• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2011

Негізгі мақсат – орындау

1261 рет
көрсетілді

Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Мемлекетіміз жеке отау тігіп, тәуелсіздік алған кезден бері атқарушылық іс жүргізу саласы қоғам дамуының бағытына ыңғайластырыла бірнеше рет реформаланды. Сот шешімдерінің орындалуын түпкілікті жақсарту қажеттілігі туралы Елбасы Н.Назарбаев нақты тапсырма берді. Осы орайда толғандырған бірқатар сұрақтарымызға толыққанды жауап алу мақсатымен Әділет министрлігі Сот актілерін орындау коми­тетінің төрағасы Георгий КИМГЕ жолықтық. – Георгий Владимирович, биыл еліміз егемендігінің 20 жылын той­лағалы отырмыз. Осы 20 жыл ішінде атқарушылық іс жүргізу саласы бір­қатар реформаларды жүргізді. Сот шешімдерін орындау бірде Әді­лет министрлігінің құзы­ретінде болса, кейінірек Жоғарғы Сот құра­мында болды. Өткен жыл­дан бастап қайта­дан Әділет министрлігіне ауыс­ты­рылды. Мұндай ауысты­ру­лардың пайдасы не? – Иә, 1998 жылдың ортасына дейін сот орындаушылар сот­­тардың құрамында болды. Олардың қыз­меті негізінен атқару құжатын борыш­кердің жұмыс орны бойынша бух­галтерияға жолдау болып табылатын. Со­ған қарамастан сот орындау­шыларының қызметін судьялар қа­да­ғалайтын. Эко­номи­ка саласындағы ре­фор­маларға сәйкес аза­маттық және ша­руа­шылық істердің саны арта түсті. Судьялар жүктемесі мен құ­қық­тық өкілеттілігінің ар­туы салдарынан сот орындаушыларға кө­мек көрсету және қыз­метін қадағалау шеттетіліп қалды. Сот орын­даушы­ларының кәсі­би­лігінің төмендеуі мен судьялар тарапынан қадағалау болма­уынан сот актілерінің орындалу сапасы күрт төмендеді. Атқарушылық іс жүргізуді қам­тамасыз ету тиімділігін арттыру мақ­сатында 1998 жылғы 30 маусымда атқа­рушылық іс жүргізудің құқықтық және ұйымдасты­рушылық негізін белгілейтін «Атқару­шы­лық іс жүргізу және сот орындау­шы­ларының мәрте­бесі ту­ралы» заң қабыл­данды. Сөйтіп, Үкімет­тің қау­лысымен Әділет минис­трлігінің Сот қаулыларын орындау комитеті құрылды. Қазақстан Респуб­ликасының атқа­ру­шы­лық іс жүргізу жүйесін рефор­малаудың келесі са­тысы – Мемлекет басшысының 2001 жылдың 22 қаң­тарында қабылдаған «Қазақстан Рес­публикасында құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы болды, оған сәйкес сот актілерін орындау қызметі Әділет министрлігіне ауыс­қан Сот әкімшілігі жө­ніндегі комитетіне жүктелді. Ал Президенттің 2010 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстан Республика­сын­да құқық қорғау қызметі мен сот жүйе­сінің тиімділігін арттыру жөнін­дегі шаралар туралы» Жарлығымен атқарушы­лық құжаттарды орындау, жекелеген негіздер бойынша рес­публикалық меншікке айналған (түс­кен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөнін­дегі функциялары мен өкілет­тіктері Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитетіне берілді. Сөйтіп, Елба­сы­ның аталған Жар­лығын жүзеге асыру мақсатында қайтадан Үкімет қаулы­сымен Әділет министрлігінде Сот актілерін орын­дау комитеті құрылды. Сот актілерін орындау қызметі әділет органдарына, атап айтқанда, Сот актілерін орындау комитетіне берілген уақыттан бері орындау көрсеткіші ал­ғаш рет 79,6 пайызға жетті, бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елде­­рінің ішінде ең жоғары көрсеткіш болып отыр. – Демек, еліміздің атқарушылық іс жүргізу саласы үнемі жетілдіріліп, дамып келеді дейсіз ғой. Қазіргі уақыттағы орындалу дең­гейі қандай? – Ағымдағы жылдың 6 айы ішінде жалпы құны 1 097 404 165 536 теңгені құрайтын 683 186 атқарушылық құ­жа­ты болса, олардың бүгінгі күні 345 951 аяқталып, жалпы құны 186 417 243 272 теңге өндіріліп алынды. Аталған уақыт аралығында сот орын­даушыларымен республикалық бюджетке 10 пайыз атқарушылық санкция негізінде жалпы құны 588 722 085 теңге сомасындағы қаржы өндірілді. Сонымен қатар, 126 мың­нан астам алимент өндіру туралы атқару құжаттары бар екенін де айтып өту керек. – Сот шешімін орындау көп жағ­дайда оңайға соқпайды. Кейбір сот шешімдері созбалаңға түсіп, ұзақ уа­қыт бойы орындалмайды. Неге? – Әрине, сот шешімдерін орындату оңай емес. Сот орындаушы күнделікті қызметінде көптеген қиындықтарға тап болады. Оларға жүктелетін жауапкершілік те, қойылатын талап та жоғары. Сот шешімдерін орындау көп уақытты және тер төгуді қажет ететін жұмыс екендігі белгілі. Кей жағдайда соттың шығарған шешімдерін сот орындау­шысы заңна­ма­да көрсетілген мерзімде орындай ал­майды. Ол әр түрлі жағдайларға байла­ныс­ты. Сот шешім­дерінің орындалмауы – атқарушы­лық іс жүргізу органдары­ның ғана емес, жалпы мем­лекеттің өзекті пробле­маларының бірі. Сот шешімі шық­қанмен, ол орын­далмайынша азамат­тың не­месе заңды тұл­ғаның құ­қықтары қал­пына келтірілді, әділ­дік орнатылды деп айта алмаймыз. Сот актілерінің уақ­тылы әрі сапалы орын­далуына борышкер­лер­дің төлеу мүмкін­дік­терінің төмендігі мен мүлік­терінің, тұрақты жұ­мыс орындарының бол­мауы кедергі келтіреді. Сонымен қатар, сот­талған борышкерлерден өндіру де қиын­дық ту­ғызып жатады. Себебі, соттал­ғандар көп жағдайда жазасын өтеу орын­да­рында жұмысқа орналас­паған­дықтан, тиісінше төлеу мүмкін­діктері бол­майды. Тіпті, бостандыққа шық­қанның өзінде оларға қатысты қоғамдық пікірдің қандай екендігі бесенеден белгілі. Өзіңіз білетіндей, алимент өндіру де күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Көп­теген борышкерлер алимент төлеуден жалтарып, қитұрқы әрекеттерге бара­ды. Мәселен, алименттік төлемдер­дің көле­мін азайту мақсатында, жалақысы тура­лы жалған анықтама көрсетіп жатады немесе атындағы бар дүние-мүлкін өзге­лердің аттарына жаздырып алады. Сон­дай-ақ, борышкерлердің маусымдық жұ­мыс істеуі, ауылдық елді мекендерде ең­бек шартын рәсім­деместен жұмыс жа­сауы немесе жұ­мысты жиі ауыстыруы да алимент өндіру туралы сот шешімінің уақтылы орындалуына кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде тірі жетім балалардың тиісті деңгейде жетіліп, дамуына кері әсерін тигізеді. Тағы бір мәселе, сот орындаушыла­рының көп уақыты жауапкершіліктен қашып жүргендерді іздеумен өтеді. Мұндай жағдай­лар­да сот орындау­шылары атқару құжа­тын өндірушіге орындаусыз қайтаруға мәж­бүр. Борыш­кердің мүліктері, мекен-жайы немесе қайда жұмыс істейтіндігі анық­талған жағдайда өндіріп алушы атқару құжа­тын орындауға қайта тапсыруға құқылы. – Демек, қазіргі қоғамымызда заңға мойынсұнбай, сот шешімдерін орын­дау­дан қасақана жалтарушы­лар­дың саны аз емес екен. Ендеше, сол жауап­сыз борышкерлерге қандай шаралар қолданасыздар? – «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» жаңа заңның енгізілуімен, өзіңіз айт­қандай, жауапсыз борышкер­лерге қатыс­ты сот орындаушылары Қазақстан Рес­публикасының аумағы­нан шығуын уа­қыт­ша шектеу сынды мәжбүрлеп орын­дау шарасын қолдану мүмкіндігіне ие болды. Аталған шара өз тиімділігін алғашқы күндерден-ақ көрсетті. Және қазіргі уа­қытта өз берешегін төлеуден түрлі сыл­таулармен жалтарып, созба­лаңға са­лып келген борышкерлердің өзіне қатысты аталған шараны қол­данғаннан кейін, бір күн ішінде өз берешегін толықтай өтеп тастаған жағдайлар кездеседі. Ал шекарадан өтуін шектеу шара­лары қарызын төлеу­ден қасақана жал­тарып жүрген борыш­керлерге қолда­нылады. Сонымен қатар, қасақана жалтару­шы борышкерлерге шынайы ықпал ететін шаралардың бірі − оларды әкімшілік жә­не қылмыстық жауапкершілікке тарту. Жыл басынан бері сот шешімдерін орын­даудан қасақана жалтарған 2163 борыш­кер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 843 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. – Жақында алғашқы жеке сот орын­даушылары жұмысқа кіріскелі отыр екен. Оларды жасақтау бары­сы қалай? – 2011 жылдың 14 наурызынан бастап Комитет жеке сот орындау­шысы қызметімен айналысуға ниетті, ондай қызметпен айналысуға құқық беретін лицензияны алу үшін үміт­керлерден тиісті құжаттарын қабыл­дауды баста­ған болатын. Атал­ған уақыттан бері жеке сот орындаушысы болуға 372 үміткерге лицензия берілді, ал 103 өтініш берушіге лицензия беруден бас тартылды. Конкурсқа барлығы 137 үміткер құжат тапсырды, оның 96-сы конкурстан өтсе, қалғаны өтпеді. Алғашқы жеке сот орындаушылары өз жұмысын алдағы айда бастайды. – Бұлар жұмысқа кіріскенде сот шешімдерін орындау көрсеткішін 100 пайызға жеткізу мүмкін бе? Жеке сот орындаушысы мемлекеттік сот орындаушысынан гөрі жақсы жұмыс істейді әрі тиімді дегендіктен де бұл институт құрылды ғой? – Жеке сот орындаушыларының жұмысын бастауы сот шешімдерінің орындалу барысына оң нәтиже әке­леріне сенімдімін. Алғашқы оң нәти­желер жаңа институттың енгізілуінен 1,5-2 жылдан кейін болмақ. Дей тұрған­мен, әрине, жеке сот орындау­шыларын енгізу сот актілерін орын­даудың барлық келелі мәселелерін түбегейлі шешуге қауқарлы жол деп кесіп те айта ал­маймын. Егер де борыш­кердің жұ­мысы мен оның атында дүние-мүлкі болмаса мемлекеттік, мейлі жеке сот орын­дау­шылары болса да берешек қарызды өтеуге қауқарсыз. Жеке сот орындау­шы­сының мемлекеттік сот орын­даушысы­нан артықшылы­ғы − өн­дірілген соманың белгілі бір бөлігі өзіне тиесілі болатын­дықтан, атқару құжатын сапалы әрі жылдам орын­дауға мүдделі. Әрі жаңа инсти­туттың енгізілуімен әр сот орын­дау­­шысына келер жүктеме азая түспек, сондықтан бұл өз кезегінде жұмыстың сапасы мен жеделдеуіне оң ықпал етпек. Жеке сот орындаушысы бірнеше көмек­ші алуға құқылы. Ол дегеніңіз, жүздеген адам жұмыс орнына ие болмақ. – Кадр мәселесі, маман таңдау қалай жүзеге асырылуда? – Әлбетте, кадр таңдау мәселесіне жіті көңіл бөлінеді. Қай мекеменің болмасын мамандары білікті әрі білімді болса, тиісінше әлгі мекеменің жұмы­сы да оңға баспақ. Сот орындау­шыла­рының құрамын білікті де білімді мамандардан жасақтау, олардың біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыру жұмыс­тары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жас заңгерлерді өз қызметімізге баулып, болашақта біз­дің салаға тарту, әрине, студенттік кезең­нен басталуы керек деп ойлаймын. Болашақта Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарының студенттері үшін мамандыққа қатысты бірнеше таңдау курстарын енгізу жоспарымызда бар. – Ал енді сот орындаушылары жұмысының тиімділігін арттыру ба­ғы­тында қандай жұмыстар атқа­рылуда? – Өзіңіз білетіндей, ең бір жіті назар аударылуы және басымдық берілуі тиіс бағыттардың бірі – атқарушылық іс жүр­гізудің қазіргі көрсеткіші мен сот орындаушысының жұмысын оңтайлан­дыру. Сот орындаушысының жұмысын тиімді ұйымдастыру, жұмыс бары­сында басшылық алу үшін орын­даудың түрлі санаттары бойынша әдістемелік нұсқау­лықтар әзірленді. Мәселен, соңғы кезде жиілеп кеткен, борышкерлерді үй-жайдан шы­ғару, өндіріп алушыны қоныстандыру сын­ды сот шешімдерін орындау бары­сында атқарушылық іс жүргізу тарап­тарының сот актісінің орындалуына кедергі келтіру, өз-өзіне қол жұмсау сынды факті­лердің алдын алу мақса­тында арнайы нұсқаулық әзірленді. Біз сот актілерін орындау бойынша түбегейлі жақсы нәтижеге соттармен, құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік және тіркеу органдарымен тығыз, қоян-қолтық жұмыс жасау арқылы ғана қол жеткіземіз. Сон­дықтан да жұмысымызды өзге мемлекеттік және өзге де мекемелермен тығыз ынтымақ­тастықта жасауға күш салудамыз. Басты міндетіміз – сот шешімдерінің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.