Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елімізде мемлекеттік сапармен жүрген Корея Президенті делегациясының құрамында келген Корея Республикасының Сыртқы істер және сауда министрі Ким Сон Хванмен кездесті.
Министрлер жүздесуі достық рәуіште өтіп, емен-жарқын әңгімемен жалғасын тапты. Еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз сөзінде былай деді: «Президент Ли Мён Бактың Астанаға сапары екі елдің саяси үнқатысуын, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарын тереңдету тұрғысынан алғанда өте маңызды». Осы ретте Е.Қазыханов жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен осыған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға қатысты ашық та конструктивті пікір алысу болатынына сенім білдірді.
«Соңғы 3 жыл ішінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы қарқынды дамуда. Ықпалдастық стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне шығып келеді», деді Е.Қазыханов. Осы ретте Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың мемлекеттік сапары Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығының қарсаңында өтіп жатқаны аталып өтті.
Стратегиялық әріптестіктің маңызды әрі негізгі діңгектерінің бірі сауда-экономикалық ықпалдастықты арттыру десек, бұл бағытта да айтарлықтай әлеует бар екенін айта кеткен жөн. Кореяның елімізге салған тікелей инвестициясының көлемі 3,5 миллиард АҚШ доллары болса, корейлік капиталдың қатысуымен 330-ға тарта бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. «Біз іскерлік белсенділік саласындағы жетістіктерімізді қолдап, ол үшін жаңа әрі тиімді тетіктерді бірлесе іздестіруіміз қажет», деп атап көрсетті еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.