• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Мамыр, 2017

Алаштың мерген қыздары

2331 рет
көрсетілді

Аңдуда отырғанда кір­пік қағуға болмайды. Өйткені, сені де жау аңдуда. Бір мезгілде көзіме бір нәрсе қылаң ете қалғандай болған еді. Қасымдағы серігім Люба кірпігін қағуға келтірместен қағып сұлатты. Сұлай түскенін анық көрдім. Ол жалғыз емес. Серігін мен де күтудемін. Сұлағанның қасына біреу бауырымен жер сызып келіп аударам дегенде, өзі аударылып түсті.

Екінші дүние­жүзілік соғыста Кеңес Одағы ар­мия­сының құрамында ер-азаматтармен бірге сұрапыл соғысқа қатысып, ерліктің теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен батыр қыздардың санын, олардың әскери өмір тарихын, соғыстан соңғы тағдырын әлі күнге анықтай алмай жүрміз. Бұл пікірімізге республиканың өзге өңірлерін айтпағанда, тек Батыс Қазақстан облысынан шыққан қазақ қыздарының жауынгерлік ерлігі дәйек болады. 

Жалпы, Ұлы Отан соғы­сына қатыс­қан жауынгерлер­ден уақыт 110 түрлі мамандықты игеруді талап еткен екен. Ал оралдық жауын­гер қыздар дәрі­герлік көмек көрсе­тумен бірге, ұшқыш, мерген, пуле­­метші, десантшы, барлаушы, байланыс­шы, көлік жүр­гізуші сияқты әске­ри маман­дықтардың барлығын да мең­герген. Олардың бірқатарын тізбелесек, Кеңес Одағының Батыры, пулеметші М.Мә­метова, 300 рет әуе шайқасына қатысқан ұшқыш Х.Доспанова, С.Жу­нин басқарған 8-пар­тизан бригадасының байланысшысы, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Отан соғысының партизаны» жауынгерлік медалінің иегері, партизан қыз Н.Байсейітова, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері, әскери медициналық қызмет капитаны Р.Момынова, 12 мәрте Бас қолбасшы Сталиннің алғыс хатына ие болған І гвардиялық шабуыл­даушы авиациялық полктың радиобайланысшылары Ғ.Рахметова, З.Наушева, сондай-ақ, Висла өзені маңындағы шайқаста ДЗОТ үнін өшіріп ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне, «Ерлігі үшін», т.б. медальдарға ие болған мерген М.Қожахметова, «Ерлігі үшін» медалінің иегері ефрейтор Мәлика Тоқ­тамышова, Карель майданында партизан бөлімшелерінің ІІ класты «эфирдің сұр мергені» атанған байланысшы М.Мақатова, Қиыр Шығыс майданында қыз-келіншектерден құрал­ған аэродром қызметін қам­сыз­дандыру батальоны құра­­мында десантшы, барлау­шы болған Қ.Ермекова, Ә.Нияз­ғалиева, М.Үмбетова, Қ.Ах­метова, әскери кө­лік жүргізуші С.Сарқұлова, соғыс­ты Корея­ның Хедзио қаласында аяқ­тап, Бас қолбасшының алғыс хатына ие болған байланысшылар Қ.Алма­ғамбетова, Ү.Есқалиева сынды майдангер қыздардың ерлігі ұрпаққа өнеге. Біз бүгін Ресейдің Қорғаныс минис­трлігі Орталық архиві құжаттары негізінде ержүрек мерген қыз­дар Әлима Габ­душева, Мүс­лима Қожахметова және Мә­лика Тоқтамышева туралы дерек­­терді оқырман назарына ұсынып отырмыз.  Соғыс басталған кезде Орал қа­ласын­дағы баспаханада қызмет жасай­тын, Ә.Габдушева мен М.Қо­жахметова жұмыстан кейін кешкілік қалалық әс­кери комиссариат жанынан ұйымдастырылған қысқа мер­зімді курсқа қатыса жүріп, 1943 жылы 24 маусымда өз ерік­терімен оралдық 24 қызбен бірге майданға аттанады. Олар­дың қатарында Мәлика Тоқ­тамышева да бар еді. Орал қаласының әскери комиссариаты қыздарды Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жас­тар Одағының бастамасымен ұйымдастырылған Мәс­кеу маңындағы Подоль­скі­дегі Орталық мерген қыз­дар мектебіне жөнелтеді. Ке­ңес Одағының Батыры Ә.Мол­дағұлова мен Т.Барам­зина да осы мектептің түлектері еді. Де­рек көздеріне қарағанда, бұл мерген­дер мектебі сұрапыл майданға 2484 ат­қышты аттан­дырған. Олардың ара­сын­да Жайықтың 3 мерген қызы да болған еді.  Жауынгер қыздарға жеке тоқтала­тын болсақ, Әлима Габдушева 1924 жылы 30 мау­сымда Орал облысының Ор­да ауданында дүниеге келген. Оның өз қолымен жазған өмірбаянында: «1938 жылы күзде ағам Фин соғысына кеткенде мектепте оқып жүрген едім. Әке-шешемді асырайтын адам болмаған соң, байланысшы болып жұмысқа орналас­тым», деп жазады.  1944 жылы 2 наурызда Подольск мергендер мектебінің дайындық курсын тәмамдаған ефрейтор Ә.Габдушева І Бал­тық майданы 145-Витебск ат­қыштар дивизиясының 403-ат­қыштар полкіне жібе­ріледі. Ә.Габдушеваның май­дан даласына келген 18 күн­нен кейін «Ерлігі үшін» ме­даліне ие болғанын мына архив дерегінен анық көреміз: «145-атқыштар дивизиясы 403-атқыштар полкінің «Жеке құра­мын марапаттау туралы» бұй­­рық. 24 сәуір.1944 ж. №013. Май­дан­дағы әрекет етуші Ар­мия. КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Президиумы атынан: 1944 жы­лы 6 сәуірде Орталық мерген әйелдер мектебінен келіп, аз ғана уақыт ішінде 5 фрицтің көзін жойып үлгерген еф­рейтор – мерген Әлима Габдушева «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады». Ал төрт айдан соң, яғни, 24 шілде күні 403-атқыштар полкінің командирі мерген Әлима Габдушеваны «Қызыл Жұл­дыз» орденіне ұсынып: «Отан үшін кү­ресте жауынгер Габдушева батылдығымен көзге түсті. Онкиты село­сы үшін болған ұрыста винтов­касы­мен 3 гитлершілдің кө­зін жойып, жаяу әскердің ілге­рі жылжуына көмектесті. Қор­ғаныс жағдайындағы оның есебіне өлім құшқан 18 фриц тіркелді», деп құжат толтырған. Міне, осы ұсыныс негізінде 1944 жылы 12 тамыз күні еф­рей­тор Әлима Габдушева жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындауда көрсеткен қажырлылығы мен ерлігі үшін «Қызыл Жұл­дыз» орденімен марапттау туралы КСРО Жоғарғы Кеңе­сі Президиумының бұй­рығы шыға­ры­лады. Небәрі төрт ай ішінде өзін әс­кери іс-қимылдардың нағыз шебері ре­тін­де танытқан қазақ қызы сол жы­лы ком­­мунистік партия қатарына қабыл­дана­ды.  «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерен ерлігі үшін» медалінің иегері Әлима Габ­ду­шева со­ғыс­ты жеңіспен аяқтап, 1946 жылы елге оралған соң бейбіт еңбекке араласты. Соғыс ар­дагері К.Көпжасаровпен отба­сын құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді. Ардагер ана 1987 жы­лы 63 жасына қараған шағын­да дү­ниеден озды. Бү­гінде Ақ­жа­йық ауданының Базар­тө­бе ауы­лында тұратын ұрпақ­та­ры ба­тыр аналарын мақтан тұтады.   Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан Мүслима Қожах­метова (соғыс жылдарындағы аты-жөні Мария Га­лиева) 1924 жылдың 15 тамызында Орал облысы, Жымпиты ауданының Қо­соба елді мекенінде дүниеге келген.  Подольск атқыштар мекте­бін сәтті аяқтап, ефрейтор шеніндегі мерген Мүслима Қожах­метова 1944 жылы 24 сәуірде І Балтық майданы 379-атқыштар дивизиясының 1253-атқыштар полкына жібе­ріледі. Майдан даласына кел­ген қазақ қызының ерекше мерген­дігін мына деректер дәлелдейді: «Гвар­диялық мерген ефрейтор Қожахметова Мария 1944 жылдың 13-26 қараша аралығында полкте болған уақытында ерекше ерлік көрсетті. Ол орналасу жағдайының қолайсыздығына қарамастан, 2 неміс солдатының көзін жойды. Оның жауынгерлік есебіне көзі жойылған 14 неміс тіркелді».  Мүслима (Мария) қарулас­тары Ни­на Лобковская, Клав­дия Киселева, Руфа Ускина, Фа­тима Мұхам­бет­жа­но­вамен бірге Ресейдің солтүс­тік ба­ты­сындағы қалың орманды ай­ма­ғындағы Михайловск, Святые горы, Псков қалаларын азат етуге, одан соң Эсто­ния, Лат­вия, Польша жер­леріндегі шайқастарға қатысып, «Ерлігі үшін». «Вар­шаваны азат еткені үшін», «Бер­линді алғаны үшін» медальдарына ие болады. Одерден өту шайқасында көр­сеткен ерлігі туралы өз қолы­мен жазған ғұмырбаянында батыр қыз: «Майданда орден жайдан-жай беріле салмайды. 1945 жылдың басында Одер өзені үшін қатты шайқас болды. Зинаида Викторовна екеумізге взвод командирі жаудың пулеметшілер ДЗОТ-ын басып алуға бұйрық берді. Бұйрықтың аты – бұйрық. Екеуміз 500 метр жерге екі сағат еңбектеп жет­тік те, қарлы шұң­қырға келіп жайғастық. Енді жаумен ара­мыздағы қашықтық – 150 метр. Аяз буып тұр. Немістер болса беті жабылған окопқа тастай болып бекініп алған. Түннің бір уақытында қуатты прожекторлар жарқылдай бастады. Осы кезде жер бауырлап жатқан біз жаудың жасырын жамылғылармен бүркелген техникалар тобын байқадық. Нысананы үздік­сіз атқылап, бірінші тапсырманы абыроймен орындадық. Ертеңіне күн батуға таянғанда ғана Зина екеуміз жау ДЗОТ-ның үнін өшірдік. Осыдан соң біздің жақ жаппай шабуылға шықты. Алайда, мен осы жерде контузияға ұшырадым. Бұл мен үшін естен кетпес күн болды. Кейін осы шайқастағы ерлі­гім үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орде­німен марапаттады», дейді.  Ержүрек қыз 1945 жылы маусым айында Жеңіспен елге оралды. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бей­біт өмір тірлігіне белсене араласқан ол Орал­дағы ет ком­бинатының мал сою це­хында 36 жыл бойы еңбек етіп, зейнет де­малысына шықты. Майдангер ана 1998 жылы өмірден озды. Мәлика Тоқтамышева 1924 жылы Орал облысының Жымпиты ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ Қызыл Крест және Қызыл жарты ай қоға­мы бөлімшесінің белсенді мү­шесі болады. 1939 жылы бай­­ла­нысшы (телефонистка) болып істе­ген Мәлика ел ба­сы­на күн туғанда Оралға келіп «Крас­ный Октябрь» фабри­­касына жұмысқа орналасад­ы да, 1943 жылы соғысқа аттан­ған­ға дейін осы жерде қызмет етеді.  Мәлика Тоқтамышева құр­былары Әлима Габдушева мен Мүслима Қожахметова үшеуі Оралдан майданға бірге аттанған еді. Олар Орталық мерген қыздар мектебінде бірге оқыды. Алайда, оған тағдыр құрбыларымен бірге аман-сау елге оралуды жазбады... Курсты аяқтаған бір топ қыздармен бірге ефрейтор Мә­лика Тоқтамышева 1944 жылы 2 наурызда І Балтық май­даны, 145-атқыштар дивизиясы, 599-ат­қыштар полкына аттанады. Анасына айтқан уәдесін бұзбай май­даннан үзбей хат жазып отырды. Енді мерген қыздың жауынгерлік өмі­рінің хабаршысындай болған сол хаттарға кезек берсек: «Біздің тұрған жертөлеміз жылы, төрт қыз бірге тұра­мыз, біріміз апа, біріміз сіңілі сияқ­ты өте татумыз. Бір күні жауды торуға шық­қанбыз, фрицтің мергені бізді көріп қалыпты, оны менің серігім Люба мұрттай ұшырды. Одан басқа екеу­міздің біреумізге қатер еді», дейді. Мәли­каның үйіне жазған тағы бір сон­дай хатында: «Аңдуда отырғанда кір­пік қағуға болмайды. Өйткені, сені де жау аңдуда. Бір мезгілде көзіме бір нәрсе қылаң ете қалғандай болған еді. Қасымдағы сері­гім Люба кірпігін қағуға келтір­местен қағып сұлатты. Сұлай түскенін анық көрдім. Ол жал­ғыз емес. Серігін мен де күтудемін. Сұла­ғанның қасы­на біреу бауырымен жер сызып келіп ауда­рам дегенде, өзі аударылып түсті. Бұл екеуі барлаушы тобынан екен. Бізге енді өте мұқият болу керек. Сол күнгі отырған жеріміз құтты болып санды он беске жеткіздім. Люба да қылт еткенін қиып түсіп, қайтып қар­сы шықпайтын еткен көрінеді», деп қуа­нып жазады.  Ал 1944 жылы 1 май күні жазған хатын­да Мәлика: «Сен­дерден бүгін екі айдан бері күткен хатты алып, аман­­дық­тарыңды біліп, сондай қат­ты қуанып қалдым. Міне, қазір жорықтан келіп отыр­мын. Мереке құрметіне атқан фриц­тердің санын санағаным жоқ, Люба екеуміз талайын жайраттық», деп мақтанышын да жасырмайды. Осы жазған хатынан соң көп кешікпей Мә­лика 1944 жылы 6 май күні І Балтық май­даны қолбас­шы­сының №820 бұйры­ғымен «Ерлігі үшін» медаліне ие болады.  «Осы уақыт ішінде мен тағы да біраз фашисті жайраттым. Бұрынғыдай емес, енді олар бұғып, еңбектеп, жер бауырлайтын болды. Қорқақ қой өздері, олардың әрбір солдатының бейшара екеніне көзім анық жетті», деп жазған хаты Мәликаның үйіне жолдаған соңғы хаты болды. Осы хаттан кейін көп ұзамай ата-анасы Мәликаның мерген серіктесі Люба Край­нованың: «Сәлеметсіздер ме, қымбаттыларым. Мен Мәли­каның жақын құрбысы едім. Екеуміз мергендер мектебін бірге бітіріп, майданға да бірге аттанғанбыз. Ұрыс шебіне де бірге шығып жүрдік. Амал қан­ша, сіздерге қайғылы хабар жолдап отырмын. 11 мау­сым күні Мәлика дұшпанды аңдып жүріп, неміс мергенімен бетпе-бет ұшырасып қалды. Қарғыс атқыр фриц алдымен аңғарып, атып үлгерді. Сөйтіп, Мәлика екі қастың ортасынан жараланды. Қазір госпиталь­да жатыр, жазылып қалар, уайым­дамаңыздар», деп жазған хатын алады.  Өкінішке қарай, ауыр жа­раланған Мәлика арада үш күн өткен соң 1944 жылы 14 маусым күні қаза табады. «Ерлігі үшін» медалімен наградталған мерген Мәлика Тоқ­тамы­шо­ваның денесі Витебск облысы, Городок ауданы, Большой городок селосында жауынгерлер зиратына жерленген.  Ел басына күн туған кезеңде Жайық бойынан майдан даласына аттанған, толарсақтан қан кешіп жүріп ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр қыздардың бірнешеуі туралы әңгіме қоз­ғадық. Сұрапыл соғыста ерлігімен көзге түссе де, ерлігі елеусіз қалған басқа да жер­лестеріміз жетерлік. Сын сағатта ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алған Алаштың мерген қыздарының ерлігін насихаттай білсек, бүгінгі өскелең ұрпақтың рухын көтеретіні анық. 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,  тарих ғылымдарының кандидаты

Батыс Қазақстан облысы