлементтермен байыту (фортифицирование) мәселесі кеңестік дәуірдегі ескі жүйе бойынша жүзеге асырылып келеді. Яғни, йодталған ас тұзын пайдалану немесе жарнамадан түспейтін “Иодомарин” секілді шетелдік препараттар арқылы мәселені түбегейлі шешуге тырысады. Мен физик ретінде халыққа йодтың екі түрі бар екенін білген жөн деймін. Жоғарыда айтылған йод – неорганикалық йод, сондықтан оны мөлшерден көп пайдалану адам денсаулығына зиянды.
Қордайлық кәсіпкер Базар Ұзабаевты біз бұрын физика пәнінің мұғалімі, тіпті облыстық білім басқармасын басқарған білікті басшы ретінде білетінбіз. Бірақ соңғы он жылдың бедерінде кәсіпкерлікке біржола ден қойыпты. Кәсіпкерліктің ішінде нан өнімдерін шығара бастағалы бері оның сапасына да баса назар аудара бастапты. Әлбетте, бәрі де халықтың басы аман, бауыры бүтін болуы үшін.
– Жалпы табиғатта, – деген бізбен әңгімесінде Базар бауырымыз, – астық тұқымдас өсімдік ішінде жүгері, арпа, сұлы, соя, қарақұмық, ас бұршағы, ноқат, тары және фасольдың табиғи құрамында адам ағзасына аса қажетті йод, темір секілді пайдалы макро-микроэлементтер көп болады. Бірақ қазіргі тағам өнеркәсібінде қолданылып жүрген технологиялық әдіс-тәсілдер экономикалық жағынан қымбаттығы былай тұрсын, өңдеу процесінде аты аталған дақылдардың бойындағы пайдалы макро-микроэлементтерді жойып жібереді. Әсіресе, гидротермиялық өңдеу кезінде йодтың ұшып кету жағдайы өте көп орын алады.
Міне, осы тұста қордайлық кәсіпкердің ілгеріде физика пәнінен дәріс беріп, физика ғылымын жете оқығаны көмекке келді деуге негіз бар. Ол екі жылдың ішінде жаңа станок ойлап тапты. Базар Ұзабаевтың “ноу-хауы”, яғни жаңаша тәсілі – құрғақ өңдеу арқылы жүгері, арпа, сұлы, соя, қарақұмық, ас бұршағы, ноқат, тары және фасольдың құрамында йод, темір сияқты тағы басқа макро-микроэлементтер толық сақталады. Оның әмбебап астық өңдеу мәшинесі Қазақстан Ұлттық патент ведомствосы арқылы патенттелген. 53 түрлі композитті (аралас) ұнға берілген инновациялық патенті Ұлттық тағам академиясының сараптама қорытындысымен, республикалық тамақ қауіпсіздігі сертификаттау орталығының сараптамасымен және сертификатымен техникалық стандарт жасалынып, республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында бекітілген.
Бүгінде ғылымға сүйенген кәсіпкер “Қазақстанның ұлттық инновациялық нан өнімдері” жобасы аясында Алматы технологиялық университетінің “Нан өнімдерінің технологиясы” кафедрасымен бірлесіп композитті (аралас) ұндарды озондалған сумен араластыру арқылы жаңа нан өнімдерін (нан, кондитер, макарон) қолға алып, Алматы, Тараз қалалары мен Қордай ауданының халқына ұсынуда. Ол нандардың құрамында йод, темір тапшылығы деген жоқ. “Қордай нан” ЖШС шығарған нан өнімдері 2008-2009 жылдардағы халықаралық көрмелердің жеңімпазы деп те танылды. “Қазақстанның ұлттық инновациялық нан өнімдері” атты жобаға ғылыми жетекшілік жасаған профессор Әуелбек Істайұлының да үлесі зор.
– Озондалған сумен араластыру демекші, озон – емдік табиғи газ – денсаулық кепілі. Озонның, негізінен, медицина саласында кең қолданылатыны белгілі. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы саласында да қолданыла бастады. Өйткені хлормен салыстырғанда оның дезинфекциялық қасиеті 10 есе артық екені анықталған және адам денсаулығына зиянсыз. Қарапайым мысалмен айтсақ, озондалған судың тазалығын Алатаудың басындағы ауамен салыстыруға болады. Еуропа елдері суды тазалау кезінде хлордың орнына бүгінде озонды қолдануда, – дейді физик-өнертпақыш-кәсіпкер.
Демек, Базар Ұзабаев нан өнімдерінде озондалған суды қолдануда елімізде ғана емес, жақын шетелдердің ішінде де бірінші болып тәжірибе жасап отыр. Бұл қолдайтын, қуаттайтын жаңалық. Нан өнімдерінде озондалған суды қолданған кезде түрлі жақсартқыштар, дәмін жақсарту үшін қосылатын химиялық қоспалар қолданылмайды. Оңтүстік өңірдің қамырлылығы төмен ұндарын да қолдануға болады, олардың сапасы солтүстік өңірдің ұнынан дайындалған нан өнімдерінен кем емес.
Жоба жетекшісі Базар Ұзабаев, инженер-технолог Нұрболат Жұрынбаев, технолог Мараткүл Тілеужановалардың ізденісі көп ұзамай барша қазақстандықтардың игілігіне айналатынына күмән жоқ.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Қордай ауданы.