Сырт адамға әр жердің тарихы мен мәдениеті, айтулы тұлғалары әуелі ескерткіштер арқылы танылатыны мәлім. Осы орайда Қарағанды аймағының өмірінде өшпес ізі бар адамдар кімдер екені қазір қаланың көрікті тұстарынан айқын аңғарылады. Қазір дейтініміз, Тәуелсіздікке дейін Жамбыл бабамыздың елеусіздеу бүйірдегі мүсінінен басқа халқымыз мақтаныштары бейнесін есте ұстардай ескерткіштер болмай келді. Енді бүгінде шаһарды араласаңыз жасыл желекке бөленген ең әдемі мүйісте Абай, өз атындағы бас көше бойында Бұқар жырау тұр ойланып, сөз зергерлері Сәкен мен Ғабиден айналаға көз тігеді сүйсініп. Ал таяу күндерде өлең өнерінің сұңқары Қасым қосылады араларына.
Сәкен көшесі қиылысынан орталық саябаққа кіреберіс жерде тұрғызылуы аяқталып қалған ақын ескерткіші 9 қыркүйекте ашылғалы отыр. Биіктігі 8 метрге жуық. Жыр жұлдызының тұтас мүсіні қоладан құйылған. Оны елімізге танымал сәулетші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс Молдабаев жасаған. Осыған байланысты мүсіншілер байқауында ұсынған жобасы озық шығып, таңдау соған түскен ол ақынды өлеңдеріндегідей өршіл тұлғада бейнелеген. Ескерткіштің жан-жағы әсем безендіріліп, көпшілік сүйсіне демалар, сейілдер орын болмақ.
Айқын Несіпбай, Қарағанды.