• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Орта бизнестің қазаны ортаймайды

419 рет
көрсетілді

Мемлекеттік саясат шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталып отыр. Ел экономи­ка­сының басым бөлігін орта бизнес өкілдерінің иеленуіне де оңтайлы жағдай жасалып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында осы салаға айрықша назар аударды. Индустриялық-инновациялық жобалардың қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да іске асуы шағын және орта бизнестің өсіп-өркендеуіне арналған бастама екені айдан анық. Осы орайда отандық өнімдердің сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында басы өңірлерде, аяғы Астанада түрлі байқаулар өтеді. Мұндай игі шаралар ел экономикасында бәсекеге қабілетті өнім­дердің саны мен сапасын арттыруға бағыт­талған. Сондай байқаудың бірі Қызылорда қаласында өтті. Биылғы конкурс үш номинация бойынша өткен. Оған барлығы 70-ке жуық өтініш келіп түскен еді. Дегенмен, қатаң таңдаудың арқа­сын­да оның 48-і ғана байқауға қатысуға жолдама алды. Бір айта кетерлігі, аталмыш көрмеге қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, көрмеге қатысуға ниетті адам­дардың да қарасы тым көп. Бұл елдің шағын және орта бизнеспен айналысуына ыңғайлы болғанын, кәсіпкерлікпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалғанын білдірсе керек. Көрмеге қойылған заттар кермедегі тұлпар­лар секілді. Бірі-бірінен өтеді. Өндірілген өнім­дер көздің жауын алады. Облыс басшысы әрбір кәсіп­орынның шығаратын немесе өндіретін өнім­дерімен жіті танысты. Мәселен, «Жер Ана групп» серіктестігі күріш ұнтағынан кеспе өнімдерін шығарады екен. Бүгінде тауарларын еліміздің Алматы, Павлодар, тағы басқа өңірле­ріне өткізіп, болашақта шетелге де экспорттау­ды көздеп отыр. Ал «Темірхан» ЖШС ет және жартылай фабрикат өнімдерін әкелсе, «Жан» шаруа қожалығы консерві, томат секілді тауарларын көпшілікке ұсынды. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлар қатарында ерекше көзге түскені жеке кәсіпкер Қарлығаш Ілясованың тігін бұйымдары болды. Ол бес жыл бұрын Қырғызстаннан көшіп келген екен. Қолөнерді әжесінен үйренген көрінеді. Құрақ көрпе, көрпеше, жастық, орамал, жүк­жап­қыш­тардың неше атасын жасайды. Оны тап­сырыс бойынша тігіп, өткізеді. Бағасы да шебер­дің еңбегіне қарай әртүрлі. Осындай қолөнер шеберлігімен айналысатын аралдық Құдайберген Күлмамбетов зергерлік бұйымдарын көрмеге әкелді. Оның зергерлік бұйым жасауды үйренуі де қызық. Әкесі кәсіп еткен екен кезінде. Ол әкесінен ұрлана жүріп атамұра өнерді үйрен­ген. Кейін еліміз тәуелсіздік алған соң ата-баба мұра­сын халыққа ұсынып, сата бастайды. Ол тек зергерлік бұйымдарды ғана емес, ағаш, тері, сүйек, темір заттарынан да түрлі тұтынатын тауарлар жасайды. Жақында ғана республика­лық «Шебер-2011» қолөнершілер конкурсы өткен бола­тын. Сол конкурста топ жарған жеті азаматтың бірі осы Құдайберген Күлмамбетов. Ал биылғы желтоқсанда Малайзияға бармақ. Онда шетелдік зергерлермен тәжірибе алмасып қайтпақшы. Бүгінде есімі көпке таныс болып қалған жеке кәсіпкер Ыбырайхан Мұсабаев өзінің тұр­мыстық қалдықтардан өңделген өнімдерін көрме қонақтарына таныстырып өтті. Поли­этиленнен шығарылған тұрмыстық заттар дәл қазіргі қажеттіліктерге жарап тұрғаны анық. Көрмеге қойылған тауарлармен танысқан об­лыс басшысы Болатбек Қуандықов аймақ­та­ғы ша­ғын және орта кәсіпкерліктің дамуына тоқталды. – Биылғы көрмеде тауарлардың, азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерінің, қызмет түрлерінің, барлығының да сапасы, көлемі, түрі айтарлық­тай көп. Мұндай бәсекеге төтеп беретін өнім­дер қатарының көбейе бастағаны облысы­мызда кәсіпкерлік саласының дамып келе жатқа­ны­ның көрінісі. Елбасының қазақстан­дық тауар­лардың мазмұнын ұлғайту бағдарла­масын жүзеге асыру мен тұтынушылардың отандық өнімдерге деген сұранысын қанағат­тан­дыруды мақсат тұтқан осындай көрме-конкурстардың жиі өткізілуі өнімдеріміздің сапасын жылдан-жылға арттыра беретіні сөз­сіз. Индустрия­ландыру бағдарламасына сәй­кес облысымызда құны 260 миллиард теңгені құрайтын 125 инвестициялық жоба іске асы­рылуда. Оның ішінен индустрияландыру картасына құны 87 миллиард теңгені құрайтын 22 жоба енгізілді, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар, өткен жылы жүзеге асырылған 11 жобаны атап көрсетті. Олардың ішінде 660 бас ірі қараға ар­налған тауарлы-сүт фермасы, қуаттылығы әрқайсысы 25 МВт-ны құрайтын 2 газтурби­налы электр стансасы, газды өңдейтін қондыр­ғының екінші кезегі, нан зауыты, битум зауыты бар. Үстіміздегі жылы құны 1 миллиард АҚШ долларынан асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өңірлік үйлестіру кеңесі 16 жобаны мақұлдаса, оның алтауы бойынша үш жақты келісім жасалып, 7 жоба тиісті министрлік қарауында. Индус­трия­ландыру және бизнестің дамуы облыстың макро-экономикалық көрсеткіштерін едәуір жоғарылатты. Атап айтсақ, биылғы жартыжыл­дықта тіркелген шағын және орта кәсіпкер­лікпен айналысатындар былтырғымен салыс­тыр­ғанда 31,7 пайызға артып отыр. Бұл республикадағы бесінші көрсеткіш. Осы сала бойынша 124,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Соның нәтижесінде, бюджетке түскен кіріс көлемі 13,5 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар, аймақ басшысы өткізіліп отырған көрме-конкурсқа қатысушылардың күнделікті жасаған еңбегінің жемісін ха­лыққа көрсетуге мол мүмкіндік жасайтынын айтты. Өнім сапасын арттыруға, ел рыногын бәсекеге қабілетті өніммен толтыруға ық­палы зор екендігін де алға тартты. Облыстың кәсіпкерлік са­ласын дамытуға қосқан ең­бектеріне алғыс білдіре келе, көрме жеңім­паздарын диплом­дар­мен және ескерткіш сый­лықтармен мара­паттады. Аталмыш көрме-конкурс аясында екінші деңгейлі банк филиалдары, «Даму» кәсіпкер­лікті дамыту қоры» АҚ филиалы және басқа да қаржы орталықтары қатысып, ақпараттық материалдар таратты. Осы орайда «Даму» қорының жұмысын баса айтып кеткен абзал. Бұл қор өңірдегі шағын және орта бизнесті қаржыландыруда ауқымды шараларды атқарып келеді. Мысалы, 2010 жылы «Жаңа бизнес бастамаларды қолдау», «Кәсіпкерлік секторды сауықтыру», «Экспортқа бағытталған өндірісті қолдау» бағыттарында біршама іргелі жұ­мыстар атқарылған. Ал биылдан бастап жоға­рыдағы жобаларға «Кәсіпкерлік әлеуетті кү­шейту» бағыты енгізілген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде де көптеген істің басы қайырылғаны байқа­лады. Мәселен, қор арқылы 15 жоба мақұлданған. Оның ішінде 4 жоба бойынша үшжақты келісім жасалған. Сондай-ақ, дәл қазір 6 жобаға жалпы құны 1,01 миллиард тенге болатын субсидиялау келісім-шарты жасалып жатыр. Көрме соңына қарай облыс басшысы үздік тауарларды марапаттады. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «РЗА» АҚ бірінші орынды жеңіп алды. Ал одан кейінгі үздік­тердің шеруін «Жер Ана групп» ЖШС мен «Аквалайн» ЖШС жалғастырды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында ар­найы киім тігетін «Озық» ЖШС алға озды. Перде және төсеніш бұйымдарын өндіретін «Сұлтан-Сүйрік» ЖШС екінші орынды, күйді­рілген кірпіш шығаратын «Асар-құры­лыс» ЖШС үшінші орынды иеленді. «Өн­дірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Мир-2001» ЖШС топ бастады. Ол табанжол плиталарын шығарумен айналысады. Темір-бетон өндірісімен айналысатын «МО-1»ЖШС екінші орын алды. Ал қамыс жаңқасынан тақта шығаратын «Алтын бала-08» ЖШС үшінші орынды иеленді. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.