• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2011

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

326 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төр­аға­сы, «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов Ақмола облысына жұмыс сапары бары­сында Көкшетау қаласының тұрғындарын жеке мәселелері бой­ынша қабылдады. Бірінші кезек «Мирас-Көкше» қайы­рымдылық қорының президенті Нығ­мет Ерханұлына тиді. Оның айтуынша, жалғызбасты жас аналарды әлеуметтік қорғау және оңалту мәселелерімен айна­лы­с­атын қордың жұмысын да­мы­ту, оның республикамыздың өзге өңір­ле­ріндегі өкілдіктеріне ұй­ым­дастыру тұр­ғысында көмек көр­сету қажеттілігі туындап отыр. Орал Байғонысұлы мұндай қордың экономикалық мақсатта ғана емес, әлеуметтік-психоло­гия­лық бағытта да пайдалы екендігін атап өтті. Қоғамда осы си­паттағы проблема жиі көрініс беруде, перзентханалардағы тастан­ды сә­билер саны өсіп отыр­ған­дығы жасырын емес. Осынау өзек­ті іспен қоғамдық негізде ай­налысушы кең жүректі аза­мат­тардың бастамасы қолдауға тұ­рар­лық. Парламент Мәжілісінің Төрағасы об­лыс­тық ішкі саясат басқармасына «Ми­рас-Көкшеге» қа­жетті қолдау көрсетуді тап­сырды. Әйгерім Сағындықова биыл өзі ар­ман­даған Ш.Уәлиханов атын­дағы мемлекеттік универ­си­теттің «Қолданбалы өнер және сызу» факультетіне түске­ні­мен, грантқа ілінбей қалыпты. Әй­ге­рім тұрмыс жағдайының ауыр­лы­ғын айта келіп, қаржылай көмек­тің қандай мүм­кіндіктері бар­лы­ғын сұрады. – Үміткерлердің барлығы грант үшін күресуі қажет, – деді Мәжіліс спикері. Ол сапалы білім жолындағы бә­се­келестікті кү­шей­теді. Әйткенмен, мемлекет да­рынды немесе әлеуметтік қол­дау­ға мұқтаж мектеп бітірушілерін назардан тыс қалдырмайды. Сіздің өтінішіңіз осында қаты­сып отыр­ған университет басшы­сы­ның қа­рауына беріледі. Мәселе оң шешімін табады деген ойдамын. Көкшетау мемлекеттік уни­вер­си­те­тінің ректоры Найман Қа­лабаев оқу ор­нының қорынан Ә.С­ағындықоваға бір жыл­дық грант тағайындалатынын ха­бар­лады. Сондай-ақ, ол студент жақ­сы үлгірген жағдайда грант мерзімі ұзар­тылатынын айтты. ІІМ ардагері Виталий Мамедбаков құқық қорғау органда­рын­дағы қыз­ме­тін 1998 жылдан кейін бастаған кісілерге зейнетақы тағайындау тәртібін қайта қарау туралы мәселе көтерді. Азамат­тар­дың бұл санаты 45 жаста зей­нет дем­алысына шыққанымен, зей­­нет­ақы­ны 63-ке толған күннен бастап алатыны түсініксіз. Осы екі аралықта олар зей­нетақы жи­нақтау қорындағы қаржыны нә­пақа қылатын көрінеді. Орал Мұхамеджанов сұрақ­тың ту­ын­дауы негізсіз еместігін көлденең тар­тып, ол мұқият зерттеліп, талда­нуға тиістігін атады. Жазбаша түрдегі арыз рес­пуб­ликалық деңгейдегі тиісті орын­дарға тапсырылып, арнайы бақы­лауға алынатын болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Бойко Бурабайдағы «Адреналин ба­ғы» жобасына қол­дау көрсету мәсе­ле­сін ортаға салды. Қабылдау жүргізуші туристік кластерді дамыту, сала­мат­ты өмір салтын қалыптастыру, азамат­тар­дың белсенді дем­алы­сын ұйым­дас­ты­ру Қазақстандағы мемлекеттік саясат­тың басым ба­ғыттары қатарында екен­дігін еске салды. Бұл орайда Щучье-Бурабай курортты аймағына ерекше маңыз ар­тылады. Мұндай бақ бар­шамызға қа­жет. Оның үстіне А.Бой­коның қолында «Бизнестің жол кар­та­сы-2020» бағдар­ламасы шеңберінде жан-жақты зерттелген бизнес-жоспар да бар. Ақ­мо­ла облысының әкімдігі, об­лыс­тық туризм, дене шынықтыру және спорт басқар­масы, жұмыс­пен қам­ту және әлеуметтік бағ­дар­­ла­ма­лар­ды үйлестіру басқар­ма­сы мұндай жобаларды қолдап, қозғалысқа түсіруі тиіс. Спорт ардагерінің ха­ты тиісті орталық органдарға, оның ішінде Туризм және спорт ми­нистрлігіне табыс етілетін болды. «Атамекен» одағы ұлттық эко­но­ми­калық палатасы өкіл­ді­гінің дирек­торы Нартай Ысқақов ауылдық елді мекендерді дамыту тақырыбын алға тартты. Парламент Мәжілісінің Төр­аға­сы О.Мұхамеджанов ауыл – алтын бесік екендігін ел бола­ша­ғымен байла­ныс­тырды. Ауыл­дағы әлеуметтік ин­фра­құры­лым­ды нығайтуға қосым­ша қаржы бөлу, мал шаруашылығын да­мы­тудың «Сыбаға» бағдарламасын жал­­ғастыру жөніндегі ұсыныс қол­дауға тұрарлық. Мұнымен құзырлы органдар айналысады. «Нұр Отан» партиясының бел­сендісі Зере Қиықованың «Зей­нетақымен қамтамасыз ету ту­ра­лы» Заңға өзгер­тулер мен қо­сым­шалар енгізу туралы ұсынысына қатысты Парламент де­пу­таттары бұл бағытта жұмыс істеп жат­қан­дығы жөнінде жауап қайтарылды. Мәжіліс спикеріне өтініш-ті­лек­пен келген өзге де азаматтар тол­ғанысты сұ­рақтарына тыңғы­лық­ты жауап алып, Орал Бай­ғо­ныс­­ұлына алғыс сезімдерін жеткізді. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.