• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Мұғалімдер форумы

856 рет
көрсетілді

Тарау-тарау табыс талданды, кадр қадірі қозғалды

Ең алдымен сіздерге, сіздер арқылы Қазақстанның барлық ұстаздар қауымына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың шын ықыласты сәлемі мен құт­тықтауын жеткізуді өзіме па­рыз санаймын, деді Мемлекеттік хатшы. Заңғар қаламгеріміз Мұх­тар Әуезовтің «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген сөзі әрқашан сіз­дердің еңбектеріңізге берілер әділ де үздік баға болып қала береді. Өйткені, ұстаздар, мұға­лім­дер қай кезеңде де жас ұр­пақты жақ­сылық пен ізгілікке тәрбие­лей­тін тұлғалар. Ота­ны­мыздың адал да абзал азамат­тарын, шы­найы патриоттарын тәрбиелейтін қауым. Сондықтан да ұстаз ең­бегі игілікті еңбек, иманды еңбек. Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен ертеңіне қызмет жасайтын, бү­гін­гі аға ұрпақ бастаған ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғас­ты­ратын, еліміздің дамуы мен өркендеуіне өзіндік қолтаң­ба­ла­рын салатын жас ұрпақты тәр­биелеудің маңызы мен мәні өте жоғары, өте жауапты. Сіздердің жас ұрпақты тәрбиелеу саласын­дағы қолдарыңыз қуатты, жүрек­те­ріңіз шуақты болсын, деді. Ол бұдан кейін Тұңғыш Президентіміз негізін қалап, алдағы мақсаты мен мұратын белгілеп берген өміршең тәуелсіз мем­ле­кетіміздің стратегиялық жоспар­ла­рын жүзеге асыруда, ел эко­но­микасын, руханиятын өркен­де­ту­де ұстаздардың қосып отыр­ған үлесін ерекше атап өтті.  Бірінші педагогикалық фо­рум­ның Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы қарсаңында жаңа елордамызда өтуінің өзіндік нышандық мәні бар екенін, бұл тұрғыдан келгенде күллі ұстаздар қауымы Ас­та­наға келіп отыр деуге бола­ты­нын алға тартты. Сол секілді Қа­нат Саудабаев 20 жыл ішіндегі Тұңғыш Президентіміздің ке­мең­гер басшылығының нәтиже­сін­де жеткен жетістіктерімізге, алдағы асуларымызға, әлемдік дәрежедегі абырой, беделімізге тоқталып, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның білім саласына, соның ішінде мектепке жасап келе жатқан ұдайы қамқорлығын әртүрлі атау­лардағы арнайы бағдарла­ма­лар­дан сіздер жақсы білесіздер. Тәуелсіздіктің алдыңғы ауыр жылдарында да мектеп мемлекет қамқорлығынан тыс қалған жоқ. Бұл салаға жыл сайын қар­жының көлемі өскен үстіне өсіп келеді. Мұғалімдердің әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуда жа­са­лып жатқан қамқорлықтар ешқа­шан толастамайды. Ал сіздер бұған жас ұрпақты жақсылыққа, ізгілікке, отаншылдыққа, елшілдікке тәрбиелеуде ең жоғары көрсеткіштермен жауап береді деген сенім зор. Өйткені, ұстаз – мектеп жүрегі, мектеп білім – жүрегі, білім – өсіп-өркендеудің кепілі. Біз сіздерге ең қымбат­ты­мызды – болашақтың баянды негізін қалайтын ұрпағымызды сеніп тапсырып отырмыз. Сол сенім биігінен сіздерді көре береміз деп сенеміз, деді Қанат Бек­мырзаұлы. Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесінің қыз­мет­керлері, Парламент Мәжілі­сі­нің депутаттары, Астана, Ал­ма­ты қалалары мен облыс өкіл­дері, өзге де азаматтар қатысқан алқалы жиында Білім және ғы­лым министрі Бақытжан Жұма­ғұлов оқу саласын жан-жақты қамтыған мазмұнды баяндама­ жасады. Ол бұл форумның педагогтар, ата-аналар, кәсіп­кер­лер және азаматтық қоғам өкіл­дерінің байланысын қамтамасыз ету, Отанымызда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сын іске асыру, азаматтық қо­ғамдық институттардың қаты­суын кеңейту мақсатында өткі­зіп отырғанын тілге тиек етті. Елбасының бастамасымен тәу­ел­сіздіктің алғашқы жыл­да­ры­нан бері аталмыш салада айтулы жобалардың жүзеге асып жат­қа­нын, соның бір әдемі көрінісі «Болашақ» бағдарламасы, білім нарығының қалыптасуы екеніне нақты дәлел-дәйектер келтірді. ЮНЕСКО-ның деректеріне сәй­кес біз білім беруді дамыту индексі бойынша, әлемдегі 129 елдің ішінде 4-ші орындамыз. Ал сауаттылық деңгейі бойынша 177 мемлекеттің арасында 14-ші орынды иеленіп отырмыз. TIMSS оқу жетістіктерінің ха­лық­аралық салыстырмалы зерттеулерінде 36 елдің арасында біздің оқу­шы­лар математика бой­ынша – 5-ші, ал жаратылыстанудан 11-ші орындамыз. Соңғы 10 жылда білім беру жүйесін қаржыландыру 7,5 есеге артты, деді министр. Ол бұдан кейін «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» құрыл­ға­нын, бұл Президент айтқандай, «Қазақстанның зияткерлік эли­та­сын тәрбиелеудің іргетасы» болатынын жеткізді. Сонымен бір­ге, Елбасының бастамасымен және қолдауымен «Назарбаев уни­верситетінің» ашылып, жұ­мыс істеп жатқанын, үш тұғыр­лы тілді оқыту жобасы енгізілгенін атап өтті. 2011 жылы білім беруді да­мытудың жаңа кезеңі басталды. Мемлекет басшысы Қазақстан­ды әлемдік деңгейдегі білім ор­талығына айналдыру туралы биік мақсат қойды. Білім беруді да­мытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы қабылданды. Биылғы оқу жылының және алдағы он­жыл­дықтың басты ерекшелігі – оқытудың түбегейлі жаңа сапа­сы­на қол жеткізуге барынша кө­ңіл бөлу, деген министр бұл жұ­мыс ең алдымен мұғалімдерге қатысты екенін, олар оқыту бой­ынша басты тұлға болып есептелетінін алға тартып, сондықтан да мұғалім кәсібі қоғамда ең беделді, құрметті мамандыққа ай­на­­луы тиіс, деді. Ол мұғалім­дер­дің айлығы 1 шілдеден бастап 30 пай­ызға көтерілгенін, 1 қыр­күйек­тен жоғары категориялары бар ұстаздар біліктілігі үшін лауа­зымдық жалақысына 100 пайыз көлемде ақы алатынын да атап өтті. Алқалы басқосуда айтылған тағы бір мәселе, жоғары оқу ор­ындарында мұғалімдерді дайын­дау жүйесін жаңарту, жұмыс істеп жатқан азаматтарды талапқа сай қайта даярлау, біліктілігін арт­тыру болды. Бұл жөнінде Бақыт­жан Жұмағұлов, педагоги­калық мамандық бойынша мемлекеттік грантқа өту балы – еліміздегі ең төменгі балл болып тұр. Заңгер және экономист ма­мандығын айт­пағанның өзінде, ветеринария­дан да төмен, яғни, қабылдау ең төменгі балл бой­ынша жүргіз­ілу­де. Шетелдік тә­жірибеге жүгін­сек, оларда мүлде басқа. Мы­са­лы, Оңтүстік Кореяда үздік мектеп бітірушілердің 5 пайызы, Фин­ляндияда – 10, Син­гапур мен Гонконгта 30 пайы­зы мұ­ға­лімдік мамандықты таңдайды екен, дей келіп, алда тұрған өзге де мақсат-мін­дет­терге тоқталды. Соның бірі «Даң­қты мұғалімдер кітабы» атты интернет басы­лымды ұй­ым­дастыру, 12 жыл­дық оқытуға көшуге байла­ныс­ты мектептер құрылысының жаңа бағдарла­ма­сын іске асыру қажеттігін баяндап, таяу жыл­дары 522 жаңа мектеп салу жос­парланып отыр­ғанын, бізге қа­рағанда тұрғын халқы 10 есе көп Ресейде осы кезеңде 670 мек­тептің құры­лысы басталатынын жеткізді. Техникалық және кә­сіптік білім беру, жоғары оқу орындары ту­ралы да келелі мә­се­лелерді қоз­ғап, қазір елімізде 148 жоғары оқу орны болса, оның 95-і университет екенін, алдағы 20 жыл­да «Студенттік бас­пана» жүзеге асатынын, Ел­ба­сы тапсырма­сына орай, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйы­мы» құры­ла­ты­нын, бұл бала­ларды қазақ­стан­дық патриотизм рухында тәрбиелеуге ерекше үлес қоса­ты­нын тілге тиек етті. Ең бас­ты­сы, Елбасы Н.На­зар­баевтың «Рес­публиканың бар­лық оқу орын­да­рында білім сапасын жақсарту керек» деген тапсырмасына әр­қай­сымыз өз үлесімізді қосуы­мыз керек, деп сөз аяғын түйді министр. Бұдан кейін мұғалімдер фо­ру­мына қатысушылар өз ой-байламдарын ортаға салды. Жамбыл облысы Мерке ауда­ны №17 мектеп-гимназиясының директоры Г.Тілеубердиева өз сөзінде мұғалім, мектеп, ата-ана, колледж, қоғам мүшелері бірігіп еңбек еткен жағдайда ғана межелеген нәтижеге ие бола алатын­дығын айтты. Сөйлеушілер пе­дагогикалық мамандықтың имиджін көтеріп, оның қоғамдағы орнын белгілеуді, қабілетке қа­рай сапалы білім беретін университеттер ашылу қажеттігін алға тартты. Қабылдау емти­хан­дарына педагогика, психология мұғалімдерін қатыстыруды да мәселе етіп көтерді. Ал «Шы­ғармашылық бастамашыл әйел­дер лигасы» ҚБ басқармасының төрайымы А.Хайруллина отба­сы, мектеп және үкіметтік емес ұй­ымдар ынтымақтастығының тиімді модельдері жөнінде сөз етті. Форумға қатысушылар білім беру жүйесіндегі бірқатар мәсе­ле­лерді шешу үшін білім беру сала­сы мен азаматтық қоғам арасын­да­ғы тұрақты әріптестікті қалып­тас­тыруға өз үлестерін қосуға шақырды. Секция жұ­мыс­тарында қоғамдағы педа­гог­тың мәртебесін көтеру мәсе­ле­леріне де ерекше көңіл бөлініп, түрлі ұсыныстар айтып, тә­жірибе алмасты. Пленарлық отырысты қоры­тындылау сәтінде министр Б.Жұ­мағұлов көп жылғы еңбегі мен білім беру жүйесін дамы­ту­дағы, ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін Білім беру ісінің Құрметті қызметкері төсбелгісі­мен бірқатар оқу орындары пе­дагогтарын марапаттады. Елдің ертеңі, ұлттың болат қанат болашағы саналатын ұл-қыздың, отбасынан кейінгі білім беріп, тәрбие үйрететін, балапандай баулып, қырандай түле­те­тін, өз уақытын аямайтын, өз­ге­нің бақытын аялайтын ұстаз­дар қауымының жұрт арасында да, қоғам ішінде де жөні бөлек. Сол ұстаздар жаңа оқу жылы­ның қарсаңында осылайша бас қосып, тамыз мәслихатын фо­рум­ға ұластырды. Форумда Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.На­зар­баевтың атына үндеу қа­был­данды. Сол секілді береке-бір­лігі жарасқан қазақстандық­тарға да қайырылып, «Игілікті болашақ үшін бірге» қоғамдық бірлестігін құратындары туралы мәлімдеді. Бұл қозғалыс жалпы халықтық қозғалысқа айналып, мектепті, отбасын және қоғамды біріктіретін болады деді. Ал форум қарарында алда тұрған ауқымды істерді жұдырықтай жұ­мылып, бірге атқара­тын­дық­та­рын бірауыздан жеткізді. Сүлеймен МӘМЕТ, Жұлдыз БАЙДІЛДА, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.

І республикалық педагогикалық форумға қатысушылардың Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа үндеуі

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, 2011 жылғы 25 тамызда өткен «Отбасы, Мектеп, Қоғам – болашақ үшін бірге!» атты бірінші Республикалық педагогикалық форум­ның қаты­су­шылары, Сізге жаңа Қазақстанды қа­лыптастыру жолындағы жүйелі де салмақты саясатыңыз үшін шексіз құрмет пен зор алғыс білдіреміз. Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасында өзіндік даму үлгісі бар, жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында да өмірге икемділігін дәлелдеген мүлдем жаңа мемлекет құ­рылды. Тәуелсіздіктің 20 жылында біздің қоғамдық құрылысымыз, экономикамыз, өмір сүру сал­ты­мыз түбегейлі өзгерді. Ең бастысы, біз ел ретінде де, қазақстандық ұлт ретінде де жетілдік. ЕҚЫҰ мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы­на төрағалық ету, Астанадағы Саммит, жетінші Қыс­­қы Азия ойындары Қазақстанның мерейін асырып, елімізді дүниежүзі жұртшылығы мойын­да­ды. Біз аз ғана уақыт ішінде әлем астаналары­ның арасында лай­ық­ты орын алып үлгерген Астанамызбен мақ­та­намыз. Азаматтар қоғам өмірінің барлық маңызды са­лаларына белсенді қатысқан жағдайда ғана қоғам ілгерілейді, демократия дамып, эконо­мика өрлейді. Қоғамдық өмірде мемлекет пен азаматтар мүд­делерін тоғыстыратын да нақ осы білім саласы. Біз білім саласына көрсетіп отырған қол­дауы­ңыз үшін Сізге ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің осы саладағы бастамаларыңыз ұлт­тық білім жүйесін қалыптастыру мен дамы­тудағы ауқымды міндеттерді шешеді. Мұға­лім­нің мәртебесін арт­тыруға байланысты шара­лардың маңызы өте зор. Өйткені ұлт келешегі – ұстаз қолында. Жаңа білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдарламасы қазақ­стандық білім беру жүйесінің жаңа ғасырдың тиісті талаптарына жауап беретін мазмұнды және са­па­лы деңгейге шығуының нақты тетігі болып табылады. Біз Сіздің қазақстандық білімді және мемлекетімізді дамыту үшін алға қойған страте­гия­лық міндеттеріңізді іске асыруға жан-жақты қол­дау көрсетіп, азаматтық қоғамның барлық инс­ти­туттарын осы істі бірлесіп атқаруға шақырамыз. Бірінші Республикалық педагогикалық фо­рум­­ның қатысушылары Сізді, құрметті Нұр­сұл­тан Әбішұлы, білім саласын ілгері және серпінді дамыту жолында барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сендіреді. Бүгін бізге жаңарған білім арқылы Қазақ­стан­ды қуатты және гүлденген мемлекетке айнал­ды­ру­дың тарихи мүмкіндігі туындап отыр. Алға, Қазақстан!

Форумға қатысушылар лебізі

Берік МАЙБАСАРОВ, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы №123 Т.Жүргенов атындағы дарынды балалар мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: – Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырып отырған форум – өте құптарлық жоба. Егемендігімізді алған 20 жыл ішінде бұл біздің ел болып, биік белесті бағындырып, жаңаша қырымыздан танылуы­мыз­дың дәйегі іспеттес. Форумның мақсаты – білім мен ғылым саласына жаңадан келіп жатқан теориялар мен жаңалықтарды, инновациялық технология­лар­ды тәжірибеге енгізіп, оны одан әрі дамыту. Форум­ның тәрбиелік мәні өте зор. Бұл жиынға педагогтармен қатар, ата-аналар коми­тетінің мүшелері, аза­мат­тық қоғам институттары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ірі кәсіп­керлердің қатысуында үл­кен мән жатыр. Педагог ретінде Астанаға алғаш келгендіктен маған бәрі әдемі, әсерлі көрінеді. Елор­дамыз болашақта ғылым мен білімнің ордасына ай­на­латынына көзім жетті. Тарихшы болғандықтан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге қойылған Күлтегін ескерткішінің көшірмесі университет түлектерінің патриоттық сезімін оятатынына, талабын шыңдай түсетініне сенімдімін. Жұмағазы СТАМБЕКОВ, Семей қаласындағы №37 гимназиясы мемлекеттік мекемесінің директоры: – Мен 40 жылдық еңбек өтілім бар педагогпын. Соңғы уақытта бала тәрбиесіне мән берушілік сал­қын тартып бара жатқандай көрі­неді. Ақпараттық заман үстемдік құрған тұста адамзат баласының өмір сүру деңгейі қиындап бара жатқа­ны жасырын емес. Осы да бала тәрбиесіне салқын­дық­ты туғызып отырған сияқты. Міне, осы ол­қы­лықтарды кең отырып кеңесу үшін ұйымдастырылған бұл жиынның маңызы өте зор деп есептеймін. Осы алқалы басқосуда көтерілген мәселелер бойынша білім саласында жүрген мамандар мен ата-аналар, қауымдастықтар, бизнес саласындағы іскерлер ортақ мақсатта жұмыс жасайды деген сенімдемін. Форум – болашаққа ілгерілеуді қолдап қана қоймай, білім сапасын қадағалайтын тағы бір мемлекеттік құрылым болып жатса құба-құп. Тағы бір айтайын дегенім, «Білім туралы» заң қабылданғалы да біраз уақыт өтті. Заман өзгерісіне қарай оны тағы електен өткізетін мезгіл жеткен тәрізді. Шалқыма ҚҰРМАНАЛИНА, Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор: – Елордада өткен мұғалімдердің тұң­ғыш форумы мені ерекше қана­т­тандырды. Әріптестеріммен пікір алы­сып, ой бөлістім. Пленарлық мә­жі­лісте педагогикалық колледждерде мұғалім дай­ын­дау мәселесін көтердім. Колледжді бітірген бас­тау­ыш сынып мұғалімдері көп жағдайда жұмысқа орналаса алмай жататынын, мектеп басшыларының білім ұясының абыройы деп, жоғары білімділерге жү­гі­ретінін, олардың бәрі бірдей мықты маман еместігін ескере бермейтінін айттым. Сол секілді колледждерде бакалаврларды дайындау мәселесін қозғап, «Үздік колледж оқытушысы» грантын белгілеуді ұсындым.