• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Кадет корпусы

2929 рет
көрсетілді

Осы күндері Қорғаныс минис­трлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының оқу орталығында жас жауынгерлер курсы өтуде. Оған биыл оқуға түскен 209 курсант қатысуда. Аталған курс 5 тамыз күні басталған. Осы кезден бастап курсанттар далада орналасқан шатырлы қалашықта тұрып, күн сайын таңертеңнен кешке дейін әскери дайындықтан өтуде. Кадет корпусының басшысы, подполковник Талғат Баудиновтың айтуынша, оқу ор­талығында курсанттарға теориялық сабақтар іс жүзінде көрсетілуде. Мұнда олар дене тәрбиесі жаттығуларын жасап, ашық алаңда окопта жатып, өзіне қарсы келе жатқан танк пен басқа да ауыр техникалармен бетпе-бет кездесіп, жау әскеріне қаймықпай қарсы тұруды, қару-жарақтың барлық түрінен атуды, қару-жарақтарды бөлшектеп, қайта жинауды, ауыр техникаларды жүргізуді үйренуде. Жақында біз Қорғаныс министрлі­гінің мамандарымен бірге оқу орталы­ғында болып, жас жауынгерлер курсы­мен таныстық, курсанттардың бәрі әске­ри дайындықтан өтіп, қару-жарақтың бар­лық түрінен атуды үйреніп, офи­церлердің берген тапсырмаларының бә­рін мүлтіксіз орындап жатқандарын көр­дік. Осы жерде Кадет корпусының басшысы, подполковник Т.Баудинов бізге оқуға түскен курсанттардың дайын­дығы жөнінде айтып берді. Оның ай­туынша, биыл Кадет корпусына оқуға түсемін деушілердің саны көбейген. Байқау бойынша орта есеппен бір орын­ға үш адамнан келген. Қабылдау комис­сиясын­дағы кәсіби іріктеу кандидат­тардың денсаулығын, дене тәрбиесі дайынды­ғын, психологиялық және жал­пы білімін кешенді түрде үш кезең бо­йынша зерттеу арқылы іске асырылды. Бірінші кезеңде жас жігіттер медици­налық, дене тәрбиесі және психология­лық көрсеткіштері бо­йынша іріктелді. Екінші кезеңде олардың мемлекеттік серти­фи­каттағы бал­л­да­ры ескерілсе, үшін­ші кезеңде осы сынақ­тар­дан өт­кен кандидаттар қабыл­данды. Бүгінге дейін 1680 сержант тү­леп ұш­са, қа­зір 416 кадет білім алуда. Дегенмен, таяқ­тың екі ұшы бар дегендей, би­ыл оқу­ға түскен кур­­сант­тардың арасынан 3 адам әскери дайындықты меңгере алмай, сабақ үлгерімінің нашарлығына байланыс­ты оқудан шығарылды. Кадет корпусы – Орта­лық Азия өңіріндегі теңдесі жоқ оқу орны. Оның басты міндеті – білімі мен бі­лігі жоғары сержанттар әзірлеу. Ал оқуға түсіп, әскери сынақтардан өте алмай, әскери тәртіпке бағынғысы келмей, өз ісіне жүрдім-бардым қараған адамдар сержант атағына лайық емес. Сержант ертеңгі күні бір взвод жауынгерге үлгі көрсететін, соларға үлгі болатын әскери қызметші болуы керек. Сондықтан Кадет корпусына сержанттарды дайындауда қатаң талап қойылады. Осындай талап пен тәртіптің арқасында осында оқып, білім алған жастар нағыз азамат болып шығады, жауынгерлік достықтың не екенін сезінеді. Олар нағыз командир ретінде, өз қарама­ғындағыларға қамқоршы әрі өз жерінің нағыз қорғаушысы болуды үйренеді. Ш.Уәлиханов атындағы Кадет кор­пусы 1996 жылы құрылған болатын. Ресейдің өзі сержанттарды дайындау ісіне енді ғана кірісіп жатқанда, біздің елімізде сержант­тарды дайындау осыдан 15 жыл бұрын басталғаны көңілімізді өсіреді. Қазір корпуста 772 адам қызмет етуде. Соның ішінде 400-ден астамы курсанттар болса, оларға 67 офицер  білім беруде. Кадет корпусына «Жас Ұлан» респуб­ликалық мектебінің түлектері, 21 жасқа дейін әскери мектеп-интернатта оқыған, 23 жасқа дейін әскери борышын өтеген жауынгерлер оқуға түсе алады. Оның түлектері мотоатқыштар әскерлерінің кіші командирі, автомобиль және бронды танк техникасын жөндейтін слесарь, компьютер операторы, 3 санаттағы жаяу әскер­лердің бронды танк мәши­несінің жүргізушісі (БМП) мамандығына ие болады. Аталған корпус 2013 жылы Астана­дағы Ұлттық қорғаныс университетіне көшуді ойластыруда. Содан кейін Сержанттар академиясын немесе институ­тын ашу мақсат етіліп отыр. Дастан КЕНЖАЛИН.