• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2011

Халық пікірі қашанда орынды ма?

386 рет
көрсетілді

Кеше Жапонияның премьер-министрі Наото Кан өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді. Оған себеп қоғамдық пікірдің Н.Кан үкіметіне сенім білдірмейтіндігінде болып отыр. Соңғы сауалдамаға қара­ған­да, қазіргі үкіметтің ісін халықтың 15-ақ пайызы қолдайды екен. Халық сенімінің төмендеп кетуіне наурыз айындағы жер сілкінісінің кесірінен болған цунамидің және соның салдарынан «Фукусима-1» АЭС-інде орын алған жарылыс себеп болып отыр. Наото Кан биліктегі демократиялық партияның төрағалығы қызметінен де бас тартуда. Үкіметті енді партияның жаңа төрағасы жасақтайды. Сөйтіп, Жапонияда соңғы бес жылда алтыншы үкімет отставкаға кетті. Біреудікі біреуге байлық болмайды Ливияда соғыс аяқталған соң ең­бек­ақы төлеу кешеуілдеуі мүмкін. Со­ғыс басталғалы халық онсыз да ең­бек­ақы көруден қалды деп көтерілісшілер мұңын шағуы сол екен, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесі АҚШ-қа Ливия есеп-шот­тарына тиесілі тұтқынға алынған 1,5 млрд. долларды босатуға рұқсат берді. Бірақ бұл қаражат көтерілісшілердің қолына емес, америкалық және халықаралық делдал агенттіктердің қолына берілмекші. Сөйтіп, Каддафидің байлығын қызғанып, оны тартып алуды көздегендер құралақан қалғалы отыр. Ал еуропалықтар Ливияға қайырымдылық көмек жасаймыз деп дәмелендіруде. Құрметті атақ құрдан-құр берілмейді Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Еуропа қауымдастығы Халықара­лық байланыстар жөнін­дегі кеңесінің шеші­мімен «ХХІ ғасырдың көшбас­шы­сы» деген құрметті атаққа ие бол­ды. Марапатты осы кеңестің президенті Антон Каражатабтың өзі Душанбеге келіп тапсырды. Бұл жоғары атаққа Тәжікстан президенті елдің тұтастығын сақтауда, азаматтардың абыройы мен адамгершілігіне нұқсан келтірмеуде, демократиялық үдерістерді қолдауда жеткен табыстары үшін ие болды, деп жариялады мемлекет басшысының баспасөз қызметі. Жалпы, соңғы кезде Тәжікстанның халықаралық шараларға қатысу белсенділігі айтарлықтай артып келеді. Танылмаған ел президентін таңдамақ Абхазияның бұрынғы президенті Сергей Багапш мамыр айында Мәскеуде қайтыс болғаны белгілі. Кеше мұнда жаңа президенттік сай­лау болып, оған үш адам өз кан­дидатурасын ұсынған еді. Сайлау­дың алғашқы қорытындысы бүгін шығады. Ресей жағы бұл сайлауға ашық ықпал етпей, үш кандидатқа да қарсы еместігін жарияласа да, БАҚ оның С.Шамбаға бүйрегі бұратынын айтады. Үшеудің қатарында президенттің міндетін атқарушы Александр Анкваб, премьер-министр Сергей Шамба және оппозициялық қайраткер Рауль Хаджимба бар. Әрбір кішкентай елдің үлкен проблемасы болатыны секілді, мұндағы сайлауалды тартыс та барынша қызу өткен-тін. Проблемадан құтылған құрымайды Чешенстанның бұрынғы президенті Ахмад Қады­ров марқұмның 60 жас­қа толуына байланысты осы респуб­ли­каның БАҚ өкілдеріне берген сұхба­тында Ресей премьер-министрі Владимир Путин журналистерді тағы да өзінің одағайлау сөзімен мәз етті. Журналистердің: «Қап тауын Ресейден қиып алу туралы пікір айтушыларға қалай қарайсыз?» деген сұрағына ол: «Ондай адамдардың өздерінің бір жерін қиып алу керек», деп әзілдеген. Іле айтқан салиқалы сөзінде: «Проблемалы аумағынан құтылғысы келген мемлекеттің құруы да оңай», деген. Бірақ БАҚ-тар проблемалы аумақтан құтылған мемлекеттердің құрығаны тарихта болмағанын, керісінше, гүлдене бастағанын ауызға алады. Соның мысалы ретінде 1918 жылы Лениннің Финляндиядан құтылғанын айтады. Жазықсыздарды жарғанда не ұтты? Нигерияның астанасы Абуджа қаласындағы БҰҰ ғимаратының алдында жойқын жарылыс болды. Алдын ала болжамдарға қарағанда, бомба жарылған делініп отыр. Әзірге адам шығыны мен келтірілген залал туралы ақпарат жоқ. Африканың осы мемлекетін соңғы уақыттарда террористер өздерінің қырына қатты алып отыр. Үстіміздегі жылғы маусым айының басында полиция ғимараты тұратын ауданға шабуыл жасалды. Онда 5 адам өліп, 10 адам жарақат алған еді. Ал маусымның аяғында халықтың сыра ішіп отырған алаңына мотоциклмен келген қарақшылар жарылғыш зат лақтырған болатын. Бұл жолы 25 адам өліп, 20 шақтысы жараланды. Қысқа қайырып айтқанда: * Мәскеудің солтүстік-батыс округінің ІІБ алдында балама күші 150 грамдық тротилге тең жарылыс болды. Белгісіз жан жарылғыш затты лақтырып жіберіп, зытып отырған. Ғимаратқа зақым келгені болмаса, ешкім зардап шекпепті. * Грекия өкіметі банктерді банкроттықтан құтқару үшін берген қаражаттарының құмға сіңген судай болып кеткеніне қайран қалып отыр. Елдегі дефолт пен салықтан жалтарған банкирлер қаржыны шетелге аударып жіберіпті. * Түріктің Анталья қаласының орталығындағы жағажайлар­дың бірінде жарылыс болып, одан демалушылар қатты қорқып, кей­бірі есінен танып қалған. Бірақ адам шығыны жоқ.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.