Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентi Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы №409 Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Қазақстанды ядролық қарусыз мемлекет ретінде дамыту туралы шешім маңызды қадам болды. Ядролық қарудан табанды түрде бас тарту – дүниежүзілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы жарқын үлгіге айналумен қатар, елімізге қайғы мен қасірет әкелген сынақтарды біржолата тоқтатты.
1949 жылғы 29 тамыздан бастап Кеңес Одағы өткізген Семей ядролық сынақ полигоны Қазақстанның үш: Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының қиылысында орналасқан және жалпы 18 мың шаршы шақырым жерді қамтиды. СЯСП жұмыс iстеген уақытта (1949-1989 жылдар) оның аумағында 466 ядролық сынақ, оның ішiнде: 30 жер үсті, 88 әуе және 348 жер асты ядролық жарылыстары жүргiзiлдi, бұл ретте 13 жарылыс радиоактивтi газдың атмосфераға шығарылуына алып келдi. Сарапшылардың түрлі бағалаулары бойынша, шамамен 1,5 миллион тұрғын радиациялық сәулеленудің әсерiне ұшырады.
«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңының нормаларында ядролық сынақтардың әсерiне ұшыраған аумақтар белгiлендi. Оларға бұрынғы Семей облысының аумақтары, Глубокое, Шемонаиха, Ұлан, Зайсан, Зырян, Тарбағатай аудандары, Өскемен, Риддер қалалары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Таврия, Самар, Серебрянск аудандарының шекарасы шегiндегi елдi мекендер, Павлодар облысының Баянауыл, Май, Лебяжi аудандары, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, осы облыстың бұрынғы Егіндiбұлақ ауданының елдi мекендерi қоса (бұдан әрі – Семей өңiрi) жатқызылды.
Көрсетiлген аумақтарды жіктеген кезде бұрынғы Семей облысының Абай ауданындағы Саржал ауылдық кеңесiнiң, Бесқарағай ауданындағы Долон және Бөденелi ауылдық кеңестерінің, бұрынғы Жаңасемей ауданындағы Сарыапан және Иса елдi мекендерінің шекарасы шегiндегi елдi мекендер төтенше радиациялық қауiптi аймаққа енгізілді.
Ең жоғары радиациялық қауiптi аймаққа бұрынғы Семей облысының Абай, Бесқарағай аудандарының елдi мекендері, сондай-ақ бұрынғы Абыралы және Жаңасемей аудандарының, Павлодар облысының Май ауданындағы Ақжар және Малдар ауылдық кеңестерiнiң шекаралары шегiндегi елдi мекендер жатқызылды.
Ядролық сынақтардан зардап шеккен аймақ тұрғындардың денсаулығын сауықтырудың, экологиялық ахуалын қалпына келтірудің күрделі жұмысы – қазіргі күннің аса маңызды міндеттері.
Абыралы өңірі халқының қалауы мен тілегіне сәйкес Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен елдің, ауыл-аймақтардың әлеуметтік жағдайларын көтеріп, денсаулығын түзетуге күш салу мақсатындағы Елбасының сарабдал саясаты негізінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басшылыққа ала отырып, өңірден шыққан Атымтай жомарт азаматтардың қолдауымен елдің тұрмыс-тіршілігін мейлінше жақсартып, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру міндетті болды.
Бүгінгі ел қамын ойлаған жанашыр жандардың әрекеті мен сөзі кейінгі буын өкілдеріне үлгі екендігі анық. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Туған жерге тағзым» атты үндеуіне үлес қосқан Семей өңірінің азаматтары 40 жыл атом полигонының зардабын шеккен қазақ жерінің ядролық сынақ алаңының түбінде орналасқан Абыралы өңіріндегі халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қолғабыс етіп, қолұшын беруді көздеп, осыдан екі жыл бұрын «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорын құрған болатын. Аталған қорға есімі елге кеңінен белгілі меценат, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті, Семей қалалық мәслихатының депутаты, Семей қаласының құрметті азаматы Марат Құрманбай жетекшілік етуде.
Қоғамдық қордың негізгі мақсаты – Семей қаласы Абыралы өңірі тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, оларды сапалы медициналық көмек түрлерімен қамтамасыз ету үшін жағымды жағдайлар жасау, сондай-ақ Абыралы елінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени-сауықтыру экологиялық мәселелерін шешуге қолғабыс ету және тұрғындардың өз мәселелерін өздері шешулері үшін ақпараттық, ағартушылық, медициналық, әлеуметтік, қайырымдылық және бәсекелестікке қабілеттілігі қолайлы ауылшаруашылық өнімдерін көтеру, ақыл-кеңес беру бағдарламаларын іске асыру.
Қор заңды түрде тіркелген уақыттан бастап, өз алдына жоспар құрып, Абыралы өңірі халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру мақсатында тиісті жұмыстар атқаруда. Көптен шешімін таппай жүрген мәселелерді оң шешу мақсатында арнайы мекемелерге хаттар жолданып, тиісті жауаптар алынуда. Қайнар ауылына кіреберіс жол бойына «Қайнар ауылына хош келдіңіздер!» деп жазылған қақпа типтес стелла бой көтерді. C.Бегалин атындағы орта мектепте балаларға арналған көркемөнер студиясы ашылды. 2009 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығына арналып, Семей қаласында өткен салтанатты шарада сөйлеген кезіндегі «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға ешуақытта қайталанбауы тиіс», деген сөзін және 29 тамыздың БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланғанын ескере отырып, атом полигонының зардабын шеккен алаңның түбінде орналасқан Абыралы өңірінде полигон құрбандарына арнап биіктігі 15 метрлік монумент тұрғызды.
Ал өткен жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орайластырып, 7 мамыр күні «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» деген атпен 1500-ден аса ардагердің аты-жөні жазылған тақтатастың салтанатты ашылуы болып, қаза болған ардагерлерге арналып ас берілді.
Биыл тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығымен тұспа-тұс келген Абыралы көтерілісінің 80 жылдығы қарсаңында «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорының президенті Марат Құрманбайдың ұйымдастыруымен Қайнар ауылының орталығынан «БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» деген атпен тағы да бір тарихи ескерткіштің бой көтергендігін айтқан жөн. Бұл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясындағы «20 жарқын істің» бірі болып табылады.
«Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет», – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, еліміздің қол жеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа аманат етіп табыстау үшін де бірлік ауадай қажет.