• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Жаңа нақыштағы «Алқап күні»

448 рет
көрсетілді

Есіл ауданының әкімдігі жыл сайын астық орағы қарсаңында жаңа нақыштағы «Алқап күнін» өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстары ауылшаруашылық тауар өндіру­ші­лерінің үш жүз өкілі «Зареч­ный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басқосты. Жаңа нақыштағы деуіміздің мәнісі, оған қатысушы үш ойын­шының ғылыми негіздеме, кешенді жабдықтаушы және тікелей астық өндіруші міндеттерін ортақ мүддеде үйлестіруші ретінде әрекет етуінде. Өзара ынты­мақты мәміле міндеттемелерін орындауда Шортандыдағы А.Бараев атындағы Астық шаруашы­лығы ғылыми-өндірістік орталы­ғы солтүстік өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстан диқандарының қолын ұзартып отыр десек, артық айтқандық емес. Ұжым ғалым­дары «Заречныйда» да егіншілік саласын әртараптандыру, дақыл­дар­дың сапалы әрі бәсекеге қа­білетті тұқымдарын сынақтан өткізу, ылғалсақтағыш агротехно­ло­гияны ендіру, оқу-таным қыз­метін ұсыну бағытында нәтижелі істер атқарды. З.Тишер мырза басқаратын «СТ АГРО» фирмасы әлемге әйгілі «CLAAS», « HORSH» фир­маларының қазақстандық ипортері, сондай-ақ, «LEMKEN», «MORRIS», «YERSATILE», «ANNBURGER», «MAC DON», «SUMMERS», «CUMMINS CATERPILLAR», «MERCEDES» фирмаларының ресми диллері са­налады. Қазірдің өзінде Қазақ­стан рыногының басым бөлігін қамтып отырған фирманың Көк­шетау қаласында, Ақкөл және Есіл аудандарында сервистік ор­та­лықтары жұмыс істейді. Оның тәжірибелі менеджерлері шаруа­шылық ерекшелігіне қарай тиімді кеңестер беріп, көшпелі бригадалар несие немесе лизинг желісімен алынған техникаларға кепілді қызмет көрсетіп, қосалқы бөлшектер жеткізеді. Жергілікті мамандар мен механизаторларды оқыту, үйрету де солардың мой­нында. Осы жолғы «Алқап кү­нінде» фирма тарапынан шетелдік техникалардың жаңа буынын таныстырудың рәсімдері ұйым­дастырылды. Далалық шатырдағы кеңесте «Заречный» ЖШС директоры Уә­лихан Арипов «СТ АГРО» жүйесімен алынған заманалық ауылшаруашылық техникалары­ның тоғыз түрі сынақтан өткізіл­генін атап өтті. Элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесі бар серіктестік үшін егіншілік мәде­ние­тін көтеру бірінші кезектегі мәселе саналады. Бұл тұрғыдағы жұмыс үшжақты әріптестік қа­дам­дар нәтижесінде елеулі дә­ре­жеде нығайған. Шаруашылық басшысының айтуынша, облыс­ты былай қойып, «Заречный» тұ­қымын пайдаланатын өзге аймақ­тардағы әріптестерден соңғы бес жылда ешқандай өкпе-наз түс­пеген. Уәлихан Арипов бұған қо­са, «СТ АГРО» фирмасымен қа­рым-қатынас орнатылған 10 жыл ішінде шаруашылықтың тұ­қым себу кешені, комбайн паркі, егістікті өңдеу құралдары қуатты техникалармен толық жаңартыл­ғанын тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде ЖШС-нің болашақ жоспар, жобаларының табысты арнаға түсуіне жол ашқан. Шараға қатысушылар биыл жүзеге асырылған екі қанатқақты жобаның – тұқым тазартқыш «Петкус» желісінің және «Ким-брия» тұқым тазалағыш-кеп­тіргіш кешенінің жұмысымен танысты. Осы кешен іске қосы­луына байланысты заречныйлық­тар өз қамбасында 25 мың тонна астық сақтау мүмкіндігіне ие болды. Қонақтар мұны өнімнің өзіндік құнын төмендету бағытындағы қадамдардың бір тармағы ретінде бағалады. Биыл серіктестік 40 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар еккен екен. Осы орайда, мал азығының 1,5 жылдық қорын жасай білген шаруа­шы­лықта мал шаруашылығын да­мыту ісі де мақсаткерлікпен ілгері басып келе жатқанын айтқымыз келеді. Аудан әкімінің міндетін ат­қарушы Әділбек Смағұлов, ша­руа­шылықтың егістік алқапта­рын аралау барысында, биыл өңір диқандарының 457 мың гектар алқаптың түсімін еселеп арттыруға үмітті екендігін айт­ты. Шешуші науқанға 35 ЖШС, 170 шаруа қожалығы тыңғылық­ты дайындалды, деді ол. Ауыл шаруашылығы құрылымдары­ның барлығы Үкімет тарапынан көрсетілген көмек, қолдаудың қайтарымы да мол болатын­ды­ғына сенімді. Біздің мақсаты­мыз, Елбасы Жолдауында атап көрсетіл­ге­ніндей, еңбек өнімді­лігін арт­ты­ру, азық-түлік қауіп­сіздігін қам­тамасыз ету, экс­порттық әлеу­етті арттыру. Ди­қан­дар қауы­­­мы Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығы қар­саңын­дағы орақ сынынан сүрінбей өтеді деген толайым тілек жетегінде. «Алқап күнінде» арпа да­қылы орналастырылған танаптар жиегін айнала іріктеп шалғы салынды. Дала қырманындағы алдын-ала есеп әр гектардың түсімділігі 30 центнер екендігін көрсетіп тұрды. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы, Есіл ауданы.